(Әзіл-шыны аралас)
– Менің бір сұрағым бар еді…
– Кімге?
– Өзіміздің Қаржы министрімізге.
– Соңғы апталарда президент Тоқаев – жай министрі бар, премьер-министрі бар, бірнешеуін анда тағайындап, мында тықпалап, одан соң «Нұр Отан» партиясының ұсынуымен деп, қайта тағайындаулар болып, біраз шатыстық қой, енді «өзіміздің қаржы министрімізің» кім өзі?
– «Мен білемін!» деушілердің айтуынша, Ерұлан Жамаубаев деген біреу…
– Жемқорлар жұлып жеген қазынаның қаржысына «Жамаубаев» деген пәмиләсі сай келген екен, ә?! Ал оған не сұрақ қоймақсың?
– Осы гәзеттің 4-нші ақпан күнгі санынан «Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайлары» дегенді оқыған шығарсың?
– Оқыдым, ондағы он сарайдың суреттерін көріп, әрбіреуінің қанша долларға сатып алынғанын да білдім.
– Бағаларын қосып, жиыны қанша екенін есептемедің бе?
– Есептедім, а как же? Баяғы оқушы кезімде-ақ арифметикаға шорқақ едім, оның үстіне сарайлардың бәрінің бағасы доллармен көрсетіліпті, тегі назарбаевтар «теңге» деген терминді ұмытқан шығар…
– Жиыны қанша болды, соны айтшы?!
– Бес жүз елу бес миллион доллар!
– Қал-л-лай екен?!
– Таңқалғанымнан ба, шошып кеткенімнен бе – білмеймін, төбемнен табаныма дейінгі қыл-түгім түгелдей тік тұрған сияқтанды…
– Бәсе, бүгінгі өңің өзіңдікі емес… Жақ жүнің үрпиіп кетіпті…
– Ерұлан Жамаубаев мырзаға сол үрпиген халімді айтып, сұрақ қояйын деп шығып едім.
– Сені қатты мазалаған ол не сұрақ?
– Енді әлгі бес жүз елу бес миллион долларды теңгеге айналдырғанда, қанша болады? Ол біздің Алматы облысының бір жылғы бюджетінен аз ба, көп пе? Қаржы министрімізден соны білмекпін.
– Сен назарбаевтардың шетелдердегі сарайлары сол он ғана деп ойлайсың ба?
– Жоғ-а! Ол жағынан хабар-ошарым бар, жиырма шақты…
– Сен сұрағыңды қойдың дейік, бірақ оның министрге жетпейді, олар бұл гәзетті оқымайды.
– «Оқымайды-ы-ы»?! Неге?! Парламент жақта қызмет істеп жүрген жиенім былтыр айтқан: «Депутаттар «ДАТ» гәзетін тіпті бірінен-бірі тығып оқиды» деп! Залда қамалып отырған депутаттар сөйткенде, сыртта емін-еркін жүрген министрлер неге оқымасын, оқи-и-иды!..
Екі көршім: мұғалім Жапар Айташ пен дірігер Елжан Ыбырайдың ауламызда осылай десіп даурығып тұрғандарын көріп, министрге сұрақ қоймақшы Жапарға:
– Жәке, сұрағыңды сүйрелеп әуре болма, жауап ала алмайсың, – дедім.
– Ә, ол рас, рас! Біз мектептің жанындағы дәріхананың көбінесе жабық тұратынын айтып, қала әкіміне екі рет хат жаздық, жарты жыл болды, әлі жауап жоқ, – деді Елжан мені қостап.
Жапардың әлгі тікірейген түгі жататын түрі жоқ:
– Сұрағымды бәрібір қоямын, жазамын! – деп, жігерлене сөйлеп кете барды.
Марат ЕЛШІБЕК