ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Аманат» партиясының фракциясы отырысына қонақ ретінде шақырылғанда сөйленген сөздің тезистері
Мен баспасөзде жарияланған Конституция жобасының тараулары мен баптарына бойламай, оның жалпы саяси сипатына байланысты жеке азаматтық көзқарасым турасында айтқым келеді.
• Әу басында бұл саяси науқан парламенттік реформа ретінде басталды. Көріп отырсыздар, талқылау барысында бұл өзгерістер Конституциялық реформаға айналды. Жол-жөнекей мұндай масштабты саяси қадамға баруға не түрткі болды?
• Бұл конституциялық өзгерістердің логикасын қалай түсінеміз? Буырқанып тұрған әлемдегі Қазақстан мен оның Президенті Тоқаев мырза неге мұндай тәуекелдерге барды? Бүкіл әлем, елдің жан-жағы теңселіп тұрған кезде Президент тып-тыныш жатқан елдің ішінде саяси өзгерістер толқынын тудыруға неге мәжбүр болды? Әкетіп бара жатқан қандай қажеттілік пайда болды?
• Осы сұрақтарға орай Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың Қызылорда Құрылтайында сөйлеген сөзінің сыртқы факторларға қатысты бөлігі осы саяси реформаның мән-мазмұнын ашып береді деп ойлаймын. Бәріңіз оқыдыңыздар, біз Құрылтай үстінде тыңдадық, бірақ сіздерге бұл сөзді қайталап оқып берейін:
- «Біз мүлде жаңа құбылыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Өзіміз де, кейінгі ұрпақ та бұған бейімделуіне тура келеді. Басқаша айтсақ, бұрын мүмкін еместей немесе адам сенгісіз көрінетін нәрселер қазір қалыпты жағдайға айналуда. Халықаралық құқық көз алдымызда қадір-қасиетінен айырылып жатыр. Дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түсті. Әлемде әскери шығындар рекордтық деңгейге жетіп, үш триллион долларға жуықтады. 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін…» – деді Президент.
«Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы – Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшінТәуелсіздік – бәрінен қымбат!..» – деді Президент.
Мен қайталап айтайын,«Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек» дегенде, яғни Президент елдің қауіпсіздігі саласында қамтамасыз етілмей жатқан мәселелер бар екенін меңзеді.
Президенттің баяндамасындағы мәтіннің жол арасында иек қаққан ишараны жазып, тарқатып оқысақ, ел тәуелсіздігін қорғау мақсатында қосымша қам-қарекет жасау қажеттігі туғанын аңдау қиын емес. Әрине, қызметінің сипатына байланысты ол бәрін жайып салып, ашық айта алмайды. Мемлекет басшысының сөз ишарасын біздер – депутаттар «тігісін жазып» айтуымыз керек.
- «Әлем барлық салада бірдей үлкен өзгеріске ұшырайды. Саясат пен экономикадан бастап, климат пен технологияға дейін – бәрі өзгереді. Мұндай жағдайда біз де батыл әрі тосын инновациялық шешім қабылдай білуіміз, ешнәрседен қорықпауымыз керек…
Елдегі өзгерістердің логикасы, саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемлекеттілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын күшейту…» – деді Президент Ұлттық құрылтайда.
Міне, осыдан артық қандай логика айтуға болады? Бізді іштен алып бара жатқан жау жоқ, ел ішінде өртеніп тұрған қауіп тағы да жоқ.
Яғни, біздің бүгінгі қолға алынған саяси өзгерістер – сыртқы тәуекелдер мен қатерлерге қарсы қам-қарекет жасаудың әрекеті деп түсінуіміз керек.
• Иә, біздің елдің ішінде қымбатшылық бар.
• Иә, желіп бара жатқан инфляция бар.
• Иә, біраз көпшілікті қысқан кредиттің қамыты бар.
• Иә, кейбір жекелеген әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың қиындықтары бар.
•Иә, қазақ тілінің түйіні шешілмеген мәселе бар.
Бірақ біз ел ішіндегі бұл қиындықтарды күрделі саяси өзгерістер жасамай-ақ, бірер жылда еңсеріп алар едік. Бұл үшін жаңа Конституцияның қажеті жоқ еді. Ендеше қазіргі өтпелі кезеңде бізге мемлекеттілікті, ұлттық тәуелсіздікті, елдікті қорғаудың қамын жасаудан артық міндет жоқ, бұл біз үшін бәрінен де маңызды. Міне, саяси өзгерістердің басты логикасы осы!
Мен бір мандатты сайлау жүйесінен сайланған депутат бола тұрсам да, партиялық негіздегі пропорционалдық сайлау тәртібі қазіргі геосаяси әлемдегі тәуекелдерге төтеп беретін, саяси немесе басқадай да сепаратизмге жол бермейтін мүмкіндік деп есептеймін. Еліміздің саяси жүйесі мен мемлекеттігіне, территориялық тұтастығына көз алартқан қаскөй күштер сайлау кезінде бір мандатты кандидатты ұсыну және демократиялық риторика мен мол қаражаттың күшімен оны депутаттыққа алып шығу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан Президент Тоқаев ұлттық деңгейдегі саяси трансформация жасаудың реформасын ұсынды. Мен бұл бастаманы толық қолдаймын!
• Қоғамда «билікті күшейтудің әрекеті жасалып жатыр» деген жекелеген пікірлер бар. Жоқ, бұл күшейтудің мәнін біз билікті емес, тәуелсіздікті күшейту, елдіктің тұғырын мығымдау, ұлттық мемлекетіміздің қауіпсіздігін күшейту деп түсінуіміз керек!
• Қазіргі гәу-гәуі асқынып бара жатқан геосаяси әлемде біздің елдің мемлекеттік билігі бұрынғыдан да монолитті және біртұтас болуы керек. Президенттің тапсырмалары мүлтіксіз және созбалаңға салынбай орындалуы тиіс! Бізде ырғалып-жырғалып жүруге уақыт жоқ.
• Бірауыз орысшалап айтсақ, если в итоге этих реформ усилятся представительские функции, Парламент может и должен стать опорой государства и быть коллективным гарантом стабильности, безопасности страны и общества.
• Ал осы реформадан кейін бір палаталы Парламент – Құрылтай мықты өкілетті билік институтына айналады деген сенім мол.
Назарларыңызға рақмет!
PS. Жоғарыда жазылғандай, бұл «Аманат» партиясы фракциясының отырысында жорта сөйленген сөздің тезистері еді. Конституцияның жобасы жалпыхалықтық талқылауға түсетін жуық күндері мен бұл тезистерді тарқатып, кеңейтілген мақала жазбақ ойдамын.
Оның үстіне «Фейсбукте» жарияланған осы тезистерден кейін менің атыма біраз сын («Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегені де бар) айтылған екен. Тіпті «сатқындық жасадың» деген жалбағай жазғыру да бар. Сондықтан оған да жауап беру керек.
Ермұрат Бапи бірмандатты округ бойынша сайланған депутат