16 қаңтар күні сағат 10-да Алматы қаласындағы «Атакент» қонақүйінің «Мәншүк» деп аталатын коференц-залында «Дат» медиажобасы шығарып жатқан «Общественная позиция» газетінің ұйымдастыруымен «Бір палаталы парламент: ол қандай болу керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтуі тиіс еді. Мақсат – ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, белсенді азаматтар жиналып, елімізде жүргізіліп жатқан парламенттік реформа бойынша өз ойларымызды айтып, ұсыныс-пікірлерімізді білдіру болатын. Жиын соңында негізгі баяндама және оны тыңдағаннан кейін талқылау кезінде айтылған тілек-өтініштер ескеріліп, қарар қабылдаймыз, оны газеттің Редакциялық қоғамдық алқа төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи арқылы бірер күннен кейін Қызылорда қаласында өтетін V Ұлттық құрылтайға жеткіземіз деп шешкен едік.
Аталған мекенжайға таңғы сағат 9‑дан бастап шақырылған қонақтар біртіндеп келе бастады. Олардың арасында белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Есенғазы Қуандық, көрнекті көсемсөз шебері, қоғам қайраткері Марат Байділдәұлы, саясаткер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, Қазақстанның құрметті жазушысы Талғат Айтбайұлы, қоғам қайраткері, белгілі журналист Жарылқап Қалыбай, ғылым кандидаты, экономист-қаржыгер, «Дат» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұртаза Қадырниязов, Жарқын Күрентай, Азамат Молдасанов сынды басқа да белсенді азаматтар бар. Жалпы 30-дан аса адам жиналды. Басталуы сағат 10-да деп белгіленгенмен, біраз кешігіп, жиынды 10-нан 45 минут өткенде бастадық.
Дөңгелек үстел «Общественная позиция» («Дат») газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқандықтан, мен оның қазіргі бас редакторы ретінде сөз алып:
– Ассалаумағалейкүм, құрметті ағайын! Баршаңызға белгілі, елімізде ең жоғары заң шығарушы ұйым – парламентті реформалау, бір палаталы парламентке өту бойынша ауқымды реформа жүріп жатыр. Ата заңымызға 50-ден астам өзгерістер енгізілетін болғандықтан, мұны тіпті конституциялық реформа деуге болады. Мемлекет басшысы осыған байланысты жалпыхалықтық референдум болатынын халыққа Жолдауында айтты. Сол себепті «Дат» медиажобасы аясында шығып жатқан «Общественная позиция» газеті бүгін дөңгелек үстел ұйымдастырып отыр. Енді осы жиынды митингке, айғай-шуға айналдырмай, үлкен ұйымшылдық, бір-біреуге деген өзара құрмет және асқан мәмілегерлікпен жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бізге қатып қалған бұрынғы қасаң пікірлер емес, позитивті, конструктивті жаңа пікірлер керек. Сол арқылы сауатты, салиқалы азаматтық қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсетуіміз керек. Біз қазір елімізді тағдыршешті өзгерістерге бастайтын парламенттік, тіпті конституциялық реформа мәселелерін талқылағалы отырмыз.
Кез келген жиынның өту тәртібі, ережесі – яғни регламенті болады. Ендеше соны белгілеп алайық. Мен негізгі баяндамашыға – 15–17 минут, оны талқылап, өз ойларын білдіргісі келетін азаматтарға – 5–7 минут берсек деген ұсыныс білдіремін, қалай қарайсыздар? – деп, дауысқа салдым. Жиын қатысушылары бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Одан соң тақырып бойынша баяндама жасау үшін алғашқы сөз тарих ғылымының докторы Есенғазы Қуандық мырзаға берілді. Дәл осы кезде сол жағымда отырған Рысбек Сәрсенбайұлы ағамыз: «жақсы басталды, дауысың да жақсы» деп құлағыма сыбырлап қойды. Алайда баяндамашы Есенғазы Қуандық ә дегеннен тақырыптан ауытқып, парламенттік реформа емес, саяси партиялар қандай болу керек, жалпы партия дегеніміз не, оның қандай түрлері бар деген бағытта өз ойларын айтып кетті. Диктофоны қосулы тұрған ұялы телефоныма қарасам, ол кісінің сөзі басталғалы 10 минут уақыт өтіпті. Сондықтан мен жиынның жүргізушісі ретінде:
– Аға, тақырыптан ауытқып кеттіңіз. Біз партиялар туралы лекция тыңдауға келген жоқпыз, парламенттік реформа туралы айтыңыз. Егер қалған жеті минутта ойларыңызды айтып үлгермесеңіз, сөзіңіз тоқтатылады», – дедім.
Сол кезде жиналыс қатысушылары: «Сөзді бөлмеңіз, қажет болса, бір сағат уақыт береміз», – деп жаңа ғана өздері қабылдаған шешімді бұзып, біз қауіптенген айғай-шу басталып кетті. «Жиын өткізу үшін жалға алынған залдың ақшасын біз төледік, керек болса, оны өзіміз жүргіземіз» деп билеп-төстеуге қарады. Әрі қарай менің қолымдағы микрофонды алып, Рысбек аға сөйлеп кетті.
Менің ойымша, өзінің орнын, қадір-қымбатын білетін кез келген саналы азамат мұндайға көнбейді. Сондықтан мен бір ауыз сөз айтайын деп микрофонды қайта алып:
– Бұлай болмайды, біз «Даттың» атын жамылып, жиынды мұндай айғай-шумен өткізуге жол бермейміз. Ертең онда қаралған мәселенің газетте жариялану-жарияланбауына да жауап бермейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп жиналыстан шығып кеттім.
Бұл туралы «Ұлыс медиа» сол күні жазды. Бірақ неге екенін қайдам, көп ұзамай сайттан алып тастады.
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ, «Дат» медиа-жобасының бас редакторы