Суббота , 19 апреля 2025

«КЕНТАВР»

  • Марат Қабанбай – өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ көсемсөзін жаңа бір кезеңге көтерген дарынды қаламгер. Өліара кезеңде қарымды қаламынан туған мақалаларын жұрт іздеп жүріп тұщына оқыды, мейірі қанды, риза болды.

Марат ағаның жазушылығы өз алдына. Өз ортасында мойындалған талант. Әттең, өмір болғанда, ұлтқа қажетті талай сүбелі туындылар жазар еді. Амал қанша, дүние жалған деген сол, нағыз толысқан шақта фәниді тастап, бақиға оза берді.

Кезінде Марат ағамен оппозициялық «СолДАТ» басылымында бірге қызмет істедім. Ол – редактор. Мен – жай тілшімін. Танысқанымыз да қызық. Биліктің құтын қашырған «Дат» газетінің алғаш шыққан кезі. Өзім істеп жүрген «Арай» журналының тірлігі шатқаяқтаған соң, алғашқы санынан бастап сөз бостандығын ту етіп, биліктің келеңсіз істерін соққының астынан алып жатқан «Дат» газетіне барып орналастым. «Даттың» алғашқы редакторы, қазір марқұм болып кеткен Шәріп Құрақбаев бірден жұмысқа алды. Сонда жүріп жаттық. Біздің жазғандарымызды қойшы, сол кезде басылым бетінде оқтын-оқтын Марат Қабанбайдың билікті сынаған мақалалары шығып жүрді.

Мәкеңді сырттай танып, көркем шығармаларын оқып жүрсек те, қол алысып амандасып, араласып көрмеген кезім. Бірде редакцияға аққұба өңді, орта бойлы, ұзын ақ сұр плащ киген, қара кепкалы, иығына асынған қара сумкасы бар бір азамат келді. Жанымдағылар «Марат Қабанбай – осы» десті. Бас редактор Шәріптің кабинетіне кіріп кеткен ол біраздан соң шығып, дәліздің бір бұрышында темекі тартатын жерге барып, шылымын тұтатты. Темекі тартпаушы едім. Бірақ Мәкеңмен тілдесіп, танысып қалу үшін, жанымда отырған азаматтардың бірінен бір тал темекі сұрап алып, Марат ағаның жанына бардым. Таныстық сол жерден басталды. Әңгімеміз тақыл-тұқыл болса да, білгенім – Марат аға алдағы аптада шығатын газеттің жаңа санына «Пахандар республикасы» деген көлемді мақала даярлап әкеліпті.

Елімізде «Дат» газетін бастыруға тыйым салынған соң, басшылық газетті Ресейдің Алтай өлкесіндегі бір шағын қалада бастырып, Алматыға келетін пойызға тиеп алып келетін. ҰҚК қатты жұмыс істеді ме, қайдам, Марат Қабанбайдың «Пахандар республикасы» деген атышулы мақаласы басылған газеттің саны Қазақстан мен Ресей шекарасында тәркіленіп, біздің қолға жетпеді. Тек артынан азын-аулақ тиражы келгенін білемін. «Апыр-ай, басқа – басқа, газеттің сол саны елге жеткені керек еді. Биліктің артын аяусыз ашып беріп едім» деп, сол тұста Марат ағаның күйінгенін көргенмін. Кейіннен «Дат» сотты болды. Жабылды. 

Одан кейін оның орнына «СолДат» деген екінші басылым дүниеге келді. Онда да біз қызмет еттік. Сол «СолДаттың» бас редакторы болып Марат аға Қабанбай келді. Жақсы араластық. Мені інісіндей көрді. Жанына жақын тартты. Кейде оңаша қалған сәттерде сырын ақтарушы еді. Көкейінде көптен бері жүрген үлкен бір шығарманың қаңқасын сөз ететін. Бірақ тағдыр ол дүниесін аяқтатуға жазбапты. Соңғы рет аурухана төсегіне таңылып жатқанда кездестік. Төбеге қарап ойланып жатқан Марат аға бір сәт: «Әттең, бұл Құдай азғантай ғана ғұмыр берсе, «Кентаврды» жазып тастар едім-ау! Соған жете алмай қалам ба деп қорқамын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, олай-бұлай болып кетсем, толғағы келіп, шыр етіп жарық дүниеге шығуға аз қалған шығармам өзіммен бірге көміледі-ау! Жанымды қинайтыны сол. Оны дәл мендей жалғастырып жазатын ешкім болмас. «Кентавр» – талай жыл жүрегіме ұя салған ақ қанат құсым еді. Соның қанат қаққанын көре алмаймын-ау!» – деп күрсінген.

Содан кейін көп ұзаған жоқ, дүниенің жалған екенін айғақтап, келместің сапарына аттанып кете барды. Дүние жалған деген – осы. Дегенмен Марат ағаның аяқасты өлімі кұпия болып қалды. Бүгін-ертең бұ дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанып кететін жан емес еді. Ол кісінің аяқасты өлімі бір Аллаға ғана аян. Біз тек топшылаймыз. Марат аға – соңына өлместей шығармаларын тастап кеткен қазақтың аса бір талантты ұлы екені анық. Ел барда, қазақ әдебиеті барда, ұлтық журналистика барда, Марат аға ұмытылмасы хақ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн