- Түркістан қаласында Қазақстанда баламасы жоқ спорт кешені бар ескек есу каналы салынады, деп жазады Тurkystan.kz порталы.
Халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, сәулет жағынан көркін келтіріп, туризм саласын дамытуға үлес қосады, деп жазады портал Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су кешенінің жаңа басталған құрылыс алаңында болды. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасады. Каналдың беткі ауданы – 47,9 гектар. Жалпы ұзындығы – 2 222 метр. Каналдың ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр.
Спорт кешені аумағында қонақ үй, веложолақ, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған табло, трибуналар, аралдарды қосатын көпір және тағы басқа нысандар болады. «Жаңа жоба Кенсай – Қосқорған-2 су қоймасынан әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 және 11 көшеде құрылысы жүргізіліп жатқан канал арқылы келетін жеткізгіш арна болады. Есу каналынан Шошқакөл су жүйесіне дейін жеткізу-шығару арнасы салынады», – делінген әкімдік таратқан ақпаратта. Сонымен қатар қалада драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, көпқабатты 14 тұрғын үй, екі даңғылды қосатын жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығында 27 гектар жерге дендробақ салынып жатыр. Ол жерде сан түрлі жеміс ағашы мен көпжылдық өсімдік түрлері өсірілетін болады.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі Түркістанды дамытудың Бас жоспарының жобасын мақұлдады. Соған сай алдағы бес жыл ішінде қалада жасыл желектер алаңы ұлғаяды, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салынады, сондай-ақ рухани-мәдени орталық дамитын болады, деп хабарлайды Тurkystan.kz.
Дұрыс-ақ, Қазақстанның қай қаласы болмасын, көркейгені жақсы. Бірақ экономикалық дағдарыстың батпағына батып, ит тірліктің күнін кешкен ел үшін ескек есу стадионын салу – қай паңқу?
«DАТ-ақпарат»