МЕНІҢ ЖЕЗДЕМ

Мемлекеттік сыйлық алғандар анықталыпты. Шынымды айтсам, мені сол тізімде кім болады, кім болмайды деген күпті сауал мазалаған жоқ. Тізімнің төрінде міндетті түрде тұратының жайында әуелде түйсік түбіндегі тылсым бірдеңе-шірдеңелер мәлім еткен соң нем бар?

Тек өзіңді дүние дидарына алып келген қайран әкей мына шіркініңнің бір қақпасынан шығып бара жатқанда, бір қақпадан жақсы хабардың кіріп келе жатқаны көңілімнің толғанын бұзып өтіп, баяғы Фирдаусидің уақиғасын еске түсірді. Әттең-ай, көре алмады-ау, енді бір сүт пісірімдей уақыт тұра тұрғанда ғой дедім іштей үгіліп. Ал ағайын, Алаштың Айтманы – шайыр Светқали Нұржан алған Мемлекеттік сыйлық құтты болсын! Соны ештеңе жазбадым, сол бұрынғы жазбамды, сол бір кездегі алау көңіл-күйімді білдіретін сезім сөзін қайта жаңғырттым да қойдым.

Ол дәл қазір қаннен-қаперсіз желе жортып, тау-тас пен жазық-жыра біткенді кезіп, жаһанның әулиелі жерлерін аралаумен жүр. Ал Абай атындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығынан үміттілер ішіндегі қалған жас пен жасамыс шыбын жанын шүберекке түйіп, уайым қылып, түрлі әрекеттердің ізінде. Өзі (Мемсыйлықты айтамын) екі жылда әрең боталаса да, кейде кейбіреулерге исінбей қоятын түйе сияқты, қайран аруана бауыр дүние-ай…

«Әулие де өзіңдей бір адам» деген ескі әрі есті тәмсілге бақсаң, менің осы жездем де – бір әулие. Бірақ біздің қазақта бұл санаттағы басына ақ тікен шыққан һәм әлгі тікен түбі бір шығатындарды, неге екені белгісіз, тірілердің қатарынан іздей бермейтіні түсініксіз. Негізі, бұл санаттағы қасқалар жер басып жүргендердің арасында да бар, байқай бермейтініміз болмаса, күнде құраласып жүрміз.

Поэзия номинациясы бойынша жырын екі-үш ақынның есім-сойын естіп қалдым үміткерлер арасынан. Несін жасырайын, апамды алғасын ба екен, әйтеуір Айт-Ман – Светқали Нұржан жездеме қарай бір бүйрегім емес, бөтекем һәм оның айналасындағы бір-екі ағзам толайым бұрыңқырап тұр. Бірден айтып қояйын, әулиепейілдімнің өлеңін талдап, мазаларыңды май ішкендей еткім келіп тұрған жоқ. Одан да бір анекдот текті уәзипа айтайын, көз жүгіртіп оқып отырып, тыңдағандай әсер алар болсаңдар.

…Шалқыған айдынның қақ ортасында, орайын тауып бақсыз кемені қарық қылып, жолаушыларын жайратып салатын оқпанды жер бар екен да. Бір жылы сондай апаттан соң, Құданың құдіретімен бес-алты жас жігіт, менің жездем қатарлы бір жасамыс тірі қалып, әлгі аралда қоңыр тіршіліктерін жасап жатыпты. Жасамысы жастарына басу айтып, қанша көңіл жұбата сөйлегенмен, араларында бір-екі көк орамалдының жоқтығы білініп қала беретінге ұқсайды. Бір жылы әлгі жерде тағы бір кеме қарық болып, бұл жолы еркектер суға кетіп, бес-алты жолы жіңішке тірі қалыпты.

Бұл жағдайды көріп, жағадан жіті бақылап тұрған жастар жағы ызы-шу, қым-қуыт болып, гүмп-гүмп етіп, апыл-ғұпыл суға қойып-қойып кетіпті, шамасы орамал таққандардан көздері ағарған болса керек. Сонда әлгі, менің жездем сықылды жасамыс алақанымен қабағын көлегейлеп, сығыр көздерін бір ашып, бір жұмып тұрып: «…Осы жастарды түсінбеймін, бас-аяғына қарамай желігіп, неге бәрі бірдей суға түсіп кетті, мына жерден-ақ жақсы көрініп тұрған жоқ па?!» – депті.

Сол айтқандай-ақ, осы жерден-ақ ап-анық, жап-жақсы көрініп тұрған жоқ па, ә, жездеке? Бұйырса, желтоқсанда, Маңғыстауға барып менің жездемнің алған Мемлекеттік сыйлығын жуасыңдар, қуырдақтың көкесін сонда көресіңдер деп отыр пілбас балдызың әлсін-әлсін құмалақты шашып жіберіп, «Құмалақ шатасуды білген емес, / Көрінеді елге қарай жүрген елес» деп… Берік ЖҮСІПОВ

Республиканский еженедельник онлайн