Бұдан бұрын белгілі болғандай, Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВҚА, оның інісі Аманжан Рысқалиға, күйеу баласы Рүстем Әлбақасовқа және тағы 5 айыпталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Ескерте кетейік, айыпталушылардың елде жоқ болуына байланысты оларға мемлекет тарапынан адвокаттар тағайындалып, іс сотта сырттай қаралды.
Сот Бергей Рысқалиевты ең жоғарғы қауіпсіздік түрмесіне 17 жылға қамауға үкім шығарды. Сол сияқты сот Аманжан Рысқали мен Рүстем Әлбақасовты 16 жылға, Айбат Сүлейменов, Ерболат Ізбасар мен Нұрлан Жұлмағамбетовты – 9, Мұрат Желдібаевты – 8, Артем Даневичті 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкімде бұл жазалармен қатар, барлығының мүліктерін тәркілеу талабы көрсетілген. Жаза мерзімі әрқайсысының нақты ұсталған күнінен басталады.
Төменде біз Бергей Рысқалиевқа қатысты «Ақ Жайық» газетінде жарияланған оның қарындасының мақаласын ықшамдап көшіріп басып отырмыз.
Белгілі бір адамдардың тапсырысы бойынша Бергей Рысқалиевтың беделін түсіру мақсатында ұйымдастырылған науқан басталған кезде бес жыл бұрын әпкем Гүлсім «Ақ Жайық» газетінің редакциясына хат жолдап («Менің інім Бергей»), онда ағам Бергей Рысқалиевтың көпшілікке беймәлім өмірбаянынан сыр шертіп, оның билікке келгенге дейін табысты бизнесмен болғанын, өз ісін ашып, зауыттар мен кәсіпорындар салғанын, мыңдаған адамға жұмыс бергенін әңгімелеген еді.
Бүгінде Бергей Рысқалиевтың қандай әкім болғанын тағы да еске салғым келеді. Оның есімін, жасаған еңбектерін, қандай басқарушы болғанын неліктен сондай ыждағаттылықпен өшіріп тастағысы келеді? Неліктен оның халық алдындағы еңбегін аяққа таптауға тырысады? Оның еңбекқорлығы, адал ниеті және халық игілігі үшін қолданған заманауи басқару әдістері тұрғысынан тәуелсіз Қазақстанның қай әкімі онымен теңесе алады?
Қарындасы болған соң, ағасын қорғайды ғой деген уәждің туындары сөзсіз. Мен сіздерге облысымыздың қалай көркейгеніне куә болған қарапайым азамат ретінде үн қосып отырмын.
Базбіреулер әкімді немесе шенеуніктерді мақтаудың қажеті қанша, бұл олардың жұмысы ғой дейді. Міне, мәселе осында: өңірді гүлдендіру үшін бұл жұмысты қалай ұйымдастыра білу керек?
Иә, ол бәрін өз ақшасына жасаған жоқ, бәрі бюджет қаражаты есебінен салынды. Қаржыны қалай табу керектігін, кәсіби мамандар тобын қалай біріктіруді, жұмысты қалай ұйымдастырып, қалай жолға қою керектігін түсініп, ұғынатындар аз. Әкім бүкіл жобалар мен халық алдындағы міндеттемелердің уақытында орындалуын, сапалы әрі адал салынуын – бәрін бақылауда ұстауға міндетті. Оған қоса жобалардың қаржыландырылуын үкімет алдында қорғай білуі керек.
Саясатпен айналыспаймын, бірақ оның бес жыл ішінде Атырау облысының бюджетін үш есеге көбейткенін ұмытқан жоқпын. Ал сол кезде 2007 жылы әлемде дағдарыс басталып, жер жүзінің одан 2010 жылдың аяғына дейін ес жия алмағаны естеріңізде шығар. Ол кезде энергия ресурстарының, мұнай мен газдың, металдардың және т.б. бағалары құлдырап кетті.
Статистикалық мәліметтерге күмәнмен қарайтын болсам да, ағам басшылық еткен 6 жыл ішінде облысымыз Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша 4 жыл 1-орында және 2 жыл 2-орында болғанын атап өткім келеді. Атырау қаласы 2014 жылы Қазақстандағы ең үздік әрі өмір сүруге ең қолайлы қала деп текке таңдалмаған шығар. Сол кезде ел-жұрт «бұл Бергейдің еңбегі ғой» дескен еді.
- Ағам қуғынға ұшыраған кезде жалындап тұрған басқарушыны оп-оңай-ақ бос сандалып, бюджетті жымқырған жемқор қыла қойды. Ағамның бизнестен билікке табысты әрі ауқатты адам болып келгенін айтуға бәрі қорқады. Қазір Рысқалиевтың қандай мықты іскер болғанын, оның тұсында қаншама нысандар салынғанын еш жерде ресми түрде айтуға болмайды, жасырын тыйым салынған.
Мыңдаған жобалардың, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың дер кезінде пайдалануға берілгені есімізде, қазір халық осылардың игілігін көруде. Өйткені сол жылдары бүкіл Атырау облысының ірі құрылыс алаңына айналғаны, жұмыстардың қызып, облыс орталығының көркейгені барша жанның есінде.
Осындай жұмыс режимі мен жұмыс ауқымы кезінде әлдебір қателіктер мен жаңылысулар болған шығар. Бірақ олардың қылмыстық санатта еместігіне нық сенімдімін. Ештеңе жасамайтын адам ғана қателеспейді ғой!
Бүгінгі таңда шамамен 70 мыңдай адам өмір сүріп жатқан әлеуметтік арзан және басқа да тұрғын үйлер салынған «Нұрсая», «Алмагүл» ықшамауданының бір бөлігі және басқа шағын ықшамаудандар ол әкімдік еткен тұста бой көтерді. Қала тұрғындарының саны үштен бір есеге көбейді.
Қазір Рысқалиевтың тұсында көптеген жобалардың құны тым қымбат және әсіре көтеріңкі болды, бәрі қалай болса – солай, сапасыз салынған, құлап жатыр, талапайға түсті деп айтылып жүр. Ең болмаса, жұмыс істемей тұрған бір нысанды, құрығанда, бос тұрған бір пәтерді көрсетіңізші. Ал ондай жоқ.
Мектептердің, емханалар мен балабақшалардың бұл жобалары – Қазақстан бойынша үкімет ұсынған типтік жобалар, бағасы барлық жерде бірдей. Осындай ғимараттар Астанада да, Алматыда да немесе Ақтау қалаларында да салынды. Жай ғана олардың құнын салыстырып, айырмашылықтың бар-жоғына көз жеткізуге болады.
Шетелдік және ұлттық компаниялардың есебінен салынған және салынып жатқан осыған ұқсас жобалардың құны бірнеше есе қымбат. Мысалы, «Авангард» ықшамауданындағы №3 мектепке шетелдік компания 950 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізді, алайда Бергейдің тұсында мұндай сомаға облыстық бюджет осындай екі мектеп салған еді.
Облыс бюджетіндегі барлық ірі нысандардың жобалау-сметалық құжаттама қорытындыларын республикалық мемсараптама органы бекіткен. Ал шағын жобалар олардың мақұлдауынан өтеді. Көріп отырғаныңыздай, жобалардың барлығы жоғарғы сатыдағы органдармен келісілген және әкімдік тарапынан ешқандай өз бетінше әрекет болмаған.
Басқа облыстарға қарағанда, Атырауда құрылыстың 35–40 пайызға қымбатқа шығатынын атап өткен жөн. Өйткені біздің облысымызға құрылыс топырағы, қиыршық тасқа дейін бәрі сырттан әкелінеді. Осыған қарамастан әкімдіктің күшімен құрылысшылар сол бағаға келісіп, салып берді.
Иә, жылдар өткен соң, кейбір үйлер ажарсыз кейіпке еніп, коммуналдық проблемалар пайда болды, кейбір үйлердің лифтілері жасамайды, т.б. Бірақ бұл Б. Рысқалиевтың емес, ТКШ (ЖКХ) проблемаларын дер кезінде шеше алмаған және белгіленген уақытта қарапайым ағымдық жөндеу жүргізе алмаған келесі әкімнің кінәсі.
Облыс тұрғындары ағамды жылы сөзбен еске алмау үшін, Рысқалиевтың тұсында салынған барлық нысандарды (көпірлер, даңғылдар, киноконцерт залы және т.б.) келесі әкім әдейі нашар етіп көрсеткісі келгендей әсерде қаласың.
Аяқталмаған киноконцерт залы мен қалалық моншаның тағдыры не болды? Билікке тек 20%-ын салып бітіру қалған еді, сонда қала тұрғындары 1200 орындық керемет киноконцерт залына және жанында орналасқан үлкен моншаға ие болар еді. Опырылып кетуі мүмкін деген ойдан шығарылған желеумен оларды күреп тастағылары келді, инвесторларға беруге тырысты. Қазір бұл нысандар иесіз қалды, талан-таражға салынып, қирап жатыр. Ағамның орнына келген адам мұның бәрі бюджет ақшасына салынғанын естен шығарған. Бергейге қарсы жұмыс істеймін деп жүріп, мемлекетке және өз халқына осылайша зиян келтірді. Қазіргі биліктің басталған істі аяқтауға ықыласы да, қаржысы да табылады деп үміттенемін.
Бейбарыс (Әлиев – Сатыбалдиев) даңғылы қалай өзгеріп шыға келгенін көрдіңіздер ме? Әрине, ол еліміздің бірінші тұлғалары мен қонақтарын алып өтетін қаланың негізгі көшесі емес. Бірақ атыраулықтар оның қалай салынғанын, қандай қаржы мен күш жұмсалғанын жақсы біледі. Жаңа көпір мен осы даңғыл қаладағы көлік ағымын едәуір жеңілдетті. Ал бұл даңғыл салынғаннан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеді, ағаштарға күтім жасалмаған, кеуіп, қурап жатыр. Мерзімінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуы керек ғой.
Әкім Рысқалиевтың облыстағы аяқтап үлгермеген кейбір жобалары да осылардың кебін киді. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы жылда жалғасатын, аяқтау немесе іске қосу ғана қалған жұмыстар болатын. Бірақ олар бұзылып, талапайға түсті. Мұны да қудалауға түскен әкімнің «мойнына іле салды». Міне, сізге дайын қылмыстық істер, міне, сізге сыбайлас жемқорлық.
Рысқалиевты басқа әкімдерден ерекшелейтін тағы бір өзгеше қасиеті – оның қарапайым жандардың тағдырына бей-жай қарамауы, кез келген дау-дамай мен қақтығыстарды шеше білетін қабілеті еді. Оның шетелдік компаниялармен қандай орасан зор жұмыстар атқарғаны атыраулықтардың есінде. Бергей оларға жергілікті биліктің не екенін ұқтыра білді. Ол үнемі алақан жайып, әлеуметтік демеуқаржы мен демеушілік етуді сұрайтын аймақ ретінде емес, мұнай-газ компаниялары табыс табатын өңірдің қожайыны ретінде әкімдіктің беделін көтерді. Жұмыс беруші компаниялардың көпшілігі облыс тұрғындарымен санаса бастады.
Рысқалиев әкім лауазымын атқаруға кіріскен кезде ауыр кезеңдер көп болды. Теңіз кенішінде қазақстандық және түрік жұмысшыларының арасында жаппай төбелес орын алған еді. Ол компания басшылығымен тығыз жұмыс істеп, күрделі қақтығысты ірі кәсіпорынның жұмыс процесіне әсер етпейтіндей етіп шеше білді.
2006 жылдың желтоқсанында Қашаған жобасындағы «Болашақ» зауытында жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту талабымен 8000 жұмысшы ереуілге шықты. Әкім құқық қорғау органдары мен бүкіл билік құрылымдарын жұмылдырып, түрлі компаниялардың қызметкерлерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде дауласқан тараптар ымыраға келді. Бірде-бір ереуілші жұмыстан қуылмады. Әкімдіктің күшімен 28 мың адамның жалақысы жергілікті «ЛАРА» үстеме коэффициентімен және ай сайынғы 26–35 мың теңге үстеме ақымен көбейді. Жергілікті жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы толықтай жақсартылды және олардың құқықтары шетелдіктермен теңестірілді.
Ірі жобалардағы құрылыс жұмыстары аяқталса да, жұмыссыздық үнемі әкімдіктің бақылауында болды. Тіпті жұмысшыны жұмыстан шығарғаннан кейін де шетелдік компаниялар уақытша ұстау өтемақысын төлеуге немесе басқа жұмысқа орналасқанша қызметкерді қайта оқытып шығаруға міндетті болды.
2010 жылы Бергей Рысқалиев Индер кентінде ұзындығы 700, ені 14 метр болатын (бұл Махамбеттегі жаңа көпірден бір метрге енді) көпір салдырды. Индер көпірі бір жыл ішінде 4,5 млрд теңгеге салынды (қазір бұл инфляциямен есептесек, шамамен 6 млрд теңге).
Өткен жылы қарашаның аяғында Атырау облысының билігі Махамбет ауданының орталығынан салтанатты түрде жаңа көпір ашты. Оның құрылысына 5 жыл уақыт және 10 миллиардтай теңге жұмсалды. Айырмашылық жер мен көктей екенін көріп отырсыздар! Осы 10 миллиард теңгеге екі көпір салуға болар еді. Бұл Рысқалиев командасының басқару тәжірибесінің көрсеткіші емес пе?
Бергейдің облыс тұрғындарының игілігі үшін көп нәрсе жасағанын айта беруге болады. Қалай болғанда да, бастысы – қарапайым адамдардың есінде қалатыны сөз емес, оның жасаған ісі мен амал-әрекеттері.
Жұпар РЫСҚАЛИЕВА,
azh.kz