Заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс

2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысымен елімізде жаңа саяси маусым басталды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс қатысушыларын кезекті сесияның ашылуымен құттықтап, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқанын айтқан Президент соңғы бес жылда ауқымды реформалар жасалып, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгергенін, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс басталып, халықтың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз», – деді ол.

Мемлекет басшысы қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұрғанын, соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатқанын, еліміз дамудың жаңа бағдарын белгілеп, экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін берілгенін атап көрсетіп, инфляция баяулағанын, ол былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендегенін жеткізді. Президент сондай-ақ еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асқанын, өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп келе жатқанын айтып: «Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет», – деп түйді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын  айтып, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін таппағанын, бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отырғанын, осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, бұл тұрғыда оңтайлы шешімдер ойластыруы, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажеттігін ескертті.

 «Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс!» – деп түйді Президент.

 Мемлекет басшысы көлеңкелі экономика үлесі жоғары деңгейде қалып, қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұрғанын да жасырмады. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігіне де тоқталды. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек!

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдағы кезеңде атқаратын басты міндеттерді бірме-бір атап берді. Соның ішінде инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу,  еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу,  ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру  қажеттігін ерекше ескертті.

Бұл Жолдаудың үлкен бір жаңалығы –  Президент атом электр станциясын салу жөнінде референдум 6 қазанда өтетінін және 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. 

Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің бірі – қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі болды. Осыған байланысты: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр, – деді президент. – Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз!».   

Республиканский еженедельник онлайн