Қазақстан мемлекеті мен қоғамы үшін аса маңызды Конституция сияқты Негізгі заңның жобасын талқылауға қатысу – әрбір азаматтың құқығы. Қоғамда азаматтық құқық пен ұлттың құқығы деген де ұғым бар. Конституция жобасында азаматтардың құқықтары сөз болады да, ал ұлт құқығы еленбеген. Кешегі жоңғарға қарсы 150 жылға созылған шайқастарда қазақ жерін қорғауға қазақтан басқа бірде-бір ұлттың өкілі қатысқан емес. Қазақстан – өз азаттығы үшін үш ғасыр күрескен, бодандыққа қарсы 400 реттен астам бас көтерген қазақ деген халықтың мемлекеті.
Ендеше елге ат беріп отырған мемлекетқұрушы қазақ халқының орны мен рөлі Конституция преамбуласында айғайлап тұрып айтылуы керек. Сондықтан жоба аңдатпасының алғашқы екі жолын:
«Біз, мемлекетқұраушы қазақ халқы мен байырғы қазақ жерін мекен еткен түрлі ұлт өкілдері, біртұтас Қазақстан халқын құрап, өз елімізде түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтары теңдей қорғалатын ұлттық мемлекеттігімізді нығайта отырып», – деп редакциялауды ұсынамын.
Референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасы 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның» 2‑бабында көзделген: «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» делінген қағидаға және 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның 18-бабындағы: «Осы заң Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деген қағидаларға сәйкес, ұлттық мемлекеттігімізді нығайтуға бағытталуы тиіс. Менің ұсыныстарым осы заңды арнада туындап отыр.
Қолданыстағы қазіргі Конституцияның преамбуласындағы жалпақ шешейлік тіркестер мен сөйлемдер елімізде орын алған ондаған ұлтаралық қақтығыстардың алдын ала алмады. Еске түсірейік, 1989 жылы Жаңаөзенде қазақ-шешен қақтығысы, 1992 жылы Өскеменде қазақ-шешен қақтығысы, 2006 жылы Атыраудың Жылойында қазақ-түрік қақтығысы, 2006 жылы Шелекте қазақ-ұйғыр қақтығысы, 2007 жылы Маловодныйда қазақ-шешен қақтығысы, 2007 жылы Маятаста қазақ-күрд қақтығысы, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылында қазақ-тәжік қақтығысы, 2016 жылы Қарағандыда қазақ-армян қақтығысы, 2020 жылғы Қордайда қазақ-дүңген қақтығысы орын алды.
Зерттеп көргенімізде, осындай келеңсіз оқиғалардың басты ортақ себебі – қазақ халқын менсінбеуден, астамшылық пиғыл мен психологиядан туған. Қазақ халқын мемлекетқұрушы ұлт, осы мемлекеттің иесі екенін мойындамаудан, қазақ халқын көп диаспораның бірі деп пайымдаудан туған. Күштік құрылымдар да мұндайда көбіне қазақтарды жазалаумен шектеліп жатады.
Мемлекетқұрушы ұлт ретінде құқығы қорғалмаған қазақ халқы амалсыз өз құқығын жұдырық арқылы қорғауға мәжбүр. Мұндай саясат – ұлтаралық қарым-қатынастардың негізіне салынған баяу жарылатын мина. Ұлтаралық қақтығыстардың конституциялық себептері айқын көрініп тұр. Негізгі заңымыз өзгермесе, ұлтаралық жанжалдар алдағы уақытта да қоғамды дүрліктіріп жатуы әбден ықтимал.
Сондықтан келешекте ұлтаралық шиеленістер туғызбау үшін, Конституция преамбуласына Қазақстан мемлекетқұрушы қазақ халқының мемлекеті екендігі тайға таңба басқандай айқын жазылуы керек. Осыған орай преамбуланың алғашқы екі жолын:
«Біз, мемлекетқұрушы қазақ халқы мен байырғы қазақ жерін мекен еткен түрлі ұлт өкілдері, біртұтас Қазақстан халқын құрап, өз елімізде түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтары теңдей қорғалатын ұлттық мемлекеттігімізді нығайта отырып» деп редакциялауды табандап тағы да ұсынамын.
Сондай-ақ Конституция жобасының 1‑бабындағы «Қазақстан Республикасы өзін, – дегеннен кейін ұлттық, – деп, ары қарай мәтін бойынша, – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп айқындалуы өте маңызды.
Конституция жобасының 5‑бабындағы Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында арнаулы құқықтық режим құру туралы 6 тармақ мүлде қажетсіз. Оны алып тастау керек.
Конституция жобасының 6‑бабы, 1‑тармағында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандылық танылады» деген көне қағида көзделініпті. Бұл еліміздің ортақ идеологиясының қалыптасуына баяғыдан кедергі болып келеді. Сондықтан осы бап: «Қазақстан Республикасының өзіндік ұлттық идеологиясы болады» деген қағидамен толықтырылуы қажет. «Ұлт мұраты – ұлттық мемлекет, әділетті азаматтық қоғам!». Мұндай ұлттық идеология – экономика, банк, өндіріс саласынан бастап, мәдениет, әдебиет, туризм, күллі руханият саласы жылдар бойы күтіп отырған қажеттілік!
Конституция жобасының 7‑бабы, 1‑тармағында: «Дін мемлекеттен бөлек» делінген. Иә, мұсылман, христиан, буддизм, тағы басқа діндер мен ағымдар бөлек бола берсін. Бұл дұрыс! Бірақ Қазақстан Құдайдан бөлек емес қой! Мемлекеттік рәсімдерде белгілі бір діндердің атрибуттары орындалмай-ақ қойсын. «Дін мемлекеттен бөлек» дегеннен кейін: «бірақ Жаратқан Иеміз мойындалады» деген тіркес қосылуы керек. Яғни, Президенттен бастап, күллі мемлекеттік қызметкерлер, сот судьялары ант беру рәсімдерінде ант мәтінін «Жаратқан Иеміздің алдында» (орысшасы – перед Создателем) деген тіркеспен бастағаны сол қызметке адалдығы мен жауапкершілігін терең сездіртетін болады.
Бұрынғыдай кетсек, «Қазақстан халқына» берілген антты кім бұзбай жатыр? Ал «Жаратушы Иеміздің алдында» ант беру – бұл ең алдымен коррупциялық қылмыстардың алдын алады. Бұның ешбір дінге қатысы жоқ. Қоғамды жалпыға ортақ моральдық, рухани сауықтыруға бастайтын қадам болмақ!
8‑баптың 3‑тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, …басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» делінгені өте дұрыс. Алайда бұған «жер асты қазба байлықтарды игеруден түскен қаражат ортақ қор арқылы әрбір қазақстандықтың үлестік есепшотына түсуге тиіс» деген қағидамен толықтырылғаны жөн болады.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі туралы 9‑бап алғашқы 1‑тармақпен ғана шектелгені дұрыс. Өмір көрсеткеніндей, қалған екі тармақ үнемі құқықтық шатасулар туғызып келеді. Осы арқылы ғана біз мемлекеттік тілді өз мәртебесіне көтере аламыз.
Енді Конституция жобасындағы қайшылықтарға келейік. Ол қайшылықтар жойылмай, жоба референдумға жол таппайды.
Бірінші қайшылық. Конституция жобасының 16-бабының 1‑тармағында: «Заң мен сот алдында бәрi тең» делінген.
Ал Ата заңның 48-бабының 3‑тармағында: «Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады» дейді. Жақсы, іс басындағы президентке бұл лайық.
Ал 4‑тармақта: «Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-президенттеріне де қолданылады» дейді. Экс-президент Назарбаев кезінде қызметін атқарды, мол жалақысын алды, демократиядан жеке бастың диктатурасына ойысты, мойнында Желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзен көтерілісі кезінде қаза болғандардың қаны бар, қазір ай сайын 8 млн теңге зейнетақы тағайындалған. Енді ол неге мемлекет мойнында отыруы керек? Бұл 16-баптың бірінші тармағындағы «Заң мен сот алдында бәрi тең» делінген қағидаға қайшы! Ол халықтан үлкен емес. Сондықтан 48-баптың 4‑тармағын алып тастау қажет.
Екінші қайшылық. Конституция жобасының 36-бабы, 2‑тармағында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар» делінген. «Сайлануға» деген сөзге мән берейік. Сондай-ақ 41-баптың 3‑тармағында: «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен кез келген шектеуге жол берілмейді» делінген. Екі бап та азаматтардың саяси құқығын қорғап тұр.
Ал жобаның 53-бабының 1‑тармағы бұған кереғар, конституциялық нормаға қайшы. Осы тармақта Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен сайланатыны былай тұспаланған: «Құрылтай конституциялық заңда белгіленген тәртіппен біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйесі негізінде сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады». Қазақша ұғынықты етіп айтсақ, Құрылтайға депутаттар тек партиялық тізім арқылы өтеді деген сөз. Мұндай формулировка ешқандай партияға мүше емес 12 миллион қазақстандықтың өзін-өзі ұсыну арқылы сайлану құқығын шектейді. Міне, қайшылық деген осы!
Сондықтан осы Конституция жобасының 36-бабы, 2‑тармағына, 41-баптың 3‑тармағына сәйкес мұндай шектеу жойылып, азаматтардың кемінде 50 пайыз мажоритарлық әдіспен сайлануына мүмкіндік берілуі керек.
Қазақстанның сот жүйесін Президенттік тағайындау арқылы емес, бүкілхалықтық – сайлау жолымен қалыптастыру да маңызды.
Осындай ұлттық мемлекет мүддесіне сай қадамдар Конституциялық процедураның сақталуына жол ашады.
Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ, жазушы-публицист