Хабарсыз кеткен боздақтың майдан жолы бертін анықталды.

Зайсан ауданының Калинин колхозында бригадир болған Әліпбайдың қарашаңырағынан үш ұл майданға аттанған еді. Файзолда мен Қабден (Зейнел-Қабден) соғыстан аман келді. Ал Зейнолла оралмады.
Әжеміз Сәбила осы баласын өмір бойы күтумен өтті. «Бір күні жарқ етіп кіріп келер ме екен» деп арманға беріліп отыратын. Себебі Зейнолланың соңынан «қаза тапты» деген қаралы қағаз да келмеген еді.
Бірақ ана үміті ақталмады.
Қатардағы жауынгер Зейнолла Әліпбайұлының хабарсыз кету сырын біз тым кейін, осыдан 4–5 жыл бұрын ғана Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің соңғы кездері жариялаған тың деректеріне сүйеніп қана анықтай алдық.
Соңғы жылдары соғыста белгісіз жағдайда қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтар туралы архив деректері жылдан-жылға толықтырылып жатыр ғой. Осыдан үміттеніп, РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің Кеңес әскерлерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі жорық жолдарына арналған «Память народа» сайтын жыл өткен сайын қарап отырдық. Өйткені деректердің біртіндеп енгізіліп жатқанын естігенбіз.
Сол әдетімізден жаңылмай, бір күні сайттың іздеу жүйесіне «Алипбаев Зейнолла» деп жазып едік – о тоба! Бұл жолы өзіміз де көрмеген асыл ағамыз туралы деректер жарқ етіп алдымыздан шықты. Шамасы, сайттың іздеу жүйесі бұрынғыдан да жақсартылған секілді. «Алипбаев Зейноллаға» аты-жөні ұқсайтын бірнеше жауынгердің деректері беріліпті. Біздің ағамыздың аты-жөні архив бойынша «Алипаев Зейнулла» деп сәл өзгерістермен берілген екен, яғни «б» әріпі түсіп қалыпты. Бірақ біздің іздеген ағамыз дәл осы кісі екендігін айғақтап, одан әрі: «Дата рождения … 1924. Место рождения Казахская ССР, Восточно-Казахстанская обл., Зайсанский р‑н, Марсуйский с/с (дұрысы Жарсуский с/с – С.Ә.), к/з Калинин. Место призыва Зайсанский РВК, Казахская ССР, Восточно-Казахстанская обл., Зайсанский р‑н. Воинское звание красноармеец. Воинская часть 261 гв. сп 87 гв. сд.» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Сонымен біздің ағамыздың 87-гвардиялық атқыштар дивизиясының 261-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқаны белгілі болып, майдан жолы туралы алғашқы дерек қолға тиді. Мұнан әрі ағамыздың өз туған жерінен әскерге алынғанынан бастап, тоқтаған соңғы мекеніне дейінгі жорық жолының сызбасы картаға түсіріліп көрсетіліпті. Қандай керемет!
Осы бойынша алсақ, ағамыз қасындағы жолай кездескен сапарлас достарымен пойызға отырғызылып, ол пойыз Қарағанды, Ақтөбе қалаларын басып өтіп, Дондағы Ростов қаласына келеді. Міне, осы жерде Зейнолла аға жауынгер ретінде 261-атқыштар полкінің құрамына қабылданып, алғашқы әскери дайындық жұмыстарын бастайды. Көп ұзамай осы полк құрамында майдан даласына қарай бет түзейді. Алғашқы соғысқа түскен жерін анықтай алмадым. Дегенмен бұдан әрі қатардағы қызыл әскер Зейнолла Әліпбайұлының жорық жолы Белоруссия, Украина жерінде жалғасады. Минск, Киев қалаларын жаудан босату операцияларына қатысады. Одан әрі Литва аумағына кіріп, Вильнюс қаласын таяу маңнан орап өтеді. Көптеген шағын елді мекендерді басып өтіп, оңтүстік-батысқа қарай бұрыла тартып, Балтық теңізінің жағалауларын бетке алады. Әрине, осы жерлердің барлығында ұрыс қимылдарының болғаны анық.
Бұдан әрі ағамыздың гвардиялық атқыштар полкі Германия құрамындағы Шығыс Пруссияның Кенигсберг (қазіргі атауы Калининград) қаласына таяп келеді. Алайда оған жете алмай, Литваның шекаралық Таураг уезінің Наткишкяй старосталығының тұсына келген кезде ағамыздың бұл өмірдегі қайран сапары және жорық жолы үзіледі. Қаза тапты деп айтуға тіл бармайды. Бірақ ағамыздың Зайсандағы Калинин колхозының орталығы Кеңөткел ауылынан басталып, бүкіл жорық жолын көрсетіп келе жатқан картадағы қызыл сызық осы Таураг уезінің Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауылының ортасында тоқтайды. Демек, ағамыздың сүйегі, біздің болжамымыз бойынша, осы Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауылындағы кеңес жауынгерлерінің бауырластар зиратының бірінде жерленген секілді. Мұнда жерленгендердің көбінің аты-жөні мәлім емес. Яғни, соғыстың белгісіз солдаттары.
Олай болатын себебі кеңес жауынгерлері алға жылжып, гитлерлік неміс армиясын шегіндіре отырып, Германия шекарасына тақаған тұста нешетүрлі қанды қасап қырғындар болған. Неміс жағы кеңес әскерлерін өз шекараларынан аттатпау үшін барынша қарсылық көрсетіп, осы тұста қан судай аққан. Сондықтан кімнің өліп, кімнің тірі қалғанын дәл анықтауға да мұрша болмай, қаза тапқан жауынгерлер мүрделерін қазылған бір орға топырлатып көміп, «Бауырластар зираты» деп белгілеп кете берген секілді. Өйткені осындай зираттар саны осы маңда өте көп. Ағамыздың соңынан қара қағаз келмеуінің бір сыры осында болса керек.
Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ,
журналист