Пятница , 18 апреля 2025

Мейіржан Темірбек: ТҰРМЫСЫ БИЛІККЕ ТӘУЕЛДІ мұғалімнің мәртебесі сақталмайды

Жуықта ҚР Білім және Ғылым министрлігінде «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Үкімет парламенттің талқылауына ұсынатын бұл заң жобасы мұғалімдер талабына сай ма? Оның ұтымды тұсы мен олқылықтары қандай? Ең бастысы – ұрпағына білім беретін мұғалім мәртебесінің сақталуына қоғам қаншалықты мүдделі? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде біздің тілшіміз «Мұғалім мәртебесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбекпен тілдескен еді.

Оқырманға анықтама үшін айта кетейік, Мейіржан мырза – ШҚО Тарбағатай ауданы Ақмектеп орта мектебінің мұғалімі. Мектепте оқушыларға сабақ бере жүріп, ара-тұра кезекпен қой жаятын (суретті қараңыз), ала жаздай малына жем-шөп дайындап, ошарлы отбасын асырайтын ауылдың қарапайым тұрғыны.

– Мейіржан мырза, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның жобасы жасалып, талқылауға ұсынылды деген сөз бар. Бұл жобаны кімдер және қандай БАҚ арқылы талқылап жатыр? Әлеуметтік маңызы жоғары заң жобасын талқылаудан қоғам хабарсыз жатқан жоқ па?

Жалпы, бұл заңды қабылдау туралы ұсынысты өткен жылғы өзінің халыққа жолдауында ел президенті айтқаны мәлім. Оның басты мақсаты – кәсіптік қызметімен байланысы жоқ жұмыстардан мұғалімдерді арашалау, педагогтардың қоғамдық мәртебесін көтеру еді. Иә, заңның жобасы жасалып, ашық үкімет порталына ілініпті. Бірақ бұл портал барлық мұғалімдерге қолжетімді болмай тұр, оған кірудің өзіндік техникалық талаптары бар. Әсіресе ауылды жерлердегі интернет желісінің кенделігінен мұғалімдер ашық үкімет порталына кіре алмайды.

– Ал қазақтың тең жартысы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, ауыл мұғалімдері өздеріне қатысты жобаның жағдайынан мақұрым қалмай ма?

– «Қазақ» демекші, біз алғашқыда заңның орыс тіліндегі нұсқасын алдық. Яғни, жоба алдымен орыс тілінде дайындалған болуы керек. Тағы да сол БАҚ арқылы жоба негізінен Астана мен Алматыда өткен жиындарда талқыланғаны туралы, оған 78 адамнан тұратын комиссия қатысқанын естідік. Бізден – мұғалімдердің қоғамдық өкілдерінен 3-4 адамды комиссия құрамына кіргізер ме екен деген ойымыз болған. Комиссия құрамы 78 адамнан тұрғанмен, оның құрамымен таныс емеспіз. Ақыр соңында өзіміз «Фейсбук» пен «Уатсап» әлеуметтік желілері арқылы заң жобасын таратып, қоғамдық талқылау ұйымдастырдық. Жобаға байланысты ұсыныстар «Білімді ел» газетінде және интернет ресурстарда шығып жатыр. Комиссияның жұмысына Білім кәсіподағының қатысқанынан хабарымыз бар.

– Мұғалім мәртебесі деген мәселе тек мұғалімге ғана емес, ол негізінен ата-аналардан құралатын бүкіл қоғамға қатысты мәселе болғандықтан, ол заңның жобасын жалпы көпшілік болып талқылау қажет емес пе еді?

– Дұрыс айтасыз! Ұрпақ тәрбиесі бүкіл Қазақстан халқына ортақ дүние. Өйткені келешек ұрпағымыз бен болашағымыздың тәрбиесі алаңсыз болуы үшін, мұғалімнің жағдайы жақсы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әзірге, өкінішке орай, жобаны талқылауға қызығушылық танытып жатқан тек қана ұстаздар қауымы: ЖОО, мектеп, колледж ұстаздары мен тәрбиешілер. Астана қаласының ата-аналар комитетінің төрайымы да ұстаздарды қолдайтынын, заңның сапалы шығуына үлестерін қосатынын айтып өтті. Айтпақшы, бұл заң жобасына 10 қаңтар күні Білім және ғылым министрлігінде таныстыру жасалды. Бірақ оның құрамында ата-аналар бар ма, жоқ па – бізге беймәлім.

– Сізді мұғалімдер қауымына қатысты қоғамдық бірлестіктің жетекшісі ретінде бұл заңның жобасын талқылауға шақырды ма?

– Бәлкім, біздің «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігі туралы министрліктегілер білмейтін де шығар. Біз заңды тіркеуден өтіп, жұмыс жасауға көшкенімізге 2 жылдан асты. Оның алдында жастардың мүдделерін қорғап келген жастар ұйымында жұмыс атқардым. Республика көлемінде белсенді мүшелеріміз бар. Біз заң жобасын тек әлеуметтік желіде талқылаумен шектеліп қана отырмыз. БжҒМ-де жұмыс жасауға бюрократиялық кедергілер көп.

Комиссия құрылып жатқанда, 7-8 мұғалімді заң жобасын талқылауға ұсынып, «Фейсбукте» жазбалар жариялағанбыз. Бірақ, өкінішке орай, министрлік белсенді ұстаздарды ол комиссияға кіргізуді қаламаған сияқты. Біз осы қоғамдық бірлестіктің газеті атынан БжҒМ баспасөз орталығына хат жолдағанбыз. Бірақ ол жауапсыз қалды. Қоңырау шалып, хатымызды алдыңыздар ма деп сұрағанымызда, алмағандарын айтты. Сол жерде қоңырау шала отырып, хатты қайтадан жібердік. Әзірге ешбір нәтиже жоқ. Мектептерді цифрландыруға ұмтылып жатқан БжҒМ өзінің «цифрланбай» отырғаны көңілге қонымды болмады.

– Ал елдегі мыңдаған мұғалімдер қауымынан комиссияға түсіп жатқан ұсыныстардың талқылану және қабылдану жағы қалай болып жатқанынан хабарыңыз бар ма?

– Ол жағынан хабарымыз жоқ. Әзірге байланыс бір жақты ғана болып тұр. Біздің тарапымыздан жолданған ұсыныстар сөз жүзінде қалатын сияқты. 12 қаңтар күні «Мұғалім мәртебесі» бірлестігінің ұйымдастыруымен республика көлемінде «Ютуб» желісінде тікелей эфирде қоғамдық талқылау өткіздік. Бірақ БжҒМ-мен байланысқа шығуға мүмкіндік болмады.

Заң жобасын дайындауға БжҒМ-ның Орта білім департаменті «ерекше» атсалысып жүр деген соң, телефон арқылы байланысқа шықтым. Орта білім департаменті директорының міндетін атқарушы тағы бір кісіге сілтеді. Заң жобасы дайын бола тұра, ол кісі вице-министрдің келісімінсіз байланысқа шыға алмайтынын айтты.

Біз тікелей эфирде телефон арқылы республика көлемінде бірнеше ұстаздарға ойларын айтуға, сауалдарын қойып, жауап іздеуге тырысып көрдік. Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова бірқатар сұрақтарға жауап берді. Туындаған сұрақтар болса, хат жолдап жіберуді сұрады. Астана қаласы ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлнар Омарова апайымыз талқылау барысында өзі бізді тауып алып, байланысқа шығып, өзінің жеке пікірін білдірді. БжҒМ «Ютуб» желісінде тікелей эфирді бақылап, біраз сұрақтарға жауап беріп отырды. Дегенмен жобада біздің түсінбейтін жерлер әлі де көп…

– Жалпы, сіз бұл заңның жобасын көрдіңіз бе, оқыдыңыз ба? Жоба туралы қандай ой-пікірлеріңіз бар?

– Айтып өттім ғой: заң жобасының алғашқы нұсқасы орыс тілінде шықты. Тіл сындыруға тура келсе де, талқылап көрдік. Алғашқы жоба өткен жылы 4 желтоқсан күні таныстырылымға шықты. Ұсыныстар бердік. Ашық үкімет порталынан тауып алып, жалпы барлық желіге тараттық.

Заң жобасы жалпы 21 баптан тұрады. Қазақша нұсқасы орысшадан ауыр аударылған. Бірнеше рет оқып, түсініп, кейде мүлде түсінбеген кездеріміз де болды.

Мысалы, педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты 6-бапта: «1. Педагогтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге құқығы бар. 2. Педагогқа ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беріледі» деп жазылған. Осыдан сіз не түсінесіз? Бірінші пунктте педагог өзін-өзі құрметтей ме? Екіншісінде – кепілдікті кім береді? Мемлекет пе? Әкімдік пе? Түсініксіз.

Ал 17-бапта «Педагогтың жауапкершілігі» бөлімінде: «4. Педагогтың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілік шарасы туралы шешім қабылдау кезінде білім беру ұйымының басшысы білім беру ұйымының Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынымдарын ескереді» делінген.

Егер бұл бап заңға енгізілетін болса, мектеп директорлары өздеріне ұнамаған мұғалімді, жұмыстан шығарғысы келген мұғалімнің барлығын осы бап арқылы қысымға алулары әбден мүмкін. Біз мектеп директорлары мен білім беру бөлімінің басшыларына сенбейміз! Олар Әдеп жөніндегі кеңестің өздеріне икемді адамдардан құрып қоймасына кім кепіл? Қандай да бір мұғалімнің басында даулы мәселе туындаса, ол жағдай сот арқылы шешілгені дұрыс. Мектеп директорлары, білім беру бөлімінің басшылары заңгер емес. Егер олар заңды жақсы білсе, «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның туындауына дейін жеткізбес еді.

Біз мұғалімнің тағдырын заң білмейтіндердің қолына тапсыруға қарсымыз! Сондықтан 17-баптың 4-тармағын алып тастауды талап етеміз.

Ең көп резонанс тудырған жағдай – зейнет жасы мен мұғалімдерді өзінің кәсіптік қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға шегу туралы. Зейнет жасын біз 25 жылдық еңбек өтілімен белгілеуді сұраған едік, ал комиссия алғашқыда 35 жыл ұсынды. Ақыры «30 жыл және ЖОО оқыған уақыты өтілдің ішіне кіреді» деп өзгеріс енгізді. Бұл бап осы нұсқада қабылданатын болса, жақсы болар еді.

Жаңа заңның жобасы бойынша, басқа мамандық иелері де «арнайы дайындықтан» өтіп, біліктілігі жөнінде тест тапсырып, мұғалім бола алады. Бұл, әрине, дұрыс емес деп ойлаймын. Мүмкін, педагог мамандар мектептен кетіп, олардың саны азайып бара жатқан соң кіргізілгені шығар…

Ал заң жобасында мұғалімнің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қолғабыс ететіндей жағдайлар көрсетілген бе?

– Сіздің айтуыңыздағы «тұрмыстық қолғабыс» «Мұғалім мәртебесі» деген бап «Білім туралы заңнан» толық алынып, осы заң жобасына әкелінді. (Ол бап «Білім туралы заңнан» алынып тасталады). Бұл жерде астаналақ ұстаздарға көтерме ақы беру де көзделген. Алғаш біз заң жобасын көргенімізде, ол жерде «республикалық деңгейдегі қалалардың мұғалімдері» деп жазылған еді.

Мұғалімдердің наразылығын туғызып отырған мәселе – әр аймақты бөліп-жарып қарау болып тұр. Мысалы, ауылдық жердегі ұстаздарға отын-су алуға бөлінетін көмектің мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді. Ол көмек бір Қазақстанда тұратын мұғалімдерге әр жерде әртүрлі көлемде төленеді. Барлық жерде, барлық аймақта бір тариф болуы керек.

Қазір бұрынғыдай емес, мұғалімдер сауатты, әртүрлі әлеуметтік желіде бірігіп жатыр. Түшкіре қалсаң, барлық Қазақстан ұстаздары естіп отырады. Сондықтан қазіргі қоғамда ештеңені жасыру мүмкін емес екендігін басшылардың ұғатын уақыты болды ғой.

– Бұл заң елде қолданыстағы «Білім туралы заңның» көшірмесі дегенге қандай пікір айтар едіңіз?

– Екі заңды тұтастай салыстырып айта алмаймын. Бірақ жобадағы 51–53-баптар сол «Білім туралы заңнан» көшіріліп, біраз түзетулер жасап алынған.

– Заң жобасы орыс тілінде жасалыпты, талқылауға оның қазақ тіліндегі аудармасы ұсынылыпты деген пікірді растай аласыз ба?

– Иә, растай аламын. Жоба біздің қолымызға орыс тілінде тиді. Алғашында орыс тілінде талқыланыпты. Қазіргі жобаның қазақша аудармасына жоғарыда мысал келтірдім: бір топ мұғалім бірнеше қайталап оқып, түсінбеген жерлеріміз де болды.

– Ал бұл жобада мұғалімдердің салалық кәсіподағының рөлі туралы не айтылады? Ол кәсіподақ тағы да мектеп директоры мен аудан әкімінің қолжаулығы болып кетпей ме?

– Бұл жобада алғашында мұғалім мен басшылық арасында дау туындаса, «мұғалім қай кәсіподақтың мүшесі, солардың да пікірі ескерілуі керек» деген жолдар болған. Соңғы нұсқасында ол жолдарды алып, орнына Әдеп жөніндегі комиссияны кіргізіп қойыпты. Ол комиссия туралы ойымды жоғарыда айттым.

Мен аудан мен облыс кәсіподақтары туралы ештеңе айта алмаймын. Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды: жұмыс істеп отырғандары бар, дегенмен басым көпшілігі жұмыс істемейді. Сондықтан мен кәсіподақ құрамынан шығып кеттім. Республикалық кәсіподақпен біраз жұмыс жасадық. Әйтсе де кәсіподақтардың басшыларының көбі зейнеттегі адамдар.

– Заң жобасында жергілікті биліктің рөлі туралы не айтылады?

– Мұғалімдерге жасалуы тиіс әлеуметтік кепілдіктің басым бөлігін орындау жергілікті билікке берілген, ар жағын өзіңіз салмақтай беріңіз. Әлеуметтік жағдайы жергілікті билікке мүдделі болған мұғалімнің мәртебесі сақталады дегенге үлкен күдігім бар.

Ендеше ауыл мен ауданның әкімі, мектептің директоры тағы да мұғалімнің қожайыны болып, оны бұрынғыдай қолбала қылып алады десеңізші…

– Жергілікті билік мұғалімдердің «әлеуметтік кепілдіктерін» анықтайтын болса, сіздің сұрағыңыздағы күдіктің орны бар деп ойлаймын. Ендігі кезекте жергілікті әкімдер мұғалімдерді осы «әлеуметтік кепілдікпен» тұқыртып ұстайтын сияқты ғой…

Дегенмен, педагогтарды өз қызметімен байланысы жоқ жұмысқа жегу «Әкімшілік құқықты бұзушылық туралы» заңмен реттелуі тиіс деп үміттенем. Ол үшін мұғалімдердің өздері де бұл заңды жақсы білулері тиіс. Мысалы, осы заңның 409-бабына мынадай өзгеріс қоспақ:

«Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу

1-1. Педагогтың ар-намысы мен абыройын қорлау – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

1-2. Педагогты өзінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тарту – лауазымды тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

1-3. Педагогтың кәсіптік қызметіне негізсіз араласу немесе педагогтың кәсіптік қызметіне кедергі келтіру – ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

1-4. Педагогтан Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделмеген есептіліктің не ақпараттың қандай да бір нысандарын ұсынуды талап ету – лауазымды тұлғаларға ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

1-5. Педагогқа жеке қаражаты есебінен оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету үшін қандай да бір бағалы тауар-материал алу міндетін жүктеу – лауазымды тұлғаларға ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».

Бұл әзірге жоба ғана. Үкімет бұл талапты заңға енгізе ме, депутаттар оны қабылдай ма – бұл әлі белгісіз. Бірақ мұғалімдер қауымы осы талаптарды «Әкімшілік құқықты бұзушылық туралы» заңға енгізуге күш салулары керек. Оған бүкіл қоғам мүдделі болуы тиіс деп ойлаймын.

