Пятница , 18 апреля 2025

Менің ағам – АЛПЫСТА!

Ермұрат аға, мен газетке қол қоятын «редактордың міндетін атқарушы» құқымды пайдаланып, осы хатты газетке бастырып отырмын.

Ал 21 жылдан бері «ДАТ»-тағы редактордың рөлін кім атқаратынын баршы оқырманымыз ғана емес, көпшілік қазақ біледі. Сондықтан «бас оқырмандық» құзырыңызбен бұл хатты «шолтитып» тастамауыңызды талап етемін! Көктемнің алғашқы аптасында тәуелсіз журналист, «ДАТ» баспагерлік жобасының жетекшісі әрі «бас оқырманы» Ермұрат Бапи 60 жасқа толады. Бұл – күнтізбеде жазылатын ресми ақпарат.

Ал тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында өз орны бар, еркін де, азат қоғамға ұмтылған қалың көптің алдында «ДАТ-ым» бар деп, тағын тақымына басқан пендеден тайсалмаған азаматтың туған күні.

Осыдан он жыл бұрын Ерекенің 50 жасқа толған туған күніне арнап, «Аға» деп жазған жүрегімнен шыққан сөзімнің құны артпаса, бір мысқал кеміген жоқ. Қайталап айта бергім, жаза бергім келеді.

Газеттің басында жүрген Ермұрат Бапи менің ағам! Ол тек менің ғана емес, мыңдардың ағасы. Өйткені он жылдан астам уақыттың ішінде бүгінгі биліктің әділетсіздігінен запа шеккендерді қаламының қарымымен қорғады, қоғамды билеген үрейді үркітуге тырысты. Соңғы 21 жылдағы атқарған қызметіне ел‑жұртты, жүз мыңдаған оқырманы куә.

Ал сондай ағаның қасында жүру, оған жәрдемші бола білу – кез келген қызды қойып, тіпті «мен» деген талай жігіттің пешенесіне жазбапты. Себебін көріп жүрмін: «мен» дейтін талай кеудемсоқ «сен» деп, Ақорда жаққа қаратып, айта алмайды.

Айтпақшы, Ерекемді сырттай ғана білетін әлдекім: «Ағаң кім?» – деп сұраса, оның журналистік және қоғамдық-саяси қоғамдық қызметінен гөрі, адами қасиеттерін айтқаным жөн сияқты. Әуелде, бұдан 21 жыл жыл «ДАТ»-қа келгенімде, есігінде «Ермұрат Бапи» деген жазуы да жоқ жұпыны бөлмеде отырған жылы жүзді жігітті бас редактор, бастық ретінде қабылдадым. Біраз уақыт өткен соң, ол маған ғана емес, қатарында жүрген қыз-жігіттерге қамқор адам екенінін түсіндім. Мені бір күні «Бақашөк» деп атағанда, түнімен жылағаным есімде қалыпты. Өйткені өзімнің марқұм болып кеткен үш ағам да дәл осылай еркелететін, сол сөз Ерекеңнің аузынан шыққан күні «мен төртінші ағамды» таптым деп қабылдадым. Жылағаным – сол қуаныштың әсері болған шығар… Күні бүгінге дейін Ерекеңнің жанында бірге жүруім де, бәлкім сол ағаға деген құрмет, оның елге деген еңбегіне жанашырлық жасаудың қарындастық үлесі болар деп ойлап қоям.

Аты ғана емес, редакциядағы кішіміз – Кенжетай екеуміз Ерекеңді арқаланып, тіпті қиналған сәтте «паналайтынымыз» да рас. Үйіңдегі ішер тамағыңнан бастап, отын-суыңа дейін бар-жоғын сұрап, тапшылық болса, қалтасындағы соңғы теңгесін ұстатып жіберер ағалығы мен азаматтық жомарттығын қалай айтпаспын?!

Биліктің көзіне тікенек болған басылымды, Ерекеңмен жар жағалап жүріп шығардық десек артық емес. Өйткені жалақыны уақтылы беруге газеттің қалтасы көтермейді, бір жағынан «күш қолдану» орындары банктегі газет қаржысын «тұтқындап», қолымызға тигізбеген күндер де көп болды. Сол кездерде Ерекең үйдегі балаларының аузынан жырып, редакцияға тамақ тасиды. Кенженің келіншегі – жас, сәбиі – кішкентай, оның үйіне апта сайын азық жеткізетін де Ерекең. Кезекті газетіміз жабылып қалған күндері екі-үш айлап жұмыссыз отырған кезімізде де, «қайыр тілеп» келген әкеміздей, әкелгенін қылдай бөліп беретін. Бірақ бізді ешкім де бір нәрсеге ділгір деп ойлаған емес, өйткені оқырманның ақиқатқа жетсем деген аш өзегін ащы шындықпен «тойғыздық». Сол сенімді біздің түйсігімізге сіңірген де осы менің ағам – Ермұрат.

Қасында жүріп, журналистік һәм азаматтық батылдыққа үйрендік, шығарып жатқан газетіміз бұл қоғамның жаңаруына өз үлесін қосып, «қотырын қасыған» халықтың жанына жылу беретініне мақтандық.

Несін айтасыз, Ерекеңмен бірге жүріп, біз шығармаған газет қалмады. Саяси азуы биліктің шымбайына батып кеткен «ДАТ» пен «СолДАТ» жабылған кезде, сканворд, сөзжұмбақ газеттер – «Аламан» мен «Анау‑мынауды» шығардық. Кейіннен білсем, Ерекең бұл газеттерді Кенже екеуміз үйелмен үй-ішін асырасын, аш қалмасын деген ниетпен шығарған екен. Бір қызығы, сол сканворд газеттеріміз де «ДАТ» сияқты қолдан-қолға тимейтін басылымға айналғанын «сөзжұмбақшыл» жұртшылық ұмытпаса керек. Бірақ кейіннен бұл газеттерді де Ермұрат Бапи шығарып жатқаны белгілі болып қалды: сол кездегі атжалман Рахаттың (Әлиев) жендеттері бір түннің ішінде компьютер-техникамызды өртеп кетті. Өйткені Ерекең құрастырған «ДАТвордтардың» сұрақтары мен жауаптары билік үшін «сұрқия», саяси астары басым болды. Содан бері – 2007-жылдан, «Тасжарғаннан» басталып, газеттің әр саны сайын, күні бүгінге дейін үзілмейтін «ДАТвордттар» қайдан пайда болды десеңіз, оның жауабын оқырман осыдан-ақ біле алады. Ең соңында редакция жалға алған кеңсеге «үш әріптің» тыңшылары кіріп, компьютерлік техниканының бәрін істен шығарып кетті. Оның ұстіне салық мекемелері қайта-қайта тексеріп, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Кейіннен «Жұма-таймс», «Айна-плюс» газеттерін шығардық.

Кезекті газет солақай соттың шешімімен жабылып қалған кездерде басқа қызметке кетіп қалуға да болар еді, бірақ біз Кенже екеуіміз Ерекеңнің қасынан кетсек, күн көре алмайтындай сияқтымыз. Ағамызға, ақиқатты айтуға, шындыққа сусаған оқырмандарымызға бауыр басып қалдық. Бәрінен де өзіңнің қадіріңді білетін ағаңның қасында жүргенге не жетсін, шіркін?!

Енді міне сол жанашыр Ағамыз 60-қа толып, біз де ізінен қуып, Кенже екеуміздің қасында жүргенімізге де 21 жыл өтіпті. Елде өзгерген ештеңе жоқ. Тек газеттің аты «Общественная позицияға» ауысқанымен, қалың оқырманы «ДАТ» деген аттан танған жоқ. Өзіміз сол баяғы қоғамдағы әділетсіздікпен күресті күні бүгінге дейін тынбай, жалғастырып келеміз. Ұжымдағы журналистердің де қатары азайды – үш-төрт адам ғана Ерекенің жетекшілігімен газетті шығарып жатқан жайымыз бар. Астанадан Жұмабикеміз (Жүнісова – «ДАТ»-тың Астана бюросының меңгерушісі) шырылдап, газеттің кезекті нөміріне не саламыз деп, жиған-тергенін жолдайды. Айманымыз (Омарова – газеттің корректоры) «қате кетіп қалмасын» деп, безек қағып жүреді. Ерігіміз (Бапи – тарату бөлімінің жетекшісі) арқалап тасығандай, жан-жаққа газет жөнелтуден 21 жылдан бері бір жалыққан емес.

Қолымыздың қысқалығын, биліктің неше түрлі айламен газет таралымының ауқымын тарылтқанын, демеушінің жоқтығын, т.б. әр-түрлі қысымның санын тізбелеп жазу – басқа тақырып. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүргенімізде, Ер-ағамыз Кенже бауырына (алғашында Кенже күйеу бала еді, жиырма жылда бауырға айналуы заңды шығар) алты қанат ақорда іспетті үй салып берді. Әлі күнге дейін отын-суын түгендеп, өзінің туған бауырынан кем көрмейді. Кіші қызына өзінің анасы Әзизәнің атын қойды.

PS. Мен де сол ағамның қасында жиырма жыл жүріп, әлі күнге есейе қоймаған сияқтымын. Өзінің тоғыз туған қарындасын – бір төбе, Бақашөгім – бір төбе деп, менің пұшық танауымды көкке жеткізіп, желпіндіріп қояды… Басым ауырса, жүрегім қысса, өбектейтін Ер-ағам барын білген соң, бойжеткен қалпымда қала бергім келеді.

Тек ағам аман болсын, қазақ деген елі үшін, он бір бауыр-қарындасы үшін, мен үшін…

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн