ЖҰТ ЖЫЛҒЫ ҚОЙЛАР…

  • «Назарбаев қазақты құл халыққа айналдырды. Ол үшін ол тіпті арабтың дініне дейін шебер пайдаланды. Шала сауат, надан молдарды мешіт пен ТВ-дан күні-түні сұңқылдатып қойды. Олар халықты патшаға қарсы шықпауға, басқа салғанға көнуге, құлақкесті құл болуға шақырды. Нәтижесі сұмдық – қазақ Назарбаевқа ғана құлдық ұрған көнбіс тобырға айналды.

Бала кезімде аш қойларды көрдім. Бір жылы шөп шықпай, қыс қатты болып, жылқы қолға қарап қалды. Жылқы қолға қараған соң, елдің онсыз да аз шөбі тез таусыла бастады. Ел шөпті үнемдеуге көшті. Сонда байқағаным – аш қойлар бірінің жүнін бірі жейді екен. Тіпті кей қойлардың үсті ұстарамен қырғандай тып-тықыр, жып-жылтыр болып қалады. Азын-аулақ шөп шашқан кезде шөпке таласқан қойлар бірінің үстіне бірі шығып кетіп жатады. Сонда тұяқ астында тапталып қалатын тағы да сол әлсіз қойлар. Сол қойлар ақыры көтерем болып өледі. Өлмегені ілініп-салынып көктемге жетеді. Бірақ өріске аман шыққанымен, жазғытұрғы жауын-шашында алдымен суыққа ұшып өлетін осы көтерем, жүнсіз қойлар. Көтерем қойлар қозы тастайды, қоздаған күннің өзінде төлін жарытпайды. Ақыры уызға жарымаған қозы өліп тынады.

 Қазіргі қазақ қоғамының жайы да осы жұт жылғы қойлар сияқты – бір-бірін түтіп жеп жатыр. Момын жұрттың бір-бірін түтіп жеуден арғыға шамасы келмейді. Ақырып, теңдік сұрайтын серкесі де қалмаған.

Үкімет болса, қазаққа қой сияқты қарайды. Азын-аулақ шөп шашқан болады. Бірақ отыз жылға созылған кедейшілік өтіп кеткен жұрт аш қойлар сияқты – тойынбайды.

 Аш халықты тойдыру, тойдырып қана қоймай, бақуатты қылу – биліктің міндеті. Бірақ билік қазақты тойдыруға мүдделі емес. Себебі тоқ халық тежеусіз билікке қарсы шығады деп ойлайды. Бұл әккі Назарбаевтың әріден ойластырып құрған әпербақан жүйесі еді. Халықты әбден кедейшіліктің шегіне жеткізген ол зор құл иеленушіге айналды. Әсілі, қазақ қоғамы басынан құл иеленушілік формацияны кешірмеген, қайта Рим империясы сияқты құл иеленуші мемлекетті құлатқан халық еді. Әлі күнге дейін әлем жұртшылығы көшпелілер көсемі Аттиланы сол үшін құрметтейді. 

Назарбаев болса, XXI ғасырда құл иеленуші қоғам орнатты. Қазақ халқы социализмнен капиталистік қоғамға, одан феодализмге, феодализмнен құл иеленушілік қоғамға екі-үш аттап, бір-ақ қарғыды. Назарбаев режимінің осыдан екі мың жыл бұрынғы құл иеленушілік дәуірден бір ғана айырмашылығы болды. Ол – мұқым қазақты тегіс кредитке отырғызды. Алған кредитіңіздің пайыздық өсімі дүние жүзінің барлық елдерінен жоғары, әрі одан өлген соң да құтыла алмайсыз – әйеліңіз, ол өлсе, балаларыңыз өтейді. Ал ежелгі құлдық дәуірде кредит деген болған жоқ, әм үш мезгіл тамақ тегін берілді. Ал Назарбаев орнатқан озбыр жүйеде тегін нәрсе жоқ, жұтқан ауаңыздан басқасының барлығы сатылады. 

Әлі есімде Назарбаев 1992 жылы теледидардан сөз сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Осы уаққа дейін Қазақстанның ұлттық табысының 93% Мәскеуге жөнелтіліп отырды. Біз қалған 7%-ға күнелттік. Енді бар тапқан табысымыз өзімізге қалады», – деді асқақ пафоспен. Алайда бәрі керісінше болды. Назарбаев билік құрған дәуірде халқымыз ұлттық табыстың 1% пайызын ғана талғажау етіп, өлместің күнін көрді. Айтыңыздаршы, мұндай сұмдық қай елде болды?! 

Осылайша Назарбаев қазақты құл халыққа айналдырды. Ол үшін ол тіпті арабтың дініне дейін шебер пайдаланды. Шала сауат, надан молдаларды мешіт пен ТВ-дан күні-түні сұңқылдатып қойды. Олар халықты патшаға қарсы шықпауға, басқа салғанға көнуге, құлақкесті құл болуға шақырды. Нәтижесі сұмдық – қазақ Назарбаевқа ғана құлдық ұрған көнбіс тобырға айналды. Халық мешіттерде патшаға құлдық ұрып, одан қалды үйіне келіп, латын америкалық, үнді, кәріс, түрік телесериалдары мен сарттанған бездарный фанерщиктердің жын-ойнағын есі кете тамашалап отырғанда, Назарбаев пен оның жемқор уәзірлері еліміздің жер асты, жүр үсті байлығын шетелге шұғыл сатумен айналысты. Ел дәулетін аяусыз тонағаны аздай, олар шетелден миллиардтаған доллар қарыз алып, қара бақырына шейін қалдырмай, жым-жылас жұтып қойды. Экономистердің айтуынша, ол қарыздарды біз түгілі немерелеріміздің өзі өтеп біте алмағандықтан, шөберелеріміздің мойнына ілінетін көрінеді.

Ұлттық ғылым академиясын жапты, елді ғылым-білімсіз қалдырды. Ел қамын жеген ерлерді қуғындады, тіпті көнбегендердің көзін жойды. Ал жағымпаз академик шалдарға өзінің сөзін сөйлетіп, мәңкілдетіп қойды.

Статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі ең бай ел саналады. Жерімізде Менделеев кестесінде кездесетін элементтердің түгелге жуығы бар, тіпті бір грамы 200 мың доллар тұратын осмий сияқты сирек металдарға дейін Қазақстанда өндіріледі. Алайда қазақтың бұл байлықтың қызығын жуық арада көрер түрі жоқ. Қытай тәрізді бір жарым миллиард болсақ – бір сәрі, Шанхай сияқты бір қаланың халқына жетпейміз, небәрі 20 миллионға жетер-жетпес халықтың отыз жыл бойы кедейшілік пен құлдық қамытын киіп отыруы – тіпті Нобель сыйлығы иегерлерінің ақылына сыяр емес. 

Нобель сыйлығы демекші, сонау жылдары Маңғыстау облысындағы Жетібай мұнай ұңғысының ашылуының жүз жылдығына Қазақ билігінің шақыруымен Альфред Нобельдің немересі келіпті. Байғұс, Дубай сияқты жарқыраған, сән-салтанатты бай елді көрем деп сонау Еуропадан алып-ұшып жеткен ғой. Содан ойқы-шойқы жолдармен Жетібайға әрең жеткен сыйлы қонақ жол бойы сұрқай ауылдарды, ол ауылдардағы лашыққа бергісіз мыжырайған үйлер мен мұнайлы өңірдің кедейшіліктен әбден ыңыршағы айналған, жүздері қарала-торала халқын көріп, алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылыпты.

Сонда мына сұмдықтан жаны шошыған Нобельдің немересі Африка елдерінде ғана болатын осынау сұрқай көріністерге тұнжырай қарап тұрып: «Бұл елде ұлы қылмыстар жасалуда», – деп, бір ауыз сөз айтыпты да, келген ізімен кері қайтып кеткен деседі. «Сырт көз сыншы» деген осы да.

Нобельдің немересі айтқандай, бұл елде ұлы қылмыстар жасалуда, ең ауыр қылмыс – халықтың дәулетін тонау, ол дегеніңіз – келешек ұрпақты несібесіз қалдыру. Жемқорлыққа аяусыз салынған шенділерде ар мен ұждан қалмады. Кедей халықтың ішін де осы дерттер жайлауда. Егер былай жалғаса берсе, бұл кеселдердің тамырына балта шабатын шұғыл һәм пәрменді реформалар жасалмаса – Тәуелсіздігімізге қатер! Одан кейінгі болатын сұмдықты айту түгілі, болжауға ауыз бармайды.

Биліктегі ел ағалары! Сіздердің не ойлағандарыңыз бар, сіздер де қазақтың баласысыздар ғой, туған халқыңызды осыншама кедей қылуға арланбайсыздар ма?! Неге іс қылмайсыздар? Әлде Назарбаев жүйесін әкеден мирас болып қалғандай жалғастыра бересіздер ме?

Егер былай жалғаса берсе, жұт жылғы қой сияқты бір-бірінің жүнін жеп жатқан мына аш құрсақ жұрт күндердің күнінде өздеріңізге ауыз салмасына, түтіп жемесіне кім кепіл?!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн