Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
2. Сана қазақыланбай, тарих таразыланбайды
«Тарихтағы ақтаңдақ» деген термин қайта құру жылдарынан бастап санамызға енді. Бұл тарихтың қалтарыс беттерін, түрлі зұлматтың астында қалған оқиғалар мен тұлғаларын зерттеуге ұмтылыстың басталуы еді. Әсіресе XX ғасырдың 50–60-жылдарындағы «жылымық» кезеңінде кейбір «жабық» мәселелер батыл айтыла бастады. Білім, ғылым, әдебиет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары салаларында ұлт зиялылары сандық және сапалық жағынан өсіп, ірі қоғамдық күшке айналды. Қазақстан интеллигенциясының бұл кездегі белсенділігі халықтың рухани мұралары мен ұлттық мәдениетке көңіл аударуынан көрінді. Бірақ Қазақстанның кеңестік тарихи білімі социалистік идеядан қол үзіп, ұлттық мазмұндағы сипатына біржолата көше алмады. Оған тіпті, шынтуайтына келгенде, көңіл де бөлінген жоқ. Өйткені әлі де күшті идеологиялық – әміршіл-әкімшіл өктемдік жағдайда тарихи білімдегі ұлттық идеяның орнығуы мүмкін емес еді. Ал 1985 жылдан бастап елді демократиялық бағытта дамытуға бет алған «Қайта құру» идеясы, қалай болғанда да, республиканың қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгерістер әкелді: ең негізгісі – халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі өсті, саяси-әлеуметтік белсенділігі артты.
1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісінен туындайтын жаңа тарихи білімдегі әдіснамалық ұстаным мен әдістемелік үйлесімділік мәселесіне келгенде, бүгінде бәрін тәуелсіздікпен байланыстырғымыз келеді. Ал логикалық жағынан келсек, тәуелсіздік көктен түскен жоқ. Оның келуін тездеткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болатын. Бұған ешкімнің дауы да, дамайы да болмаса керек. Олай болса, Егеменді Қазақстандағы жаңа тарихи білім мәселесіндегі әдіснамалық ұстаным мен әдістемелік талғам да дәл осы оқиғадан басталады. Білетініміздей, тарих – бәрінен де жоғары тұратын ұғым. Сондықтан оның критерийлерін дер кезінде дұрыс ажыратпасақ, қоғамда үнемі қателіктерге бой алдырамыз да, соның салдарынан болған әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздықтардан кері кету үрдістері белең алады. Сөйтіп ақыры, бұның бәрі халықтың наразылығын туғызып, бастаған істің ілгерілеуіне ылғи нұқсан келтіреді де, мықтап бекіткен шідерден ажыратпайды. Ал шідерленген жылқы тойынып жайыла да алмайтыны белгілі. Сол сияқты тарихтың жылжуына немқұрайлы қарайтын болсақ, оқиғаның күрмеуі шешілмейді.
Осы орайда «Тарихи білім дегеніміз не?» деген сұраққа анықтама берген дұрыс. Тарихи білім – қоғам мен адам өмірінде маңызды орын алатын мәдениеттің ерекше саласы. Әр халықтың ана тілі арқылы жетілген ділдік қасиеттерінің бәрі осы тарихи білім арқылы ғана мүмкін болады. Егер этнопедагоиканың ғылыми жаңалығына сенер болсақ, білім дамуының тұрмыстық, ғылымға дейінгі және ғылыми-теориялық деп бөлінетін үлкен үш кезеңі болады (Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігі. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1995. – 185 б.).
Сол сияқты осы кезеңдерден өтіп келе жатқан білімнің бір бөлшегі болып табылатын тарих ғылымының да білім ретінде дамуының тарихы бар. Бұнымен санаспаған ешбір мемлекет дамудың жоғары сатысына көтеріле алмайды. Сондықтан да бүгінгі күні тиісті халықаралық ұйымдардың XXI ғасырдағы білім мазмұнының макромоделі «Мәдениет. Білім. Тарих» болсын деп ұсыныс жасауы бекер емес.
Қазақ тарихы – тас дәуірінен бастау алып, ерте палеолиттен бері үздіксіз дамып келе жатқан ұзақ та күрделі тарих. Сондықтан да еліміз тәуелсіздік алғалы бері оны пән ретінде жандандыра түсу жолдарының дүркін-дүркін көрсетілуі заңды құбылыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихымызда болған «ақтаңдақтардың» бетін ашуға бет бұру, 1995 жылы қабылданған «Тарихи сана тұжырымдамасы», 1998 жылдың тарих жылы атануы, Қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіру күні, Ашаршылық және Желтоқсан көтерілісі құрбандарына арнап қойылған мемориалдар, 2004 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» және оны одан әрі жалғастырып келе жатқан 2018 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламалары Қазақстан тарихын жеке пән тұрғысынан оқытудың қажеттігін жан-жақты негіздеп берді. Сөйтіп, қазіргі таңда оны пән ретінде қарастырудың кеңес дәуіріндегі көмескілігі жойылып, еліміздің барлық оқу орындарында жүйелі түрде оқыту барысында халқымыздың тарихи санасы жаңғырып келеді. Бірақ бұл жаңғыру өтпелі кезеңнің ерекшелігіне орай тәуелсіз дәуірдегі 30 жыл ішінде өте баяу жылжуда. Бұның басты себебі – сананы жаңғыртудағы асығыстыққа бой алдырумен байланысты.
Айталық, 1995 жылы тарихшы-академик М.Қозыбаев пен тарих пәнінің көрнекті әдіскері Т. Тұрлығұловтың басшылығымен тарихи санамызды жаңғыртудың жан-жақты ойластырылған тәп-тәуір тұжырымдамасы (концепциясы) қабылданған еді. М.Қозыбаев пен Т. Тұрлығұлов өмірден өткесін, ол көпке бармай сынға ұшырады да, 2004 жылдан басталатын «Мәдени мұра» және оны одан әрі жалғастырып келе жатқан 2018 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламалары өмірге келгеннен кейін, тарихи санадан гөрі сол бағдарламалардың маңызын насихаттау дағдысы күш алды. Осы аралықта «Қазақстандық бірегейлік» идеясы пайда болып, бүтіндей қазақ деген ұлттың тұтастай жойылып кету қаупі төнді. Өйткені бұл идея «американдық» деген сияқты түсінік беретін еді. Бұлай ету Қазақстанның табиғатына мүлде сәйкес келмейтіні белгілі болған жерде тез арада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келді. Бірақ бүгінде оны қалай жаңғыртудың нақты тұжырымдамасы әлі қабылданбай отыр. Тек«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың жеті қыры» деген пайда болса, енді ол «Елдіктің жеті қыры» деген қағидаттар топтамасымен толықты. Ал бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын толыққанды тұжырымдама емес.
2021 жылдың 5 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрт бөлімнен тұратын әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құрудың мақсат-міндеттерін көрсеткен және Қазақстан тарихына барынша көңіл бөлінген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Президент осы мақаласында елдегі жетістіктер мен халықаралық табыстарды мақтан ету үшін, ең әуелі халықтың тұрмысын жақсарту, оның нақты шешімі ретінде ел экономикасының игілігін халықтың сезінуі қажеттігін айтты.
Осы арада Президенттің «Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамуда, бірақ сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма?» деген заңды сауалына жауап беріп көрейік. Иә, «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» аясында көп деректердің жиналып, республика тарихшылары мен Марат Тәжин сияқты кейбір қоғам қайраткерлерінің тарапынан идеялық және саяси саналылық тұрғыдағы тамаша ой-толғамдар айтылды да, жазылды да. Тіпті 2014 жылы тарихшылардың бірінші конгресі болып, онда отандық тарих ғылымын көпшіліктің мүддесіне бағыштау жөнінде іргелі ұсыныстар да көтерілген еді. Бірақ «Ит үрді, керуен көшті» дегендей, бәрі бұрынғы қалпына қайта түсті де, Президент бүгін күмәнданып отырғандай, қажырлы еңбектің жемісі тарихшы мамандарға белгілі болғанмен, өкінішке қарай, қалың көпшілік оны сезініп те отырған жоқ. Оның себебі неде?
Мыңдаған жылдық тарихы бар отандық тарих ғылымын жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» деген атпен орта жолдан, тіпті негізінен бүгінгі тарихты ғана оқытатын күйге түскен кездеріміз болды. Жасыратыны жоқ, тарихшы емес мамандар даярлайтын бүкіл арнаулы және жоғары оқу орындарының бәрі дерлік осы тірліктің өзін көп көретіні де рас. Олар тарих ғылымын, тіпті бүкіл гуманитарлық ғылымдарды жарата қоймайды. Оларға өз мамандықтарын даярлауға деген сағат жүктемесі бәрінен қымбат. Байқап жүргеніміздей, бұл арада үш түрлі түсінік қалыптасқан: бір жағынан, мемлекет тарапынан гуманитарлық ғылымдарды оқыту талабы; екінші жағынан, тарихшы емес мамандар даярлайтын оқу орындарының сол ғылымдарды игерудегі ынтасыздығы. Үшінші және ең қауіпті жағы – қазақ тілінің қолданыс аясының жұтаңдана бастауы. Сонымен бірге ел тарихшыларының жұмыс үрдісіндегі үшке бөлінушілігі. Яғни, олар бүгінде қазақ тілді, орыс тілді және қос тілді болып бөлініп алып, біртіндеп бірінші топтағы тарихшыларды ығыстыруға бет алды (Қазақ тілді тарихшылардың психологиялық интуициясы осыны сезеді). Бұл жерде әр топтың атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ. Өйткені бұл мәселе қоғамдық ортада талқыға түсетін болса, бұрынғы Нұрболат Масанов пен Қамбар Атабаев сияқты тарихшылардың кебін киіп, текетіреске орын беріп аламыз. Қалай болғанда да, бүгінгі таңда бірінші түсініктің қажеттілігіне басымдық берілуін мойындаған жөн. Яғни, бүгінгі тарихшылар мемлекет тарапынан басымдық беріп отырған гуманитарлық ғылымдарды оқыту талабымен санаса білуі керек. Себебі қазір сол гуманитарлық ғылымдар ішіндегі «Қазақстан тарихы» кеңес кезіндегі КОКП тарихының рөлін атқарып отырғанмен, бұл жерде ешқандай идеологияға арқа сүйеу көрініп тұрған жоқ. Бар мәселе тілдің алашұбарланып, мемлекеттік тілдің аясының тарылуында болып тұр. Тіпті бұл барған сайын өткір проблемаға айнала бастады. Дегенмен, егер мемлекет әкімшілік жағынан да, конституциялық жағынан да қазақ тілінің болашағынан үлкен үміт күтіп отырса, онда қазақ тілді тарихшыларға тартылатын ештеңе жоқ. Мемлекеттің тарихы автохтонды ұлттың тілінде жазылса ғана оның шындығы айшықтала түсетіні заңды құбылыс. Сондықтан бүгінде мемлекет өзі қолдау білдіріп отырған кезде елдегі тарих иниституттары мен белді-беделді тарихшылар мүмкіндікті барынша пайдаланып, биліктен осыны талап етуі керек.
Тілге тиек ететін тағы бір мәселе – қазіргі таңда көп жерлерде «Әлеуметтік пәндер» кафедралары біріктіріліп, «Қазақстан тарихы» кафедралары қайта жабылды. Тіпті кей жерлерде «Қазақстан халқы ассамблеясы тарихының» үстем алуы мүлде қисынсыз. Бұндай жағдайда Президент айтып отырғандай, халқымыздың тарихи санасы қайтіп жаңғырады? Бұл арада «Қазақстан тарихы» кафедралары қоғам қажетіне қарай қайта жаңғырса ғана жастарға берілетін ұлттық тарихи білім аясы кеңейіп, халқымыздың жер мен тілге және ділге деген отаншылдық сезімі күшейіп, еліміздегі патриотизм ахуалы жаңа қырынан дами алады. Бірақ «Қазақстан тарихы» кафедраларының қайта жаңғыруы Қазақстанның барлық салаларда дамуына алғы шарт қана бола алады. Ал оның толыққанды дамуы Қазақстан тарихының жаңа әдіснамалық ұстанымымен байланысты болады. Оған мысал ретінде тарих ғылымының бүгінгі рөлінің өзгеруінен өмірге еніп келе жатқан феноменология мен герменевтика әдістерін айта аламыз. Бұлар тарихи зерттеулердің сипатын өзгерте бастады. Яғни, бұрынғы тарихшылар фактілерді тізбектеумен әуестене отырып, оларды ішін-ара суреттеумен айналыса келе, оқиғаларды тіркеушінің қызметін атқаратын. Сөйтіп, олар қазақ халқының тарихын кейде аңызға айналдырып келді. Кеңес дәуірінде Орыс-неміс соғысына дейін Амангелді Имановты, ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сондағы батырларды дәріптеу үшін, енді солар жөніндегі фактілерді тізбектеп, бүкіл тарихтағы бұрынғы қазақ батырларын ескерусіз қалдырды. Осы аралықтарда солақай саясат жүргізген кеңес өкіметі «халық жауларын» жаппай жазалағанда, тарихшылар оларды тізбектей келе, кеш болса да цензуралық електен өткендерін оқулыққа ендіре алды (Сәкен Сейфуллин, Бәйімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б.). Бұл кезде Амангелді Имановты қайта-қайта дәріптеп, ақыры оны нағыз аңызға айналдырып үлгірген едік. Бірақ оны қанша дәріптесек те, тарихтағы Амангелдінің тағдыры бәрібір ашылмаған күйінде қалып келеді.
Алайда қазіргі тарихшылар нақты шындықты айтатын «пайымдауға» көшіп, тарихты уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғылымға айналдыра бастады. Яғни, олар: ұжымдастыру неден басталды, салдары не? Кімдер қуғындалды, неге қуғындалды, олардың тағдыры не болды? Алаш, Һәм Алашорда мәселесі, тұлғаларды қалай танып-білуге болады? деген сұрақтарға байыпты жауап беріп, халықты тарихпен тәрбиелеуге әрқайсысы өзінше үлес қосуға кірісті. Сондай-ақ тарих ғылымы фактілерді жай ғана зерттеп қоймайтын, тіпті қоғамның нақты құндылықтарын, оның ішкі сыры мен моралін түсінуге қол жеткізетін ғылымға айналып келе жатса, бұл Желтоқсан көтерілісінің тарихына да қатысты.
Жасыратыны жоқ, кейбіреулер «Желтоқсан көтерілісінің» шындығы әлі ашылған жоқ» деп байбалам салып жүрсе, бұған «желтоқсаншымын» деп жүргендердің өздері де кінәлі. Қараңыз: Сондағы алаңға жиналғандар саны бүгінде әртүрлі деректерде әртүрлі айтылғанмен, мөлшері 10 мыңға жақын делік. Бұлардың алғашқы күні алаңдағы оқиғаға қатысып, біраздан соң кетіп қалғаны бар, 2 күн, немесе толық 3 күн қатысып, оқиғаны бастан-аяқ көзімен көргендер бар. Соққыға жығылып, итке таланғандар бар, суға малшынып, тоңғандары бар, немесе ұрандатып, лозунг көтергендер бар, кездойсоқ қатысқандар мен жағаласып жүріп түрмеге қамалғандар бар. Сондай-ақ машина өртегендер мен ақыл айтып, араға түскендер немесе нақақтан жазаланғандар бар… Осылайша олардың көтеріліске қатысуы түрлі-түрлі болып кете барады. Сонда бұлардың бәрін бірдей батырға жатқыза алмаймыз ғой. Бірақ олардың «желтоқсаншы» екеніне күмән жоқ. Қазақта «бәлсіну», «малдану» деген сөздер бар. Алайда мұндай сөздер олардың атына лайық емес. Дегенмен «желтоқсаншылар» ақтала бастағаннан-ақ олардың өзара тартысы әлі күнге дейін жалғасып келеді: «Анау неге медаль алады? Мен неге одан кеммін»? «Неге ол пәтермен қамтылды, ондай пәтерді неге маған да бермейді?» «Анаған берілген жеңілдіктерді маған неге бермейді? Міне, осы сияқты кикілжіңдер ақыры олардың бастарын біріктірмей қойды. Кілең бір сайда саны, құмда ізі жоқ бүгінгі шағын бірлестіктер тұтастай қоғамдық ұйым немесе партия құруда дәрменсіздік көрсетіп жүрсе, «желтоқсанның шындығы» қайдан ашылсын? Бақталастық жайлаған жерде қадір-қасиет пен сый да кетіп, құрмет те жоғалады, мәселе күннен-күнге күңгірт тартып, ақыры құрдымға кетеді. Осы халыққа керек пе? Жоқ, керек емес.
Халыққа керегі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүргендей, «мемлекет түгелдей қазақша сөйлемесе, сенің байырғы тарихыңа ешқандай шенеунік бас қатырмайды. Сана қазақыланбай, тарих таразыланбайды».
(«Жас Алаш», 28 қаңтар 2021 жыл ).
(Жалғасы бар)