– Сонымен бірге мұғалімдердің мәртебесін қорғауға мектеп директорлары да тікелей мүдделі болуы тиіс қой?

– Міндетті түрде! Бірақ бұл арада мұғалім – директор – мұғалім қатынасында да күрмеуі шешілмеген сұрақтар бар. Негізі, мектеп директорлары ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығы бойынша тағайындалады. Дегенмен мектеп директорларын 5 жылға дейін ғана отырғызып, белгіленген мерзім өткен соң, қайтадан конкурс жариялап, тағайындап отырса, жақсы болар еді. Әйтпесе көп жерлерде директорлық бір орыннан 10 жылдап жылжымағандары бар.

Егер мектеп директорын тағайындау конкурсы мұғалімдердің пікірі негізінде жүргізілетін болса, директорлар ұстаздардың мәртебесін қорғауға жандарын салып кірісер еді. Ал қазіргі жағдайда директордың тағайындалуы аудан әкімінің қас-қабағына байланысты болып тұрған кезде олар мұғалімнің емес, әкімнің мүддесін көбірек ойлайтыны айдан анық жағдай…

Сайып келгенде, заң осы жобаның негізінде қабылданатын болса, ол заң мұғалімдердің мәртебесін қорғай алатын қауқарда болады деп ойлайсыз ба?

– Бұл жерде айта кететін жағдай – тәрбиеші, директор, мұғалім, логопед, психолог, т.б. педагогтарға теңестірілуін көпшілік қалап отыр. Енді қоғамда тағы біраз ашық талқылап, заң жобасын дайындаушылар мен депутаттар халықпен санасатын болса, мұғалімдер өз мәртебелерін қорғай алатынына сенгім келеді…

– Ал бұл заң осы жобада қабылданар болса, оны мұғалімдер қауымы орындата алады деп ойлайсыз ба? Оны орындатудың қандай мүмкіндіктерін айта аласыз?

– Бұл жобаға біраз өзгерістер енгізу керек, орысшадан дұрыс аударылмай қалған жерлері бар. Бір жерде «білім беру ұйымы мұғалімді сабақ процесіне қажетті жағдай жасауға міндетті» десе, енді бір жерінде «педагог қызметкер бұл нәрселерді өзі алуға міндетті» дейді! Мысалы, 7-бап. «Педагогтың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету шарттары:

…3. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, оқыту және тәрбиелеу құралдарымен жарақтандыруды ұйымдастыру білім беру ұйымына жүктеледі; 4. Педагогке өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету үшін қандай да бір тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу міндетін жүктеуге жол берілмейді; 5. Жергілікті атқарушы органдар білім алушыларды дамыту, оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдауға құқылы».

Бұл жерде түсінбей отырғанымыз – білім беру ұйымы ол қажетті жағдайды жасай ала ма? Оған жергілікті бюджеттің шамасы келе ме? Жоқ әлде республикалық бюджеттен бұл салаға арнайы қаржы бөліне ме?

Енді мына бапты қараңыз: «11-бап. Педагогтың кәсіптік қызметтегі академиялық бостандықтары мен құқықтары

ПЕДАГОГ:

…12) өзінің кәсіптік қызметінде ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық, оның ішінде оқыту және тәрбиелеу құралдарымен қамтамасыз етуге» дейді. Бұл жерде жағдайыңды өзің жасап ал деп, педагогқа сілтеп отырған жоқ па?! «Етуге» сөзі» «етілуге» деп ауыстырылуы керек.

Сайып келгенде, қабылданар заңды орындата алу – тікелей мұғалімнің өзіне байланысты. Жергілікті әкім мен құқық қорғау органдарының қысымынан жасқанбай, өзінің мәртебесінің сақталуын талап ете алса, орындатуы мүмкін. Бірақ мектеп директорлары мен әкімдердің ежелгі езгісіне қарсы тұра алатын мұғалімдер өте аз. Бұл арадағы жалпы кінәрат – тұтас саяси жүйенің өзгеруіне байланысты болса керек.

– Сұхбатыңызға рахмет! «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң ұстаздар мүддесіне сай болуына тілектеспіз!

Сырым ДАТОВ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн