- Осыдан тура бір жыл бұрын марафоншы, Гиннесстің рекордтар кітабына енген рекордшы Марат Жыланбаев Қазақстанның Тұңғыш президентіне қарсы процесте жеңіске жеткен болатын. Спортшының әлеуметтік желідегі жазбалары Назарбаевтар отбасының ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында істің қозғалуына негіз болған еді.
– Адам баласынан (яғни, менен) қорғау үшін комиссия құрылды, оның құрамына заң профессорлары мен ҰҚК қызметкерлері кірді, – деп мәлімдеді Марат. – Айтпақшы, мені ғана емес, өзге блогерлерді де соттады (баса айтайын, тек қазақтарды ғана), алайда көпшілігі кейін өз жазбаларын алып тастады. Менің 20-ға жуық жазбаларым болатын, мұндай жазбалар Отбасының абыройы мен намысына нұқсан келтіреді деп есептеді. Мен, мәселен, «Тұңғыш президент және оның туыстары – еліміздегі ең басты миллиардер» деп жаздым, күлкілі әзілдер мен ертегілер айттым, бизнесмендермен кездесуде Тоқаевтың Қазақстанның байлығы бар-жоғы 162 адамға ғана тиесілі деген сөзінен дәйектер келтірдім. Осындай жазбаларды жоюды талап еткен комиссия бұл жалған ақпарат екенін алға тартты.
Менің адвокаттарым Бауыржан Азанов пен Абзал Құспан елбасыны е@лан деп атаған посттарымды ғана алып тастауды өтінді. Бұл әдепсіз сөз болса керек. Мен емес – халық оны осылай атайды дедім, мен өз жазбаларымнан бірде-бір сөзді алып тастаған жоқпын. Олар ұзақ, бір жыл бойы менімен соттасты, нәтижесінде Назарбаев өмірінде алғаш рет жеңіліске ұшырады. Бұл осыдан тура бір жыл бұрын – 2022 жылдың қаңтар айының соңында болған еді.
– Айдың басында орын алған оқиғалар бұған қандай да бір әсер етті ме?
– Әрине, мұндай оқиғалардың көмегі зор болды, онсыз мен жеңіліске ұшырап, бұл уақытта /түрмедегі/ мерзімімді өтеп жатқан болар едім. Олар мені 8 жылға тоғытпақ болды. Соңғы сот процесін 2021 жылдың 16 желтоқсанына дейін өткізгілері келді. Алайда олар мұны Желтоқсан оқиғасы қарсаңында жасауға қорқып, оны 2022 жылдың қаңтар айының алғашқы күндеріне ауыстырған болатын, осылайша осы кезде қанды оқиғалар басталып та кетті. Олар халықты дүрліктіруден қорықты, бұл кезде олар (талапкерлер де, сот та) мені қорқыта алмайтынын түсіне бастады.
– Өзіңіз құрған «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясының жұмысы қалай жүріп жатыр? Сіз оны тіркей алдыңыз ба?
– Әзірге жоқ. Соңғы рет біз ұсынған тізім Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңының 8-бабына сәйкес келмейді, онда шетелдіктердің мүшелікке өтуіне жол берілмейді деген желеумен бас тартылды. «Сіздердің араларыңызда қаза болған адамдар да бар» дейді.
Жалпы, олар уақытты кешіктіру, парламенттік сайлауға қатысуға мүмкіндік бермеу үшін, мәні жоқ, қайдағы бір әртүрлі сандырақ сөздерді айтады. Біз тіркеуге 9 рет өтініш бердік. Алғаш рет президент сайлауы қарсаңында, содан кейін Әділет министрлігіне мың адам ғана қажет болса да, 1600 адамның аты-жөні жазылған тізімді әкеліп ұсындық. Бізге барлық талаптарға 966 адам ғана сәйкес келетінін айтты, қалғандары «өлі жандар» деп жауап берді.
Осыдан кейін біз видеолар түсіре бастадық. Бізбен бірге болуды ұйғарған бес мың адамның 1300-ге жуығы камера алдында «Алға, Қазақстан!» партиясына өз еркімен кірген қазақстандықтар екенін айтып, жеке куәліктерін көрсетті. Алайда Әділет министрлігі барлық билікке бағынышты солшыл партияларға жол ашса да, алған беттерінен қайтпай, бізді тіркемеді. Олар, мәселен, «Республика» және «Байтақ» тәрізді партияларды әлдеқашан тіркеуден өткізген болатын.
