Воскресенье , 20 апреля 2025

Мені түлеткен

«ДАТ» ЕДІ

  • «Танылмайтын Талғат Кеңесбаев немесе рақайласпаған әдебиет». Сенсеңіз, дәп-дәл осы тақырыптың шарапаты ма, әлде күтпеген сәйкестіктің құдіретінен бе, әйтеуір сол тұста атақты «ДАТ» газетіне бір-ақ күнде журналист болып қабылданғаным бар. Онда да қара шаңырақ ҚазҰУ-дың журналистика факультетін енді тәмамдаған «сары ауыз балапан» мені Ермұрат Бапидың осы бір мақаладан соң жылы қабылдауы – мен үшін үлкен жетістік болғаны рас. 

Жетістік болмай қайтсін, оқи жүріп «Қазақ әдебиеті» сынды газетке бірді-екілі мақала, «Хабар» арнасында Арман аға Ысқабылдың тұсында аз-кем істегенім болмаса, басқа еш дүние тындыра қоймаған шағымыз еді. Ара-тұра салаң етіп Жазушылар одағындағы түрлі кештерге барып қайтуды «уәжіптей» көргенімізбен, публицист болып бір кетікті «жамай» қоймаған кезіміз.

Қысқасы, төрт жыл «тайраңдатқан» университитетті тамамдаған соң, тау «қопарғыштар» армиясына біз де қосылдық. «Бүйтер едік»-ті бүтін курстар бойы оң бүйірде бүлкілдетіп шыққан біз үшін қайрат бар да, мінбер жоқ сияқтанатын. «Қайткенде де жұмыс табу керек» деп біз шарқ ұрғанымызбен, ойдағыдай жұмыс сұлбасын да көрсетпейтін. Арасында ауылға барып, екі күрек қи атып, ентігіп Алматыны әрең табатын тұсымыз. Сосын да бүгінде танылып қалған журналистер Абай Аймағанбетов, Еркебұлан Кенахан сынды «хабарлық» һам квартиралас жігіттермен «Атакенттің» қасында күнде «жиын» өтетін. Кеңестің ақырғы шешімінде әлде Абайдың, әлде Еркебұланның нұсқауымен «Жас Қазақ» газетіне баратын болып шештім. Бақсам, олардың айтуынша, мен сол газеттен өз орнымды «ойып» тұрып алуым керек екен. 

Не керек, «жастықта бәрі жарасады» деген тәмсіл мені тас қылып ұстап алды да, дедектете жүріп «Жас Қазақтың» есігіне ентелете алып келді. Арғы жағы белгілі, сол кездегі бас редактордан «ән мәтіндеріндегі қателіктерді тізіп жазып кел» деген дәстүрлі тақырыпты алып шықтық. «Жақсы жазсаң, аламын» дейді. «Алады екен» деп іштей мен де қайталаймын. Кеңесшілеріме қоңыраулатам, «онда алады екен» деп олар да жөптейді. Сол үмітті үрлей-үрлей шығып бара жатқанда, курстас Аршын деген жігіттің ағасы «Жарас Кемелжан осында істейді» деген ақпар ойға түсе қалмасы бар ма? Сабақты иненің қаншалық сәттілік әкелетінін қайдам, мөрті келіп тұрғасын, алдын ала жаттап алған номерлі есіктің тұтқасын да ептеп тарттық. 

Аз-кем әңгімеден соң, Жарас «Жас Қазақтың» жиі шығатынын, ақпараттық дүниеге екі-күннің бірі батып-шығып отыратыныңды айтып: «Мен саған бір ақыл айтатын, сен «ДАТ»-қа барсаңшы. Сол жерден көп нәрсе үйреніп шығасың» демесі бар ма! «Үйреніп шығасың» деген сөзге «сразу» ұйысам керек, «болды, «ДАТ»-қа барам» деп, жігіттерге келдім. Тап сонда біреу шақырып тұрғандай сеніммен.

«Жас Қазақ» болмады ма, неге?» деп сұрайды олар? Мен: «Олар өздеріне алса алар еді, бірақ басқа газетті «үйренесің» деп нұсқаса, бір себебі бар шығар» деймін өз ойымды құптап.

Сөйтіп, не керек, «ДАТ» газетінің бас оқырманы (бұлай аталуының себебін кейін білдік – Қ.Қ.) Ермұрат Бапиға да жолықтық. Фурманов көшесінің бойындағы бұрынғы баспасөз клубының екінші қабатына көтерілгенде, жалғыз-ақ есік сізді кең кабинетке алып кіреді. Кірген бетте оң жағыңыздан бір қарағанда түсі салқын сияқтанатын, адамға сынай қарайтындай көрінетін жарықтық Бақытгүл Мәкімбайды көрер едіңіз. Бұл кісінің сонша мейірімді, сонша мәрт, сонша әділ адам екенін кейіннен білдік қой. Білдік те, «Бақыт апай» деп үйіріліп жүрдік. Көп көмегі, аналық үлкен махаббаты өтті бізге. Қиналсаң, өзі дәріге ақша таппай отырып, қолындағы сақинасын жұлып беретін миға «сыймайтын» жомарт кісі еді, иманды болғыр Бақыт апайымыз. 

Редакция қызметкерлерімен жылы амандасқан соң, бастықтың кабинетін сұраймын ғой әдеттегі әдеппен. Сөйтсем, кішкентай кабинетте компьютерді «азаптап» бір адам отыр. Мұрнының тақау үшіне қарай көзілдірігін құлатып тастап, газет шығатын күні де ақ тер «сұрап» отырған бас оқырман – Ермұрат Бапиыңыз екен. Сынай бір-екі сұрақ қойды да, мұнда келіп, істей алмай кететін жазғыштардың көп екенін айтып, өзің қалаған бір тақырыбыңды жазып кел деді. Сөз осымен тәмәм болды. «Материалың жақсы болса, бір апта байқап көреміз» дегенді де ол кісі ұмытқан жоқ.

«Келіп-кететіндер көп». Мақаланы ойлаған сайын, осы сөз арқадан осып жіберетіндей. Ертең мен де сол «келіп-кететіндер» тізімінде тұрмайын деген ой миды қазады келіп-келіп. Көздеп қазылған жерден қазына шығатыны қандай шындық болса, іздеген жерден бір жақсы идея шығу керек деймін. Содан не керек, ойға бірден Шығыста «қазаққа жұмыс жасамайтын одаққа түкіргенім бар» деп Жазушылар одағының сол жақтағы филиалынан шығып кеткен Талғат Кеңесбаев еске түседі. Керемет жазушы еді, жарықтық. «Ұлт.кз» порталында ол тұста әдеби шығармалар көптеп салынып, пікірталас қатты жүріп жататын. Сол жерде мен басқалармен қатар Кеңесбаевтың шығармаларының кем-кетігін үнемі сынайтынмын. Сынаған адамды жақсы көрген қаламгерді мен содан кейін көрмеген шығармын. «Хабар» арнасында жүргенімде, Қанат Рамазан деген жазушы інісі арқылы менімен өзі танысып, ол кісінің кейіннен Алматыға іздеп келген кезі де болды.

Тоқетері сол – «Танылмаған Талғат Кеңесбаев немесе рақайласпаған әдебиет» деген тақырып сейсенбінің кешінде дайын тұрды. Түн болса да, бір қуаныш, бір үмітпен сол материалды бас редактордың адресіне жібере қойдым. Арада аз уақыт өткен жоқ, Талғат Кеңесбаевтың өзі звондап тұр. «Әй, Қозыбай, қалайсың? Сен «Датқа» барыпсың ғой. Ермұрат «маған мықты журналист келді, ертең «бомба жарылады» деді. Дұрыс болыпты» деп разылығын білдірді. Құдая шын, жобасы дәл осылай айтты. Осылайша аяқ асты уыстата салған қуанышты қайда сыйғызарымды білсем, не керек?!

Мынадай жылы пікірден көңіл толассыз өрекпи қуанып тұрғанда, Ермұрат ағаның өзі хабарласты да, «Ертеңнен бастап жұмысқа шық» деп қысқа қайырды. Ертесі кірген бетте өзі қарсы алып, әріптестерге: «Сіздердің орталарыңызға 4-курсты жаңа бітірген емес, өздеріңіздей қаламы қалыптасқан журналист келіп жатыр. Құттықтап қойыңыздар!» деп таныстырды. Содан бастап бас редакторым бірте-бірте Ер-ағаға, өзім Ер-аға мен Бақыт апайымның (жаны жәннатта болсын) «Қошақаны» атанып шыға келдім.

Шығармашылық «тісі» быламыққа да сынып қалардай былжыр-болбыр шәкіртті де илеп, қалыбынан қайтпастай жауынгер шығаратын «ДАТ» ұстаханасы мені сөзсіз шыңдады. «Мәсі киген Мәсімов» деп бастап, «Қазақтың билігі қазақты неге бөле қырқады» деген сынды өткір тақырыпта шенділерге шебер де мейлінше шүйліктіріп алса, бірде «Пантеон мен Луврға қай қазақ жетеді?», «Алтын күн астындағы алтынсыз ел», ал бірде «Бұл одақта өтірік айтудан басқа айырбас жоқ!» деген сынды үлкен тақырыптарға «жұмсайды» ұтылатып-ұтылатып.

Кейде баулыған тастүлектей өзің-ақ тіленесің. Тіленбей қайтесің, газеттің тиіп кеткен жерін ойып түсердей өткір тақырыптарын оқисың да, сен де ұқсап көргің келмей ме?! 

Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақтың құр бос әурешілік екенін әшкерелейтін «Бұл одақта өтірік айтудан басқа айырбас жоқ!» деген тақырыпты өзім сұранып жазып едім. «Төрт аяқтап» қолдайтындар тұсында бұл тақырыптың дауы да ұзаққа созылғаны рас. Бір анығы – бүгін одақта өтірік айтудан басқа айырбастың жоқ екені дәлелденіп келеді. 

Аталған одақтың «театрын» айтамыз-ау, «бас оқырманның» кезекті сынағымен «Қорқыттың көрін» көрдіңіз бе?» деп, театр сыншысына айналып кете жаздасаң, бірде Аңсаған Мұстафаның сурет көрмесіне қалай салаң етіп жетіп барғаныңды, әрі санаңда сапырылысқан қалың суреттің ішінде тұрып, қалай «ДАТ» болып, ойлап қайтатыныңды білмей қаласың.

Тыста қазаққа тісін батырғысы келгенге қатал болса да, жұмыста «қызыл кітапқа» енетін соңғы жайлы бастықтай көрінетін Ер-ағамен редакцияда бір кесенің шетін тістегендей туыс-дос сияқтанамыз. Қағаздай есігін қай қазақ келсе де «жапырып» кіріп жатқаны, сапырып саясат айтып отырғаны. 

Әлде деймін кейде, мені «Қошақан» дей жүріп, сонша еркелетті ме екен, қуықтай «асханамызда» тер-тер болып шай ішіп отырғаның. Орынбасары Бақытгүл апай аузыңа үйінен тасып, асын тосса, сөзсіз ішуі тиіс дәрісінен қиып, тиын-тебенін қалтаңа «құлатса», қалай бұндай ұжымнан айналмайсың?!

  • Ал «көз майын тауысу» деген сөздің заңды мұрагері сияқты Айман тәтеміз мақаланы «қағып-сілкіп», арасындағы шаң-тозаңды «сыпырады» да, ұқыпты қолдың мүкәмалындай жарқырата қояды.

Тарихи есімдей «ДАТ» Кенжесі ше? Газеттің мол қиындығын үйіне тасып әкетіп, тасып әкеліп жүретіндей басылымның тарихи жауынгері Кенжеңіз де макеттің майталманы дерсіз. Сөйте тұра, Ермұратыңызға күнде шәкірт сияқтанады. Қыр желкесіне мінердей болып, «бас оқырман» тұрады да, миға «сыймайтын» коллажды «сал да сал» деп бір «әлектесе», әне-міне шыққалы тұрған газеттің шетіндегі «майысып» тұрған екі сызықты көрсе, тағы «ашуланады». 

Кейде түнделетіп Кеңсайдағы ағамның үйіне қайтатын мен үшін редакция екінші үйім болатын. Мақаланы ептеп бітіргесін, тыныш кабинетте ұйықтай салу да сондай жайлылық сезіндіретін.

Арасында «Жол жүретін тиының бар ма?» деп сұрайтын да, қалтасынан жырып, тиын беретін. «Жырып» деп айтатыным, газеттің ішкі «кухнясын» білмейтін бәз біреулер «бұл не сөз?» дер. Ондайда бізбен қатар арасында дайын кеспе жеп отыратын бас редакторды көрсетер ме еді дейсің. Бұл жағдайды басылымнан өткен, әсіресе кейінгі журналистер жақсы біледі. 

Бұл ретте «кейінгі» деуіміздің себебі да анық, тәуелсіз басылымның жағдайы Дариғаның дүңгіршек аулау «науқанынан» кейін тіпті қиындап кеткен болатын. Бұрынғы журналистер «ұрып-соғып» кететін деп аңыз қылса, біз де жай тұрмай, «аш» қалуды ешкімнің басына бермесін деп «бәлсінеміз». Сөйтіп, «дауласқан» екі тарап та бұндай сынақты күннен сағымызды сындырмай алып өтетін «Ер-аға еді» деп «мәмілелесетінбіз». 

Бірде тұрып жатқан квартирамызда сол шақта әнге сөз жазып жүретін ақын досым Еркебұлан Кенехан екеуіміз таңға дейін далада жүрдік те қойдық. Ананы айтып – бір, «мынаны тыңдашы» деп – екі гулейміз. Сөйтіп таңғы бес тілін рұқсат «сұрай» соққанда бәле басталған. Ұйқысынан ұйқы-тұйқы болып оянған орыс кемпір бір керіліп алып, төмендегі екі қазақты көріп, зіркілдесін келіп. 

Ұрсып-ұрсып қойды ғой деп, енді ұйқыға «қойып» берелік деп тұрғанда, полиция келіп: «Тыныштық уақытында тәртіп бұздыңдар» деп, айыптай жөнелмесі бар ма?! Шақар көрші шақырып қойыпты анығы. Әлгілер «Қазақпыз ғой, айқайлаған да жоқпыз, жай әңгіме айтып тұрғанбыз» деген сөзге тоқтамай, бізді полиция бөліміне алып кетсін. 

Беті іскен, көзі шыққан, тісі ұшқан Алматы содырларының ортасында екі «свежий бұзақы» тұрдық солай. Арматурадан сом ғып тоқылған төрт бұрыш көзді тордың ар жағынан тұзды көздер бізге тесіледі.

Істің ақыры біздің аңғалдығымыздан ба, әлде олардың тісті әлденеше рет қағып үйренген әккілігінен бе, «түсініктеме алдық, енді кейін де іске байланысты хабарласамыз, телефон алатын болыңдар» деген қатқыл ескертумен нүктеленген.

Алайда бұл «нүктенің» де жыры бар екен. Арада екі-үш күн өткенде, әлгі сақшыңыз маза берсе, кәнекиіңіз. Ананы сұрап, мынаны тергеп, жүйкелете жүріп, бір күні кешке «Атакенттегі» адрестеріне шақырсын деңіз. Кешкі сағат 7 мөлшері. Ел жұмыстан қайтып, күн қарайып, абыр-сабыр болып жатқан бейуақыт. 

Ер Төстік алып қарақұстың қанатын қиналғанда қалай тұтатса, біз де Ер-ағаның қоңырауын солай жедел тергенбіз. Қашанғы мінезімен: «Иә, Қошақан, не шаруа болып қалды?» десін. Мән-жайды жеделдете айтып шыққасын, әлгі жайма-шуақ мінездің соңы қаһарға ұласқандай: «Полицайдың шақыруына бармаңдар! Маған телефондарын бер. Мен сөйлесейін олармен!» деп шорт қайырды. 

Іштей қорқып тұрмыз, істің ақыры насырға шаппас па екен дейміз. Сөйтіп, «Атакентке» таяу жерде қаздай қатқан бізге: «Болды. Енді мазаламайды. Сендер барсаңдар, олар сендердің қалталарыңа зат сала ма, бір бәлеге ұрындыратын еді. Бұндайда сақ болыңдар!» – деп ес жиғызған. Артынша осы мәселеге орай маған материал дайындатты. Тақырыбын да өзі қойып, оларды бір сойды-ау. 

Атақты Мәшһүр Жүсіп айтты дейтін «әуелі Жаратушыңды, сосын Анаңды, сонан соң барып ұстазыңды сыйла» деген бір лепес маған үлкен мектептің есігін ашып, азамат принципі дегеннің не екенін толық үйреткен Ермұрат Бапиды сыйлатты. Тіпті осы адам алмағайып «қателесіпті» дейтін көлденең сөз шықса да, ақтап алатын «сенім» деген мықты «адвокатты» ішке енгізіпті. Құдайдан басқа да қателік болады дейтін әке ұстанымы қашан да өз адалдығымда табанды болуға сеп болғандай.

Қанша жерден нашар адам болсын, мейлі, күні кеше Назарбаевты ісінтіп-кебінтіп мақтап, мақтап қана қоймай, шынайы ықыласына шомылып өскен-өнгендер бір-ақ күнде теріс айналғанда, сатқындықта шек болмайды екен ғой деп ойлағанымыз рас. Ең құрығанда үндемей қалу деген принцип бұйырмай, Тоқаевқа жан-дәрмен қошемет «уыстап» жүгіргенде, жарты қоғам шалқасынан түскендей күй кешпеді ме?!

Тағы бір қызықты айтайын. Сол Ер-ағаңның тәрбиесінің арқасында ма деймін, өмірімде өзім сыйлайтын адамдар «ақымақсың» деп бетіме айтқан бір уақиғаның да бастан өткеніне биыл тура бес жыл болыпты. 

Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жүрген 2018 жылы ата басылымның 100 жылдық мерейтойында сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовтың шешімімен бір топ газеттегі қанаттас жастарға үй берілді. Сол тізімге менің де атым еніпті. Не керек, су жаңа екі бөлмелі пәтер бұйырғалы тұрған. Бұл тұста ұжымға айтар алғыстан басқа дауым жоқ еді. Алайда мен пәтерді емес, «Жас Алаш» газетін таңдадым. Сол сәтте, тойға бір-екі күн қалғанда ауысып кеттім. Нәтижесінде екі бөлмелі үй газеттегі еңбегі сіңген фотожурналистке бұйырып, дайын штатым тағы бір әріптесіме табысталған еді.

Сол тұста тіпті осы бір «ақымақтау» шешімімді әке-шешеме айтуға қорықсам да, іште бір «есеп» болды. Әкімшіліктің балансында тұратын, әкім үлестірген үйден алсам, сөз жоқ, аузы буылған өгізге айналатын ба едім, кім біліпті. Сосын еркін сөз айдыны болған «Жас Алашты» таңдау мүмкіндігі тұрған жерге табаны бүрлі кез келген тәуелсіз журналист менің орнымда болса да, солай істейді ғой деп ойлағаным рас. Тиісінше, «ДАТ»-тан басталған, «Жас Алаш»-пен жалғасқан, артынша республикалық тәуелсіз деген сайттардан тәжірибе жинатқан сапар әлі жалғасып келеді. Үй де тек қызыл алақанға «қолқа» салып жүріп тұрып алды. 

Міне, менің сүйікті мектебім болған «ДАТ» газетінің мерейтойы да қоңырау қаққалы «іргеде» тұр. Алғаш табалдырығын аттағанда-ақ: «Мынау нарық заманында өзіңді сұранысқа сай тауар ретінде қалыптастыр. Өтімді «тауарға» айналып, мен лайықты бағаңды төлей алмасам, ары қарай өз таңдауыңды жасайтындай деңгейге жет. «ДАТ»-тан талай қымбат «тауар» шыққанын, шыға беретінін де ұмытпа!» – деген Ермұрат Бапи да газетте ашынып отырып, әр әріпке қондыратын датын енді биік мінберде айтуға мүмкіндік алды. Демек, қазіргі даңғыл жолын маңдайымен тегістеп жеткен «ДАТ»-тың тойы – біз күткен ұлы той деуге болады. 

Той демекші, «Қошақан, біздің ауылда да той болады» деп, тарыққанда өзегімізге үміт арқауын жалғап беретін Ер-аға айтатын тойдың да кезегі келді. 

​​Қазір «қиямет» көпіріндей ұрыс-керіс, атыс-шабысқа толы өткен күндерде, дәлірек айтқанда, «ДАТ» пен қалың оқырман өткен 25 жылда бір ауыз тәуелсіз ой айта алмаған бүгінгі диван-батырлардың саны көбейіп тұрғаны рас. Тіптен кейде әйдік басылым абыройын қызғанатындар да табылып қалады. Бәрін уақыт – төреші тездер де түзетер. 

Ал мен «ДАТ» газетін сүйіп оқитын оқырмандар мен сүйікті әріптестеріме «Той құтты болсын!» дегім келеді. 

Қозыбай ҚҰРМАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн