Жанарынан айырылып, көздері көрмейтін және нашар көретін бес жүзге жуық мүгедектер Астана қалалық зағиптар қоғамының мүшесі болып тіркелген. Олардың қатарында ғылым кандидаттары, кезінде танымал болған әнші-күйшілер, спорт шеберлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, жүргізушілер, құрылысшылар және басқа да мамандық иелері бар.
Бір ерекше құптарлық жаңалық – ұйымда көз жанарынан айырылған азаматтар үшін Брайль әдісімен оқитын (бедерлі нүктелі әріптер арқылы) арнайы кітапхана ашылған. Дегенмен қазақ тіліндегі бедерлі қаріптегі оқулық кітаптар жоқтың қасы. Сондай-ақ қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған өндірістік кәсіпорын, тігін цехтары, әртүрлі мамандыққа дайындап үйрететін үйірмелер жұмыс істейді. Әсіресе көркемөнерпаздар үйірмесінің игі істерін атап өткен жөн. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алған бірнеше дауысты үлкен хор ұжымы «Халық хоры» деген құрметті атаққа ие болды.
Алайда қоғам мүшелерінің пікіріне қарағанда, Қалалық зағиптар қоғамы олардың сұраныстарын қанағаттандыра алмай отыр.
– Бұрындары танымдық мәдени шаралар жиі өтетін. Наурыз, басқа да мерекелерде жиналып, бір-бірімізді құттықтап, концерт көріп, қуанып қалатынбыз. Әріптестеріміздің 50-60-70 жасқа толған туған күндері де елеусіз қалмайтын. Ал соңғы жылдары Наурыз түгілі қазан-қараша айларындағы қарттар мен мүгедектер күні де атаусыз қалды, –дейді топ жетекшісі болған Бақыт Телжанова.
– Мен 2003 жылдан осы қоғам мүшесімін. Жыл сайын мүшелік жарнасын төлеймін. Әр жылы оның да құны өседі. Бірақ қоғам жұмысында ешқандай оң өзгерістер байқалмайды. Жиналып дайындалатын, репетиция өткізетін орын жоқ. Кезінде қоғамның жеке ғимараты, жиналыс, концерт өткізетін залы да болған. Бір қызығы, былтырдан бері қоғам мүшелерін жаңадан қайта есепке аламыз, ол үшін 1200 теңгеден төлеңіздер. Егер төлемесеңіздер, қоғам мүшесі етіп тіркемейміз дегенді шығарды, – деп тағы бір қоғам мүшесі ренішін білдірді.
– Менің аты-жөнімді атамай-ақ қойыңыз. Демеушілердің ұйымға берген азық-түлік пакеттері дұрыс таратылмайды. Сақтайтын қойма жоқ, бүлініп кетеді деген сылтаумен бір бөлігін қоғам қызметкерлері өздері бөлісіп алады. Басқа да ерікті демеушілерден түскен қаражат топ жетекшілері мен мейрамханаларда өткізілген әртүрлі мәдени шараларға немесе экскурсия, іссапарларға жұмсалатын көрінеді, – деп, әңгімеге тағы бір мүгедек зейнеткер араласты.
Біз осы айтылған мәселелер төңірегінде Астана қалалық зағиптар қоғамының төрағасы Ерғали Бұқаровқа бірнеше сұрақ қойдық.
– Қоғам мүшелерін қайта тіркеу туралы шешімді мен емес, президиум қабылдады. Ал мұқтаж жандарға материалдық көмек беру, азық-түлікпен жәрдемдесу немесе олардың туған күндерінде сыйлық тарту біздің міндет емес, – деді төраға.
Қоғамның бұрынғы мүшелерін қайта тіркеу кезінде ақша талап ету немесе төлеуден бас тартқан жағдайда оларды мүшелікке есепке алмау себептері туралы түсінік бермеді.
Ерғали Бұқаровтан сауалымызға толық жауап алмағаннан кейін, Қазақстан Республикасы Зағиптар қоғамына бардық.
– Иә, барлық облыстық Зағиптар қоғамының мүшелерін жаңадан қайта тіркеуден өткізіп жатырмыз. Ол үшін әрқайсысы 1200 теңгеден төлеуі тиіс. Бұл жылдық жарнадан (взнос) бөлек ақы. Үкімет біздің қоғамды қаржыландырмайды. Ал барлық зағип жандарды қолдап, оларға материалдық көмек көрсетуге жәрдемдесу біздің құзырымызға кірмейді, – деп Республикалық зағиптар қоғамының төрағасы Алмат Наурызбаев мырза сөзін қысқа қайырды.
Сөз жоқ, осы тұста «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген ежелгі мәтел еріксіз еске түседі. Дегенмен қалай айтсақ та, Қазақстан Республикасының № 39 «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңындағы «мүгедектердің әлеуметтік оңалуына, олардың қоғам өміріне белсенді араласу мақсатында қоғамдық ұйымдарға мүше болуларына құқы бар…» сынды қағидалар кімдер үшін қабылданды деген заңды сұрақ туады.
Жазмыштың жазуымен жарық дүниені жанарымен көру қабілетінен шектелген мүгедектердің рухани сұраныстарын қамтамасыз ету, олардың өмірге деген құштарлығы мен талап-тілектерін қолдау – бүкіл қоғамымыздың абыройы әрі маңызды міндеті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа кезекті Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде мемлекет тарапынан және демеушілер мен еріктілер ұйымдарының тұрмысы төмен адамдарға жаппай көмектесуі жақсы үрдіске айналды Тек бұл игі істі ашық әрі дұрыс ұйымдастыра білген абзал.
Негізі қазіргі технология дамыған заманда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оргтехника, дыбысты кітап, сағат, бағыт-белгі беретін қолтаяқ, аз да болса күн сәулесінің шуағын сездіре білетін аппараттар және басқа да жаңа шыққан құралдар мүгедектер үшін қолжетімді болуы керек.
Жалпы, зағиптардың, әсіресе көздері суқараңғы көрмейтін адамдардың өмір сүруі, тыныс-тіршілігі ерекше, олардың басқан әр қадамы – күрделі құбылыс. Оны толық түсіндіріп жеткізудің өзі қиын. Сондықтан осындай әлсіз жандардың эмоциясын уақытында байқау, жақсы қарым-қатынас жасау, көңілдеріне кірбің түсірмеуге тырысу – бұл Зағиптар қоғамы қызметкерлерінің кәсіби миссиясы және басты міндеті емес пе?! Зағип жандарға жанашырлық қайда?
Бименде ҚАЗАНҒАП, қарт журналист, Астана қаласы