- «Алтын Емел», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық паркіндегі жер телімдері туризм және санаториялық емдеу қызметін дамыту мақсатында үш инвесторға ұзақ жылға пайдалануға беріледі, деп хабарлады кеше «Азаттық». Инвесторлар бұл жобаға 14,5 миллиард теңге жұмсамайды, дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.
Қазақта «Ит қорыған жерге өш» деген сөз бар. Әлбетте, біз инвесторды «ит» деуден аулақпыз. Оның үстіне нарық экономикасы үстемдік құрған жағдайда тамаша табиғи қорықтарды адамзаттың игілігіне пайдаланудың басқадай тиімді жолын табу қиын. Мемлекет – жақсы қожайын бола алмайды. Ал Қазақстанның жағдайындағы мемлекет – биліктің иелігіндегі озбыр ордаға айналды.
Иә, айтылар сөз қазақ үшін аса қасиетті «ЖЕР» деген тақырыпқа тірелген кезде жемқорлық пен парақорлық үстемдік құрған әрбір әрекеттен иттік іздеуге тура келеді. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, бұл сауда-саттықтың астарында алақол айла жатыр дегенге қайыршы қоғамды иландыру да – иттірлік.
Сонымен, қазақ жерінің үлбіреген үкісіндей болған бұл қорықтардың құйқалы қойнауына қожайын болып кімдер келді? Министрлік таратқан мәліметке қарағанда, биыл жыл басында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесінде:
- «Шарын» ұлттық паркін – «Таунтон Плюс» ЖШС-нің құрамындағы консорциум атынан QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі;
- «Көлсай көлдері» ұлттық қорығын – «Атырау-Рент» компаниясы;
- «Алтын Емел» табиғи бағын – Asemtal компаниясы құрамындағы консорциум атынан QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі инвестор ретінде жеңіп алған екен.
Егер әзірге қолда бар ашық мәліметтерді біз де «итше тіміскілеп» көретін болсақ, Шарынды шаужайына алған QazaqGeography бірлестігінің тасасынан атышулы Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе иелік ететін Kaspi.kz компаниясының құлағы қылтияды. Бұл компания осыдан бес ай бұрын ғана (20 қараша 2020 жылы) QazaqGeography қоғамымен ұлттық парктерді бірлесіп игеру жөнінде меморандум жасасқан екен. Қазақшалағанда, «ҚазақЖағрапия» аталуы тиіс бұл бірлестік осыдан сегіз жыл бұрын (16.10.2012) құрылған. (Содан бері әріптес Kaspi.kz қайда жүрген?). Ұлттық қорықтарды «бірлесіп игеру» келісімі өткен күзде ғана жасалса, табиғи парктерді жекенің қолына беру тендері биылғы қыстың басында ғана өткен екен. Таңданарлық шапшаңдық!
Ал Kaspi.kz компаниялары тобының тасадағы иесі – Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалды екені елдегі екінің біріне белгілі жәйт. Осы «кездейсоқтықтан» кейін қос қорыққа Қайрат қожайын болды деген дүдәмәл сөзге ден қоюдың реті бар ма? Әлбетте!
«Қос қорық» дейтін себебіміз – Шарынмен бірге «Алтын Емелге» де егелік ету құқығын QazaqGeography республикалық бірлестігі жеңіп алды. Қорықтарды игерудің инвесторлық жобасын жүзеге асыру конкурсына түскен басқа 6 компанияның арасынан «QazaqGeography»-ның жағрапиясы тектен-текке тура келмеген шығар…
Сол сияқты «Көлсай көлдері» ұлттық қорығынан тіліп тұрып телім алған «Атырау-Рент» компаниясы да күлбілте күдіктің керін келтіреді. Жетісудағы Көлсайдың көліне алыс Атыраудағы Гайдар көшесінің 9-үйінде тіркелген ЖШС неге құштар бола қалды? Оның үстіне жылжымайтын мүлікті басқару және жалға беру ісімен айналысатын компания көл бетінен не іздеп жүр? Соңғы 11 жылда қазынаға 8 миллион теңге ғана салық төлеген компанияның былтырғы жылдық табысы 4,8 миллион теңге ғана болса, «Көлсай көлдеріне» құюы тиіс 5 миллиард теңгені қай көкесі қалтасынан төлеп бермек?
Әсте, қорықтарды инвесторлар иелігіне беру жөніндегі конкурста, министрлік желеу еткендей, «қабылданған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін» құрылған қоғамдық кеңес мүшелері әлде «жеңімпаздардың» ресми қаржылық жағдайына мән бермеген, әлде «мән беруге» әкімгерлер әл бермеген. Бірақ біз бұған мән бермей тұра алмаймыз. Қорықтардың қожайындарына қатысты қойыртпаққа қайта айналып соғамыз.
Ермұрат БАПИ