Четверг , 10 апреля 2025

Заманбек Нұрқаділов: МЕН НАЗАРБАЕВҚА неге ҚАРСЫ ШЫҚТЫМ…

  • Алдағы сәуірдің 15-інде алғашқы саны шыққанына 25 жыл толатын «ДАТ» медиа-жобасының мерейтойына байланысты газет мұрағатынан алынған жарияланымның (ықшамдалған) кезекті авторы – қазақтың арда перзенті Заманбек Нұрқаділов.

– Зәке, сіздің биліктің әртүрлі биік сатысында болып, жақсыны да, жаманды да бірге бөлісіп дегендей, Назарбаевтың ең жақын адамдарының бірі саналып жүріп, аяқ астынан биыл ерекше мінез танытып, сол билікке, турасын айтқанда, сол Назарбаевқа қарсы шыға келуіңіздің түпкі себебін түсіндіре алмас па екенсіз?

– Түсіндіре алмайтын несі бар? Әбден болады. Ол үшін әңгімені ең алдымен қазақ деген өзіміздің ұлтымыздың ұлттық ерекшелігінен, ұлттық менталитетінен бастаған жөн сияқты.

Біз қазақтар – ешкімге ұқсамайтын ерекше ұлтпыз. Оның себебіне тоқталмай тұрып, алдымен ТМД-ны мекен ететін басқа ұлттардың ұлттық менталитеттеріне бір үңіліп алайықшы. Мысалы, беларусьтар өздерінің картобын құдайдай көреді. Олардың картоптан басқа ештеңесі жоқ. Содан кейін «Беловежское пуще» деген арағы ғана бар.

Ал прибалтикалықтар – өздерінің сабырлылықтарымен өзі аз санды халық бола тұра, өздерін-өздері қорғай алатындықтарымен ерекшеленеді. Украиндықтар өздерінің салосы мен самогонын мақтап тұрады. Кавказдықтар – өздерінің шашлықтарымен және оны шампурға іліп жеуімен ерекшеліктерін байқатады…

Сол сияқты өзбекті қанша «өз ағамыз» деп есептесек те, олардың базарға, саудаға жуықтығы, «мына қазақтар менен бұрын байып кетер ме екен» дегендей, саудада жүрген адамдардың іштері тарлау келетіні тағы бар. Тіпті мына іргеміздегі қырғыздардың өзі қанша бауыр болып кетсек те, бізді – қазақтарды сыртымыздан «маңқа қазақ» деп, ешқашан менсініп көрген жоқ.

– Сонда бұл ойыңызбен нені меңзеп отырсыз?

– Жұмаш, сен ойлағандай, мен бұл арада бауырлас халықтарды бір-біріне айдап салып, жат қылып көрсетейін дегеннен аулақпын. Солармен өзіміздің қазақтың ұлттық менталитетін, ерекшелігін салыстырып көрсетейін деген игі ниеттен туған ой бұл. Ең алдымен қазақтың маңдайына бұйырған шетсіз-шексіз жерін алып қарашы. Жерінің ұзындығы 3,5 мың, ені 2,5 мың шаршы шақырым екен. Ал сонда тұратын таза қазақтың саны 8 миллион, басқа ұлттардың саны 7 млн адам. Егер осы жерді Қазақстандағы әр отбасына бөліп-бөліп берсе, мына жағы бір шақырым, мына жағы бір шақырым жерден келеді екен. Мұны айтып отырғаным – қазақтың мінезінің өзі де жері сияқты, кім келсе де, тіпті соңғы тышқақ лағына дейін сойып тастайды дегендей, сыйдыра беретін соншалықты кең екендігі. Бұл – қазақ ретіндегі ұлттық менталитетіміздегі ерекшелігіміздің бір-ақ жағы.

Ал екінші жағын алып қарайық. Мысалы, бір ғана Затаевич деген музыка зерттеушісі осы ХХ ғасырдың басында қазақтың «1001 әнін» тауып, соған таңқалып, оны жеке кітап етіп шығарғанын білесіңдер. Содан кейін орыстың барлық музыка зерттеушілері: «Затаевич қазақтың даласын бір аралап шыққанның өзінде осыншама ән тауыпты, біз неге олардан асып түспейміз?» деп, Ресейді қаншама рет араласа да, небәрі 500–600 ән тапқан екен. Мен ойдан шығарып айтып отырғаным жоқ, бұл – тарихи факт.

Сонда қарамайсың ба, қазақтың жері де, елі де, мінезі де, өнері де, мұңы да, қуанышы да, қайғысы да, тіпті қабілет-қарымы да басқалардан әлдеқайда жоғары тұрғанын және қандай бай екенін аңғару қиын емес.

Бұл қазақтың санын азайтып жіберген – ең алдымен қазақтың өзі емес, оның басына түскен өлшеусіз қиындықтар. Кешегі 30-жылдары қолдан жасалған ашаршылықтан қанша миллион қазақ қырылды. Өзіміз «Отан соғысы» деп атап жүрген Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақ құрбан болды. Оған дейінгі сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атап жүрген жоңғар шапқыншылығы тұсында, одан ары моңғол шапқыншылығы, Ақсақ Темір шапқыншылығы, орыс шапқыншылығы тұсында біздің қанша қазағымыз қырылды. Бірақ қазақ ешқашан басқа елдерді жаулап алмаған, керісінше, өз жерін сыртқы жаудан қорғап қалған халық.

– Мұның бәрі түсінікті ғой, Зәке. Осыншама жерге, байлыққа ие болып қалған, өзіңіз айтып отырғандай, аз санды қазақтың қазіргі жағдайы туралы не айтар едіңіз?

– Дұрыс айтасың! Қазақстан тәуелсіздік алғалы 13 жыл болыпты. Ал сол тәуелсіздігімізді алған алғашқы кезеңде ұлан-байтақ жеріміз өзіміздің қолымызда еді ғой. Асты да, үсті де өлшеусіз байлыққа толы… сонау Алтайдан – Атырауға, анау Сары Арқаға дейінгі ұлан-байтақ жеріміз тек осы жердің байырғы иесі қазақты ғана емес, қазір Қазақстанды мекен етіп жатқан 15 млн халықты киіндіріп, ішіндіріп, тойындырып, оларды асырауға былай жететін еді ғой. Керісінше, соңғы жылдары халқымыз осыншама байлықтың үстінде отырып-ақ, ең кедей халыққа айналғанын біз ғана емес, әлем біледі. Біздегі байлық мына бір ғана Біріккен Араб Әмірлігіндегі байлықтан әлденеше есе көп.

1990-жылдардың басында Назарбаев тәуелсіздік жариялағанда: «Шыдасаңдар, аз жылдың ішінде біз барлығын жасаймыз. Мына Кувейт пен Араб Әмірлігі халықтарының тұрмысынан біздің халық кем тұрмайды. Барлығымыз байимыз, үйтеміз-бүйтеміз…» деп жар салғандай болған. Оның бұл сөзіне барлығымыз құдайдай сендік. Жақсы сөзге неге сенбеске?

Бұл біздің жатып алып, тегін байлыққа ие болғандай: «Алма – піс, аузыма түс» дегеніміз емес. Сол қолдағы бар байлыққа өзіміз ие болсақ, жеткілікті емес пе еді? Назарбаев айтып отырған Араб елдерінің барлығында өз басым болдым, бәрін көрдім, зердемнен өткіздім. Сонда мен өзім ойлаймын: «Бізге анау керек, мынау керек сияқты – демократия деген қазаққа керек пе, керек емес пе?» деп. Шығып тұрған «ДАТ», «СолДат», «Ассанди-таймс», «Республика», тағы басқа тәуелсіз газеттер қазіргі билік тарапынан зорлықпен жабылды. Телевидениеден: Сергей Дувановтың «ТВ-М» дегені, Розлана Таукинаның «Тотемы» жабылды. «Таңды» (ТВ-арна) аттық, өйттік-бүйттік, біздің істемеген пәлеміз жоқ. «Демократия! Демократия!» деп, барлығымыз айғайлаймыз. Мен, мысалы, Араб елдеріне барғанда, көзіммен көрдім. Оларға ешқандай демократияның қажеті жоқ!

– Демократияның керегі болмаса, сонда оларға енді не керек?

– Оһо, сен де айтқыш екенсің! Олардың ел билеушілері, мәселен, Біріккен Араб Әмірлігін алып қарайық, жағалаудағы құнарлы жердің бір шақырымын, екі шақырымын бөліп-бөліп алып, өзіне бағынышты адамдарын құл сияқты ұстаған. Әлгі билеуші әмірдің өзі – Құдай сақтасын, керемет бай! Сенесің бе, Жұмаш, ол қолындағы барлық мүмкіндікті елінің игілігіне жұмсаған!

Мысалы, шетелден келген біреу дүкен ашқысы келеді делік. Әмір оған: «Сен ана базарға бар да, біздің бір арабпен келіс. Соның құжатын ал, сол арабтың атынан саған дүкен ашып берейін. Жылына бір миллион доллар көлемінде пайда табатын болсаң, соның 500 мың долларын біздің арабқа бересің, қалғанын өзің аласың. Маған басқа ештеңеңнің керегі жоқ. Осы дүкеннен сен 2–5 млн. доллар табасың ба, онда менің шаруам жоқ. Тек дүкен біздің арабтың атында болады», – дейді.

Бір қызығы, ол елде бірде-бір шетел адамдарының атында дүкен, қыл аяғы газет сататын дүңгіршек те жоқ. Бәрі өз халқының, адамдарының атында. Әлгі әмір барлығын тек өз халқының мүддесін қорғауға ғана арнаған. Әмір, мысалы, жаңадан бір отбасы құрылса, соның есепшотына қолма-қол 1 млн доллар аударады. Сол отбасында бір бала дүниеге келсе, жаңағы 1 млн доллар несиенің жартысын, екінші бала туса, 75 пайызын, үшінші баласы болғанда – берілген несиенің барлығын тегін береді. Сонда олардың дүниеге келген әр баласының есепшотында ол ержеткенше пәлен миллион доллар ақша жатады деген сөз. Бұл – сол елдің әр азаматына әмір тарапынан тұрақты түрде жасалып отыратын заңды жақсылық.

Бір таңқаларлығы – әлгі елдің тұрғылықты адамдарының бірде-бірі, мәселен, мұнай мұнарасында жұмыс істеп жүрген жоқ, құм басқан шөл даланы гүлдендіріп, күрек ұстап, жерді суландырып жүрген жоқ, қолдарына сыпыртқы алып, көше сыпырып жүрген жоқ. Барлығы да үстеріне мұнтаздай ақ киімдерін киіп алып, қолдарында таспиығы бар, әмірлерінің арқасында аспаннан түскендей, бір-бір құжатқа ие болып алып, жаңағыдай әдіспен тапқан мол қаржылары арқылы балаларын таңдаған шет мемлекеттерінде оқытып, қатты ыстықта салқын жақтарға барып, дем алып, күн салқындағанда өз елдеріне келіп, қайғы-мұңсыз өмір кешеді. Өздері соншалықты көп те емес, адам саны 2 млн-дай ғана. Қалған 7 млн адам: Италиядан, Үндістаннан, Пәкістаннан, аннан-мұннан келген, барлық қара жұмыстарды атқаратын азаматтығы жоқ шетелдіктер ғана.

Міне, осыларға сен айтып отырған демократияңның қаншалықты керегі бар? Рас па, жоқ па? Үндемейсің ғой…

Демек, оларға демократияның тіпті де керегі жоқ! Өйткені қолдарында бәрі де бар. Оларға әмір байығанның үстіне байып жатыр ма, оның 15 қатыны бар ма, меншігінде 25 ұшағы бар ма – халықтың онда шаруасы жоқ. Жұмаш, айналайын, оның отбасына әмірдің көмегінің арқасында ағыл-тегіл ақша құйылып жатыр. Баласы – оқимын десе оқиды, анда барамын, мында барамын десе – барады, тіл үйренемін десе: ағылшынша ма, французша ма, қытайша ма, немісше ме, үйренеді, жоқ болмаса Оксфордқа барып оқи ма, Кэмбриджге барып оқи ма – қысқасын айтқанда, не істеймін десе, соны істейді. Онда билікте отырған әмірлердің ешқандай шатағы жоқ.

Міне, мен сол кезде Назарбаев айтқан жұмақ Араб елдеріндегідей бізге де орнайды екен деп ойлағам. Байлығымыз шашетектен, әр адам басына берілетін қаржы қанша?! Соның бәрі бізге тең бөліп беріледі екен деп сендім. Ал санап көрейік.

Жылына орта есеппен біздегі 15 млн халыққа жететіндей астық жинайды екенбіз. Сонда жан басына шаққан кезде 1 адамға 1 тонна астықтан келеді екен. Мен бұл арада басқа байлықты айтпай-ақ қояйын. Сенің отбасыңда әйелің мен өзіңді және үш балаңды қосқанда – бес адам бар дейік, сонда 5 тонна астық сенікі. Оның ішінде: картоп, ет, сүт, соғымың, көкөніс, жеміс-жидек сияқты басқа тағамдар жоқ. Назарбаев бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, жағдай жасаса, кедергі болмаса, тек тамақ жағынан ғана біздің әрқайсымыз өзімізді-өзіміз асырап, сондай пайда тауып, жап-жақсы өмір сүреді екенбіз.

Киім жағынан алсақ: жүн – өзімізде, тері – өзімізде, мақта – өзімізде, жасанды талшықтардан өндіреміз десек, мұнайымыз, химиямыз – өзімізде. Құдай сақтасын, не шығарамын десең, барлығы да өзімізде бар. Бекер жүремін десең – бензинің де, керосинің де, соляркаң да, газың да жетеді.

– Бізде бәрі бар екен. Сонда бізге жетпейтіні не?

– Осы күнге дейін бір нәрсеге түсінбеймін. Назарбаев сол өндірген заттарымызды: «Біреуге сатуымыз керек, өткізуіміз керек, өйтуіміз-бүйтуіміз керек» дейді. Мысалы, Назарбаев: «Ой, бізге оларды жүзеге асыру үшін, пәленше жұмысшы қолы керек!» деп соғады. Егер Қазақстанда арабтардағы сияқты: заводтарды, фабрикаларды, дүкендерді, банктерді, аналарды, мыналарды акцияларымызбен өзімізге алып, солардан пайда түсіп жатса, барлығымыз қарық болып, бәйбішеміздің қасында самауырдан шәй ішіп, балаларымызға: «Әй, Кембриджге кеттің бе, жолың болсын, сол жақтан менің сотовыйыма телефон шаларсың. Ана үшінші телефонға соқ, ана екеуі «тоқалымдікі» деп айтып отыратындай болсақ, мен онда Назарбаевты түсінер едім, айналайын.

Әлгі демографияны жазып жүретін Мақаш Тәтімов айтқандай, қазақты көбейту үшін үш-төрттен тоқал алу керек деп. Иә, сөйтіп біз өз жерімізге қожайын болып, мыңғырған жылқы, жер қайысқан қой, сауып жатқан сиырлар дегендей, төрт түлігіміз сай, мына «Жер туралы кодекс» қазаққа, Қазақстандағы барлығымыздың мүддемізге сәйкес, «мына жер, қазақ – сенікі, ал. Қазақтың жері бәріне жетеді, ешқандай темір тікенекті қоршаудың керегі жоқ, тек бір-біріңмен керісіп қалып жүрмеңдер» десе ғой шіркін.

– Онда уламай-шуламай, тып-тыныш өмір сүреміз демексіз ғой?

Міне, сондай молшылықтағы қазаққа демократияның керегі бар ма, жоқ па? Біз Назарбаевты байлап, ұстап отырмаймыз. Оның ұшақтарын санаймыз ба? Телеарнадан беріліп жатса, «О-о-оһоо!» деп, ана жақта айтыс болып жатса, ана жақтан Роза Рымбаева, мына жақтан Мақпал Жүнісова шырқап жатса… Құрманғазы оркестрін теледидардан көрмегелі қанша болды? «Отырар сазын» көрмегелі қанша болды?.. «Тамаша» экраннан анда-санда бір шығады. «Терісқақпайың» бар дегендей… Ана Құдайберген Сұлтанбаев жұмыссыз жүр, понимаешь, імм… Қазақ драма театрының қойылымын, ТЮЗ-дің спектаклін теледидардан көрмегелі қанша болды? Өңкей бір аннан келген, мыннан келген біреулер теледидар экранына қаптады да кетті.

Біздің Әсет те шетте қалды, Шәмші де шетте қалды… Біздің Қалдыбекке рахмет, сол анда-санда бірдеңе істеген болады. Қазір түгелі бетімен кетті ғой.

Міне, айналайын, мына опера театрын аштық, операдан түк те қалған жоқ. Баяғыда «Қыз Жібек» операсының әр спектакліне жұрт кезекке тұратын. Музейге барудан қалдық. Кинотеатрға барсаң, слушай, бір қазақ киносы жоқ. Теледидарды қарасаң, таңертеңнен кешке дейін қаптаған мексикалық, бразилиялық сериалдар, атыс, шабыс, секс, эротика болып кетті. Қазақ тілі ешкімге керексіз болып қалды. Сонда біз не деп айтуымыз керек?..

– Иә, сонда кімге не айтуымыз керек?

– Мен екі-ақ мемлекетті: шығыс мемлекеттерін, байлығы көп мемлекеттерді салыстырдым. Маған Американың да керегі жоқ, Еуропаның да керегі жоқ. Маған кешке дейін кино көрсетсе – болғаны. Слушай, арақ ішкенді көрсететін орыстардың да керегі жоқ. Ана базарда отырған өзбектердің де керегі жоқ! «Сен солтүстіксің, сен оңтүстіксің» деп, бір-бірімен атысып, шабысып жүрген, бізді «маңқа қазақ» дейтін анау қырғыздың да керегі жоқ!

– Сонда шынымен біздің қазаққа ешкімнің де керегі болмағаны ма?

– Біздің менталитетіміз өзімізге жетеді, байлығымыз өзімізге жетеді. Сол кезде «Тыңдайсыз ба, тақсыр «Дат» деген сөздің өзінің мағынасы бөлек болады. Кеше Зарина Алтынбаева теледидарға шығып алып, орысша өлең айтты. Соны «Тегі қазақша болып, ол неге орысша өлең айтады?» деп «Дат» сұрай алады. Ұқтың ба?

– Иә, ұқтым…

– «Кеше ғана зарлап өлең айтатын Бекболат Тілеуханов неғып саясатта жүр?» дегенді «Дат» айтуға тиіс. Дұрыс па?..

– Иә, дұрыс…

— Мынау Дәулет Тұрлыхановың да, Серік Қонақбаевың да екеуі де ұлттық спорттың не екенін біледі. «Біздің ұлттық спортымыз қайда кетіп бара жатыр?» дегенді «Дат» айтуға болады. Дұрыс па?

– Дұрыс болғанда қандай!..

– Сонда біздің Назарбаев та, Назарбаевтың отбасында да шаруамыз не деген сұрақ туар еді. Мысалы, неге Назарбаев: «Біз ана байлықтардың барлығын 30 жылдан кейін қайтарып алуымыз мүмкін, өйткені біздің мамандарымыз 30 жылдан кейін дайын болады» деп оттайды? Слушай, тұра тұр, мәселенің тетігі қайда жатыр?

Иә, мәселенің тетігі қайда жатыр?

– Баяғыда Ұлы Отан соғысы кезінде немістер Бакудың мұнайын кесіп тастаған кезде бүкіл Қызыл Армия Каспий мен Ембі мұнайына қарап қалған. Ол кезде Түмен мұнайы жоқ, басқа мұнай да жоқ. Сонда Атыраудың, Ақтөбенің, Ембінің мұнайы бүкіл Кеңес Одағын, тылды мұнаймен қамтамасыз еткен. Бізде соның мектебі қалды. Біздегі мұнай ең төмен жатқан, парафині көп мұнай. Соны алу, өндіру, өңдеу, одан пәленшені алу өте қиын нәрсе. Қазірдің өзінде Америка, Норвегия, Англия болсын, тіпті мұнайы көп арабтардың өзі біздің мұнайшыларға келіп, сабақ алады. Біздің мұнайды бұрғылап жатқандар да, атқылатып жатқандар да – сол Кеңес Одағы кезінде жасалған техникалармен, өзіміздің мамандар күшімен атқарылуда. Соны ақыл айтқыш американдықтардың өзі бізден үйреніп жатыр. Сол жұмыстардың бәрін атқарып жатқан – нағыз біздің Қазақстанның жұмысшылары. Назарбаев оттамасын! Мұнайдан түк білмейді екен, үндемесін!

Өз басым американдықтармен де, өзіміздің мұнайшылармен де көп сөйлескен адаммын. Сонда біздің мұнайшылар айтады: «Зәке, бізге ешқандай американдықтар да, норвегиялықтар да сабақ бере алмайды, олар қайта бізден сабақ алады» деп.

– Мынау, шынында да, назар аударарлық нәрсе екен?

– Мен саған табиғи деректерді айтып отырмын ғой. Сенбесеңдер, мұнайшыларға барып, өздерің сұраңдар. Сол мұнайшылар қазір ұзақ мерзімдік аштық жариялап отыр. «Біз небәрі 70-ақ доллар жалақы аламыз, мұнайы жоқ жаман түріктер келіп, мың доллардан айлық алады» дейді. Олар сонда біздің атақты кәсіби мұнайшыларымыздан 14–15 есе артық – 1000 доллардан айлық алады екен. Бұл не деген сұмдық?!

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан шығады» демекші, тағы менен: «Мынандай биік мансаптан неге кеттің?» деп сұрайсың. Соның бәрін біле тұра, соның бәрін көре тұра, тағы да мұның барлығы бір күндік мәселе емес, осындай жағдайда өз ұлтымның перзенті ретінде шектен шыққан мұндай әділетсіздікке мен қалай төзуім керек еді?!

– Зәке, сіз ұзақ уақыт билікте отырғанда, осының бәрін біле тұра, ауыз ашпағаныңыз қалай? Қызметтен кеткеннен кейін «батыр» болып шыға келгендейсіз бе, қалай?.. Сонда бұл жөнінде қашаннан бастап шындап ойлана бастап едіңіз?

– Ойланғанда былай… Бұл енді мендеп келе жатқан ауру болды. Мен көбіне Назарбаевтың жанында жүрдім…

– Сонда Назарбаевқа ең жақын адамдардың бірі және бірегейі болдыңыз емес пе?

– Иә. Біз енді солай болдық. Иә, мен 1994 жылы Алматы қаласының әкімдігінен кеткен кезде Әкежан премьер-министрдің бірінші орынбасары еді. Мен қызметтен кеткеннен кейін үш жарым айдан соң, сол Әкежан премьер-министр болды. Мен Әкежан Қажыгелдинмен қызметтес болған жоқпын. Ол Терещенконың орнына 1994 жылы қазан айының басында келді, мен маусым айының 20-ында қызметтен кеткен болатынмын. Кейін депутат болған кезімде Әкежанға тиіскенім бар. Ана «Ақ жол Қазақстан» газетінен оқыған шығарсың, «Әкежанды жау екен деп жүрсем, оны бізге нағыз жау жасап жүрген адам оның басында отыр екен» деп айтқанымды.

Ешнәрсе де, ешқашан да құпия болып қалмайды. Құпияның барлығы әйтеуір болашақта ашылады. Құпияның ашылмауы мүмкін емес, бұл табиғи заңдылық. Сонда ол масқара болады. Сол құпиялардың барлығы болмаса да, біразы қазір ашылып жатыр ғой. Менің қызметтен 1994 жылы кетуімнің себебі де – сондай әділетсіздікке шыдамай, төзбеуімнен болған. Мысалы, Терещенко Тёны («КРАМДС» компаниясының президенті – Ред.) ертіп келді де, тиісуді тура менен бастады. Тё келе сала ананы, мынаны өзіне алуды жаңадан бастап жатқан. Несін айтасың, екеуміз біраз шайқастық қой…

– Сол Тёге байланысты… Сіз ана жылдары Тёнің үйін тартып алып, көп балалы отбасыларына бердіңіз емес пе?

– Иә, Тёден тартып алғаным рас. Ол кезде ол жаңа үйдің Тёнікі екенін және оның сондай құдіретке ие адам екенін мен қайдан білейін?..

– Сонда білдей бір Алматы сияқты астаналық қаланы басқарып отырып, білмей қалғаныңыз қызық екен, ол сөзіңізге кім сенеді?

– Олар барлығын құпия жасады ғой. Тёні білетінім – ол онда Мемлекеттік жоспарлау комитетінде бас маман ба, басқарма бастығының орынбасары ма, әйтеуір біреу болып қызмет істеп жүргенінен аздап хабардар болатынмын. Жаңа үйді көп балалы отбасына беруге және сол кезде билік басына: Жабағин, Ақтөбеден – Құлмаханов, Кулагин, Дүйсенов деген біреу, әйтеуір солай көптеп келе бастаған лауазымды адамдарға да үй керек болған. Солардың барлығы үйсіз жүрген. «Ақсай» жақтан басқа жерде үйім жоқ» деп олардың алдында біраз кергігенім де бар.

Содан Нұрекең айтты: «Мына «Самалда» салынып жатқан үйлердің бірін неге соларға бермейсің?» деп. Қаланың қожайыны – менмін. Содан салынып жатқан үйлерді аралап, бір үйдің қасына келіп: «Осы үйді аламын» дедім. Сөйтсем, министр Бекболатов деген: «Зәке, бұл үйді ала алмайсың», – дейді. «Неге ала алмаймын? Осы үйдің қасынан дәл осындай үй салуға жер беремін. Тура осындай үйді көп болса, үш-төрт айда салып бітіресің», – дедім. Тё анадай жерде темекі тартып тұрған. Оған да соны түсіндірдім. Сөйтсем, Тё маған: «Пошел на …» дейді…

– Тура тамам жұрттың алдында айылын жимастан, сізге сөй деді ме?

– Иә, айна-қатесіз. Мен тұрмын, Бекболатов тұр, қаланың сәулетшісі тұр, құрылыстың бастығы тұр, менің орынбасарым тұр. Жиыны он шақты адам.

– Анау сізді орыстың семіз боқтығымен келістіріп тұрып боқтады. Алматы сияқты астаналық қаланың басшысысыз. Сонда үн-түнсіз қарап тұра бердіңіз бе?

– Мен не деймін енді… Оған: «Тап сенің әкеңнің аузы… иттің етін жеген ит, не оттап тұрсың! Сен қашаннан бері қалаға қожайын болғансың?! Әлі шындықты тексереміз!» – дедім.

Бұл – мен үшін ана Тё тарапынан көрсетілген нағыз дөрекіліктің шектен асқан түрі еді. Содан кейін онымен екеуміздің арамызда айқас басталды да кетті. Бір жағынан анаған болысып, шәуілдеп, «Караван» газеті шықты дерсің! Құдай сақтасын, маған жан-жақтан шабуыл басталды да кетті!

Мәселен, Терещенко маған: «Пәлен дүкенді – пәленге, түгенді – түгенге бер!» деген сияқты бұйрық бере бастады.

– Жалғыз Алматы қаласын ғана емес, барша Қазақстанның жылы-жұмсағын талан-таражға салу – тура сол кезде басталды емес пе?!

Иә, тура Терещенконың кезінде басталды. Алматы қаласы бойынша бөлісті неге Терещенко шешуі керек? Мен оның айтқандарын жүре тыңдауға тырыстым.

Бір күні маған осы Болат Әбілов, Мұхтар Әбілязов, Нұрлан Смағұлов, мұрнынан маңқасы аққан Еркін Қалиевті әкесі Жекен Қалиев алып келді. Сондай жігіттер маған келіп: «Қазақстанның қазіргі нарық экономикасы мен саясатына атсалысқымыз келеді. Біз аяғымыздан қаз тұрып кетсек, еліміз экономикасына да жаман болмайды»,– деді. Мен: «Ондай болса, жігіттер, несіне аянамыз, алыңдар, мә, мінеки», – деп, қаладағы ең үлкен екі-үш дүкенді оларға тегін беріп жібердім. Бұрынғы Ленин даңғылының бойындағы екі-үш дүкенді «Астана-моторстағы» Нұрлан Смағұловқа, «Столичный» гастрономы мен Гоголь – Сейфуллин даңғылының бойындағы «Спорт тауарлары» дүкенін және бір павильон мен Халық Абдоллаев басқаратын Азаматтық қорғаныс үйін Болат Әбіловке, сондай-сондай өзіміздің жігіттерге: «Бәрібір біреулер алады екен, сендер неге алмасқа?! Мә, алыңдар!» – деп бөліп-бөліп бердім.

— Сіздің мына батыл әрекеттеріңізге Терещенко тып-тыныш қарап отыра берді ме? Анығын айтқанда, бұл өзімшілдігіңіз үшін Терещенко сізге не істеді?

— Не істеуші еді? Терещенко маған жау болып шыға келді. Ол Назарбаев пен арамызға от салды. Мен қызметтен кеттім. Кейін депутат болдым. Назарбаев Квятковскийдің арызын желеу қылып, 1995 жылы 7 наурыз, демалыс күні сол парламентті қуып жіберді. Мен ол кезде Жамбыл қаласында жүргенмін. Иә, сол кезде Қажыгелдин Терещенконың несие таратқандарын, өйткені мен бүйткендерін жылы жауып қойғысы келді. Сол тұста мен мықтап ойлана бастадым.

«Ойпыр-ай, бұл не деген сұмдық? Қазақтың дүниесі неге көрінгеннің қолында кетуі керек? Бүкіл Қазақстанның ауыр және жеңіл өнеркәсібін, тамақ өнеркәсібін, жергілікті тұтыну өнімдерін шығаратын өнеркәсіптерін ай мен күннің аманында неге талан-таражға саламыз?» деген ойға қалдым. Естеріңізде болса, 1996 жылдары жарық көрген «Не только о себе» деген кітабымда, содан кейін 2004 жылдың 11 наурызында жарияланған «Как нас теперь называть?» деген мақаламда осының барлығын егжей-тегжейлі баяндадым. 1997 жылы Құрбан айтта Назарбаев бір қажы кісі «біздерді татулассын» деген ниетпен екеумізді дәмге шақырды. Мен сонда Назарбаевқа біраз нәрсені айттым.

– Сол жолы халықтың жанына батып жүрген мәселелерді тура Назарбаевтың өзіне қалай айттыңыз? «Арты қалай болып кетер екен?» деп жүрексінген жоқсыз ба?

Мен сол жолы Назарбаевқа: «Бұлар қазақтан алатындарының барлығын енді алып біткен шығар. Қазақ халқына берген уәдеңізді орындаңыз!» – дедім. Сол тұста, 1997 жылы мамыр айында Терещенко мен Қажыгелдиннің үстінен прокуратураға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалттым. Сол арызбен қоса, олардың нені сатып, нені қойғандарын дәлелдейтін бұлтартпас құжаттарды қоса жолдағам. Олар мені қолма-қол «КНБ»-ға берді. ҰҚК мені шақырып алды. Мен бәрін дәлелдеп, каникулға барып қайтып келсем, олар ол істі тоқтатып тастаған екен. «Нұрқаділовтың өзін соттатайық деп едік, жұртты өзінің патриоттығымен тартып алған соң, істі тоқтаттық» деп, аналар өзінше бірдеңе деп, газетте жазды. Менің оған жыным келді.

Содан кейін 1997 жылдың қыркүйек айында парламенттің бірінші отырысында мен Қажыгелдиннің Шымкент мұнай өңдеу кәсіпорнын біреулерге сатып жібергені үшін быт-шытын шығардым. 45 млн доллар кіріс беретін кәсіпорынды неге «Қазкоммерцбанктен» алынған сонша көлемдегі қаржыға беруі керек? Сөйтіп, оны сатып алған өзіміздің жігіт тағы да 45 млн долларды оған қоса иемденіп кетеді…

– Зәке, сөзіңіз аузыңызда. Сол Шымкенттің мұнай өңдеу кәсіпорынын жаңағыдай мол қосымша табыспен тегін алған адамның аты-жөнін осы арада біздің қалың оқырманымызға ашып айтып берер ме едіңіз?

– Оны алған жігіттің аты-жөні белгілі ғой… Ол – президент.

– Сіз осының бәрін бір ғана Әкежаннан көрдіңіз емес пе?

– Кейінге дейін мен осының бәрін бүлдіріп жүрген бір ғана Әкежан деп ойлап жүрдім. Өйткені қол қойған Әкежан болып шықты ғой. Шамасы, оған зорлап қол қойдырған сияқты. Әкежан егер айтатын болса, бұдан басқа да толып жатқан құпиялар бар ғой. Бірақ Әкежанның өзі айтпай жүр ғой…

Осы әңгіменің барлығы қалай өршіді десең, 1999 жылғы сайлау уақытын айтар едім. 1998 жылғы жағдайды Ғалымжан өзінің кітабында жазды: «Назарбаев банкет жасады, бәріміз оған ант бердік» деп. Расында да, ол банкетті жасаған мен. Медеуге бара жатқандағы жолда «Самал» деген ресторан бар. Сол жерге барлық әкімдерді шақырдық, Назарбаев әйелімен, біз Мақпал екеуміз. Мен тамада болдым. Сол жерде Назарбаев сайлаудың өзі ойлағандай өту үшін барлығын «соцсоревнованиеге» шақырды.

