Марғұлан ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

  • Әлеуметтік желілерде «Марғұлан не дейді?» деген айдармен қазақстандық қоғамдағы қатынастар мен түрлі саладағы оқиғаларға байланысты өз пікірін білдіріп жүрген қайраткер-бизнесмен Марғұлан Сейсембай: «Мен таңдау жасадым» деп, өзінің кезекті жазбасын жариялады. Азаматтық қоғамның жанашыры қандай таңдау жасаған екен – оқып көріңіз.

Достар, «Партия құрмайсыз ба?»; «Бірдеңе істейтін заңды жолы бар ма?»; «Сынай бергеніміз жететін шығар, енді не істеу керектігін айтсаңыз»; «Елдегі жағдайды қалай өзгерте аламыз?» деген әртүрлі сұрақтар маған көп қойылып жатыр.

Бәріне байыппен жауап беріп көруге тырысайын. 

Бізде не бар? Билікті ауыстырудың не оны өзгеріске мәжбүрлеудің қандай заңды жолдары бар? 

Екі жолы бар: 

1. Басқа бір демократиясы жақсы дамыған елге кетіп қалу. Сөйтiп, өзiңiздiң билiгiңiздi өзгертесiз. 

2. Белсенділiк танытып, өз құқыңды білiп, биліктен соны сақтауды талап етіп, қалған адамдар да белсенді әрі сауатты болуы үшін, ағартушылық жұмыс істеу. Билiктен саяси реформа жасауды талап етіп, заңды митингке қатысу. 

Байқап жүрмін, кейінгі кезде сауатты жастардың көбі осы айтылғанның біріншісін таңдап жүр. Бірақ елді осындай жағдайда қалдырып кеткенің – ауру адамға қарамай кеткеніңмен бірдей нәрсе екенін есте ұста! Егер қауіпсіздігің үшін сондайға баруға мәжбүр болмасаң, онда елден кету сатқындықтың бір түріне жатады.

Қалған мынандай жолдары:

  • партия құру
  • сайлауға қатысу
  • билiкпен жұмыс iстеу
  • ұлттық кеңестің жұмысына араласу
  • саны аз митингiлерге қатысу…

сияқты жолдар – еш тиiмсiз, нәтижесiз зая тiрлiк. 

«Партиялар туралы», «БАҚ туралы», «Сайлау туралы», «Митингiлер туралы» заңдарды өзгертпей, жоғарыда айтылып кеткен әрекеттердiң барлығы құр әуре. 

Егер осы айтылғандардың бәрі сізге ұнамаса, онда сізде бір-ақ жол бар:

  • Қазіргі жағдайға көндігіп, билік өзі өзгереді деп, ештеңе істемей, қарап отыра беру. 

Олай болса, онда көп сөйлемей, жұмыстарыңды істеп, ауыздарыңды жауып отырыңдар. 

Мен өз таңдауымды жасадым. Осы айтылғандардың ішінен мен екінші нұсқасын таңдадым!

Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ: Саяси реформасыз ЕРТЕҢІМІЗ ЖОҚ!

Өткен аптаның басты жаңалығы ретінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мюнхенде өткен 56-шы Қауіпсіздік конференциясына сапары және дәл сол кезде Қазақстанда биліктің интернетті бұғаттауын талдаймын.

Ақпанның 15-інде Қ.-Ж. Тоқаев Мюнхендегі Қауіпсіздік конференциясына қатысып, өзінің билік мерзіміндегі атқарылатын жұмысын приоритетпен айтып өтті. Бұл конференцияға 40 шақты мемлекет басшылары, 100-ден астам министрлер – сыртқы істер және қорғаныс министрлері, көптеген халықаралық сарапшылар мен ірі неміс және халықаралық компаниялардың басшылары қатысты.

Осы қауымның алдында Қ.-Ж.Тоқаев өзінің келешекке деген көзқарасын, Қазақстанның Орта Азия қауіпсіздігі үшін қандай шаралар жасап жатқанын баяндады. Әрине, саяси және экономикалық реформалар жөнінде де сөз қозғалды. Міне, дәл сол кезде билік Қазақстанда интернетті бұғаттай бастады. Қазіргі заманда ондай әрекеттерді ешкім жасай алмайды. Ел шу ете қалды, Тоқаев дереу өзінің «Твиттер» аккаунтында бұғаттау туралы хабардар болғанын жариялап, барлық ақпарат ресурстарының жұмысын қалпына келтіруді тапсырды.

Енді бұл оқиғаның себептері мен салдарын талдайық. Біріншіден, интернетті бұғаттау – Айсұлтан Назарбаевтың «Фейсбукта» жариялаған бірнеше постынан кейін басталды. Өзінің жазбасында Айсұлтан шешесі Дариға Назарбаеваға қарсы шығып, өздерінің отбасыларының бірталай ішкі құпияларын елге жария етті. Оның үстіне Қазақстан – Ресей арасындағы газ контрактілерінің астыртын былықтарын шығарды. Айсұлтан жазбаларымен көптеген Қазақстан және Ресей интернет ресурстары, әсіресе «Телеграмм» арналары белсенді түрде бөлісе бастады.

Осыған орай /министр/ Дәурен Абаев жедел түрде өзінің түсінігін берді. Оның айтуы бойынша, Айсұлтанның денсаулығы қорқыныш туғызады. «Есірткіден емделіп жатқан адамның сөзін талқылау этикаға жатпайды», – деді. Тіпті «Айсұлтан біреудің манипуляциясында жүрген адам», – деп соқты министр мырза. Менің пікірім бойынша, Айсұлтан өзінің сөзіне жауап бере алатын ересек адам. Сөйлеген сөзі шын болса, онда оның ол шындықты қандай жағдайда айтқанында не жұмысымыз бар?

Ол мас болып айтты ма, әлде есірткінің әсерінен айтты ма – мәселе онда емес, мәселе – оның сөзінің жаны бар ма, шын ба, өтірік пе? Осы сұрақтар жөнінде Абаев мырза үн қатқан жоқ.

Міне, осы қойылған сұрақтар мен халықта туған күдікке жауап берудің орнына билік Айсұлтанның постарына тосқауыл қойып, ақпараттың әрі қарай тарамауы үшін, интернетті бұғаттады. Осы жаңалықты талдай отырып, бірнеше ой түйіндерін жасауға болады:

Бірінші, билік интернетті бұғаттайтынын ашық мойындады. Екінші, интернетті бұғаттау – Тоқаевтың бұйрығы емес, өйткені соншама халықаралық қауымдастық алдында өз-өзін жерге қаратпайды ғой. Үшінші, интернетті бұғаттаған «кітапханашы» да емес, әйтпесе ол Тоқаевтың «қойыңдар-ей» деген сөзіне елеңдемес еді ғой. Төртінші, бұғаттаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті де емес, өйткені Мәсімов бұрынғы президенттен басқа ешкімді тыңдамайды. Бесінші, сонда күдікті тек қана ақпарат министрі болып тұр. Егер оның Дариғаға жақын екенін ескерсек, онда басқа нұсқа болмай тұр…

Өткен аптаның екінші маңызды жаңалығы – үкімет ұсынған «Митинглер жөніндегі заңның» жаңа нұсқасы. Осы заңның жаңа нұсқасын түсіндіріп, қоғам белсенділерінің пікірін жинау үшін, министр Абаев Алматыға келді. Қоғам белсенділерімен кездесу барысында жаңа заңның қоғамға мүлдем келмейтіні, ұсынылған нұсқаның кемшіліктері мен олқылықтары әбден көрінді. Мен бұл жерде жаңа нұсқаның кемшіліктерін талдамаймын. Өйткені оның дұрысынан гөрі, бұрысы әлдеқайда көп. Үкіметттің ұсынысы халықтың мүддесін мүлде ескермей, тек қана биліктің қамын көздейді. Менің ойымша, «Минингілер заңының» жаңа нұсқасы Қ.-Ж. Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім комиссиясында сөйлеген сөзіне қарама-қайшы келеді. Бұл – Тоқаевтың саясаты мен көзқарасына деген тікелей саботаж. Осыған келіспей, ҰҚСК мүшесі, белгілі баспагер, қоғам қайраткері Бахытжан Бұқарбай осы ұйымнан шығатынын жариялады.

Міне, ағайын, өзіңіз көріп отырғандай, қазіргі таңда билікте тағы бір күш пайда болып отыр. Ол – биліктегі бюрократия мен өз ойындарын ойнап жүрген, өзгеріске қарсы жүрген шенеуніктер. Бұл күш – биліктегі ең алпауыт күш. Елдегі болып жатқан үдерістермен шаруасы жоқ, қоғам ауруына жаны ашымайтын, жоғарыдан берілген тапсырмаларды орындамайтын, тек қана өз мүдделері мен өз тыныштықтарын ойлап жүрген күш. Жоғарыдағылардың елде болып жатқан жағдайларға қатысты жауапкершілігін айтып жатқан жоқпын. Әрине, біріншіден, барлық жағдайға басшы жауапты. Бірақ күнделікті істердің жүрмеуіне ортада жүрген бюрократтар жауапты дегім келеді. Бұл күшке тек қана қоғам бірігуі арқылы төтеп бере алады. Тоқаевтың айтқан, берген уәделерін істеткізуіміз керек. Барлығымыз, әр адам өзі орнында бар күшімізді салып, биліктен саяси реформаларды талап етуіміз керек. Саяси реформасыз біздің ертеңіміз жоқ!

Ал енді сенбі күнгі митингілерге келсек, бір күнде екі митинг өтті. Біріншісі – Жанболат Мамай мен Қазақстан демократиялық партиясы ұйымдастырған митинг сағат 11-де өтті. Бірақ бұл митингіге көп адам келген жоқ, 70-тей адам қамауға алынды. Аздан соң, сағат 14.00-де Мұхтар Әбілязов жариялаған митинг өтуі керек еді. Бірақ билік ол митингіге жол бермеді. Барлық жиналған немесе алаңға бет бұрған адамдарды олардың құқықтарына қарамастан, күштеп, жол жиегінде тұрған автобустарға тығып, алаңнан әкетіп жатты.

Жалпы, алаңға жақын орналасқан көшелердегі полиция саны митингіге келушілерден әлдеқайда артық болды. Қаланың орталық көшелерін полиция қызметкерлері қоршап, ішіне адам кіргізбей қойды. Қаланың орталығында интернет мүлде өшірілді, тек қана ұялы байланыс жұмыс істеді. Биліктің осы митингілермен күресу жолдарына қарағанда, билік халықтың жанайқайын тыңдауға және өзгеріс жасауға дайын емес. Бұл – өте өкінішті жағдай. Халықтың наразылығы ешқайда кетпейді, ашуы жиналып, бір күні осы әділетсіздіктің зардабын шегеміз.

Ең соңында айтарым – үкімет жиналысы барысында Қазақстан экология және геология министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда алдағы он-он бес жылдың ішінде пайдалы қазбалар ресурстарының таусылатыны жөнінде мәлімет берді.

Бұл мәлімет нені болжайды? Біріншіден, Қазақстандағы көптеген пайдалы қазба байлықтарын өндіретін кен орындары мен оның жанында орналасқан кіші қалалар құлдырайды деген сөз. Екіншіден, 10-15 жылдың ішінде дереу шаралар жасамасақ, онда біздің экономикамыз да сол кіші қалалардың тағдырын қайталайды. Үшіншіден, Қазақстанда қазба байлықтарға қатысы жоқ экономиканы жедел түрде дамытпасақ, онда біз Тәуелсіз ел болудан қаламыз. Отыз жыл бойы қазба байлықтардың арқасында құтырып, қаражатты олай да, былай шашып, енді тойдың аяғына жақындап қалдық. Соны ескерейік! Уақыт бізге қарсы. Неғұрлым бір орында көп тұрып қалсақ, келешегіміз, Тәуелсіздігіміздің жарық күні бұлыңғырланып, көз көрмес қараңғы түнге айналуы мүмкін.

Comments без купюр

Бибігүл Төлеубаева:

  • Осылай талқылап, қыр-сырын біліп, айтылған ақпаратқа рахмет! Неге бізде осындай адамдар басшылықта отырмасқа?!

Еркен Танкибаев:

  • Өте маңызды жаңалықтар айтылды! Марғұлан аға, қазба байлығымыз таусылатын болса, барар жеріміз бен басатын тауларымыз қалмайтын шығар… Мынау тойымсыз билік көршілерге алақанымызды жайдырып қоятын түрі бар ғой…

Казах в Корее:

  • Наша власть в лице Абаева (не говоря уже о Токаеве и Назарбаеве) и полицейских, как и любая авторитарная власть, уважает только сопоставимую себе силу! Как только митингующих станет столько же, сколько полицейских на площади, власть сразу станет вменяемой и слышащей! 

Как раз через 10-15 лет наступает время платить по зарубежным кредитам, недров (как говорит министр) тогда уже не будет, остаются Нацфонд ($80 млрд, если не ошибаюсь), а долгов у нас $158 млрд! Будут ли тогда находиться в стране Назарбаев (или назарбаевы), Токаев, Абаев и Касымов с Масимовым?! 

Мәтіннің газеттік үлгісін дайындаған –

Айсұлу ОСПАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн