Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ: Ескі сайлау жүйесімен «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС

Газеттің тұрақты «ДАТ!» айдарының бүгінгі қонағы – Қазақстанға ерекше еңбегі сіңген зейнеткер, қоғам зерттеушісі Мақсұт Қалыбаев ағамыз. Мақаң өзінің егде тартқан жасы мен анда-санда сыр берер сырқатына қарамай, әлі күнге қоғам үшін, халқының болашағы жолында «күйіп-пісіп» жүретін өте белсенді азамат. Төменгі сұхбатта оның Қазақстандағы сайлауларда дауыс беру жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсынысы сөз болады.

– Мақсұт аға, сізді сайлауда дауыс беру технологиясы турасында көп жылдан бері билікке ұсыныс айтып жүрген қарт сайлаушылардың бірі ретінде білеміз. Дегенмен, алдағы сайлауда мәжілістің 30 пайызы бір мандатты округтардан сайланатынын ескерсек, билік тарапынан дауыс беру қорытындыларын қатаң бақылауға алу, биліктің үміткерлерін өткізуге күш салу әрекеті болады деп ойлайсыз ба?

Менің ойымша, парламенттік сайлауда 30 пайыздық мажоритарлық жүйе біздің ел үшін аздық қылады. Келесі сайлауда 50 пайыздық аралас жүйе қолданылуы керек деп ойлаймын.

Екіншіден, біздің биліктің сайлаудағы осы уақытқа дейін қолданып келген технологиясы да, сайлаушылардың дауыс беру процедурасындағы бюллетеньдерді санау тәсілдері де өзгермегендіктен, бұрынғы жымысқы әрекеттер жалғаса беруі мүмкін. Баршаға мәлім, елімізде 30 жыл билік құрған  экс-президент Назарбаевтың қалыптастырған сайлау технологиясында ОСК-ның төрағасынан бастап, оның құрамындағы мүшелеріне дейін президент өз жарлығымен тағайындайтыны және өңірлердегі огругтік, учаскелік сайлау комиссияларын жасақтау да жергілікті әкімдердің құзырында болады. Сол жүйені бүгінгі тоқаевтық «Жаңа Қазақстан» да қолданады.

Одан кейін, сайлауда дауыс беру процесін ұйымдастыру мәселесі де  кеңестер дәуірінен ілесіп келе жатқан зұлым Сталин айтқандай: «Мәселе сайлауда кімдердің кімге қанша дауыс бергенінде емес, мәселе сол дауысты қалай санауда», – деген тәсілі қолданыстан түскен жоқ. Мұндай жағдайда біздің қоғамда әділ сайлау өтеді деп үміттенуге бола ма? Ал биліктің мұндай қылмысқа пара-пар әрекетіне қарсы біздің қоғамда саяси оппозициялық партиялар, қоғамдық бірлестіктер, тәуелсіз бақылаушылар және журналистер мен елдің белсенді азаматтары алысып келе жатқанына да 33 жыл болды. Оның нәтижесі болды ма? Бұл мәселе жөнінде қарапайым сайлаушы кімге шағымданады? Бізде тәуелсіз сот жүйесі де жоқ.

Оған қоса, шетелден ресми келіп, біздегі сайлаудың сиқына бақылау жасаған ЕҚЫҰ (ОБСЕ) өкілдері де Қазақстанда өткізілген сайлаудың бірде-бірі әділ және таза өтпеді деп талай рет мәлімдеме жасамап па еді? Сондықтан бұл жолғы сайлауда да Ақорданың ұстанымы 180 градусқа өзгереді деп ойламаймын.

Біздегі сайлауда қолданылып келе жатқан мұндай технология авторитарлық жүйе көсемдерінің биліктегі өмірін ұзарта берудің кепілі. Олар қолдарындағы әкімшілік, идеологиялық, ақпараттық, қаржылық, құқықтық, күштік, т.б. ресурстарын пайдаланып, халықты алдап-арбап, қара тобыр есебінде құл қылып ұстап келеді. Мұндай жағдайда Конституция да халыққа қызмет қылмайды.

– Әйтсе де, бұл сайлауда мажоритарлық мандатқа таласатын үміткерлер тарапынан дауыс беру процесін бақылау күшті болатынын ескерсек, биліктің көпе-көрнеу заң бұзушылыққа баруы оңай болмас?

– Негізі, егер миы болса, басқа аймақтарды қайдам, Алматыдағы үш округтегі сайлауға биліктің араласпағаны абзал болады. Әдетте сайлау мәселесіне өте белсенді қатысатын алматылық бақылаушылар қаладағы барлық сайлау учаскелерін бақылаушылармен жауып тастайтын болса, билік үшін тынышы – осы үш округтегі дауыс беруге араласпағаны жөн болады. Ертең Алматыда шу шығатын болса, бүкіл Қазақстандағы сайлау нәтижесіне кесірі тиеді.

– Дегенмен, қалай болғанда да, Алматыдағы үш округтің әрқайсысынан 60-қа жуық үміткер сайлауға түсіп жатқаны қоғамда бір өзгерістің басталғанын білдірмей ме?   

– Иә, өзіңіз айтып отырған мажоритарлық мандатқа бір ғана Алматының сайлау округтерінде бір орынға 60-тың төңірегінде үміткер құжаттарын тапсырыпты. Сөз жоқ, бұл жақсы өзгерістің нышаны. Бірақ осы құптарлық жағдай ма?

– Неге құптарлық болмасын? Назарбаевтық сірескен режимнің тоңы жіби бастағанының белгісі емес пе? Бұрындары мұндай белсенділік болмаған еді ғой?

– Сол 30 пайыздың құрығанда 10 пайыз мандатын тәуелсіз депутаттар алса, құба-құп қой. Бірақ билік жеке мандатты округтарға да «Аманат» партиясы мен бизнес өкілдерінен өз адамдарын тықпалап жатыр. Оның үстіне депутаттардың негізгі корпусын құрайтын партиялық сайлау жүйесінде бірде-бір тәуелсіз партия жоқ екенін ескерейік.

Бізде өз бетінше саяси партия құрамын деген азаматтар өзінің саяси белсенділігімен өндірістің әр саласында іскерлік танытқан, халықтың рухани, әлеуметтік жағдайына қорғаныш болып, ана тіліміз бен діліміздің мүшкіл жағдайына жанашырлық танытып жүрген азаматтарды Ақорда билігі өздеріне бәсекелес ретінде көріп, оларды Әділет министрлігінен тіркетпейді де, саяси алаңға жолатпайтынын да көріп отырмыз.

Менің бұл сұраққа байланысты айтпағым: осы жолғы партиялық тізіммен сайлауға жіберген 7 партияның ішінде тіркеуден өткізілмей жүрген Болат Әбіловтің, Жасарал Қуанышәлин мен Жанболат Мамайдың партиялары жоқ. Олардың кінәсі – халықтың жоғын жоқтап, билікке шындықты айтқанынан ба?

Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев парламент сенатының отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекеттерге рұқсат беріледі. Дегенмен,  бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек» дегеніне қарамастан, неге мәжілістен  партиялық тізімге  69 орын беріледі? Ал мажоритарлық жүйеге 29-ақ орын бөліп, тамам жұртты таластырып қояды. Бұл жерде сандық пропорция 70/30 емес, 50/50 болса, халықтың сайлауға деген ынта-жігері бөлінбес еді ғой. Және сол 7 партияның ішінде  «Аманатқа» (бұрынғы «Нұр Отан») бұрынғыша басымдық беріліп, олар мандаттың 75% ие болмақшы. Әрине, олардың барлық өңірлердегі  250 филиалдарында  4 мыңға жуық бастауыш ұйымдары бар. Ал басқа партиялардың филиалдары бәрі жиналғанда 18–20 ғана. Үгіт-насихат айында саяси технологияның басымдығы қай жағында болатыны айтпаса да түсінікті.

Осындай форматта құрылып жатқан парламентте кімдердің үстемдік құрып, кімдердің өктемдігі жүріп тұратыны белгілі.  Бүгінде парламенттік партия саналатын «Аманат», «Ақ жол» және «Халықтық» деп аталатын партияның үшеуіне келетін болсақ, бұлардың 2004–2020 жж. аралығында бюджеттен алған қаржысы 54,5 млрд теңге. Соның ішінде «Нұр Отандікі» – 7,8 млрд, «Ақ жолдыкі» – 3,8 млрд, ал «халықшылдардікі» – 3,7 млрд теңге. Олардың филиалдарында жұмыс істеп отырған 1200 қызметкердің жалақысы 10,6 млрд теңге. Ал еліміздегі 12 млн-ға жуық сайлаушылардың бұл партияның құрамындағы саны 1,5 млн-нан аспайды.

Сонда Қазақстанда партиядан тыс қалған 10 млн-нан астам сайлаушылардың құқығы қайда қалған? Олардың ерік-жігері сайлау мен сайланудан неге тыс қалуы тиіс? Мұндай парламенттік сайлаудың парқын сайлаудан тыс қалған халық мойындай ма? Сонда біздегі өкілеттік билікте отыратын депутаттарымыз бір жағы биліктікі (көпшілігі), бір жағы халықтыкі (азшылығы) болып, өзінен-өзі екіге бөлініп тұрған жоқ па? Бұлар қайтіп Қазақстанды жаңартпақшы? Тоқаев мырзаның «халықты біріктіретін» қағидасы қайда қалды?

– Сіздің сөзіңіздің жөні бар…

– Жөні ғана емес, жаны бар сөз! Ұлттық және мемлекеттік мүдде жолында халықтың біртұтас бірігуі сөзбен емес, нақты іспен жүзеге асуы тиіс еді. Оның үстіне сайлауда дауыс беру кезінде бұл билік халықты «бюджетниктер» және «басқалар» деп, тағы да екіге жарады. Ал дауыс берген сайлаушылар өзінің бюллетені кімнің есебіне жазылғаны анықталмайтын тағы бір былық болайын деп тұр.

– Ал сіз ұсынып жүрген бюллетень үлгісі әр сайлаушының қай үміткерге дауыс бергенін қалай қамтамасыз етуі мүмкін?

– Бұл сұрақтың жауабы – егер біздің елдегі сайлау технологиясына мен ойлап тапқан сайлауда дауыс беру тәсілі қолданылатын болса, халықтың ризашылығына кенелер еді. Біздің қоғамда осы уақытқа дейін пайдаланып келген сайлау бюллетеньдердегі сайлаушының өз таңдауына берген дауысын өзгерте салу оп-оңай. Басты кемшілік осында. Әр сайлаушы өзі берген дауыстың сол қалпында сақталғанына көз жеткізе алмайды. Ол тіпті мүмкін де емес. Бюллетень урнаға тасталғаннан кейін – бітті. Әрі қарай комиссиядағылар қалай санаймын десе, өз еркінде. Бақылаушыларды оның қасына жолатпайды. Егер сайлаушы мен оның қолында болған бюллетеньнің кері байланысы болатын амалы болса, онда дауыстың бұрмаланғаны-бұрмаланбағанын өзі тексеріп, өзі дәлелдей алатын болуы керек.  Осыдан кейін дауыс беру процесін жетілдіру қажеттілігі өзінен-өзі көрініп тұр.

– Ал сіздің нұсқаңыздағы «кері байланыс» қалай қамтамасыз етілуі мүмкін?

– Алдымызда болатын мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына дайындалып жатқан дауыс беру бюллетеньдерін лотерея билеттері тәрізді сериялап, көп санды нөмірмен шығару қажет (үлгі фотокөшірмеге қараңыз). Серия сайлау округі мен учаскелерінің атауларына қарап, алғашқы бір-екі бас әріптермен облыс атаулары белгіленсе, рим цифрымен сайлау округтері белгіленеді. Ал бюллетеньдегі нөмір әр сайлау учаскесінде сайлаушылардың санына жететін етіп мыңдық, он мыңдық цифрлармен жазылады.

Сайлау күні дауыс беруге келген сайлаушы сайлау комиссиясына өз төлқұжатын көрсетіп, белгі соқтырғаннан кейін, үстел үстіне жазуы астына қарап жатқан бюллетеньдердің біреуін алып, шымылдық ішіне кірген соң, өзінің таңдауын немесе қарсылығын жасайды да, бюллетень сериясының нөмірін жазып алады, ал оның келесі бетіне өзінің қалаған бір белгісін салып жібереді. Содан кейін дауыс беру жәшігіне апарып салады. Осыдан кейін сайлаушы өз бюллетенінің ізін жоғалтпайды. Сол арқылы берген дауысын бұрмалауға да жол берілмейді.

– Ал әрбір сайлаушы өзі белгі салған бюллетенін қалай тексере алады? Бізде сайлаушылар тексеру түгілі, дауыс беруге бармайтынын білесіз…

– Сайлау уақыты біткеннен кейін, сайлау комиссиясы әр партияның өкілетті бақылаушыларының қатысуымен дауыс беруге қатыспаған бюллетень нөмірлері мен жалпы есеп санын көрсетіп, хаттамаға түсіреді. Және сол жерде бюллетенінің шетін қиып, макулатураға өткізетін жәшіктерге жібереді. Бұдан кейін дауыс берген жәшікті сол бақылаушылардың көзінше ашып, дауысқа қатысқан бюллетеньді әрбір кандидаттардың үлесіне түскен нөмірлерін көрсетіп, кімдердің қанша дауысқа ие болғанын хаттамаға түсіреді.

Одан әрі учаске – округтік комиссияға, ал олар ОСК-ға арнайы поштамен жібереді. Және де Орталық округтік сайлау комиссияларының электрондық пошталарына енгізеді. Немесе компьютер жетімсіз жерлерде жергілікті газеттердің бетінде дауысқа түскен бюллетеньдер нөмірі жарияланады.

Жақсы, сайлаушы дауыс берген кезде өзінің бюллетеніне жасырын белгі соқты делік, бірақ сол дауыс өзі қалаған кандидаттың есебіне жазылғанын қалай тексереміз? Сайлау комиссиялары кейіннен белгі соғылған бюллетеньді сайлаушыға көрсетпейді ғой?

– Жоғарыда айтылғандай, сайлау қорытындылары жарияланған мағлұматтар арқылы сайлаушы кешегі өзі дауыс берген бюллетеньдегі нөмірін өзі таңдаған кандидаттарының үлесіне жазылғанына көзін жеткізеді. Егер өзі дауыс берген бюллетень нөмірі басқа кандидатқа жазылып кеткен болса, сотқа шағымдануына әбден болады. Және сот алдында өзі дауыс берген бюллетеньге салған белгісін көрсетсе (таңба ретінде немесе туған күні цифры ретінде), толық дәлелдей алады. Осылайша сайлаудан кейін әр сайлау учаскесінен сот органдарына наразылық, шағым ондап, жүздеп түсіп жатса, биліктің сайлау процесіне қол сұғуына тыйым салынады.

– Сіздің осындай үлгідегі бюллетеньмен дауыс беру жөніндегі ұсынысыңызды бүгінгі биліктің қолдауы неғайбыл. Себебі, біріншіден, билік өзіне-өзі «көр қазбайды». Екіншіден, әр бюллетеньді жеке-жеке нөмірлеу қосымша қаржылық шығынды қажет етпей ме?

– Дұрыс айтасыз, біздегі тақ үстінде үрейде отырған билік менің бұл бастамамнан өлердей қорқады. 1998 жылдан бері бұған жол бермей келеді. Менің сол жылы президент атына жіберген ашық хатыма жауап та болмады. Бірақ парламент мәжілісіне ОСК-дан жауап алдым. Мәжілістің №5-15 /1345  09.04.1998 ж. жауабында бұл мәселе парламент мәжілісі депутаттарының назарына ұсынылып, осы заң жобасын талқылау барысында ескеретін боламыз деген еді. Ал ОСК №15-6/192  09.04.1998 ж. жауабында – сайлау барысында бюллетеньдерге серия қою және нөмірлеу дауыс берудің жасырын өтуін бұзады және сайлау учаскелеріне белгіленген мөлшермен серия және нөмір қойылған бюллетеньдер жіберу сайлаушыларға күдік тудыруы мүмкін делінген.

Сонда дауыс берудің жасырын өтуі қайтіп бұзылады? Бюллетеньдерді нөмірлеу сайлаушыларға қандай күдік тудыруы мүмкін? Әлемде таралып жатқан лотерея билеттері сол нөмірлер арқылы миллиондаған, миллиардтаған ұтыс ақшалары мен заттарды да ұтыс шыққан лотерея билетінің иесіне құпиялығын сақтап та, ешқандай күдіксіз тапсырып жатқан жоқ па!

1999 жылы 10 қаңтарда өткен президенттік сайлауда менің осы ұсыныстарымнан құлағдар болған сайлаушылардың да президент Назарбаевқа қарсы дауыс бергендердің саны көп болатын. Тек сол жылы ғана оның жеңісін 79,7 % деп жариялады. Және сол жылы сайлауға жұмсалған қаржы 200 млрд теңгеге жеткен еді. Одан кейін Назарбаев 2005 жылы – 91,5%, 2011 – 95, 5% , 2015 – 97, 7% дауыспен «жеңіске» жеткен болатын.

Тоқаев мырза да ел билігіне келгелі, осымен төртінші рет сайлау өткізейін деп отыр. 19.03.2019 ж. президент сайлауына 9,4 млрд теңге, 05.06.2022 ж. референдумда 16 млрд, 10.11.2022 ж. кезектен тыс президент сайлауына 20,5 млрд, енді алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауына 34 млрд. теңге бөлінген екен. Бұның бәрі бюджеттен 79,5 млрд жұтайын деп отыр. Осынша қыруар қаржы қандай есеппен бөлінеді және ол қалай, қай қажеттіліктерге жұмсалады?

Еліміздегі қалалардың электр, жылу жүйелері 80–90%  тозығы жетіп, техногендік апаттарға ұшырап жатқанда, халықтың тұрмыс-тіршілігі күнбе-күн қиындап, азық-түлік пен басқа да тұтыну тауарлары қымбаттап жатыр, елді мекендерде 90%-ы таза ауыз суға жарымай, қымбатшылықтың қыспағында жүр, тіпті 285 елді мекенде электр жарығы, 715-інде білім ордасы, 6290-да медициналық қызмет те жоқ.

Ал мен ұсынып отырған бюллетеньдерге №  қою тәртібі ешқандай қосымша  шығын келтірмейді. Керісінше, ол бюллетень белгілі бір мерзімге шейін (келесі сайлауға дейін) құнды қағаздың сипатына еніп, сайлаушы пайдаланған құжат ретінде сақталады.

– Қазақстандық авторитаризм жағдайында сіздің ұсынысыңыз утопия болмай ма?

– Егер таза және ашық сайлауға биліктің шынайы ықыласы болғанда, бұл ешқандай да утопия емес. Алдағы сайлауда осы ұсыныстарым қолданысқа енсе, халық өзін-өзі басқаруды, мемлекеттік органдар мен жергілікті биліктің тізгінін өз қолдарына алатын болады. Алдағы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында осы тәсілмен дауыс беруді Қазақстан Республикасы үкіметінен талап етейік.

Бұл сайлау тәсілі Қазақстан авторлар қоғамының Алматы қаласындағы бөлімшесінде 2000 жылғы 6 желтоқсанда №19 куәлігімен зияткерлік меншік ретінде тіркелген.

– Мақсұт аға, түптеп келгенде, сіз үшін әділ сайлау деген не?

– Негізі, әділ және таза сайлаудың өтуі Тоқаев мырзаның «Жаңа Қазақстан» идеясына сай болуы керек. Президенттің алдағы 7 жылдық құзырлы мерзімі арасында елімізде Назарбаев құрған феодалды-тоталитарлық жүйені түбегейлі өзгертіп, жаңа Конституция қабылдау қажет. Назарбаевтың отбасы, жақындары мен сыбайластарының халықтан ұрлап, шетелдерге тыққан 340 млрд доллар қаржысы мен басқа да жылжымайтын мүліктерін халыққа қайтару керек.

Барлық стратегиялық маңызы бар жер асты, жер үсті кен байлықтарымен қосып, өндіріс орындарын, ауыл шаруашылық кешендері мен инфрақұрылым, логистикалық нысандардың 85 %-ы (Қытайда 94 %) мемлекеттің меншігіне қайтарылуы тиіс. Бұған халық қана емес, Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған бүкіл билік мүдделі болған жағдайда, расында да, біз «Жаңа Қазақстан» құра аламыз! 

Жазып алған Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн