Суббота , 19 апреля 2025

Кремль қазақты «ҰЛТШЫЛ» деп атаған жыл

  • Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің елдегі «ұлтшылдық» туралы мәлімдемесінің астарында не жатыр деген сұраққа үңілді.

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкиннің Ресей мемлекеттік ақпарат агенттігінің Қазақстандағы бөлімшесі − Sputnik Kazakhstan сайтына берген сұхбатын талдады. Бұл сұхбатта Ресей елшісі «Қазақстанда ұлттық тенденциялар анық байқала бастады», президент Тоқаев «кез келген экстремистік я ұлтшылдық әрекетке тойтарыс беретін қатаң шаралар қолдана алады, егер бізге өтініш айтса, көмектесеміз», − деген еді.

Тәжуітов елдегі кейбір шолушылар «Бородавкин Кремльдің позициясын жеткізді» деп есептейтініне назар аударады. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Ресей бұған дейін Қазақстанға жасалған ақпараттық шабуылдарды «бұл журналистердің, депутаттардың жеке пікірі» деп ақтап келген. Ал әлгіндей пікірді Ресей елшісі айтып тұрса, бұл – Кремльдің ресми позициясы.

Бородавкиннің мәлімдемесі сынға ұшырап, халықтың наразылығын тудырды. Бірақ Қазақстан тарапынан бұған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қана реакция білдірді. Ол «сұхбаттың кей тұстары елшінің мәртебесіне сай келмейді, дипломат пропагандистер мен саясаткерлерге қосылмауы керек» деп түйді.

Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында «Бородавкин Қазақстандағы кей ақпарат құралдары оған таңып жатқан сөздерді еш уақытта айтпады» деп ақтап алмақ болды. Лавров мұндай мәлімдемелер елші мен Ресей сыртқы істер министрлігінің ұстанымын білдірмейді деп тайсақтады. Көзге ап-анық көрініп тұрған белгілі нәрсені жоққа шығаруға тырысқан соң, Лавров екі елдің арасындағы қарым-қатынасты Путин мен Тоқаев қана белгілейді деп жалтарды.

«Бір елдің ішкі саясатынан кемшілік іздеп, оларды Ресей ақпарат құралдарында әшкере ету үшін жүргендей әсер қалдыратын Ресей елшісінің әрекеті Қазақстандағы сарапшыларды алаңдатады», дейді автор. Бородавкин бұған дейін 7 ақпанда «Независимая газета» басылымына берген сұхбатында қазақ ұлтшылдығын сынап, қазақ билігінің «үңгірдегі ұлтшылдықпен» күресін жоғары бағалаған еді.

Тәжуітовтің пайымдауынша, елде Ресей идеологтарының қолайына жағатын ахуал қалыптасқан. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы ешкім сөз қозғап жатқан жоқ. Астана дәліздеріндегі орыс тілінің жағдайын жазушы Иван Щеголихиннің мына сөздері арқылы сипаттауға болады: «Әлемде жоғары билігі өз қызметін орыс тілінде жүргізетін екі-ақ ел бар. Ол – Ресей және Қазақстан». Бірақ осыған қарамастан, Ресейде әлі де «қазақ ұлтшылдығы» туралы сөз қозғайды. Бұл 2021 жылы Қазақстанға жасалған ақпараттық шабуылдарға ұқсас болуы мүмкін. Былтырғы жылдың екінші жартысында Ресей ақпарат құралдары Қазақстанға үздіксіз ақпарат шабуылдарын жасап, ел қазақ ұлтшылдарын қолдап, Батысқа бет бұрған саясатын өзгертпесе, ішкі істеріңе араласамыз деп, жасырын қоқан-лоққы көрсетті. Бұл жала жабу науқаны 2021 жылдың желтоқсанында шарықтау шегіне жетті.

Енді Ресей елшісінің сөзіне қарағанда, Мәскеу Тоқаевтан ұлтшылдыққа тойтарыс беруге бағытталған қатаң шараларды қолға алуын күтіп отыр. «Кремльдің бұл демаршының астарында шын мәнінде не тұр?» – дейді Тәжуітов.

Бұдан басқа, АҚШ-та шығатын Forbes басылымы Назарбаев пен Тоқаевтың басқару әдістерін талдайды. Мақала авторы Кеннет Рапозаның жазуынша, Тоқаев Назарбаев салып кеткен соқпақпен жүріп келе жатыр.

«Қазақстан бұрыннан Батыс, Қытай мен Ресейдің арасын баланстап, тең ұстап отырды, бұл болашақта өзгермейтінін көріп отырмыз», − дейді East Capital менеджері Дэвид Николлс.

Қазіргі Қазақстандағы саяси реформалар Назарбаев тұсында жасалды. Экс-президент 1992 жылы Қазақстан ядролық қарудан бас тартатынын мәлімдеді. Елге шетелдік инвестицияларды тартты.

Дегенмен Қазақстанда бәрі бірдей экс-президенттің қызу қолдаушылары емес. Автордың пайымдауынша, бизнес қазіргі және бұрынғы жетекшілердің арасынан айтарлықтай үлкен айырма көріп тұрған жоқ. Оларға экономикалық реформалар, Қазақстанға аймақтағылардың құрметпен қарайтыны ұнайды. Бірақ олар ел жемқорлық пен сыбайластыққа белшеден батты деп есептейді.

Автордың талдауынша, Тоқаев билік пен байлықты қайта бөлуге күш салды. Енді жаңа элиталарды жасақтап, шағын және орта бизнес рөлін күшейтуге талпынады. Жаңа компанияларды жаңа секторларға шығару үшін, ашық аукциондар мен басқа механизмдер қолға алынбақ.

Тоқаев саяси реформаларды іске асырып, елді тиімді мемлекеттік басқару мен мықты азаматтық қоғамы бар «Жаңа Қазақстанға» айналдыруға уәде етті. Бірақ басылым Diplomat журналындағы мақалаға сүйеніп, азаматтық қоғам ахуалы күрделі, ал демократиялық реформалар үстірт, косметикалық екенін келтіреді. Тоқаевтың уәдесіне қарамастан, қаңтардан бергі саяси ахуал өзгерген жоқ.

Елнұр ӘЛІМОВА,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн