Пятница , 16 мая 2025

КҮНТІЗБЕСІЗ КҮН КӨРГЕН ЕЛ (Бүгінгі сатира)

Әлқис­са, Тес­кен таудан асқан соң, алды­ң­нан Шөк­кен тау шыға­ды. Оны айна­лып өтсең, айна­дай болып Тесік көл жата­ды. Оны жүзіп өткен­нен соң, Құр­дым шөл, одан аман өтсең, Құты­рған өзен, тек сонан кей­ін ғана адам бала­сы естіп, көр­ме­ген таңға­жай­ып жер көрі­неді екен. Ол жер­ді қой ауы­зы­нан шөп алмас Қоңыр деген момын халық мекен­дей­ді екен. 

Олар­ды Көк­тіреу хан басқа­ра­ды. Бүкіл елдің қаға­нағы қарқ, саға­нағы сарқ деседі. Елде уай­ым, қай­ғы дегенің бол­май­ды, не керектің бәрі бар, әркім өз күнін өзі көріп, тапқа­нын жеп, асқа­нын салы­ққа беріп, өмір сүреді. 

Ең қызы­ғы – бұл елде күн­тіз­бе деген бол­май­ды екен! Кәлен­дәр ше кәдім­гі – бұлар­да аты-заты­мен жоқ! Көне көз­дер­дің сыбыр­лап айтуы бой­ын­ша, Көк­тіреу хан билік­ке кел­ген­ше, кәдім­гі­дей күн­тіз­бе болып­ты. Көк­тіреу сай­ланған түні Бас қала­ның орта­лық алаңы­ның қақ төрін­де, не заман­нан бері алып көк тасқа қаша­лып жасалған күн­тіз­бе ұшты-күй­лі жоға­лып­ты деседі. Басын­да жұрт аса мән бер­меп­ті оған. «Е, әрле­у­ге не сән­де­у­ге әкет­кен шығар» – деп, жүре бер­се керек. 

Шару­а­ның соңын­да сал­пақтап жүр­ген адам­ның күн есін­де қала ма? Бір күні біре­уі, келесі күні екін­шісі, сосын басқа­сы: «Бүгін қай күн еді? Кеше не болып еді?» – деген­дей, шата­са бастап­ты. Сол кез­де барып алаң­дағы күн­тіз­бені еске ала­ды. Қара­са – жоқ! Сақ­шы да біл­мей­ді, бақ­сы да біл­мей­ді. Жұрт күн­нен жаңы­ла­ды, сосын түн­нен жаңы­ла­ды. Ай ұмы­ты­ла­ды, сөй­тіп жыл да естен шығады. 

Басын­да тау­а­рих­шы­лар бала­лар­ды «Көк­тіреу зама­ны­на дей­ін, Көк­тіреу зама­ны­нан кей­ін» деп оқы­тып жүреді. Біраз жыл­дар өткен соң, оның өзі­нен шата­са бастай­ды. Шежіре­шілер Қоңыр елдің Тарғыл таудың ете­гіне қашан келіп қоныс теп­кені­нен жаңы­лып­ты. Ақы­ры Тарғыл тауды Көк­тіреу тауып алған екен, содан кей­ін ел пай­да болған деп, шежірені қай­та бастайды. 

Енді ай ата­уы мен күн атта­ры не бола­ды? Ыммен ұқты­ра­тын кей­біре­улер бұры­нғы ай мен күн­нің атта­ры болға­нын иша­рат­пен жет­кіз­бек болға­ны­мен, кей­ін­нен оның бәрі сана­дан өшіп, көңіл­де кеуіп қалған ғой. Ай атта­рын қал­пы­на кел­ті­ре алмаған соң, күн­дер­ді «бір, екі, үш» деп, жеті күн­ге бөле салып­ты. Содан алты ай қыс, алты ай жаз­ды да «бірін­ші қыстың айы, екін­ші жаз­дың айы» деген­дей айта беретін болыпты. 

Оның бір жақ­сы жері – Қоңыр халқы туған күнін бір­не­ше рет той­лай­ды! Енді өзің жаз­дың үшін­ші айы­ның бесін­ші күні туған бол­саң, дәл қай бесін­ші күн екенін қай­дан білесің? Сол үшін­ші айдың бесін­ші күн­дері сенің той­ың бола­ды да жата­ды, бола­ды да жата­ды. Сон­ды­қтан бұл елде той көп! 

Ал Көк­тіре­удің туған күні Тарғыл таудың табы­лған күні­мен тұс­па-тұс кел­гені мұн­дай жақ­сы болар ма?! Әуелі ел мен жер­дің тарихы сол күн­нен бастау алып тұрға­ны­на не дер­сің! Ол мере­ке жаз­дың алты айын­да әр күн сай­ын ата­лып, той­ла­на­ды. Жаза­тай­ым сол кез­де туған күні, тойы бар­лар­дың өзі өз той­ла­рын «Көк­тіре­удің арқа­сы, Көк­тіре­удің мерейі» деп өткі­зеді екен. Көк­тіреу туған айда басқа адам­дарға тууға бол­май­тын­ды­қтан, мұн­дағы халық тек алты ай қыста туа­тын болып­ты. Тіп­ті жаз­да тусаң да, той­ы­ң­ды қыста өткі­зеді екенсің.

Ең қиы­ны – «Жаңа жыл» мәсе­лесі екен. Жұл­дыз­шы­лар «Жаңа жыл» алты ай жаз­дың орта­сын­да десе, Құма­лақ­шы­лар алты ай қыстың орта­сы деп қар­сы дау айтып­ты. Бұл текетірес өршіп барып, Хан сарай­ын­да талқы­ға түсіп, Жалақтар пала­та­сы мен Алақтар пала­та­сы да жөн­ді шешім таба алмап­ты. Ақы­ры «Жаңа жыл қашан кел­се де елге сау­ап» деген қау­лы қабыл­дап, әр мау­сым­ның орта­сын­да Жаңа жыл­ды қар­сы ала­тын болыпты. 

Жаңа жыл­дың басты әше­кейі – Көк­тіре­удің бақ­сы баба­сы Қолаң­са­ның аса­та­яғы екен. Сек­се­уіл­дің ерби­ген, қыңыр-қисық бұтағы­нан жасалған аса­та­яқтың суреті көшенің көрік­ті жер­лерін­де, алқа ретін­де алтын­нан жасатқа­ны­ның мой­ы­нын­да, тұмар етіп таққан­ның кеудесін­де сал­бы­рап тұра­ды. Арнайы дәл сон­дай қисық ағаш өсіретін меке­ме ашы­лып, орман өсіріп­ті. Қисық аға­штың ең зәулі­мі алаң­ның қақ орта­сын­да түр­лі жыл­ты­рақ тағы­лып, әртүр­лі жары­қ­пен әрленіп тұрады. 

Қоңыр елін­де одан басқа «Уәзір­лер күні», «Қазы­на күні», «Орта қазан күні», «Бәй­бі­ше күні», «Тоқал күні» сияқты маңы­зды мере­ке­лер де бар. Олар да өз айла­рын­да төрт рет ата­лып өте­ді. Мына сіз бен біз жыл сай­ын рахат­та­на той­лай­тын, неме­се көр­шілер­дің отша­шу атып қар­сы ала­тын «Тәу­ел­сіздік күні» деген сияқты мем­ле­кет­тің мере­кесі бұл елде жоқ! Тарғыл тауды Көк­тіреу тауып, өзге халық содан кей­ін бей­біт жол­мен топ ете қалған соң, ондай мере­ке кім­ге керек? Жыл сана­уы сол күн­нен баста­ла­тын елде Көк­тіреу Тарғыл тауды тапқан­ша не болға­нын оқи­тын тари­хи дерек те жоқ! Тек Көк­тіреу ғана қиын­дық пен азап көріп, жол­дағы қалың қарақ­шы­ны қырып, жауды шет­ке қуып, Тарғыл тауға жет­кен екен. Көк­тіре­уден басқа соғыс арда­гері де жоқ мұн­да! Жыл сай­ын «Елдің жау­жүре­гі», «Елдің пана­сы», «Елдің дана­сы», «Елдің әкесі», «Елдің шеше­сі» деген орден­дер Көк­тіре­у­ге ғана беріліп жатады.

Құжат­тағы адам­дар­дың аты-жөні де Көк­тіре­у­ге қан­ша­лы­қты жақын екен­ді­гін айқын­дап тұра­ды екен. Мәсе­лен, Хан сарай­ын­да жүр­ген­дер өз атын, әкесінің атын, сосын «Көк­тіреу ханы» деп жаза­ды. Ал мем­ле­кет­тің қыз­метін­де бол­саңыз, аты­ңыз, әкеңіздің аты, соңын­да «Көк­тіреу тума­сы» деп тір­кеп қоя­сыз. Әскер­ба­сы мен сот, сақ­шы­лар­дың гене­рал­да­ры аты-жөнінің соңын­да «Көк­тіреу жиені» неме­се «Көк­тіреу бөлесі» деп, Қазы, Би, Болыс, Қазы­на­шы, Қазан­шы бол­саңыз, «Көк­тіреу наға­шы­сы» деп, бол­ма­са «Көк­тіреу қай­ын жұр­ты» деп қол қоя­сыз. Сол сияқты «Көк­тіреу тек­тес», «Көк­тіреу сын­ды» деген де пас­порт­тар бар. Ал өзге халық «Көк­тіреу жұраға­ты» болып жазы­ла­ды. Одан әрі алы­ста­уға болмайды! 

Көк­тіре­удің арқа­сын­да Қоңыр елі Күл­гін елді қой саны­нан жеті жылға басып озып, Жирен елден жүн қырқу­дан екі жыл алда екен! Келер жылы Күрең елді жұмыр­тқа саны­нан басып озса, ойхой, онда Қоңыр ел дегенің қырық жыл қай­мақ жалап, ірім­шік шай­нап, қымыз ішіп, күн көреді екен! Бүкіл ел қазір жұмыр­тқа санын арт­ты­руға ат салы­сып, еңбек етіп жатыр. 

Айтқа­ны­ма сен­бей, мұн­дай елді көз­бен көру­ге асы­қ­саңыз, мар­ха­бат! Келіңіз! Қалай келу керек екенін әңгі­менің ең басын қай­та оқы­сы­ңыз, тәп­пі­ш­теп тұрып жазып қойдым.

Асқар НАЙМАНТАЕВ

Республиканский еженедельник онлайн