«Мені сыртымнан соттау БОЛДЫ МА, ЖОҚ ПА?» деп сұрайды Сайрагүл Сауытбай

Қазақстанның азаматтығы атағы түгілі, «Пана іздеуші тұлға» мәртебесін алуы мұңға айналған Сайрагүл Сауытбай 12 ақпанда интернет желілері арқылы видеомәлімдеме жасап, саяси сарсаңға айналған тағдырынан тағы бір хабар берген еді. Біз Сайрагүлдің сол мәлімдемесінің мәтінін жолма-жол жариялап отырмыз.

Құрметті халқым, дүние жүзіндегі қандастарым, жанашырларым!

Сіздермен аса бір маңызды оқиғаны бөліспекшімін. 2018 жылы шілденің 25-і күні Қазақстан Республикасы маған «Пана іздеуші тұлға» куәлігін үш айлық мерзімге қолыма ұстатқан еді. Осы үш ай ішінде «Босқын» мәртебесін алуға құқым бар деген қос қуанышпен түрмеден шығарған.

Бірақ оның артындағы толған істер мені қатты ашындырды. Алдымен облыс (Алматы) пен Астана республикалық деңгейде маған «Босқын» мәртебесін беруден бас тартты. Бұл менің Қазақстаннан «Босқын» мәртебесін алу мүмкіндігім жоқ екенін білдіреді.

Осындай жағдайда мен халықаралық қауымдастықтан, шетелден көмек сұрауыма тура келеді. Бірақ маған ондай мүмкіндік бермей, қат-қабат құрсаулап, бұғаттап тастады. Дүйсенбі – 11 ақпан күні түстен кейін Талдықорған қаласында менің ісіме байланысты сот ашылыпты. Бұны Алматы облыстық Көші-қон басқармасының бастығы Ғалымжан Сағатжанұлы сағат 14.45-те хабарласып, осы жағдайды айтты. Оның соңынан Көші-қон басқармасының қызметкері Әсем Әнуарбекқызы 16.57-де хабарласып: «Кеше (дүйсенбі – 11 ақпан) түстен кейін, Талдықорған қаласында сот болды. Сіз бардыңыз ба, қалай өтті?» – деп сұрады.

«Үйқамақта отырған менен қатыстыңыз ба сұрап отырсыз, ал мен кімнен сұраймын?» – дедім.

Енді бүгін – сейсенбі күні 12 ақпанда хабарласып, «сот болған-болмағанын анық білмейміз» деп өзгеріп отыр. Сонда менің тағдырым тағы да тәлкекке түсіп, трагедиямен аяқталудың алдында тұрғаны ма? Осылай жалғаса берсе, өте аянышты жағдайдың тууы әбден мүмкін. Бірақ мен әрқандай оқыс оқиғаға әбден дайындалып болған адаммын.

Қазақстандағы халқым, дүние жүзіндегі барлық қандастарым, демократия жақтайтын барлық жанашырларым! Мен секілді отбасын іздеп келген ананың жанайқайын түсініп, менің тағдырымды назарларыңызда ұстап, маған қорған болуларыңызды сұраймын. Менің аналық құқығым тапталуда, осыған көмек берулеріңізді сұраймын. Және 11 ақпан күні Талдықорған қаласында осындай соттың отырысы болған-болмағаны жөнінде адвокатыммен хабарласып, ешқандай хабар ала алмадым. Осы туралы көмек беретін, жағдайды анықтай алатын адам бар ма? Менің тағдырымды назарларыңызда ұстауды сұраймын.

Рахмет сіздерге!

Республиканский еженедельник онлайн