Белгілі қоғам белсендісі, «Оңтүстіктен – Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасын қолдап, оны іс жүзінде жүзеге асырып жүрген елжанды азамат Бурахан Дақанов Ирандағы қазақ диаспорасының тағдырына алаңдаушылық білдірді. Бізге берген сұхбатында ол соғыс өрті тұтанған Иран еліндегі қандастарды тарихи Отанына қайтару мәселесін көтеріп, нақты ұсыныс айтты.
Бурахан Дақановтың айтуынша, Иранның Горган, Күмбет, Түркімен-Бендер қалаларын қоса алғанда, шамамен 6–7 мың қазақ отбасы тұрады. Олардың 98 пайызы – Кіші жүздің өкілдері.
«Жалпы, Ирандағы қазақтар елге келгісі келеді. Өмірі қар көрмесе де, Солтүстіктің суығына да шыдаймыз дейді. Бірақ өкінішке қарай, олардың құжаттарында ұлты «қазақ» деген анықтама жоқ. Сол бір тілім қағаз болғанда, Қазақстанға бір жылда кемінде 500 отбасын көшіріп алуға болар еді. Әттең», – дейді ол.
Қоғам белсендісі бұл мәселенің жүйелі сипат алғанын айтады. Жыл сайын Қазақстанның Ирандағы елшілігі диаспорамен түрлі іс-шаралар өткізгенін баяндап, орталыққа есеп береді. Диаспораның барын ресми түрде мойындайды. Алайда елге оралғысы келген қазақтар «ұлтымыз қазақ» деген анықтама сұрағанда, ондай құжат берілмейді.
Бурахан Дақановтың өзі – Солтүстік Қазақстан облысында шеттен келген этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беретін ресми комиссия мүшесі. Оның айтуынша, комиссия өтініштерді тек құжаттағы «ұлты – қазақ» деген жазбаға сүйене отырып қарайды. Соңғы бір жыл ішінде облысқа өтініш берген жүздеген адамға қандас мәртебесі берілген. Алайда Пәкістандағы, Ауғанстанға депортацияланған 300 қазаққа және Ирандағы ағайынға дәл осы ұлтты растайтын құжатты алу қиынға соғып отыр.
Осыған байланысты қоғам белсендісі батыл ұсыныс тастады. Ол – шетелдегі қазақтарды анықтауда рулық-шежірелік жүйені қолдану мүмкіндігін қарастыру. Оның пікірінше, шет елдегі қазақтар өз руын, ата-тегін, шежіресін жақсы біледі. Егер әр елдегі қазақ диаспораларына арнайы шежіре жинақтау тапсырылып, ол деректер Қазақстандағы тарихи мәліметтермен салыстырылса, этникалық тиесілікті айқындаудың бір жолы табылар еді.
«Заманында Израиль әлемнің түкпір-түкпіріндегі еврейлерді осындай тарихи-генеалогиялық тәсілдер арқылы жинады. Неге бізге де соны қарастырмасқа? Егер арнайы комиссия құрылып, шежірелік деректерді ресми негізде қарап, соның шешімімен қандас мәртебесін беру тетігі енгізілсе, бұл мәселенің бір шешімі болар еді», – дейді Бурахан Дақанов.
Әрине, бұл ұсыныс қоғам ішінде түрлі пікір туындатуы мүмкін. Бірі оны ұлттық мүдде тұрғысынан қолдаса, енді бірінің құқықтық және құжаттық талаптардың сақталуын алға тартары анық. Дегенмен шетелдегі қазақ диаспорасының тағдыры, әсіресе соғыс өрті шарпыған аймақтардағы ағайынның жағдайы – бейжай қарауға болмайтын мәселе.
Қандастарды елге тарту – тек көші-қон саясаты ғана емес, демографиялық, әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар бағыт. Сондықтан Бурахан Дақанов көтерген бастама кең талқыланып, құқықтық тұрғыда сараланып, мүмкін болса, нақты тетіктері қарастырылуға тиіс. Елдегі қазақ санын арттыру – жай ұран емес, жүйелі шешімді қажет ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе.
Ерік ЕЛЕУСІЗ