Жұрт 1999 жылғы президенттік сайлау дұрыс өтпеді дейді. Әрине, анау-мынау болған шығар, бірақ мынау 2004 жылғы соңғы сайлаудай сұмдық масқара болған жоқ! Ал президенттік сайлауда ешқандай тәртіп бұзушылық болмаған. Бұл – менің шыным.

– Сіздің айтқаныңызға сенетін болсақ, сол президенттік сайлауда бүкіл Қазақстанның халқы бір ғана Назарбаевқа қолдау көрсетіп, сенім артып, өз дауыстарын бір кісідей берген болып шығады ғой?

– Иә. Ол кездегі біз сияқты әкімдердің жұртшылықтың алдында зор беделі болды. Халықтың жағдайы да қазіргіден тәуір еді. Мысалы, денсаулық сақтау жөнінен, оқу-ағарту жұмысы жағынан біз кәп-кәдімгідей ілгері болатынбыз. Тек сол жылы ғана. Қарап отырсаң, арада содан бері небәрі 5-ақ жыл өтіпті. Соңғы 4-5 жылдың ішінде істелген сұмдық – ана жылдардағы сұмдықтардан 20 есе асып түседі. Қазір бәрі бетімен кетті және бетімен жіберді. Ол кезде сотың да, прокурорың да, милицияң да ондай болмайтын, оларға бірдеңе деп айтуға, түсіндіруге болатын… Қазір бәрі бетімен кетті ғой…

– Қазіргі таңда Назарбаев мемлекетті өзі басқарып отыр ма? Жоқ болмаса, сырттан ел біле бермейтін көлеңкедегі «үшінші күш» басқарып отыр ма?

– Мен айтайын, мемлекетті басқарып отырған кісінің ісі мұндай болмайды. Бұл – менің түсінігімше. Мәселен, айына бір жинап алып немесе тоқсанына бір жинап алып: «Ей, сендердің мыналарың не? Шеттеріңнен түрмеге апарамын!» немесе: «Сендердің былықтарыңның барлығын білемін!» деп, тағы да медиктердің барлығын жинап алып: «Сендер адамдарды дұрыс емдемейді екенсіңдер. Былай емдеу керек… Кітаптарың дұрыс емес екен, былай шығару керек» деген оның сөздерін – есі дұрыс адамның сөзі деуге бола ма?

Қараманов (премьер-министр) қалқайып отырып, кетіп қалды, одан кейін Терещенко келді. Терещенко былыққа батырды. Бас кезінде Терещенконың ондай ойы да болған жоқ шығар… Ондай жасауға рұқсат берген Назарбаевтың өзі ғой. Мысалы, Терещенко келіп оған: «Сізге пәленше көлемдегі пайда түседі» дейді. Содан ол (Назарбаев) былықты және былықтырды. Қажыгелдинді де сол (Назарбаев) былықтырды. Балғымбаевты да сол былықтырды. Содан кейін мен «осыны тағайындаған дұрыс болады» деп айтып жүріп, Тоқаевты премьер-министрлікке тағайындаттым. Тоқаевтың әйелі орыс болғаннан кейін бе, анау айтқандай, көп байлыққа бара қоймады. Ол көнбеген соң, Назарбаев қораға Иманғалиды енгізіп жіберді. Одан кейін мына Даниалды әкелді… Соншалықты премьер-министрлерді былықтырып отырып, соны білмейтіндей, ол қандай мемлекет басшысы деп ойлайсың? Егер сенің қол астыңда істейтін адамдар арынан айырылып жатса…

Мысалы, Тоқаевтан басқа солардың барлығы да белгілі… «Отан» партиясы төрағасының орынбасары, «главный бухгалтер» болып істеген Александр Павлов деген азамат бар. Ол әкеңнің… биліктің «главный бухгалтері». Ол нағыз қудың – қуы, сұмның – сұмы! Солардың барлығын шатыстырып, ымын-жымын білдірмей жүрген Павлов. Сендер сол Павлов туралы жазуларың керек!

– Өз басым Павловтың сондай әбден былыққан, қу адам екенін тек сіздің аузыңыздан ғана бірінші рет естіп отырмын.

– Міне, көрмейсің бе, мысалы, сен директор болсаң, не істер едің?

– Иә, сонымен биліктің «бас бухгалтері» Павлов болды ғой?

– Мысалы, сен директорсың, сенің бухгалтерің болады, онсыз сен банкке ешқандай құжатыңды өткізе алмайсың. Получается, что ол – Назарбаевтың бас бухгалтері, ол қулықтың, сұмдықтың бәрін біледі.

– Сонда Павловтың да көптен бері дүниені шулатып жүрген атақты «Қазақгейтке» қатысы бар болып шыққаны ғой?

Естественно! Барлық құжат Қаржы министрлігі арқылы өтеді. Оған бюджеттің қаржысын, ананы, мынаны құй дейді… Мұның барлығы да Павловтың есебінсіз жүзеге аспайды. Соның бәрін жымқырып отырған –тек Павлов қана…

– Қазір Назарбаевтың шетелдердегі есепшоттарында тығылған қаржысының көлемін әркім әрқалай айтады. Сіздің есебіңізше, сол ұрланған қаржының көлемі қанша миллиард доллар екен?

– Оның барлығы 40 млрд па, 80 млрд па – түптің түбінде шындық ашылып, бетіне қалқып шығады ғой. Бәрі шықпаса да, көбі шығады. Мәселе онда емес. Мен жаңа ең басты мәселемді айттым ғой… Ол қаржылар – тек банктерде жатқандары ғана, ал олардың жұмсалғаны, шашқаны қаншама? Аннан үй алды, мыннан үй алды, анда вилла салды, ары жүреді, бері жүреді, анаған пара береді, мынаны сатып алады, анаған үйтті, мынаған бүйтті, соншалықты көп ақша желге шашылған шығар, оны қайдан білесің?!

– Назарбаевтың мына молшылық заманда соншалықты тоймайтындай, жемқорлыққа баратындай, басына не күн туып отыр дейсіз?

«Алтын Антилопа» деген мультфильмді көріп пе едің? Сонда: «Саған мына алтын көптік етпей ме?» дегенде, анау: «Алтын ешқашан да көптік қылмайды» дейді.

– Сонда Назарбаев ештеңе оқымайды ма? Тарихта небір хандар, шахтар, патшалар болды. Солардың бірде-бірі жинаған байлықтарын ана жаққа өздерімен бірге көрге алып кете алмағанын көзі ашық адамдардың барлығы жақсы біледі. Осы бір ащы да болса қарапайым, әмбеге ұғынықты шындықты ол адамның білмеуі қалай?

Сол билік басында отырғандардың әрқайсысы өздері өмір сүрген кезде: «Менде ондай қателік болмайды» деп есептейді.

– Олардың көздері ештеңені де көрмейтіндей, биліктен бастары айналып, дүние тұманданып кете ме? Оңаша қалғанда бір Жаратушының бар екенін естеріне алып, тәубесіне келмей ме?

– Жоқ! Оларда ондай түсінік болмайды. Болып та көрген жоқ. Көздерінің алды тұманданып кетеді. Осыдан біраз жыл бұрын «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатымда: «Билікте жүрген кезімде менің де көзімді шел басып кетті» деп айтқанымды оқыған боларсың. Билік деген жаман нәрсе, көзің көрмей қалады, шел басады…

– Сіз биліктен бір рет кетіп, екінші рет бұрынғыдан да биігірек жерге өсіп келдіңіз. Сонда тағы да сіздің көзіңізді шел басып кеткен жоқ па?

– Жоқ. Егер де көзімді шел басып кетсе, қазір менің үстімнен қылмыстық істер қозғалып жататын еді. Міне, арада сегіз ай өтті.

– Басқалардың соңдарынан шырақ алып, небір қоқан-лоққыны көрсетіп қалуға бар күштерін салатын бүгінгі билік неге сіздің соңыңыздан түспей отыр?

– Менің соңымнан не үшін түсуі керек? Шындықты айтқаным үшін түсуі керек пе?

– Әлгі билік қыр соңдарынан түскен адамдар да шындықты айтқан. Сізді жалғыз шындықты айтқаныңыз үшін емес, «билікте отырып, бірдеңені жеп қойды» деп тиіспей ме?..

Егер мен бірдеңені жеп қойсам, баяғыда-ақ бүкіл дүние жүзіне таратып, ендігі шулатып жататын еді. Ана сенат осы соңғы сайлауға байланысты Америкаға жарнама үшін 1 млн доллар берді ғой. Сол сияқты бізде де қазір көптеген оңбағандар бар. Солар «мынау ішіп-жеп қойды» деп, «Вашингтон пост», «Нью-Йорк-таймс», Құдай салмасын, «Монд» «Би-Би-Си», тағы да басқа қандай ақпарат құралдары бар, барлығына жамандап, қазір мені шулатып жататын еді. Оларда ондай мақсатқа жұмсайтын қаржы жетеді.

– Зәке, сіздің қолыңызда үлкен билік болды, қаланы да, облысты да, тіпт, республикалық Төтенше жағдайлар комитетін де басқардыңыз. Қолыңызда есебі жоқ мол қаржы, ақ дегені – «алғыс», қара дегені – «қарғыс» дегендей, шексіз билік болды. Сонда сіздің көзіңіз неге тұманданып кетпеді?

– Айналайын, қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген жақсы мақалы бар. Біреудің құдығына барып, оның қожайынынан сұрамай, шелекті құдыққа тастап жіберіп, суды сұраусыз ішсең, қожайыны келіп, Құдайдың суын ішкеніңнің өзіне: «Неге рұқсатсыз ішесің, неғылған тексіз едің?!» демей ме? Оның да сұрауы бар. Сол сияқты менің не қызымның, не ұлымның біреуі, иншалла, екі жарым жылдан кейін 40-қа келеді екен. Қызым – мінеки 34-ке келді. Біреуі – модельер, екіншісі – қызметте жүр еді, билік ол арадан қуып шықты. Кішкентай ғана бірдеңесі бар, сонымен ептеп-септеп күн көруде…

– Сіздің соңғы кезде төтенше мінез көрсетіп жүргеніңізден кейін олар ұлыңызды жұмыстан қуып шықты ма?

– Иә, ана бір мекемеде істеуші еді… (ол кісі – ұлы қызмет істеген мекеменің атын айтпады, мен сұрамадым – Авт.). Соны кезінде көтеріп жіберсем, кім менің қолымды қағып жатыр еді? Неге? Менің балаларым үлкен бір өндіріс орнының, болмаса кішігірім өндірістің де қожайындары емес.

– Сіз саналы түрде ондайға бармадыңыз ба, болмаса қолдағы мүмкіндігіңіз шектеулі болды ма?..

– Жоқ, мен саналы түрде ондайға бармадым.

Жұмаш КЕНЕБАЙ,

«ЖҰМА-ТАЙМС»,

№1 (01) қараша, 2004 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн