ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды қарқынды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді.
Шығыс Қазақстанда қыс мезгілі алты жарым айға дейін созылады. Қазіргі таңда шығыс өңіріндегі тұрғындардың басты сұрағы – «газдандыру мәселесі қашан шешіледі?» деген сауал болып отыр. Бұл сұрақтың өзектілігі соңғы жылдары көмір бағасының шарықтауымен және оның сапасының сын көтермеуімен байланысты. Ауылдық жерлерде көмір бағасы 30 мың теңгеге дейін жетті, ал оның сапасы тұрғындарды алаңдатып отыр.
Биылғы қыс мезгілінде Өскемен қаласында экологиялық ахуалдың ушығуы нәтижесінде мектеп оқушылары он күн бойы сабақтарын қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай – көмірдің төмен сапасы мен баламалы экологиялық таза энергия көздерінің жетіспеушілігінің айқын көрінісі.
Бүгінде елімізді газдандыру мәселесі Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтитын маңызды аймақаралық мәселе болып отыр. Әсіресе Шығыс Қазақстанның шекара маңындағы аудандарын газбен қамту аса өзекті.
Мамыр айының 2‑сі күні Зайсан ауданының халқымен кездесу барысында тұрғындар газдандыру мәселесін тағы да көтерді. Газ кенішінің үстінде отырып, көгілдір отынға қол жеткізе алмау – Зайсан халқы үшін түсініксіз әрі әділетсіз жағдай.
Газ кенішінің үстінде орналасқан Зайсан азаматтарының ашу-ызасын, мұң-мұқтажын есту өте қиын. Бүгінгі аудандағы газды игеріп отырған инвестор газ қорының азайып келе жатқандығы жөнінде мәлімдеуде, сондықтан мемлекеттік органдар Зайсанның кейбір елді мекендеріне газ құбырын тартуға қарсы болып отыр. Олай болса, халықты газбен қамтудың балама жолдарын ойластыру керек. Ол – Ресейден келетін немесе Қазақстанның оңтүстігінен келетін газға магистральды құбыр тарту.
Осыған орай Сізден халық үшін аса маңызды осы мәселені – аталған облыстарды газдандыруды – күн тәртібіне қоюыңызды сұраймыз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары –
Ұлықбек Тұмашинов,
Нұртай Сабильянов,
Ерлан Саиров,
Дүйсенбай Тұрғанов,
Ермұрат Бапи