Сурет Сәбит Құрманбектің ФБ-парақшасынан алынды.

ШЕТЕЛГЕ КЕТТІ Конституцияның 1-бабы қағаз жүзінде:
- «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Іс жүзінде:
- Күні кеше ғана Жамбыл облысында бейбіт уақытта ондаған адам жарылыс салдарынан көз жұмды. Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Мына билік тұрғанда, ешбір жоғары лауазым иесі ол үшін жауап бермейді!
7-бап қағаз жүзінде:
- Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Іс жүзінде:
- Кеше, ҚР Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында, анығы, даталы күнге 1 сағат қалғанда, Қуат Ахметов елден шығып кетуге мәжбүр болды!
Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтаннан /жол/ үйлеспей, Ақтау арқылы қалай, қайтіп шығарып жібергенімізді кейін айта жатармын, әзірге Қуат туралы мына жәйттерді біліңіз, ол:
– банк тонап, миллиардтарды ұрлап;
– билікте отырып, елін тонап;
– қылмыс жасап, соның ізін жасыру үшін,
ҚАШҚАН ЖОҚ!
Ол:
– Заманбек, Алтынбектер атылғанда, Арон, Max Bokayev, т.б. көптеген батырлар түрмеге қамалғанда, Margulan Boranbay істі болғанда, әрекетке көшпеген елімді оятамын деп, «Қазақ тілі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» деп жазылған Конституцияны іс жүзінде орындатамын деп, отбасын, төрт баласын, шешесін тастап, бір кездегі Мұстафа Шоқайдың жолын жалғап кетті. Бірақ қайта оралу үшін кетті!
Ол – КҮРЕС ЖОЛЫН ТАҢДАДЫ!
Абзал ҚҰСПАН
Редакцияға хат
Жүйені өзіміз ӨЗГЕРТЕЙІК!

- Қоғамдағы қай сала, қандай мәселе болмасын, кемшілікті саяси жүйеден іздейміз. Ал жүйе деген кім, ол не? Ол – сіз бен біз мұрсат берген билік.
Талас жоқ, жүйе дұрыс емес, бәріне сол кінәлі дегенімізбен, жақсы жүйені бізге біреу жасап бере ме? Жоқ! Сіз бен бізден басқа ешкім оны жасамайды, ешкім өзгертіп бермейді. Билік – мынау бүкіл қазақтың заңды несібесіне айналуға тиіс, оны өзіміз қайтадан құруымыз керек. Жеріміздің асты-үсті тұнған байлығын түгел тонап, сорып, сатып болғанынша, күтіп отыруға болмайды!
Қоғамды жайлаған ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық, парақорлық, бопсалау мен тонаудан айналып өте алмайсың. Оларға қарсы заң да бар. Бірақ ол заңға пысқырмайтындар да бар. Оған қарсы қарқынды күрес жүріп жатыр (бірақ кім-кіммен күресіп жатыр?) Кез келген мемлекеттік тендердің (заңдастырылған жеу мен жемқорлықтың) 10-20 пайыз шәпкесі бар екені бұл күнде ешкімге жаңалық емес.
«Шәпкісіз», құр жалбағай шапан киген тұрғын үйлердің басына «суық тиіп», қисайып, алды құлап жатқаны, сылағы мен шатыры желге ұшып, су құбырлары мен кәріздері істен шығып, соған неше жыл тірнектеп жинаған ақшаларын салған, қанша тұрғындардың зар илеп жүргендерін әр қаладан кездестіруге болады.
«Қазақ – жалқау, сондықтан кедей дейді. Сонда не, байығандардың (әсіресе алпауыт-олигархтардың) бәрі кен қазып, мал бағып, егін егіп немесе ата-бабасының мұрасына байып жүр ме екен?.. Жоқ!
«Қазақты не байытпай, не мандытпай жүр?» деп сұрасақ, онда оның жауабын қасиетті құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, ғұлама бабамыз Әл-Фарабидің еңбектері мен Хакім Абайдың қара сөздерінен іздеп көрейік. Оны мен айтпай-ақ қояйын. Сонда бәрін де түсінеміз. Бізді мандытпай, сорлатып жүрген – өзіміздің надандығымыздан туындайтын дарақы мақтанымыз бен жәдігөй жағымпаздығымыз, бойкүйез немкеттілігіміз бен бәріне де жақсы көріну үшін, жаманды көрсек те көрмегенситін, «мен емес, басқалар айтсын» деп тұратын көзі бар, бірақ көрсоқыр бейшаралығымыз.
Ұзын сөздің қысқасы – бұл жүйенің өзгеруін аспаннан күтіп, оның кемшіліктерін біліктілігі төмен әр саланың мамандары мен әкімдерден, мұғалімдер мен дәрігерлерден, т.б. іздеп, құр сөзден «қуырдақ қуырып» қажеті жоқ. Әрбір өзін зиялымын, ұлт мүддесі, болашақ ұрпақтың жанашырымын деген ардагер ағалар мен апалар, ел ағалары, сала басшылары мен қызметкерлері, жастар мен қоғамдық ұйымдар, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жанкештілікпен, ұрпақ тәрбиесі, ұлттың мәдениетінің артуы, әділетті қоғам үшін қажырлы түрде күрес жүргізуіміз қажет. Онсыз оңалар жүйе болмақ емес…
Төлеген ҚАЛИМАЖАН, ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақжар кенті