Әріптес інім Берік Уәли облыс әкімі болыпты. Қандай тәуекел десеңізші! Иыққа сонша жүк арту оңай ма? Қаншалықты атқарып шығады? Қандай да бір шаруашылық тізгінін ұстамаған, негізгі мамандығы журналистика саласы, тым болмаса аудан басқармаған адам қалай білдей бір облыстың әкімі боламын дейді екен деген ойдың туатыны да шындық. Бірақ өмір сынағында, қызмет биігінде мамандығы сәйкес келмесе де, көпшіліктің көңілінен өшпеген жандар бар ғой!
Мысалы, Ілияс Омаров. Ол кісі Орта Азия экономика және сауда тауар ісі институтын бітірген және сол саланың мықты білгірі, менеджері болған. Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығынан оны Қазақ КСР Мәдениет министрі етіп тағайындарда, Мәскеудегі Госпланның басшысы саланың ең білікті адамын мәдениетке жіберуге үлкен қарсылық көрсетіпті. Бірақ кең масштабты тұлға үшін мамандық деп қатып қалу шарт емес. Дәл осы Омаровтай қазақ мәдениетінің дамуына білек сыбана кіріскен қайраткер кемде-кем. Ілекең деп халық құрметтеген министр Омаровтың тұсында бұрын қазақ жерінде өркен жаймаған – эстрада, цирк өнерінің осы топырақта өнуі, театрлардың дамуы, басқа да өнердегі тың салалардың, жалпы қазақ мәдениетінің қарыштап өркендеуі жүзеге асты. Тіпті өмірден озса да, аты тарихта, жүректерде қалды.
Беріктен де осындай кең масштабты күтеміз. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, бөрігім жоқ болса да, әріптестігі бар Берік інім сүрінбесе екен, қай кезде де ақылмен, стратегиялық бағытта – жұртымды қалай дамытамын деп ойласқан жемісті қадамдар жасауын, қай кезде өзімнің (шкурамды) орнымды сақтап қаламын демей, ел игілігін бірінші орынға шығаруын тілеймін. Ал ойы осы мақсатқа құрылса, Беріктің абырой арқалайтынына сенімдімін. Сондықтан көз қадап отырған жұрттың күлкісі мен табасына қалмай, «Көтере алмас шоқпарды беліне байлапты» дегізбей, Абай елінің өркендеуіне тер төгіп, аянбайды, алғыс арқалайды деп ойлаймын.
Семей жұрты да қашаннан қасиетті сөз қонған, ер қадірін ұғынған, жер құтын қашырмаған жұрт қой, басқарамын деп келген ұлының ойын қостап, бөлінбей, ештеңеге бөлшектенбей, тұтас қимылдайды деп ойлаймын. Сәттілік!
Менің ойымша, Берік үшін нағыз сыналар шақ дәл осы кезең!
Анар ТӨЛЕУХАН