ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке
ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа
Президент Жарлығымен 2021 жылы 15 қазанда бекітілген «Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» елдің құқықтық жүйесін дамытуды көздейтін маңызды құжат болып табылады. Тұжырымдаманың тұтас бір бөлімі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен оларды негізсіз қылмыстық іс жүргізу орбитасына тартпауға арналған.
Алайда қазіргі кезде осы талаптардың орындалуы жеткіліксіз дәрежеде. Кәсіпкерлерге қатысты тергеу жүргізу құқығы Қазақстанда бірнеше құқық қорғау органының құзыретінде. Атап айтқанда, арнайы прокурорлар, ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі (ҚМА/АФМ), сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Антикор) бизнесті тергеуге қатысу өкілеттіліктеріне ие.
Бұл құрылымдардың көптігі бизнесті қорғау саласындағы тәртіпті нығайтуға кедергі келтіреді. Бірнеше органның бір салада өкілеттілікке ие болуы тергеу жұмыстарының қайталануына, кәсіпкерлердің заңсыз тексерілуіне және негізсіз әкімшілік қысымға әкелуде. Осыған байланысты құқықтық саясат тұжырымдамасының орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген Үкімет кәсіпкерлерге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізетін органдар санын қысқарту бағытында нақты шаралар қабылдауы қажет.
Қазіргі таңда кәсіпкерлерді әуреге салудың кең тараған тәжірибелерінің бірі – субмердігерлердің төлемеген салықтары үшін қылмыстық іс аясында бас мердігер компанияны тексеру. Тексерулер әдетте бірнеше айға созылады. Бұл кәсіпкерлерге артық әкімшілік жүктеме артып, олардың заңды құқықтарын бұзады.
Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, бизнеске негізсіз жауапкершілік жүктеу мен тексерулерді азайту міндеті қойылған. Салық заңнамасының орындалуын қадағалау – салық органдарының тікелей міндеті. Бас мердігерлерді субмердігерлердің салық міндеттемелері үшін жауапкершілікке тарту әділетсіз және кәсіпкерлікке заңсыз қысым көрсетуге әкеледі.
Менің папкамда былтырдан бері әртүрлі кәсіп иелерінен түскен арыз-шағымдар жиналған, солардың кейбіріне тоқталсам:
Астаналық ішкі істер органдары отандық кәсіпкер Азат Кәрімді қытайлық кәсіпкер Лу Жунның арызымен ауыр бап бойынша қамауға алып, бірнеше ай тергеген соң, қылмыс белгілері жоқ деп, істі қысқартып, күдіктіні босатуға мәжбүр болды. Ал уақытында осы мәселеге прокуратураның назарын аударуға бірнеше мәрте тырыссақ та, бізге ешкім құлақ аспап еді.
Алматының экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті ревизия, аудит қорытындысы болмағанына қарамастан, «NORVIS» ЖШС-не қылмыстық істі заңсыз тіркеген. Осыған ұқсас жағдай Қарағанды қаласында жергілікті Антикор «Карагандаликвидшахт» ЖШС-не аудит қорытындысын шағым келтіру құқығын сақтамай қылмыстық істі заңсыз тіркеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аппараты швейцариялық инвестор «Kazkom SE» АҚ-на қозғаған ісін тергеп жатқанына 16 айдан асты. Өз кезегінде мұнай-газ қорын зерттеуге 20 млн доллардан астам ақша салған, 15 млрд-тан астам салық төлеп, 1 мыңдай адамды жұмыспен қамтып отырған аталмыш компания қазір тұралап тұр.
Жалпы тергеу барысында кәсіпкерлік субъектілердің құқығын бұзуға қатысты мысалдар жетіп-артылады. Осылардың ішінен әсіресе әлеуметтік-саяси тұрғыда сезімтал аймаққа жататын Маңғыстау өңіріндегі жағдай біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудырады. Бұл аймақта жоғарыда аталған құқық қорғау органдары арасында бизнес субъектілеріне қатысты қылмыстық істер қозғаудан қазір жарыс жүріп жатқандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайлар кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жалпы аймақтағы әлеуметтік тұрақтылыққа да теріс әсер етеді.
Осы аталғандардың негізінде Үкімет басшысынан:
– кәсіпкерлерге қатысты тергеу жұмыстарын жүргізетін органдар санын қысқарту және салықтық тексерулерге қатысты бизнес субъектілердің жауапкершілік шегін анықтау бағытында нақты заңнамалық шаралар қабылдауды;
Бас Прокурордан:
– Маңғыстау өңіріндегі құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін үйлестіру арқылы кәсіпкерлерді негізсіз қысымнан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұраймыз.
Біздің алаңдаушылығымызды тудырып отырған істерді бөлек тізімде ұсынамыз.
Бірмандатты округ депутаттары –
Абзал Құспан, Ермұрат Бапи
«Аманат» партиясының депутаттары –
Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев