Среда , 2 июля 2025

МЭТР МАҒАУИНМЕН МӘШҺУРА

Ардақты Алаш жұр­ты, қаза қай­ыр­лы бол­сын! Дүни­е­ден Мұх­тар Маға­у­ин озды!

Осы қаза­ның үстін­де «Көңілқос» ретін­де бір жыл, бір ай бұрын жазы­лған мақа­лам­ды назар­ла­ры­ңы­здан өткіз­ген­ді жөн санадым.

Әлқис­са, Көне (Кония) шаһар­дағы «жаһан­дық мисти­ка­лық әуен­дер» фести­валінің аясын­да «Яса­уи» тобы­ның ғажап кешін өткіз­ген күн­нің ертесіне жақын­да Аме­ри­ка­дан Түр­ки­енің Кемеріне қоныс аударған Мұх­тар Маға­у­ин аға­мы­зға сәлем беру­ге асы­қтық. Қала сыр­ты­нан күтіп алған жазу­шы­ның ұлы Еді­ге шаңы­рағы­на баста­ды. Аға-жең­ге­міз­бен арқа-жарқа аман­да­стық. Бақыт­жа­мал жең­гем менің тамыз айын­да Шығыс бет­ті, Алтай жақты ара­лаға­ным­нан хабар­дар екен, қуа­нып қал­дым. Аман-түгел­ден соң ілкі сау­а­лым: «Алтын Орда» біт­ті ме?» бол­ды. Ол кісі: «Аме­ри­ка­дан соңғы нүк­тесін қой­ға­сын барып бері қарай қозғал­дық» деді. Бұл біз үшін қуа­ны­шты, бәл­кім, күл­лі Алаш үшін сүй­іні­шті, сүй­ін­шілі хабар еді…

Жә, басы­нан бастайыншы…

1. Тұл­пар­лар тура­лы толғау

…1991 жыл­дың қазан айы­ның басы. Ұлт­тың Тәу­ел­сіздік­ке қарай – енесіне еңсе­ген қозы­дай ұмты­лып келе жатқан шағы. Тәу­ел­сіздік­тің жолы­на шашы­лған шашу­дай жер нәу­беті айы­ры­қ­ша бұлқы­нған сол жылы мамыр айын­да ұлы жырау Қашаған Күр­жі­манұлы­ның Маңғы­ста­удағы «Қыры­қ­кез» әулие маңын­да «Там-бай­ға­зы» тойы аса бір сал­та­нат­пен өткен. Қазан­да ақын­ның 150 жыл­дық той­ы­на да өлке­міз қат­ты күбін­ді. Әбіш аға Кекіл­бай­ұ­лы Алма­ты­дан өзінің тұрғы­ла­ста­ры­мен жет­кен. Ара­сын­да – жастай­ы­нан тел өскен досы Мұх­тар Маға­у­ин жұбайы Бақыт­жа­мал жең­гей­мен бір­ге келген…

Сол жыл­да­ры Түрк­мен­стан­ның Шаға­да­мы­нан баяғы «адай жылқы­сы­ның» тұяқта­рын сақтап қалған – бәй­гілі Тіней Шам-Тал­пақтың неме­ресі Терекбай-сей­іс, әйгілі Базар-Жары Ізбас ақын Есі­мұлы­ның неме­ре інісі Алпа­мыш сын­ды ақсақал­дар келіп, Маңғы­ста­удағы ала­ман­дарға ат қосып және бүкіл жүл­де­лер­ді сыпы­рып алып кетіп жүр­ді. Маңғы­стау сов­хоз­да­ры­ның жай­шы­лы­қта «жүй­рік» ата­нып жүр­ген, «совет­тік селек­ци­ядан» шыққан тұғыр­ла­ры көк­мой­нақтар­дың тезек­терін теру­ге де жара­май қалған! Ең сұм­ды­ғы, шын тұл­пар­лар ала­ман­ның соңын ала­шаң қылып бара жатқан шобыр­ларға қай­та айна­лып қуып жетіп, кей­де соңы дауға айна­лып, тұғы­ри­елері бір айна­лым кей­ін кел­ген атта­рын әлгі шын тұл­пар­лар­мен әдейі шата­сты­рып, даудың ала­шаңын боратқан тұста­ры да бар…

Шаға­дам­ның шал­да­ры ылғи Шын­жыр қыстағын­дағы ауы­лы­мы­зға түсетін. Терекбай-сей­іс өзінің торы айғы­рын атша­быстан кей­ін біздің ауы­лға тастап кететін. Сол жану­ар үш жыл­дай қолы­мы­зда бол­ды, талай бәй­гіні алды. Тобы­шақ – бір көр­ген адам «құнан ба?» деп қалған­дай, бірақ шыға шаба­тын – шығы­нып шаба­тын, бәй­гінің соңы­на дей­ін алды­на қара түсір­мей­тін хас жүй­рік еді. Той алдын­да ауы­лға бар­сам, Түрк­мен­стан­нан кел­ген атбе­гілер басып жатыр екен. Аман-түгел­ден соң бұры­нғы­лар­дың жолы­мен «Ат бәй­гілі бол­сын!» айт­тым. Тіле­гім­ді Терекбай қария ырай­ла­нып қабыл­да­ды. Мен: «Шоңай Алшын бастаған 60-тан аса үкі­мет адам­да­ры ауы­лы Сар­мыс-Тәжі­де оты­рған, совет өкі­метіне қар­сы қару алып соғы­спаққа ниет­тен­ген айту­лы мер­ген Тоқа­бай Құр­маш Қосжанұлын ырай­дан қай­тар­мақ болып барған­да, Құр­маш қонаға­сы­дан соң бата­ны өзі беріп: «Бабық Ырза­бек-Бура­бек­тің қой­ын бер­сін; Тіней Шам-Тал­пақтың тай­ын бер­сін; Олжа­шы Айдар­бай­дың ойын бер­сін; Шоңай Алшын­ның бой­ын бер­сін! Қалға­ны маң­дай­ла­ры­нан көр­сін!» – деп­ті ғой. Сол бата­сы қабыл екен анау жатқан тен­тек шал­дың, – деп ауыл­дың ілгер­гі бетін­де­гі Құр­маш батыр­дың «қызыл­дар­мен» соғы­ста шей­іт болып өлген бей­іт-тұсын нұсқа­дым. – «Зәка­рия – Шам-Тал­пақтың» совет тар­тып алған 22 000(!) қылқұй­ры­ғы­ның тұқы­мын сақтап қалған екен­сіз­дер», – деп алғыс айттым…

Ертесі күн­гі кеш­ке Ақта­удың жанын­дағы Басқұ­ды­қтағы атша­бар алаңы­нан алқы­нып інім Үтті­бай (марқұм) келіп хабар бер­ді: «Бәй­гі-аттар­ды Мұх­тар Маға­у­ин ара­лап қарап шықты. Біздің торы айғыр­ды («Терекбай торы») көр­ген­де: «Мына­ның алды­на ертең құс та түс­пей­ді!» деді. Есен Әділ­хан­ның (Әділ­хан Бақты­бай­ұ­лы – «хан» Тоба­ни­яз Әлни­язұлы­ның туған бал­ды­зы, яки Дөң­бай шеше­міздің інісі) қара­ала­яқ арғы­мағы екін­ші келетінін айт­ты. Қалы­ң­ба­ев Әбділ­да­ның қоңыр атын көріп: «Жану­ар ұза­ққа шаба­тын жылқы екен. Енді бір-ер айна­лым бол­са, екін­ші­ге осы ілі­нер еді», – деп кет­ті…». Біз өзі­міз әули­е­дей құр­мет­тей­тін жазу­шы­ның айтқа­ны кел­гей де деген тілек­пен қалған­быз. Ертесіне 100 неше ат қосы­лған ала­ман-бәй­гі­де Мұх­тар Маға­у­ин­дей саңлақтың айтқа­ны айны­май кел­гені ғой! Кей­ін осы әңгі­мені Есенға­ли Рау­ша­нов аға­ма айтқан­да түк таң­дан­ба­стан: «Әрине, айтқа­ны келеді. Ол тегін адам бол­са, «Мұх­тар Маға­у­ин» бола ма?!» деген…

…Кеше­гі айғұн­шақ Ақтеңіз бен бозғұн­шақ айте­міз-шың­дар қауы­шқан Түр­ки­я­ның Кемерін­де – ежел­дің тарих­шы-гео­гра­фы Стра­бон­дар­дың таба­ны тиген қоны­ста – қалам­гер шаңы­рағын­дағы келісті кеңе­сте сол кеп­ті еске сал­дым. Ағам осы әңгі­ме­ден соң жүй­рік­тер­дің тағ­ды­ры тура­лы айтып кет­ті: «Әкем (үлкен әкесі Маға­у­ия Құрым­бай­ұ­лы ақсақал) Абай әулеті­мен ара­лас-құра­ласқан, Алаш қай­рат­кер­лері­мен дәм­дес болған (оның үйін­де 1918 бен 19-дың айқыш тұсын­да Мір­жақып, Рай­ым­жан Мәр­се­ко­втер бастаған ала­шор­да­лық ұлт көсем­дері 40 күн пана­лаған. – С.Н.) жөн­біл­гі-сөз­біл­гі адам бола­тын. Өзі атбе­гі еді. «Нарқы­зыл» деген аты бол­ды. Ондай жүй­рік­ті туды-біт­ті көр­медім. Кей­ін ол тура­лы «Жүй­рік» атты хика­ят жазға­ным­ды білесің­дер. Жану­ар жай жүр­ген­де де, шапқан­да да қата­ры­на ат іле­стір­мей, мой­ын озды­рып оты­рар-ды. Ұран шыққан сәт­те кірі­стен ытқан жебе­дей зымғап кетіп бара жата­тын. Әп деген­нен артын­дағы сам­саған жүй­рік­тен қара үзіп шыға келетін. Сол озғын­даған күйі алды­мен келер-ді. Есен­тай атты бәй­гі-бала­сы бол­ды. Бір қызы­ғы, бәл­кім, бұл – қасірет­тің зоры, елінің тұл­па­ры – Нарқы­зыл­дың тіле­уін ешкім тіле­мей­тін. Бәрінің көкей­ін­де: «Осы жолы қала қой­са екен!», «Сүрін­се ет-ті!», «Мер­тік­се ғой!», «Өлсе екен!» деген жаман пиғыл­да­ры іштеріне сый­май, сырт­та­ры­на лық­сып шығып жата­ты­нын талай естідік. Бірақ әкем оларға тіп­ті де мән бер­ген емес. Заң­ды­лы­қтай қабыл­дай­тын. Мысы­қтілеу көп­шілік, кісә­пір топ­шы­лық қан­ша жер­ден қарға­са да, Нарқы­зыл олар­дың өзе­гіне түс­кен қызға­ны­штың қызыл құрт­та­рын одан сай­ын семір­тіп, қарақ­шы­дан жалғыз айна­луын қой­май­тын… Кей­ін бақ­сам, мұның өзі, шынын­да, табиғи заң­ды­лық көрі­неді. Шен­нен шыққан жүй­рік­тің, – мей­лі, ол – мал, мей­лі, адам бол­сын, – маң­дай­ы­на бұй­ыр­мыс мөр-тағ­дыр осы екен…».

Мұны айтқан­да, Мұх­тар ағам­ның өңі ала­бұр­тып, жана­ры дым­да­нып қоя бер­ді. Терең күр­сін­ді. Көз алды­ма – ақы­ры, оза алмас шобыр, көре алмас тобыр тіле­уіне жете алмаған соң, – қол­тық-қолаң­са­сы­на (жүрек тұсы) ине қадап жібер­ген Нарқы­зыл тұл­пар еле­сте­ді… Кенет кәрі тұл­пар ышқы­на кісі­неп жібер­ді! Адам-алмауыт­тың осы­нау аласүрен үнін алы­стағы Қаза­қи­я­сы естіді ме екен?.. Әй, қай­дам? Өйт­кені көкірек-көмей­де­гі ышқы­нған үнді, көңіл-көбе­де­гі алқы­нған дем­ді, өмір-сөре­де­гі ысқы­рған жел­ді жанын­да оты­рған мен ғана есті­гем. Өйт­кені ол тыныс маған ғана телі­мел, ол дыбыс маған ғана етене-тін. Өйткені…

2. «Екі-ақ ада­мға сендім!»

Менің: «Күн­делік жүр­гізіп көр­діңіз бе?» деген сау­а­лым­нан соң, Мұхаң әңгі­месін ары жалға­ды: «Күн­делік жазу – өзіңді тірілей тұза­ққа түсір­ген­мен тең болуы мүм­кін еді ол кез­де (менің жады­ма Әбіш аға Кекіл­ба­евқа: «Аға, басы­ңы­здан не қилы оқиға­лар өтті, өтіп те жатыр. Ең бір шешу­ші кезең­дер­де атқа мін­діңіз, топқа кір­діңіз, отқа түстіңіз. Сол кезең­дер жай­лы біл­гісі келетін ұрпаққа Сіздің өз аузы­ңы­з­бен беріл­ген куәлі­гіңіз аса құн­ды ғой. Жад дәп­терін­де ол жай­лар­дың бәрі бір­дей таң­ба­ла­нып қалуы мүм­кін емес, ақпа­рат­тар дәуірінің қара тасқы­ны көп нәр­сені адам сана­сы­нан әп-сәт­те шай­ып үлге­руі мүм­кін. Сон­ды­қтан арнайы күн­делік жүр­гізіп оты­рас­ыз ба?» – деп сау­ал қой­ға­ным, ағам­ның: «Күн­делік жүр­гі­зу – өзіңді өз қолы­ң­мен қақ­панға түсіріп, орға жығу ғой…» – деген қысқа ғана жау­а­бы орал­ды). Алды­ңғы аға­ла­рым­дай аса үрей­лі бол­ма­са да, менің де өмірім қатер­лі өткел­дің үстін­де өтті. Әр сөзіңді абай­лап айтып, әр қада­мы­ң­ды аңдап бас­па­саң – отар­лық жүйе ешкім­ді, әрине, оның ішін­де – Ұлт Мұра­тын ту қылып жүр­геніңді біл­се, аямай­тын. Сон­ды­қтан «кіш­кен­тай­дан бір­ге өскен» достар­дың өзіне күмән-күдік­пен қара­уға мәж­бүр бол­дым. 1986 жылғы Жел­тоқ­сан дүр­бе­леңін­де біраз дүни­е­лерім­ді жоюға тура кел­ді. Құда­ның құдіреті, алға­шқы әңгі­ме­лерім­нің бірі – 1932 жылғы ашар­шы­лық тура­лы «Бір уыс бидай» атты әңгі­мем­ді жой­дым дегем, оның ең ілкі түп­нұсқа­сы сақта­лып қалыпты…

Мен өмірім­де екі-ақ ада­мға сен­дім, қаза­қта – Әбіш­ке, екін­шісі чуваш жазу­шы­сы Юхма Миш­ши­ге! Әбі­штің жайы бел­гілі, ол еке­уміздің мақ­сат-мұра­ты­мыз әзел­ден бір-тін. Ал чуваш дос та ары­ға сал­саң, – түр­кілік туы­сты­ғы бар, бері­ге кел­сең, – қалам мен досқа адал­ды­ғы өз алды­на, ол да біздің қазақ сияқты, тағ­ды­ры қаза­қтан да ауыр отар елдің өкілі. Сонау совет­тік 70–80-жылдардың өзін­де оны­мен Ұлт Азатты­ғы жай­лы көп сөй­ле­сетін­біз. «Сен бақыт­ты­сың ғой, – дей­тін ол мұңай­ып. – Ұлтан­ды жұр­тың, ұланғай­ыр жерің, құнар­лы тілің, сарқыл­мас салт-дәстүрің, бай тарихың, есеп­сіз руха­ни мұра­ла­рың бар…». Мен оған: «Біз – қазақ, енді елу жыл­дан ұза­май бодан­дық бұға­уын үзіп, бостанға шыға­мыз!» – дей­тін­мін кесіп-пішіп. Ол: «Орыс басып қалған «целин­ный край­ы­ң­ды» қай­тесің?» – дей­ді. Мен: «Біздің тегі­міз­де «бөрілік» бар. Көк­жал қақ­панға түс­се, – сирағын шай­нап қал­ды­рып кете­ді. Керек бол­са, біз де сөй­те­міз. Сол­түстік өлкені жатқа қал­дыр­сақ та, кеуде­міз бен басы­мы­зды аза­тқа шыға­ра­мыз. Бас пен кеуде аман бол­са, – кей­ін жілі­гі­міз толып, жалы­мыз тұтасқан бір шақта ол өлке­лер­ді де қай­ы­рып аламыз!..».

Тәу­ел­сіздік­тен соң, яки 1997 жылы маған да, оған да «Түрік дүни­есіне қыз­мет» сый­лы­ғы бұй­ы­рып, еке­уміз Стам­бул­да жүз­десіп, бұры­нғы әңгі­ме­лері­мізді қай­та жалға­дық. «Сенің сәу­е­гей­лі­гің айны­май және сен айтқан мерзім­нен де бұрын кел­ді. Оның үстіне Сол­түстік өлке­лерің де өздеріңе бұй­ыр­ды», – деді ол. Бірақ біздің қал­ды­рға­ны­мыз бен алды­рға­ны­мыз әлі де жетер­лік… Деген­мен мен опти­мист адам­мын, тарих бір бұлқы­нып, азат Рух бір жұлқы­нған­да, жат­та қалған қоны­ста­ры­мы­здың өзі­міз­ге қай­та­ры­на сенем…».

Мен де шүбәсіз сенем, Мұх­тар аға!

3. «Мен «совет­тік адам» емес едім…»

Мұх­тар аға келесі бір кеп­ті былай қозға­ды: «80-ге кел­ген­де бір жаңа­лық аштым (жыми­ды). Өзіңе мәлім, тұңғыш рома­ным «Көк­мұ­нарға» заман­даста­рым мен қалам­даста­рым қат­ты шүй­лік­ті. Алай­да қалың көп­шілік­тің ықы­ла­сы ол шығар­маға мүл­де басқа­ша бол­ды. Одан соң «Алдас­панға» шабуыл бастал­ды. Мұның себебін соң біл­дім, – Баты­ста біре­удің совет халы­қта­ры жөнін­де кіта­бы шыға­ды. Оны кей­ін мынау Еді­ге (ұлын нұсқа­ды) тауып алды. Сол еңбек­те «совет­тің қол астын­дағы Шығыс халы­қта­рын­да ұлт­шыл­дық оянып келеді» деп, мысал ретін­де менің атал­мыш еңбе­гім көр­сетіледі. Совет­тік КГБ-ның қырағы­лы­ғы сұм­дық-тын, содан мені сүр­гілеу мен тіл­гілеу басталған ғой. Әйт­пе­се мінезім­мен ешкім­ге кедер­гі кел­тір­ген, жат қылы­қта­рым­мен көз­ге түс­кен жерім жоқ…

Жал­пы, қалам­гер сая­си билік­тің көзқа­ра­сы­на тәу­ел­ді бол­мауы керек. Билік­те бір тұлға тура­лы тұрақты пікір бол­май­ды. Өйт­кені тұлға ылғи олар­дың оң жағы­нан шығып оты­ра алмай­ды. Өйт­се – тұлға­лық қаси­ет қал­май­ды. Мыса­лы, фран­цуз­дың Луи Ара­го­нын СССР қан­ша әспет­те­ді. Халы­қа­ра­лық Ленин сый­лы­ғы­мен мара­пат­та­ды. Ал 1968 жылғы Чехо­сло­ва­ки­ядағы «тамыз толқуын» басып-жан­шы­ған «соци­а­ли­стік лагерь» әре­кет­теріне нара­зы­лық біл­дір­гені сол еді, совет­тік идео­ло­гия оны «қара есек­ке теріс мін­гізіп» шыға кел­ді. Кей­ін ымы­ра­ласқан бір тұста қай­ы­ра дәріптеді.

Бірақ мәсе­ле маған тірел­се, мұның басқа да бір сыры бар… Мен Абай таны­мын­да, Алаш рухын­да тәр­би­е­лен­ген жан едім. Жақын­да «Абай жолын» қай­ы­ра оқып шықтым. Рас, Мұх­тар Әуе­зов менің ұста­зым, ол кісі тура­лы бөтен әңгі­ме айта алмаймын.

…Бір оқиға есі­ме түсіп отыр. Дәріс үстін­де пар­там­ды ұста­зы­ма өте жақын­да­тып қою­шы ем. Көй­ле­гінің іші­нен киген жұқа киі­мі, оң жақ шекесін­де­гі біре­уі тым көлем­ді, қалға­ны ұсақтау он екі меңі әлі көз алдым­да тұр. Бір күні ұстаз: «Абай­дың өмір­ба­я­нын ең алғаш жазған мен­мін» деді. Сол кез­де менің көмей­ім­нен шын­ды­қтың дау­сы шығып кет­ті: «Жоқ, сіз емес. – Ұстаз маған аңта­ры­ла бұрыл­ды. – Абай өмір­ба­я­нын тұңғыш жазған Әли­хан Бөкей­ха­нов!». Әуе­зов үнде­меді, кей­ін бір қаға­бері­сте мұн­дай әңгі­ме­лер­ді айта беру­ге бол­май­ты­нын еппен ескертті…

Фран­цуз­дың клас­си­ка­лық про­за­сын ныса­на қылған адам ғой – Мұхаң роман­да­рын­да да бір-біріне мүл­де ұқса­май­тын жүз­де­ген кей­іп­кер­лер, таңға­жай­ып табиғат сурет­тері, шебер­лік­тің небір үлгілері бар – оны ешкім жоққа да шыға­ра алмай­ды, ол мек­теп­тен аттап та, айна­лып та өте алмай­ды. Алай­да сая­сат­тың қысы­мы­нан – өзінің ұлт­шыл ұста­зда­рын терістеу, «ұлы халық» өкіл­дерін әсі­ре дәріп­теу, өсі­ре мадақтау – бүгін­гі көз­ге жыр­ты­ққа жамаудай бады­рай­ып көрініп тұр. Әйт­пе­се біздің кеуде­міз жоға­ры ұлт едік, кез кел­ген қаңғы мұжық пен бәң­гі бұзық түгілі сара­ала иық төре­лерін теңсін­ген емес­піз. Бұл қаси­ет, мыса­лы, көп шал­да­ры­мы­зда, оның ішін­де өз әкем Маға­у­и­яда да бар-тын… Содан да болар, мен «совет ада­мы» деген өлшем мен мөл­шер­ді мүл­де қабыл­да­маған, ол қалы­пқа сый­маған адам­мын. Өз заман­даста­рым­ның маған сон­ша­лы­қты жаты­рқай, көбіне – өші­ге, тіп­ті одан да шығай маңып, жауы­ға қараға­ны да содан екен, бұл менің ашқан жаңа­лы­ғым! Оның қар­сысы­на мен де олар­ды бой­ы­ма шақ сана­маға­ным анық. Жоға­ры­дағы «Әбіш­ке ғана сен­дім» дегенім­нің аста­рын­да да осы шын­дық жатыр…

4.«Ұлы жазу­шы­лар­дың үздік шығармаларымен

жары­сқа түс­кен кез­дерім көп…»

Әңгі­ме бары­сын­да Маңғұ­ли­яда 1912–23 жыл­дар ара­сын­да өткен бұлғақ кезең – «Жала­ма айдаған жыл­дар» тура­лы сөз қозғап, өзім­нің ол тура­лы дастан жаз­бақ болға­ным­ды, кей­ін Мұхаң­ның «Кесік бас – тірі тұлұп» хика­я­ты жары­ққа шыққа­сын кідіріп қалға­ным­ды айт­тым. Мұх­тар аға: «Әлде де жаз. Про­за мен поэ­зи­я­ның жанр­лық айы­рым­да­рын өзің де жақ­сы білесің, тақы­рып­ты иге­ру­де олар бір-біріне кедер­гі кел­тір­мей­ді, – деп алып, ар жағы Әз-Тар­хан жақтың қал­мағы – ішкі Маңғұ­ли­яда «дүр­бін-ойрат» мем­ле­кетін қай­та құр­мақ болған Да Лама Дам­бий­жан­цан­ның қаза­қтарға қылған шен­сіз хай­у­ан­дық, шексіз қыса­сты­ғын еске алды.

– Қалам­гер­лер­де де ала­ман­дағы жүй­рік сияқты, өза­ра бәсе­ке бола­ды. Онсыз жыл­жу кем, өсу жоқ. Мыса­лы, Иво Анд­рич атты юго­слав жазу­шы­сы бол­ды. Өзі елінің Нобель сый­лы­ғын алған бір­ден-бір ада­мы. Соның «Дрин­де­гі көпір» атты рома­нын­да кей­іп­кер­ді дұшпан­да­ры істік­ке оты­рғы­за­ды. Істік әлгі міскін­нің өз сал­мағы­мен ішек-шабағын түгел ара­лап өтіп, үш күн­де иығы­нан тесіп шыға­ды. Міне, сол азапты сурет көкей­ім­нен кет­пей жүретін, кей­ін айтыл­мыш «Кесік басты» жазған­да, сол Иво­мен жары­сқа түстім…

Он екі бау­лы Абақ Керей­дің Қарақас ата­лы­ғы­нан шыққан Тоққұлы

қажы­ның бала­сы Ақым­бет 1913 жылы Баян-Өлгей­дің Дэлүнінің маңын­да Жала­ма залым­ның қолы­на түсті қапы­да. Әуел­де кез­бе тақуа-«бадаршын» болып келіп, арты­нан көп билік­ке қолы жет­кен кене­усіз қані­шер Жала­ма – өзін «құбы­лғон-геген», яки баяғы қал­мақ қон­тай­шы­сы Әмір­са­на­ның жаңа заман­да қай­та пай­да болған бей­несі, жаңа­рып қай­та туған әулие: құдірет­ті «доқ­шын» санай­тын, сиқыр­шы­лық қабілетінің арқа­сын­да оны­сы­на надан көп­ті сен­дір­ген пәле­кет – Ақым­бет батыр­дың терісін тірі­дей сыпыр­тып, тұлұп жаса­та­ды. Мақ­са­ты – қаза­ққа деген өлшем­сіз өшпен­ді шөлін басу және дұшпа­ны­ның терісі­нен өзіне, «сары діні» бой­ын­ша, «құл­шы­лық-жай­на­ма­зын» жасау…

Сөй­тіп Анд­ри­чтің кей­іп­кері үш күн­ге созы­лған тән төз­гісіз, жан созғы­сыз азаптан соң жан тап­сыр­са, менің Ақым­бетім­нің тоза­ққа ғана телі­мел аза­бы он үш күн­ге созы­ла­ды! Қоспа­сыз шын­дық деп қабыл­дай­сың ба, қалам­гер ұста­ха­на­сы­ның қая­у­сыз сомдаған обра­зы дей­сің бе, – ол өз еркің…

Ерлі­гі кемел, айла­сы кем, бей­бақ Ақым­бет батыр­дың тұлұ­бы қазір Чехия аста­на­сы Пра­га­ның Ұлт­тық музей­ін­де тұр. Тұлұп­ты I Жаһан соғы­сын­да тұтқын болып, Сібір­ге жер ауда­ры­лған чехо­сло­вак кор­пу­сы әпе­сер­лерінің бірі Вац­лав Копец­кий кей­ін еліне алып кете­ді. Сірә, Жала­ма­ны жер қап­ты­рған капи­тан Була­тов сый­ла­са керек. Копец­кий­дің бір ұрпағы осы бере­гірек­те мұра­жай­ға табыст­ай­ды. Бары – осы…

…Мен сөзі­ме сәл әзіл тұз­ды­ғын қостым: «Міне, Жала­ма-жауы­зды айта­мыз деп, сіздің шығар­ма­шы­лық лабо­ра­то­ри­яңы­зға – таң­сық әле­міңіз­ге өтіп, тыл­сым әле­міңіз­ге еніп кет­тім. Дүни­е­де олжа ізде­ушілер көп, менің бүгін­гі олжам осы болды!..».

Ағам ырай­ла­на жымиды.

5. «Үш құр­дас» хақында

Аға әңгі­ме үстін­де Әбіш досы­на бір­не­ше рет қай­ры­ла соқты. «Әттең, Әбіш хақын­да жалғыз өкіні­шім бар, ол «ана­ның» (Назар­ба­ев­ты айта­ды. – С.Н.) әнға­мы­на кір­ме­уі керек еді. Шығар­ма­шы­лы­қ­пен ғана оты­рған­да ғой, әлі қан­ша дүние жазар еді деген өкініш ішім­ді ылғи тыр­най­ды. Мен оның туыс-доста­рын түгел білем ғой: аға­сы Мұқыр, екі апа­сы, бір қарын­да­сы, Лебен, Ораз сын­ды заман­даста­рын – бәрін етене тани­мын. Әбіш арқы­лы ең әуелі Маңғы­ста­уға деген ықы­ла­сым оян­ды. Ерекше ықы­лас. 1987 жыл­дан бастап әули­елі мекен­ді әлде­не­ше рет ара­ла­дым. Шақ­пақ ата, Шопан ата, Бекет ата, Қарақа­у­ақ-Шүл­дір – бәрін зия­рат­тап шықтым. Маңғы­стау хақын­да бір роман, екі хика­ят жаз­бақ бол­дым. Роман – Иса-Досан бастаған «адай көтерілісі» тура­лы еді де, қос хика­ят Балу­а­ни­яз батыр мен Т. Шев­чен­коға қаты­сты. Ол егін­дер түр­лі шару­а­лар­дың киіп кетуіне бай­ла­ны­сты пісіп тұрған кезін­де орыл­май қал­ды. Әлі де жаз­сам ба деген ой келеді. Бірақ көп қалам­гер жасы ұлғай­ған­да өзінің меже­сі­нен жаңы­лып, мөл­шерін бажай­лай алмай қалып жата­ды. Жазға­нын бұры­нғы дең­гей­і­нен өткіз­бек түгілі жет­кі­зе алмай­ды. Оны­сын өзі біл­мей­ді, менің қала­мым­нан тек шедевр шыға­ды деген астам ой аранға жыға­ды (аға сөзіне тұз­дық ретін­де бір­не­ше дәлел кел­тір­ді. – С.Н.) Мен де сон­дай­ға ұшы­рап қал­май­мын ба деген секем бар. Ондай секем­сіз тағы бол­май­ды… Соны­мен Маңғы­стау хақын­дағы жазған көр­кем дүни­ем «Түй­е­ші Қам­бар­мен» шек­теліп тұр әзірге…».

Осы жер­де әңгі­ме­ге ара­ла­стым: «Әбіш ағам­нан сіз айтқан мәсе­ле жай­ын­да сұра­дым – Мұх­тар аға да, Бақыт­жа­мал жең­гем де елең ете қал­ды. – Досы­ңы­здың сон­дағы айтқа­ны мынау: «Тәу­ел­сіздік­тің алас-күлес шағын­да пре­зи­дент шақыр­ды. Өзі­мен бір­ге қыз­мет істе­у­ге ұсы­ныс жаса­ды. Мен өзім­нің шығар­ма­шы­лық жос­пар­ла­рым­ды алға тар­тып, ол жос­пар­лар өмір­лік ұста­ным­да­ры­ма тіке­лей тәу­ел­ді екенін айтып, ұсы­ны­стан бас тарт­тым. Сол кез­де пре­зи­дент: «Әне, сөй­тесің­дер бәрің де. «Қазақ» тек тіл­дерің­де! Тәу­ел­сіздік алып, соның етек-жеңін жинап, елі­міз­ге шын­дап еңбек ету­ге кірі­сер тұста, қара баста­ры­ң­ның тыны­шты­ғын ғана күйт­тей­сің­дер!» деген ырай­да ауыр сөз­дер айт­ты. Мен шым­бай­ы­ма батқан осы сөз­дер­ден аттап өте алмай қал­дым. Амал­сыздан елім­нің қара жұмысы­на жегіл­дім, сая­сат­тың ылай­лы тасқы­ны­на көміл­дім…». Бақыт­жа­мал жең­гем: «Қайт­сін, шегіне алмаған ғой…» деген, Мұх­тар ағам біраз тұн­жы­рап оты­рып барып: «Бәрібір көн­бе­уі керек еді. Әттең, «ана­ның» арғы көкіре­гін­де не жатқа­нын бағам­дай алмай қал­ды. Өзіне де осы пікір­лерім­ді кез­дескен жер­дің бәрін­де де ертелі-кеш айтып жүр­дім. Шара не, алды – жар, арты – қар, айна­луға жері тар бол­ды Әбіштің…».

Мен әңгі­менің сал­мағын жеңіл­дет­кім келіп, Аға­ның есіне «Үш құр­дас» тура­лы хика­я­сын түсіріп, қай­ы­ра айтып беруін өтін­дім. Мэтр рия­сыз күліп алды. «Мен осы­ны қағазға түсір­медім, а? – деп өмір бойы қабағын бағып, кәла­мын танып келе жатқан жұбай­ы­на қара­ды. – Түсіріп қоюым керек екен. Тысы әзіл­мен кежім­дел­ген­мен, іші шын­ды­қ­пен желім­дел­ген… Иә, соны­мен… Құдай-Таға­ла­дан пәр­мен болып, ана­ла­ры бір мез­гіл­де Қаза­қстан­ның үш пұшпағын­да үш бала­ны дүни­е­ге әке­леді. Бірі – Маңғы­ста­уда, бірі – Шыңғы­ста­уда, бірі Алма­ты­ның іргесін­де­гі Ұзы­наға­шта. Мек­теп­ті біті­ре сала, үше­уі де көз­де­ген мақ­сат-мұрат­та­ры­на қарай ұмты­ла­ды. Маңғы­ста­удан шыққан құр­дас әуелі түй­е­мен Ақкетік­ке, бар­жа­мен Гурьев­ке, одан әуре-сар­саңға түсіп жүріп Қан­ды­аға­шқа, содан соң пой­ы­зға жар­ма­сып, өліп-талып Алма­ты­ға жете­ді. Шыңғы­ста­удан шыққан құр­дас та арып-ашып Аягөз­ге барып, одан әрмен пой­ы­зға ілініп жүріп, ол да аңсар­лы Алма­ты­сы­ның қара­сын көреді. Ал ұзы­наға­штық құр­дас таңер­тең шеше­сінің көже­сіне той­ып алып, авто­бу­сқа тиын төлеп, Алма­ты­ға көзді ашып-жұмған­ша бара­ды да, жоға­ры оқу орны­на құжат тап­сы­ра­ды. Алға­шқы еке­уі көк­се­ген оқу­ла­ры­на түседі. Өйт­кені олар­дың көкіре­гіне Ұлт Мұра­ты атты ұлы ұғым ұя салған. Еке­уін­де де: «Тірі бол­сам, қаза­ққа қыз­мет етпей қой­май­мын!» деген биік арман бар-тын. Ал үшін­ші құр­дас алға­шқы емти­хан­ның өзі­нен омпа түсіп, омақа­са құлай­ды, себебі онда адам­ды көгер­тіп-көк­те­тетін, биік­ке көте­ретін түбір­лі түсінік, тамыр­лы мұрат, іргелі білім­нің жұр­нағы да бол­маған. Оның кеудесін­де­гі ұсақ-ұлаң мақ­сат: тек қана – қалай­да бір билік басқы­шта­ры­на ілі­ну, қан­дай жол­мен бол­са да дүние дәу­летіне ие болу-тын. Содан әлде бір алыс рес­пуб­ли­ка­дағы «табысы көп» деген даб­ысы бар құры­лы­сқа атта­на­ды. Сөй­тіп біре­уді «теке», біре­уді «көке» деп жүріп, ман­сап­тың ең жоғарғы басқы­шта­ры­на тұяғы ілінді…

Шыны, мей­ірім­ді Құдай-Таға­ла үше­уінің де тіле­гін қабыл етті: алға­шқы еке­уі әу бастағы мұрат­та­ры­на адал­дық қыл­ды, ұлты­на қыз­мет етті. Еке­уінің де адал тіле­уі үшін Жара­ту­шы талант пен білім­нен кен­де қыл­ма­ды. Маңғы­ста­удан кел­ген құр­дас қана біраз ман­сап иелен­ді: Пар­ла­мент басқар­ды, Мем­ле­кет­тік хат­шы атан­ды. Ал үшін­шісіне – аузы­мен құс тісте­ген ешбір қаза­ққа бұй­ыр­маған бақ, ман­сап, дәу­лет бұйырды!..

Хикая осы жер­ден тәмам. Бірақ менің осы жасқа кел­ген­ше ақы­лым жет­пей­тін бір-екі нәр­сем бар. Зама­нын­да Индо­не­зи­я­ның ынды­ны жібі­ме­ген бас­шы­сы Сухар­тоға таң­дан­дық, ыза­лан­дық! Не сұм­дық: мем­ле­кетінің 35 млрд дол­лар қара­жа­тын жымқы­рған! Адам бала­сы бұрын-соң­ды көр­ме­ген-есті­ме­ген жемқор­лық бат­пағы­на батқан!.. Ал сол Сухар­тоңы­здың дәу­леті «біздікінің» жанын­да жетім бала­ның жағ­дай­ын­дай ғана емес пе?! Сана­ма сый­май­ты­ны – пара­сат-пай­ы­мы жетіл­ме­ген, ақыл-есі шек­те­улі, таным-түсіні­гі таяз, ойлау жүй­есі кем­тар пен­де осын­ша Билік­ке қалай жетіп, қисап­сыз құр­дым-бай­лы­ққа қалай ие бола ала­ды?! Одан да сой­қан сау­ал: ол әлі күн­ге әлем­нің есеп­шілері санап, шеті­нен шыға алмай жатқан ұшан бай­лы­қты не істей­ді?! Егер, бұй­ы­ра қал­са, мың сан ұрпағы тар­тып емес, қар­пып жеген­де де иге­ре алмай­ды емес пе?! Бірақ оның ұрпағы түгілі өзіне де бұй­ыр­май­ты­ны қой­шы­ға да, қой­ман­шы­ға да мәлім. Міне, менің ақы­лым жет­пей жүр­ген нәр­сенің бірі осы. Әрине, мұның аста­рын сөгіп, талай нәр­сені ақта­руға болар еді, бүгін­ше осы жер­ден тоқтайық…».

P.S. Келін­дер құй­ған тәт­ті шай, дәм­ді тағам­ды дастар­хандағы төрт сағатқа созы­лған сұх­бат­та бұлар­дан да басқа талай кеп қозғалған. Олар­ды хатқа түсі­ру келер күн­дер­дің еншісіне бұй­ыр­сын… Мұх­тар аға маған «әули­елі жер­ден кел­дің, дастар­хан­ның бата­сын жаса» деді. Бата­дан соң ағам көзі ырза­лы­қ­пен мұнар­тып: «Міне, бұл Пір Бекет­тің, Қашаған ақын­ның бата­сы!» деп алқа­ды. Көтерілер­де өзі­нен бата алдық. Жең­гем: «Түр­ки­яға жол түсе қал­са, тағы да келіп тұры­ң­дар!» – деп жатыр. Есік­тен шыға бере арты­ма бұрыл­сам, ағам қолын бұлғап отыр екен. Көзін­де әлдебір қима­стық бар­дай. Әрине, ол қима­стық – мен кетіп бара жатқан Ұлы Дала­сы­на деген ұшы-қиыр­сыз сағы­ныш екеніне күмәнданбадым…

Алды­мы­зда алқа­ра­көк шың­дар­дың асты-үсті­мен өтетін көк­тас­па жол… Оң қап­тал­да – Ақтеңіздің үстін­де он төр­ті­нен толған Ай балқып жатыр. Ал менің ойым­да – 83-ке келіп, «мың айдың жүзін көріп», нұры толған Айдай балқып оты­рған Мұх­тар ағам! Сол нұр, сол сәу­лені Қаза­қи­я­ның теңіз-көл, өзен-дария, бұлақ-баста­у­ла­ры­ның жүзі­нен көр­гім кел­се, – менікі айып па екен?!.

Светқа­ли НҰРЖАН, Кемер –Көния –Алма­ты –Аста­на –Маңғыстау,11.10. – 16.10.2023 ж.

Республиканский еженедельник онлайн