Мұнайшылар тағы да ереуілге шықты

Маңғыстау облысында «Кезби» мұнайсервистік компаниясының жұмысшылары бір тәулік бойы жұмысқа шығудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Біздің дереккөздің мәліметінше, Жаңаөзендегі жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) қызметкерлері ереуілге шығып, соның салдарынан кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтап тұр. Олардың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап кеткен болатын.

Біз компанияның басқарушысы Ержан Кезбаевқа хабарластық. Оның айтуынша, қазір басшылық жұмысшылармен келіссөз жүргізіп жатыр.

«96 адам жаңа компания құруды талап етіп, жұмысқа шыққан жоқ. Бұл ереуілдің белсенділері құрылатын жаңа компанияның басшылығында болғысы келеді, қазіргі уақытта олар механик, машинист болып жұмыс істейді. Айта кету керек, «Кезби» жұмысын тоқтатқан жоқ. Біз адамдармен келіссөз жүргізіп жатырмыз, оларды бітімгерлік кеңесіне шақырдық», – деді Ержан Кезбаев. 

Компания басшысының айтуынша, ереуілге шыққан қызметкерлердің орташа жалақысы 800 000 теңге. Ержан Кезбаев еңбекақының уақтылы және барлық аударымдармен төленетінін атап өтті. «Кезби» компаниясында 1200 адам жұмыс істейді, ереуілге шамамен жүзге жуық адам шықты.

Редакция сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінен түсініктеме сұрады, алайда олар «кәсіпорын жеке меншікке тиесілі» деген сылтаумен жауап беруден бас тартты.

«Кезби» – ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құрылған алғашқы жеке компаниялардың бірі саналатын мұнай-сервистік компания. Компанияның тіркеу құжаттары 26 жыл бұрын, 1998 жылы рәсімделген. Компанияның алғашқы басшысы және қазіргі құрылтайшысы Бітім Кезбаев – кәсіби шахта бұрғылаушысы. Ол өз еңбек жолын «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде бұрғылаушы болып бастаған. 2012 жылы Forbes басылымы оны «Үздік кәсіпкерлер» тізіміне қосты.

Тек 2009–2011 жылдар аралығында компания «Алтын Феникс» және «Еуропалық экономикалық кеңістіктегі үздік компания» халықаралық сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар еліміздің әлемдік мұнай-газ өндірісіндегі үлесін арттыруға қосқан үлесі үшін «Сала ардагері» атағын алды және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Өзенмұнайгаз» компанияларынан алған алғыс хаттары бар.

Алайда компанияның жетістіктеріне қарамастан, басшылық пен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас үнемі жақсы бола бермейді. Соңғы бірнеше жылда «Кезби» қызметкерлері еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны көтеру талаптарымен бірнеше рет ереуілге шықты. Дидар ҚАЙРАТ

Республиканский еженедельник онлайн