– Назарбаев даңғылын Қаңтар даңғылы деп өзгерту туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Әрине, мұны сөзсіз құптаймын, бұған оң қараймын. Бұл «Біз қарапайым қазақпыз, біз террорист емеспіз!» деген плакатпен шыққан тәуелсіздігіміз бен азаттығымыз үшін жанын қиған қайраткерлердің естелігі болмақ.
Иә, /даңғылдың/ атын өзгертуге қарсы адамдар да бар. Олар: «Сіздерде – Қаңтар, бізде – қырғын» дегенді желеу етеді. Менің ойымша, бұл жаны мен жүрегі жоқ адамдар немесе толық «мақтабас» жандар. Осы адамдардың барлығына мен Динара Егеубаеваның ресейлік құқық қорғаушы Владимир Осечкинмен болған сұхбатын көруге кеңес берер едім.
Құқық қорғаушының айтуынша, 2022 жылдың 5 қаңтарына, яғни қазақстандықтарға қару қолданылғанға дейін «ФСБ» қызметкерлері бізге ұшып келген көрінеді. Мен оған жүз пайыз сенемін, өйткені олар мінген ұшақ, менің жеке хабарламаларымда жазылғандай, Қарағандыға келіп қонған. Радарлар мұны анықтады, кейін мұндай радарлар өшірілген. Владимир Осечкин олар өздерімен бірге тұтқындарды да алып келгенін мәлімдейді.
Президент Тоқаевтың мәйітханалардан мәйіттерді ұрлау туралы айтқаны есіңізде ме? Бұл, менің ойымша, дәл осы орыс тұтқындарының мәйіттері болды. Олар қаза тапқандардың тізімінде жоқ.
Кенже, мынау тексті рамкаға алып, жалпақ колонкаға курсивпен бер.
- Қатыгездік пен зорлық-зомбылық экспорты
Белгілі ресейлік құқық қорғаушы, Gulagu.net жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкин Динара Егеубаеваға берген сұхбатында ФҚК-дегі өзінің дереккөзінен Ресей арнайы қызметінің Қазақстандағы қаңтар наразылығын басуға қатысқаны туралы ақпарат алғанын мәлімдеді.
«Бұл тұтқындарды қолданудың жаңа технологиясының сынағы болды», – дейді ол.
2022 жылдың 5 қаңтарында ол Ресей арнайы қызметінің генералдары Қазақстанға қонғаны туралы ФҚК-дегі дереккөзден алған ақпаратты жариялады. Осыдан бір сағаттан соң елімізде интернет өшірілді, содан кейін Қазақстан мен Ресейдің арнайы қызметтері шерулердің беделін қаралау үшін, бұрынғы қылмыстық топ басшыларын пайдалана бастады. Топтардың бірі Мәскеудің халық наразылығын күшпен басып-жаншу сценарийін жүзеге асыруға кірісе бастады.
– Сол кездің өзінде-ақ бізде «ФСБ» ішінде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын бірнеше дереккөздер пайда болды. Бұл «ФСБ»-ның құпия мұрағатының жариялануына байланысты болды және біздің шағын үкіметтік емес ұйым – Gulagu.net жобасы бірден резонанс тудырып, Ресейдің арнайы қызметтері ресейліктерге қатысты қандай әрекеттерге барып жатқандығы туралы инсайд пен ақпарат тарататын орынға айналды. Біздің қалайша әрекет еткенімізді ескере отырып, көптеген адамдар (оларды ақпарат берушілер, әшкерелеушілер және т.б. деп санауға болады) бізге ақпарат бере бастады. Соның ішінде Батыс баспасөзі wind of change – өзгерістер желісі деп атаған осындай ақпарат берушіден мәлімдеме тарата бастады. Ақпар беруші Қазақстан билігіне наразылықтарды басуға көмек беру мақсатында арнайы қызмет өкілдері мінген бірнеше ұшақтың Ресейден ұшып кеткенін хабарлады. Біз жарияланымды шығарған бойда Қазақстанда интернет өшірілді. Бұл, шынында да, менің ойымша, бір тізбектің буындары болған сияқты көрінеді.
Қазақстанға «ФСБ»-ның десанты қонған кезде, әрине, Қазақстанның арнайы қызметтерін нығайтып, оларға 2011 жылдан бастап жеткілікті тәжірибені енгізуге көмектесетін техникалық маман-генералдар онша көп бола қойған жоқ. Олар мұндай репрессиялық технологиялар мен әдістерді 2020 жылы Беларуссияға, ал 2022 жылы Қазақстанға экспорттады.
Күш құрылымдарын күшейту үшін Ресейдің ФЖАҚ-нің (Федералдық жазаны атқару қызметі) арнайы бөлімдері мен жасақтарынан құралған жиынтық топтар көмекке келді, олар адамдардың ерік-жігерін аяусыз жанши отырып, жергілікті күштерге қарағанда өзгеше әрекет ете бастады. Себебі жергілікті күш құрылымдары адамдарға жұмсақтық танытуы әбден мүмкін ғой (наразылық білдірушілер арасында олардың туыстары мен таныстары болуы әбден мүмкін).
Айтпақшы, мұндай әрекеттер кеңестік кезеңнен бері қолданылып келеді: наразылық білдірген аумақтарға бейтаныс адамдарды – түрлі аймақтардан түрліше ішкі әскерлер жіберіледі. Ал Ресейді 20 жыл басқарып отырған генералитет – қазір армияның бас қолбасшыларына айналған кеңестік «КГБ»-ның полковниктері мен подполковниктері Кеңес Одағын қайта құруға тырысуда. Әрине, мұндай жандардың өз реңдерін өзгерткені белгілі, енді олар қырлы стаканнан шай іше алатын генералдар емес. Олар миллиардер ретінде өмір сүргісі, сонымен бірге КСРО-ның репрессиялық тәжірибелерін қайталағылары келеді.
Сол күндері (2022 жылдың қаңтар айының басы. – Ред.) мен біздің дереккөзге сілтеме жасай отырып, Қазақстан мен Ресейдің арнайы қызметтері арнайы сценарий дайындағанын, яғни алаңға жиналған наразылық тобына қылмыстық әлемге тікелей қатысы бар адамдарды қалай тарту керектігі туралы жазған едім. Мұндай әрекеттер оқиға көріністерін бүкіл әлемге тарату үшін жасалды. Қараңыздаршы, көшеге азаматтық қоғам да, демократиялық оппозиция да емес, қылмыскерлер шықты, сөйтіп халық көңілінде күмән тудыра бастайды. Осылайша наразылық білдірушілерге халықаралық қолдау деңгейі төмендей түсті. Ол сценарийдің тағы бір мақсаты – ішкі аудиторияға әсер ету, алаңда болған оқиғаларды адамдар теледидардан немесе интернеттен көргеннен кейін: «Иә, жалпы менің құқығымды бұзатын жағдайлар орын алды, алайда мен ол жерге бармаймын, қылмыскерлермен бірге жүрмеймін, оларға көмектеспеймін» деген тәрізді түсініктерді қалыптастыру болды. Меніңше, осындай жымысқы да жасырын әдістердің бірі тиімді жұмыс істеген сияқты.
Мына жағдайды баса айтқым келеді, егер мен олардың кейбір күшті жақтары туралы айтатын болсам, онда оларды ән айту және жарнамалау үшін жасап отырғаным жоқ. Олар (тоталитарлық режимнің күзетінде тұрған ФҚК генералитеттері) – данышпандар, бірақ Қазақстан азаматтарына өте дөрекі әрекет еткен, минус белгісі бар жандар. Жекелеген сәттерде олар дене күшін, зорлық-зомбылық, арнайы техника мен қаруды қолданудың негізін – бейнесін алу үшін наразылықтың барлығын емес, кейбір бөлігін қылмыстық әрекеттерге бейімдей алды. Алматыдағы наразылықтың алғашқы сағаттарында ФҚК-дегі дереккөздерден білгеніміз осы ғана еді, одан кейін, өкінішке орай, интернетті өшіріп, бұғаттай бастады. Оқиға ортасында бізге қандай да бір хабарлама жасауға тырысқан адамдармен байланыс жойылды, содан кейін біз олардан жедел желілер үшін ешқандай мәлімдемелер ала алмадық. Бірақ біз сол күндері қаншама қайырымды жандардың наным-сенімі, азаматтығы, елі үшін тым болмаса бір жақсылық жасасам деген ниеті үшін жапа шеккенін жақсы түсінеміз.
Бүгінгі таңда Қазақстанның басты артықшылығы – Путиннің үгіт-насихаты тұрғындардың көпшілігіне әсер етпеуінен көрініп отыр. Жалпы, маған ресейлік үгіт-насихатпен айналысатын адамдар біліксіз көрінеді. Олардың кейбіреулерінің аузынан Украинаға, Қазақстанға және басқа да елдерге осындай маргиналды, адамгершілікке жатпайтын мәлімдемелер жасалды. Олар өздеріне қарсы тамаша жарнама жасады, бұл Қазақстан аудиториясының басым көпшілігіне, яғни қай елмен таңдау жасауға мүмкіндік бергені белгілі.
– Сіз әлеуметтік желілерде сарапшыңыздың сол бір қасіретті қаңтар күндері Қазақстанда болғанын, сол себепті жасаған талдауыңызды жариялаймын деп жазған едіңіз…
– Бізге ақпарат берген адамдар қауіпсіздік мақсатында бізбен ынтымақтастықты жалғастыра алмайтындықтарын айтты. Мен біздің мәлімдемелерімізді, болжамдарымыз бен қауесеттерімізді айтқым келмейді, біз тек мұндай адамдарға не болғанын болжай аламыз.
Бүгінге дейін бізбен бір ғана адам байланысып тұрды, ал соңғы оқиғаларды айтатын болсақ, ол қазір Ресейдің арнайы қызметі мен Кремль – Ресейге Қазақстан арқылы қару-жарақ транзиті оқиғасын белсенді түрде жүргізіп жатқанын баса айтты. Осылайша, олар Тоқаев пен Қазақстанға қатысты беделін қаралайтын, әшкерелейтін дәлелдер алу мақсатында сыбайлас жемқорлық, бопсалаушылық әдістерді қолдана отырып, елімізді ресейлік агрессияны қолдауға мәжбүрлеуге тырысып жатқан көрінеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып (сіздерді арнайы қызмет өкілдерінің міндетті түрде бақылайтынын білемін), мен сіздің еліңізді Мәскеу, Кремль және Путин Қазақстанға міндеттеуге тырысып жатқан заңсыз схемаларға араласудан сақтандырғым келеді.
Мен біреулерге миллиондаған пара ұсынғанын, біреулерге ҰҚШҰ арқылы ілгерілеу ұсынылатынын жақсы түсінемін, бірақ Қазақстанның арнайы қызметтері осы соғыста Ресей армиясы мен арнайы қызметтеріне тұрақты негізде құпия, жасырын қолдау көрсеткені анықталатын болса, онда мұның арты жақсылыққа соқтырмайтыны белгілі.
– 24 ақпанда сіз «Келесі кім? Қазақстан?» атты өте қысқа пост жаздыңыз. Қалай ойлайсыз, Кремльдің менің еліме қатысты жоспарлары бүгінде өзгерген жоқ па?
– Жоқ, әрине. Олардың (Кремльдің) геосаяси жобасында Украинадан кейінгі бақылау парағында тұрған келесі елдер (егер әлем оны жоғалтуға мүмкіндік берсе) Молдова, Грузия және Қазақстан болып табылады, аталмыш елдердің ресурстары Ресейдің қызығушылық танытуының негізгі көзі саналады. Кремльде ақылынан адасып, есі ауысқан кәрі диктатор отыр. Ол психиатрия тұрғысынан ақылсыз емес, сезімнің түршігуінен, тарихқа ену маниясына бейім болғандықтан, солай болып отыр, сондықтан оның пікірінше, посткеңестік елдерді тоталитарлық тәжірибелерімен КСРО-ға күшпен қайтару керек деп санайды. Қазір Ресейдің Украинаға қарсы соғысы емес, тоталитарлық жүйенің жас демократиямен тартысып, жанын көзіне көрсетіп, сазайын беруге тырысудың күресі болып отырғаны шындық.
Егер Ресей Украинамен соғыста жеңіске жететін болса, онда олар одан әрі жылжи бастайды. Бұл қорқынышты, бірақ бұл 30–50-жылдардағыдай барлығына арамдық әрекеттерге қайта оралу керек деген үрей мен қорқыныш емес, керісінше, жаңа технологияларды пайдалана отырып, сіз сияқты адамдар үшін күш біріктіру қажет және тоталитаризмді тоқтатуға тырысу керек деген сөз. Ол қазірдің өзінде құрдымға кетті. Ұзақ мерзімді перспективада диктатор Путиннің де, репрессиялық тәжірибенің де болашағы жоқ, олардың әлемге ұсынатын ештеңесі жоқ. КСРО-ның көзін көрген адамдар жазалаушы психиатрияны да көрді, адамдарды өлтіріп, көкөніске айналдырған сәттерге де куә болды, ГУЛАГ-ты да, жаппай жазалауды да, азаптауларды да көрді…
Бұл туралы айту керек. Жариялылық және, әрине, барлық тоталитарлық елдердің мұрағаттарының толық көлемде ашылуы, тарихты зерттей отырып, шын мәнінде не болғанын халық білуі керек және кеңестік киноны жанама насихатпен көрмеуі үшін қажет, өйткені мұндай режимді жұрт кезінде жақсы қабылдағаны белгілі, барлығы сырнайда ойнады, яғни халықтың бойында адамдар бір-бірімен дос болды деген ұғымды қалыптастыратыны сөзсіз.
– Қазақстанның құқық қорғау органдарын Ресейдің күштік құрылымдары бақылайды деп санауға бола ма?
– Қазақстанда өте күрделі реформалар жарияланғанына қарамастан – Қазақстанды реформалауға және демократияландыруға көмектесу үшін, бірқатар ғалымдардың, соның ішінде америкалық ғалымдардың Қазақстанға қалай келгенін бәріміз көзімізбен көрдік, ГУЛАГ-тың түрме картасы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Түрме ғимараттары, қарауыл мұнаралары және т.б. дәл сол баяғы күйінде. КСРО ыдырағаннан кейін жаңадан құрылған елдердің көпшілігінде мұндай қуғын-сүргіндердің барлығы – НКВД, содан кейін «КГБ» институттарында жобаланған жалғыз көшіру камералары, этаппен жөнелту тәрізді репрессиялық әрекеттер әлі де сақталған.
Ресей сияқты елдерде бұл – азаптау, зорлау, бейнежазбалар, түрлі бұрмалаушылықтар сияқты заңсыз әрекеттер арқылы жүйелі түрде жұмыс істейді. Өзге елдерде мұндай әрекеттер көп кездесе қоймайды, бірақ оларда да ГУЛАГ-тың зұлым әрекеттері өмір сүруін жалғастыруда. Олар бастапқыда өркениетке, ЕО және АҚШ-пен ынтымақтастыққа ұмтылатын уақытша үкіметтердің әрекетінен де күштірек, бірақ бір сәтте Мәскеуде отырып, мұнай мен газ ағынын бақылай алатын мафия түрлі әдістерді қолдана отырып, құқықтық өрістен тыс әрекет ете бастайды. Олар мұны өте тиімді түрде жасайды.
Неліктен? Өйткені тек ертегілерде ғана жақсылық зұлымдықты жеңіп, соңы жақсылықпен аяқталатыны белгілі, ал шынайы өмірде керісінше – егер адам тәртіп пен заңға бағынатын болса, онда ол қастандық жасай алатын арамзадан да әлсіз көрінеді.
Мұнда да солай – жасырын камераға түсіреді, бопсалайды, содан кейін жоғары лауазымды шетелдік шенеунікке пара береді. Батыс әлемі бұған жол бермейді, ал Мәскеу Путиннің, «КГБ»-ның әдістері арқылы өз мүдделерін алға жылжыту үшін, адамды сыбайлас жемқорлық схемасына тарту мақсатында түрлі саясаткерлердің осал тұстарын оп-оңай таба біледі. Ал Мәскеу бір ғана мүддені (немесе манияны), яғни тоталитарлық режимді реинкарнациялау, бүкіл посткеңестік кеңістікті басқару және барша әлемді ядролық зымырандармен қорқыту үшін, КСРО-ны қалпына келтіруді көздейді.
- Еxclusive.kz