Өткен аптаның жұма күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы болды. Бұған дейін әлемжеліде тараған «Асқар Маминнің үкіметі отставкаға кетуі мүмкін» деген қауесет ақталмады. Бірақ Тоқаев мырза «бізге жаңа экономикалық саясат» керек деген емеурін танытты.
Ел-жұрт екшеп, білгісі келетін осы мәселеге орай біз азаматтық қоғамда өзіндік үнін шығарып жүрген белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың «Фейсбуктағы» «Марғұлан не дейді?» айдарында айтылған тұжырымды тілге тиек еттік.
Мені президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысы қызықтырды. Президент экономикамыздың қазіргі аяқ алысын сынап, экономикадағы ахуалдың қанағаттандырмайтын жағдайда екенін ашық мойындап, жаңа терең экономикалық реформалардың керектігін айтты. Нақты Тоқаевтың сөзіне келетін болсақ: «Үкімет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарлама дайындауы керек. Бізге реформаларды пайымдайтын және оны шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Бұл экономиканы дамытудың жаңа жолдарын табу, халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекетіміздің әлеуетін толық пайдалану. Мұның бәрін жүйелі түрде және халық алдындағы жауапкершілікті толық сезіне отырып, шешуіміз қажет», – деді Тоқаев.
Әрине, Тоқаевтың сөзі мұндай қысқа болған жоқ, ол өз сөзінде Қазақстан экономикасының ахуалын сынап, көптеген кемістіктер мен олқылықтарды айтып өтті. Көптеген жаңа ұсыныстарды да жариялады. Бірақ, менің ойымша, оның бәрі үстірт шаралар. Жалпы, біздің үкімет стратегиялық істермен айналыспайды, жай ғана күнделікті проблемаларды шешумен әлек болып жүр.
Үкіметтің өзі жаңа кәсіпорындар құрып, жаңа инвестиция жасаумен айналыспауы керек. Үкіметтің негізгі жұмысы – қоғамдық қатынастарды заң тұрғысынан реттеу, қоғамның қауіпсіздігімен айналысу, инфрақұрылымды құру, қоғамға қызмет көрсету. Экономикамен – экономикалық субъектілер айналысуы керек. Егер біз күнделікті мәселелермен айналысып, еліміздің алдында тұрған негізгі стратегиялық, ұзақ мерзімді терең мәселелерді шешпесек, онда барлық ұсыныстар мен реформалар зая болып қала береді.
Ал біздің еліміздің алдында тұрған стратегиялық негізгі мәселелер мен қауіптер неде?
Бірінші – ол біздің ұлтымыздың ұзақ мерзімді болашағы мен қауіпсіздігі.
Екінші – ол біздің ұлтымыз, тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, тарихымыз, жеріміз, біздің табиғи байлығымыз. Осының бәрін сақтап қалуымыз керек. Егер біз осы айтқандарымызды бірінші қатарға қойып шешпесек, онда барлық атап өткен нәрселерден айырыламыз. Осы мәселелерді шешу үшін, еліміздің әлеуетін күшейтіп, дұрыс пайдалануымыз қажет.
Ал енді ел әлеуетінің формуласына келейік. Ел әлеуеті = халық саны + оның білімі + оның қаражаты. Барлық мәселенің түпкі тамыры осында.
Халықтың әлеуетін күшейтіп, оны пайдалану үшін не істеуіміз керек? Біріншіден, халық санын көтеруіміз керек. Егер біз Қазақстан азаматтарының санын 80 миллионға, оның ішінде қазақтардың санын 50 миллионға жеткізбесек, болашағымыз бұлыңғыр болады. Оның себебі – математика заңдарына сәйкес, жыл сайын дүние жүзінде адам саны 80 миллионға көбейіп жатыр. Жалпы халық саны 8 миллиардқа жақындап қалды. Қытайда жыл сайын халық саны 7,5 миллионға өсуде. Сондықтан да қазақтар жер бетінен құрып кетпеуі үшін, біздің ұлтымыздың санын кем дегенде 50 миллион адамға жеткізуіміз керек. Халық саны экономиканың көп салаларына тікелей әсерлі. Ішкі нарығы үлкен елдер өздерінің экономикасын оңай көтере алады. Экономиканы көтерудің ең негізгі жолы – халық санын көтеріп, ішкі нарықтың көлемін үлкейту.
Енді ішкі нарықтың формуласына келейік: нарық көлемі = халық саны + қолындағы қаражат. Бұл формулаға сүйенетін болсақ, экономикалық саясаттың стратегиялық мақсаты ретінде халық санын көбейтетін шараларды алдыңғы қатарға қоюымыз керек. Ол үшін алдымен үйдегі отырған аналарды жұмыссыз отыр демей, оларды бала асырау жұмысымен айналысады деп, мұнайдан келген қаражатты, келешек ұрпақтардың қорын пайдаланып, бала санына қарамастан, кәмелетке толмаған әр бала үшін көмек емес, жалақы төленуі керек.
Екіншіден, ол жалақыдан ана үшін үкімет зейнет қорына төлем жасап отыруы керек. Жалпы, бала тауып, оны асырап, тәрбиелеу – мемлекетке керек жұмыс ретінде қарастырылуы керек. Бала тапқан ана тек қана өзінің күйеуіне қарап қалмай, өзінің бала-шағасын өзі асырай алатындай жағдай болуы керек.
Үшіншіден, барлық тұрғын үй мәселелерін көп балалы аналарға шешіп беру керек.
Төртіншіден, шетелдегі барлық қазақтарға ұлттық идентификациялық карточка беріп, олардың Қазақстанға келуі үшін жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жасау керек.
Бесіншіден, бюджеттен осы мақсатқа қатысты төлемдерді бірінші қатарға қойып, уақытында төлеп отыру керек. Қалған төлемдердің барлығы осы идеологияға қатысты төлемдер жасалғаннан кейін ғана төленуі қажет.
Алтыншыдан, бұл идеология тұрғысында көптеген іс-шара істеуге болады. Үкіметтің істеген жұмысы мен жетістіктерін халық санының өсуімен бағалауға болады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кез келген ұлттың халық саны тұрақты түрде өсуі үшін, әрбір отбасы кем дегенде үш баладан артық бала табуы керек. Барлық экономикалық шешімдерді адам санын көтеру идеологиясы тұрғысынан қарап, бұл мақсатты ұлттық идеологияға айналдыру керек! Ұлт патриоты деп үш баладан артық баласы бар адамдарды айтуға болады.
Адам санын көтеру идеологиясы не әкеледі? Егер біз елімізде адам санын көтерсек, онда ұлтымыз тілінен, ділінен, тарихымыздан, мәдениетімізден, жерімізден, табиғи байлығымыздан айырылмайды. Онда біз еліміздің қауіпсіздігін сақтап қаламыз. Оның үстіне біз – Израиль, Швейцария мемлекеттері сияқты әрбір ер адамға әскери міндеттемені енгізсек, онда біздің Қарулы Күштеріміздің әлеуеті өсіп, ешбір жау бізге шаппайды. Халық санын көтеру үшін, бізге қандай шаралар істеу керегін алдында айтып кеттім.
Енді нарығымызды, экономикамызды дамыту үшін, формуланың (нарық көлемі = халық саны + қолындағы қаражат) екінші бөлігіне келейік. Нақты айтар болсақ, халықтың қолындағы қаражатты қалай өсіруге болады? Қолдағы қаражатты көбейту үшін, жеке адам басына экономикалық мүмкіндіктерді көбейту керек. Ол үшін үш мәселені қолға алуымыз керек:
Біріншіден, ол мемлекеттің экономикадағы үлес мөлшерін азайту керек. Бүгінгі таңда біздің жалпы ішкі өнімнің ішінде квазимемлекет компанияларының үлесі – 67 пайызға жақын. Егер квазимемлекеттік компаниялардың үлесін 10 пайызға түсірсек, онда біздің нарығымыз кем дегенде 2-4 есе өседі.
Екіншіден, билікке жақын империялар мен компанияларды, монополияларды құрту. Квазимемлекеттік компаниялардан қалған экономикамыздың 33 пайызына келетін болсақ, оның ішінде кем дегенде 20 пайызын билікке жақын жеке меншік империялар мен монополиялар қадағалайды. Біздің елдегі нақты жеке меншік бизнес нарығы 13–14 пайыздың шамасында ғана. Сондықтан екінші шарт ретінде жоғарыда айтылған империялар мен монополияларды шектеу керек. Ол үшін билікке жақын олигархтармен бір ымыраға келіп, олардың экономикадан кетуін талап етуіміз керек. Алдыңғы айтылған екі шарамен қатар терең экономикаларды бастауымыз қажет.
Міне, ағайын, алдағы үш шарадан кейін ғана өзіміздің ішкі нарығымызды үлкейтіп, экономикамызды алға жүргізе аламыз. Сонда ғана президент Тоқаевтың айтқан мақсаттары орындалып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастайды. Экономикалық мәселелерді шешпей тұрып, бірінші ең нақты стратегиялық сұрақтарға жауап беруіміз керек. Егер стратегиялар ұзақ мерзімді, тұрақты болса, сонда ғана біздің әрекетіміздің, реформаларымыздың мәні болады. Егер бүкіл ұлттық стратегиялық мақсат болмаса, онда барлық істеген әрекеттеріміз, реформаларымыз зая бола береді де, ел ешқашан тынышталмайды.
Айтпақшы
ҚАЗЫНАНЫ ҚАНАУШЫ
мемхолдингтер қажет пе?
- Қазақстан мемлекеттік холдингтерінде бірқатар жүйелі проблемалар анықталды, деп мәлімдеді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«2007 жылдан 2018 жылға дейін мемхолдингтерге барлығы 7 трлн теңгеден астам сома бөлінген. Сондықтан еліміз нақты нәтижелерді көруі керек. Есеп комитетінің талдау қорытындысы бойынша, бірқатар жүйелі проблемалар анықталды: бір-бірінің қызметін қайталау, далиған құрылымдар мен штаттар құру», – деді ел президенті.
Ары қарай ол қандай мемхолдингтерде проблемалар анықталғанын атап шықты. «Бәйтерек» холдингі. Мұнда 63 мекеме бар, оның 11-і құрамында 2,8 мың қызметкері бар мердігер ұйым. «ҚазАгрода» 2 мың қызметкері бар үш еншілес компания құрылған. «Бәйтеректің» тек қана әкімшілік шығындары 54 млрд теңгеден асып түсті, оның 24 млрд теңгесі жалақы төлеуге кетеді», – деп атап өтті Тоқаев.
Бұл екі арада
Оралмандар есебінен
ҚАЗАҚТЫҢ САНЫ
өспейтін болды ма?
- Қазақстан 2020 жылы оралмандарды қабылдау квотасын үштен бірге қысқартты, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
«ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленген, бұл 2019 жылға қарағанда 653 адамға аз. Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты – ҚР үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру болып табылады. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120», – депті хабар таратушылар.
ҚазТАГ