Кеңестік кезеңде жетпіс жылдан астам шовинистік саясаттың ықпалында болған еліміз егемендіктің отыз бес жылында да, өкінішке қарай, сол вертикальды әкімшілік тәсілден толық арылып болмады. Жүйелік жаңғыру орнына инерция үстем: өкілет те, қаржы да орталықта шоғырлана береді; бөлінген күннің өзінде оның қомақты бөлігі Астанада іркіліп, қалғаны министрліктер мен облыс орталықтарының дәліздерінде сүрленіп, жергілікті деңгейге «қасықтап тамызылғандай» мөлшерде ғана жетеді. Мұндай ахуалда сыбайлас жемқорлық тетіктері қайта жанданады, ал нақты азаматқа арналған қызмет пен инфрақұрылымға қаражаттың жұғындысы ғана тиеді. Содан соң «Қазақстанның қай мұңын сұрайсың?» деген күйінішті сауал өзінен-өзі туады.
Жаһандық өркениет ырғағы өте шапшаң: цифрландыру, жасанды интеллект, робототехника дәуірі туды. Ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдыққа жетті, ілесудің өзі қиын. Ащы ақиқат: жаңа технологиялар бойынша біз 30–40 жылдай кейіндеп қалдық. Дегенмен, талантты жастарымыздың әлеуеті мен кәсіпкерлік рухына сүйенсек, XXI ғасырдың жүйрік пойызының соңғы емес, алдыңғы вагонынан орын алуға мол тарихи мүмкіндік бар!
Ол үшін мемлекеттік басқарудың құрылымын түбегейлі жаңартып, көптен тұралап қалған «Астана-облыс-аудан» сұлбасынан интегралды, горизонталды, инвестициялық жобаларға негізделген нарықтық басқару моделіне батыл ауысу қажет. Аймақаралық синергия мен бірлескен жоспарлау – басты қағидаға айналуы тиіс!
Қазіргі тәжірибе әр облысты «жекеленген аралға» айналдырды: 2–3 өңірге ортақ түйткілдерді бірігіп шешу сирек. Қатар жатқан облыстар логистика мен технологияны ортақ игеруді айтпағанда, су ресурстары, экология, ауа бассейні, жер қойнауын кешенді пайдалану, орман шаруашылығы, жетіспейтін кадр әлеуетін ортақ жоспарлау сияқты мәселелерге де жүйелі бет бұрмай келеді.
Осы жүйелік олқылықтардың салдары – фискалдық теңгерімсіздік: бүгінгі таңда ел бюджетінің негізгі ауыртпалығы небәрі үш өңірдің – Алматы, Атырау және Астананың иығында тұр, ал өзге өңірлердің басым бөлігі дотацияға тәуелді. Облыс әкімдіктері үшін тек бюджетті «жеткізу» мен жыл сайынғы бітпес тендер рәсімдерін өткізу ғана басты шаруаға айналған. Ал инвестиция тарту, оны нақты өндіріске көшіру, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері көбіне қағаз жүзінде қалады. Нәтижесінде «масылдық кейіптегі» құрылым қалыптасып, қаржылық дербестік пен жауапкершілік әлсірейді. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірлерді 3−5−10 жылдық бағдарламалар арқылы дотациялық мәртебеден біртіндеп шығару жөнінде нақты бастама көтеретін саяси жігер жетіспей келеді. Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламент арасында да бұл мәселеде қозғалыс баяу, инновациялық серпін сезілмейді.
Ендеше «Не істеу керек?» деген тағдырлы сауал қайтадан күн тәртібіне оралады. Осы тұрғыда облыстық басқарудың бүгінгі моделін түбегейлі қайта құрып, аймақтық және аймақаралық деңгейде ықпалдасқан басқару жүйесіне көшу – уақыт талабы! Республика аумағын 5 ірі аймаққа (ескіше – 5 уәлаятқа) бөлу ұсынылады: 1) Батыс Қазақстан; 2) Солтүстік Қазақстан; 3) Орталық Қазақстан; 4) Шығыс Қазақстан; 5) Оңтүстік Қазақстан. Мұндай конфигурацияның миссиясы – классикалық әкімшілік функциялармен шектелмей, ірі аумақтық және аймақаралық дамуды үйлестіру, инвестициялық жобаларды, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды, трансөңірлік бизнес-экономикалық бастамаларды жоспарлау және жүзеге асыру.
Әр уәлаяттың басшысына заң арқылы вице-премьер мәртебесін беру – жауапкершілікті нақтылап, экономикалық өсімге тікелей міндет жүктейді. Ал облыстардағы «кіші әкімдердің» басты назары әлеуметтік саясатқа, адам капиталына, әр аудан мен әрбір ауылдың күнделікті мұқтажына бағытталуы тиіс. Рухани, мәдени-тарихи құндылықтарды көтеру, тәрбие мен қауымдастық бірлігін күшейту – ауылды жандандырудың өзегі. Осындай құрылымдық реформа іске асса, елде үдемелі, теңгерімді даму бастау алады.
Әрі қарай әр аймақтың бәсекелі артықшылығын ескере отырып мамандандырып, өсу нүктелерін анықтап, елдің жаңаша үдемелі дамуын қамтамасыз ететін 6 мегаполис қалыптастыру ұсынылады.
Олар:
1‑мегаполис – Оңтүстік өңір: Түркістанды рухани жаңғыртып, Ұлы Жібек жолын заманауи форматта жандандыру арқылы «РУХАНИ АСТАНАҒА» айналдыру. Бұл жоба Түркі өркениеті контекстінде халықаралық мәнге ие; 8,5 млрд долларлық сметамен билікке ұсынылғаны мәлім.
2‑мегаполис – Астана («Сары-Арқа» атауын беру ұсынылады): мемлекеттік басқару, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың орталығы, әкімшілік-ұйымдастырушы, мегадипломатиялық бас қала ретінде кешенді дамыту бағыты бекітіледі.
3‑мегаполис – Алматы: елдің зияткерлік өзегі әрі халықаралық деңгейдегі мәдениет, ғылым, бизнес, туризм, қаржы орталығы. XXI ғасырда цифрлық экономикаға сүйенген «инновациялық қала» мәртебесін нақты жобалармен бекемдеу – стратегиялық меже.
4‑мегаполис – Семей: Алаш мұрасының алтын бесігі ретінде, Ұлы Абайдың рухани ілімін (Конфуций институттары үлгісінде) елге кеңінен таратып, іс жүзінде жүзеге асыратын киелі-ағартушылық орталық.
5‑мегаполис – Батыс Қазақстан: мұнай-газ және өзге табиғи ресурстарды терең қайта өңдейтін жоғары технологиялы өнеркәсіп торабы; шикізаттық тәуелділікті азайтып, қосылған құнды ел ішінде қалыптастыратын өндірістік хаб.
6‑мегаполис – Орталық, Солтүстік, Шығыс өңірлер: индустрия мен ауыл шаруашылығын бірыңғай экожүйе ретінде кешенді дамытып, «Қазақстан – азық-түлік державасы» идеясын нақты жүзеге асыру. Бұл ел экономикасын орнықты етіп қана қоймай, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосып, жаңа өркениеттік міндеттерді атқаруға жол ашады.
Барлық мегаполистер үшін ортақ талап – шағын және орта кәсіпкерлікті жаппай дамыту. Қазақстанның ең ірі ішкі резерві дәл осы кәсіпкерлік қуатта жатыр; бұл тұжырым менің тарапымнан әлдеқашан жан-жақты негізделген.
Жаһандану жағдайында әлемдік көшке ілесудің жалғыз жолы – жаңаша ойлау, тың идея және нақты инновациялық жобалар. Дәл осылар экономиканың ұзақмерзімді екпінін, қоғамның рухани серпінін қамтамасыз етеді.
Түркістан мен Семей сынды «текті» қалаларды ұлттық рухани дамудың іргетасы ретінде бағалап, оны дамытуды күн тәртібінде бірінші басымдық деңгейіне көтеру қажет; бұл – мәдени тұтастық пен тарихи жадты жаңғыртудың ең пәрменді жолы.
Бұл стратегиялық жобаларға мемлекет те, жеке бизнес те ұзақмерзімді инвестиция салуы тиіс. Сонымен қатар 30 жыл бойы заңның шегінен шығып, есепсіз байыған капиталды құқық аясында тәркілеп, халық игілігіне бағыттау – тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, экономиканы сауықтырудың да кілті!
Осындай жүйелі жаңғыру және нақты қарекеттің нәтижесінде Қазақстан көп ұзамай азық-түлік державасына айналуы тиіс! Бұл – экономикалық мақсат қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен өркениеттік миссияның талабы!
Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдары одағының президенті,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик