Воскресенье , 20 апреля 2025

«ЖЫЛ АДАМЫ» – ҚАЗАҚ ДӘРІГЕРІ

Врачи
  • Өтіп бара жатқан әр жылдың соңындағы дәстүр бойынша, «ДАТ» газеті өзінің «Жыл адамын» атады. 2020-ның «Жыл адамы» – биылғы коронавирус індетіне қарсы кескілескен майданда ерен ерлік пен қайтпас қайсарлықтың үлгісін танытқан ҚАЗАҚ ДӘРІГЕРІ.

Бұл ерліктің мән-мағынасын тәптіштеп айтып жатудың қажеті болмаса керек: COVID қасіретін елде екінің бірі басынан кешті. Ресми дерек бойынша, індетке қарсы күресте 197 медицина қызметкері қаза тапқан екен (нақты бейресми дерек беймағлұм). Президент Тоқаевтың өкімімен Қазақстан өкіметі қаза болғандардың отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төледі. Рақмет! Бірақ ол төлемнің мөлшері 100 миллион болса да, өлгендердің өтемі бола алмайды!

Таяуда ҚР президентінің жарлығымен «бір қора адам» Тәуелсіздік күніне байланысты мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды. Бірақ олардың арасында «қаза тапқаннан кейін» (посмертно) деген белгімен орден берілген 197 шәйіттің біреуі жоқ. Президент Тоқаевтың бастамасымен пандемия кезіндегі еселі еңбегі мен ерлігі үшін тағайындалған «Халық алғысы» медалі жанын қиған бірде-бір медқызметкердің рухына бұйырмады. Өкінішті!

Ал алапат соғыстан аман қалған дәрігерлер ше? Олардың бір бөлігі әлі күнге өтемақысын ала алмай жүр. Мәселен, Алматы қалалық жедел жәрдем қызметінің фельдшерлері мен санитарлары бір реттік төлемді қазан-желтоқсан айларында ғана алған, деп жазады «Азаттық». Бұл салада шамамен төрт мың адам жұмыс істейді екен. Ал ел іші коронавирустың «екінші соққысын» үдірейе күтіп отырған жағдайда сол төрт мың медқызметші қайтадан қан майданға басы мен жанын тіге ме?..

Еске салсақ, осы қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің ақысын төлеуге 150 млрд теңге бөлінгенін айтқан еді. Дәрігерлер алуы тиіс ақшаны жалынып алмауы керек деген-ді сонда мемлекет басшысы. Алайда «жедел жәрдем» қызметкерлері әлі күнге дейін уәде етілген ақшаны төлеткізе алмай, басшылыққа жалынуға мәжбүр, деп жазады «Азаттық».

Бұл екі арада АҚШ Конгресі коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге көмек ретінде шамамен 900 млрд доллар бөлу туралы заң жобасын мақұлдады. Осы заңға сәйкес, әрбір ересек америкалық азамат пен әрбір балаға 600 доллардан төленеді. Жұмыссыздардың жәрдемақысы 300 долларға артып, мұндай көмек келесі жылдың көктеміне дейін төленеді. 300 млрд доллардан астам қаражат шағын кәсіпкерлерге көмек ретінде бөлінді. Оның бір бөлігі бұл фирмаларда уақытша жұмыссыз қалғандарға төленеді. 50 млрд доллар COVID вакцинасын алуға және американдық халыққа вакцина егуге жұмсалады.

Ал бізде ше?

Бізде Түркістан қаласында қыруар қаржыға «әулие пайғамбар» Назарбаевтың мавзолейі салынып жатыр…

«DAT»-тың редакциясы атынан – Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн