КЕГЕНДЕГІ ЖЕР ИЕСІ – ӘКІМГЕРДІҢ ӘКЕЛЕРІ

Алматы облысының Кеген ауданында шаруалар ереуілге шықты. Аудан басшылығындағы біраз атқамінер шенділер бос жатқан жерлерді бөлу конкурсын сыбайластықпен өткізіп, туған-туысқандарына жер бөліп берген. Ал жер бөлу тендерінің мұндай ымырашылдықпен өткен қорытындысына келіспеген шаруалар конкурстың нәтижесін заңсыз деп танып, оның күшін жоюын талап етуде. «Бізге егін екпек түгілі, мал жаятын бос жер қалмады», – дейді редакцияға хабарласқан қожалықтың иесі Мақпал Садықова.

Қалай болғанда да, жер көлемі жағынан әлемде 9-орынды алатын Қазақстанда ауыл тұрғындары қолындағы азын-аулақ малын бағатын жер қалмағаны тағы сол атышулы жемқорлық пен әділетсіздіктің салдары. Бұл жөнінде Кеген ауданының тұрғыны Мақпал Садықова былай дейді:

«Өткен 2019 жылдың желтоқсан айында Кеген аудандық әкімшілігінің сайты мен жергілікті БАҚ-та жер телімдерін жалға беру жөнінде конкурс өткізілетіні туралы хабарлама жарияланды. Жер кодексінде қарастырылған шарттарға сәйкес, жер алуға мүдделі қожалықтар мен жеке шаруалар бизнес-жоспарларын әзірлеп, мал саны мен қолында бар техникасын, құрал-жабдықтарын айғақтайтын құжаттарын өткізіп, конкурсқа қатысуға ниет білдірдік. Конкурстық талап негізінде бөліске түсетін жерлердің тізімі мен көлемі әр ауылдық округ бойынша жариялануы тиіс. Ол талапта нақты – шабындық, жайылымдық, егістік жер деп көрсетіледі. Кейіннен ашық түрдегі конкурс өткізіліп, жер комиссиясы мүшелері дауыс береді. Осы кезге дейін конкурстар дәл осы тәртіппен ашық түрде өтіп жүрген.

Алайда бұл жолғы конкурс аяқ асты жабық түрде өтетін болды. Ауылдардан келген шаруаларды конкурсқа кіргізбеді. Оның не үшін жасалғанын 29 қаңтарда конкурс қорытындысы жарияланған кезде ғана түсіндік.

Енді өзіңіз қараңыз: жабық конкурстың №1 лотының жеңімпазы – жер комиссиясының мүшесі Жұмаш Суатаев. (Азамат, бұл адамның қызметтік лауазымын анықта). Ол қалайша өзіне-өзі дауыс берді?! Сол сияқты жабық түрде ымырашылдықпен өткен «жер бөлісінде» Кеген аудандық әкімнің бірінші орынбасары Кеңес Қабылбековтың баласы – Азамат Күлесбай, аудан әкімдігі аппараты басшысының әкесі – Шайытқан Исаев, аудандық полиция бастығының әкесі – Стамхан Үркенбаев, Қарқара ауылдық округы әкімінің әкесі – Сағатбек Молдабаев, жер кадастры мекемесі қызметкерлерінің әкелері – Серік Күшекбаев пен Амантай Ибижанов, тағы бір мемлекеттік қызметкердің әкесі – Марат Тақабаев жабық конкурстың «жеңімпаздары» атанған. Бұл – құда-жекжат дегендерді есептемегендегі, жерге ие болған тікелей туыстардың тізімі. Біздің есебіміз бойнша, 238 гектар жерді аудан басшылығы туған-туыстарына бөліп берген».

Конкурстық комиссияныңшешімімен жәнеаудан басшылығының әпербақан әрекеттерімен келіспеген шаруалар 3 ақпан күні аудан әкімдігінің алдына жиналып, өздерінің наразылықтарын жариялады.

Жанат ҚЫДЫРБАЕВ, ауыл тұрғыны:

– Осымен жер конкурсына екінші рет қатысып отырмын. Бірінші рет өткен жазда қатыстым, бірақ ол жолы да жер ала алмадым. Мен қатысқан лоттағы жерлерді Кеген ауданы басшыларының туған-туыстары алып кетті. Бізге анауың-мынауың сай келмеді деп, нешетүрлі сылтауларын айтып, ақыры жер бермеді. Сонымен қолымызда малымыз бар, бірақ оны бағатын жеріміз жоқ болып тұр. Қолымдағы 20 жылқы мен 20 сиырымды қайда апарып бағам? Жер неге жерге мұқтаждарға тимейді?! Конкурстың жабық өтіп, оның нәтижесіне қарсы екенімді айту үшін келдім бүгін. Өйткені осы жолғы конкурста «ұтқан» адамдардың көбінің малы тұрмақ, қорасы да жоқ!

Қайрат ШЫНАРБЕКОВ,

Қарқара ауылының тұрғыны:

– Біз жер конкурсы әділ өтеді деп сеніп едік. Әкімнің есеп беру жиналысында мен осы мәселені көтергенде, бәрі заң шеңберінде әділ өтеді деп сендіріп еді, бірақ ол «сенімнің» соңы осылай болды. Біздің Қарқара ауылы тұрғындарының 70-80 пайызында жер жоқ. Ауылдағылар жанын тек қана малмен бағып отыр. Ал жеріміз болмаса, малымызды қайда бағамыз?! Осы мәселені көтеру үшін бүгін осында халық болып келдік. Қарқара ауылынан төрт-бес адамға ғана жер тиген, қалғанын ауданымыздың лауазымды чиновниктері алып кетіп отыр. Барып тұрған әділетсіздік қой бұл!

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жер конкурстары ашық түрде өткізілуі тиіс және оған комиссия мүшелерінің өздері қатысуға құқығы жоқ. Заңгер Кеген ауданында өткен конкурстың қорытындысын тексерту үшін, хаттама-құжатты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдауға дайындап жатқанын айтты.

Дегенмен, Кегендегі жер дауы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құлағына жетіп, істің ақ-қарасын анықтау мақсатында комиссия құруды тапсырғаны белгілі болды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел былай дейді:

«Арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында прокуратура қызметкерлері бар. Комиссия бір апта уақытта барлық құжаттарды тексереді. Қорытындысын кейінірек жариялаймыз».

Расында, «мал қорасы жоқ», тиісінше малы да жоқ адамға жердің қажеті қанша? Біздің бұл сауалымызға орай Мақпал Садықова былай деді:

«Қолында малы жоқ адам біреулердің техникасын жалдап, жердің шөбін шаптырып, сол шөптен күз бен қыста қып-қызыл ақша жасайды. Көпшілік халық тек қана малмен күнін көрген біздің Кеген аймағында шөптің бағасы – әкеміздің құнымен тең. Міне, сондықтан қолында малы бар шаруалар жері мен шөбі бар алып-сатарларға мұқтаж болады».

Сөз соңында біз өз тарапымыздан Кегендегі жер дауына қатысты жағдайды назарға алатынымызды мәлімдейміз. Егер Қазақстанның басқа аймақтарында ауыл шаруалары дәл осындай жағдаймен қысастықта қалып отырған деректер болса, газет редакциясына хабарласуды сұраймыз. Біздің мекен-жайымыз бен байланыс нөмірімізді газеттің 15-бетінен тауып алуға болады.

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн