Киікбай Әбілбайұлы Медеуов – байырғы мұнайшылар әулетінен. Маңғыстаудың Түбіжік қонысында туған. Өзі де көптеген мұнай-газ мекемелерін басқарды. Қазақ елінің әр түпкірінде кризис-менеджер маман ретінде түрлі меншіктегі компанияларды басқарған. Талай қисайып бара жатқан кен орындарын иығымен тіреп, тікейтіп жіберген толағай-тұлға азамат. Көптен бері мұнайдың қазақ ұлтына, елімізге берген пайда-зияны жөнінде сараптама мақалалар жазып, жариялап жүр. Оларында небір күбіртке-сауалдарға жауап бар. Бірақ оның ішіне үңіліп, түбіжіктеп түсініп жатқан жандар некен-саяқ. Төмендегі өзекті мәселелерді қозғаған жазбасын да өзінің рұқсатымен жариялауды дұрыс көрдім.
Бүгінгі қазақтың жүріп келе жатқан жолы төмендегі айтылғанға келеді.
Біз байғұс социалистік құрылыстан нарыққа өтеміз деп ондаған жылдар бойы жинаған барымыздан жұрдай болдық, орнын алмастырарлық, ертеңімізді қамтамасыз ететін ештеңе тауып енгізе алмадық. Нарықтық экономика талабы деген желеумен қоғамды бай мен кедейге бөлдік. Әлемдік тәжірибе бойынша, экономиканың қозғаушы күші деп танылатын белгілі пайызда орта тап пайда болуы тиіс деген теория бар. Осыған күш салынуы керек еді, ол да болмады.
90-жылдардың басында жекешелендіру деп қара халықтың маңдай терімен тапқан, жылдар бойы ортаға, мемлекеттік деп жинақтаған бүкіл байлығын ат төбеліндей қолы ұзын арамдар бөліп алып, мол ақшаға айналдырып, шетке шығарып, елден қашып кетті.
Осы күндері «Ютуб» арнасынан Дубайдағы қарақшылардың миллиардтаған қаржы тұратын дүние-мүліктерін көрсетіп жатыр, сол жылдары елді, тіпті біздің облысты басқарғандары да бар арасында, кілең әкім-қара, министрлер.
Тәрбие мен білім беруді талқан қылып, жікке бөліп тастадық, ең азы балабақша, мектепке дейін элиталық және жай деп бөлінді, жоғары оқу орындары ақша төлеп оқитын, не грант, т.б. деп, білім беру емес, керісінше, ақша табу көздеріне айналдырылды.
Осы күні тексеру барысында белгілі болғандай, олар да тек ақша жеу көзіне айналдырылған екен. Дайындап шығарған мамандарын, олардың сапасын көріп жүрсіңдер. Барлық сала осындай жазылмайтын, әзір ем де қонбайтын аса ауыр кеселге ұшыраған. Білім, денсаулық, спорт, мәдениет, т.б., тіпті сау сала қалмаған.
НӘН дәуірі қазақтың 80–90%-ын, яғни бүгінгі зейнет жасына жеткендерді, соған дейінгілерді түгел жеке пікірсіз, бауыздап өлтіріп жатса да тұяқ серіппейтін, қызықшыл-қызылшыл ортаның адамына, қуыршақ 7 партияның тілсіз-құлақсыз мүриттеріне, дұрысы – дүние мен құлқын құлдарына айналдырып жіберді. Қалғандары түрік-корей сериалдарына, «Қалаулым» көрсетіліміне, «шегірткелер» әніне, коуч-әртістерге, ту көтеріп ұрандаушылар топтарына, әсіре патриоттары –Әбілязов, Біләш сияқтылардың уағыздарына, ауыл-үй чаттарына байланған, отырғызылған. Бұл адамдардың арасынан тұрмыс жайымен, күнелтіс қамымен, жан сақтау жолында, бала-шағасын асырау үшін осындай қамытты кигендерін ғана ақтап алуға да болар, ал қалғандары туралы не айтуға болады? Немен, қалай түсіндірерсің? Ертеңгі қазақтың жайы, яғни өз ұрпағыңды ойлайсың ба? – деп кім сұрайды, «әлде Құдай жеткізе ме»? Олардың болашағы қалай болады? Бұл бағытпен, «құлақ кесті құл болады» деген сөзді айтқың, естіп тыңдағың, мойындағың келмесе де, тап солай бағыттап келе жатқанымызға күмән жоқ!
Осы күндері (соңғы 30 жылда) тәрбие мен білімге жарымай қалған немесе жұмыссыз, бірақ қалтасында (қалай алса да) қалақтай 2–3 дипломы бар жастар «жауыннан соңғы саңырауқұлақтай» қаптап кеткен. Түрлі дәстүрлі дінімізге жат діни ағымдардың, секталардың (салафит, гуленші, тәңірші, деобандит), т.б. ықпалында кетуде. Балақсыз дамбал киіп, жұмалап мешіт жағалап, сақалдары қауғадай бәлекеттер ата-анасын да, әулиесін де, отанын да мойындамай кеткені қаншама?!
Тоқ етері – бұл күрмеулі мәселелер жеке адамдардың, топтардың қолынан келетін, емделетін нәрсе емес. Себебі бұл тұтас қоғамның ауруы, егер елдегі «мен арлы, таза қазақпын» дегендердің саны 5–6 млн болса, осылардың ертеңгі ұрпағының жайы, болашағы.
Қалыптасқан жағдай қаншама қиын, күрделі болса да, оны реттеуші, жөндеуші, керекті амалдарды іске асырушы – дұрыс идеологиясы бар мемлекеттік жүйе екені анық. Алдымен барлық салада тәртіп орнатылуы тиіс. Жемқорлық батпағынан шығып, көшін түзеп алған елдер әлем тарихында баршылық.
Яғни, бәрі де биліктің қолында, әлі де кеш емес деген сөз. Тек ниет болуы керек! Сосын пәрмен керек!
Идеология демекші, жоғарыда жазылған, кетеуі кетіп қалған бұл саланы өзгерту, жөндеу биліктің құзырындағы шаруа, егер қажетсінсе. Бұл ретте Қазақстанның болашағы мен ұлттық мүдде туралы әңгімеге тоқталмай кете алмаймыз.
Бүгінгі әлемдік сахнада геосаяси текетірестер күшейіп, мемлекеттердің экономикалық үстемдікке ұмтылысы жаңа деңгейге көтерілген шақта Қазақстан осы үдерістердің көлеңкесінде қалып қойғандай әсер қалдырады. Ресей-Украина соғысы, Палестина-Израиль қақтығысы, Ирандағы жағдай – жаһандық шиеленістің әзіргі көріністері ғана. Ал біз сол дауылдың сыртында болсақ та, ішкі тіршілігіміз осы күрделі халықаралық жағдайға тәуелді күйде. Ұлттық табыс – сыртқы ойыншылардың қолында.
Бүгінгі таңда еліміздің мемлекеттік бюджеті мен Ұлттық қордың негізгі бөлігін шетелдік инвесторлар өндіріп жатқан (Каспий теңізі қайраңынан және Теңіз кен орнынан) көмірсутектен түсетін қаржы ұстап тұр. Бірақ сол қазыналарымыздың билігін кілтімен қоса біз баяғыда сол шеттіктердің қолына өзіміз ұстатқанбыз. Енді оны қайтарып алу өте қиындап кетті, тіпті мүмкін емес десе де болады.
Ал елдегі мұнай-газ өндірісінің 70 пайызы шоғырланған Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сияқты алып кен орындары АҚШ, Италия сынды державалардың қолдауына ие шетелдік консорциумдардың бақылауында. Кен орындарда Ақтөбе мен Қызылордада толық, Маңғыстау мен Атырауда жартылай Қытайдың ықпалы орнаған.
2030–2040 жылдар біз үшін шешуші кезең болмақ. Алдағы 10–15 жылда аталған үш алып жобаның қазіргі келісімшарттарының мерзімі аяқталады. Бұл біз үшін экономикалық жағдайымызды түбегейлі өзгертетін кезең болмақ.
Сала мамандары әлдеқашан ескерткендей, Қашаған мен Теңіздегі басқарудың басымен кетуі бізді орасан үлкен шығындарға батырды. Бұл кен орындарының алдағы уақытта бізге жылдап өсіп отыратын, мол табыс әкелетіндей жағдайы жоқ. Тұтасымен бақылау болмағандықтан, негізсіз қарыз бен шығынға батырылған.
Егер жағдай өзгеріссіз, осылай сақталып қалатын болса, 2035–2040 жылдарға қарай біздің нені экспорттайтынымыз белгісіз? Ұлттық қорға түсетін табысты қайдан аламыз? Кімнен несие, кімнен көмек сұраймыз?
Бұл – бүгінгі биліктің емес, болашақ ұрпақтың тағдырына әсер ететін сауал.
Әлемдегі кейбір елдер бізден әлдеқайда қолайсыз жағдайлармен бастаса да, дамып, күрт алға шықты. Қытай – 1,4 млрд халқы бола тұра, коммунистік партиясы нарықтық экономиканы өз бақылауында тізгіндеп ұстап, мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоя білді.
Жапония – ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, жоғары технологиялы экономиканы әлемдік деңгейге жеткізді.
Норвегия – небәрі 5 млн халқы бар мемлекет, бірақ 30 жылда ұлттық қорын сауатты басқарып, дамудың ең жоғары сатысына жетті.
Өзбекстан – соңғы 7–8 жылда тиімді реформалар жасауда, енді 10–15 жылда экономикалық тұрғыдан үлкен жетістіктерге жетеді деп болжануда.
Бұл елдердің нендей кереметі, артықшылығы бар десек, оларда – Ұлттық идеология, бағыт пен мақсаттың анықтығы, жүйелі басқару бар.
Қазақстанға не жетіспейді?
Бізде экономикалық әлеует бар, ресурстар мол, халық еңбекқор. Бірақ бір нәрсе – ұлттық идеология, мемлекеттік мүдденің бірыңғай тұжырымдамасы әлі күнге дейін қалыптаспаған.
Ұлттық идеология ұран немесе плакат емес, ол:
– экономикалық саясаттың өзегіне айналатын ұлттық мүдде;
– табиғи ресурстарды басқарудың бірыңғай моделі;
– білім мен мәдениеттің стратегиялық бағыты;
– қоғамның өзін-өзі тануы;
– мемлекет қайда барады деген нақты бағдар.
Онсыз елдің дамуы әр кезеңде әртүрлі топтардың еркіне тәуелді күйде қала береді.
Өз тағдырымыз үшін кім жауапты? «Бізге кімнің жаны ашуы керек?» деген сұрақтың жауабы, шын мәнінде, біреу-ақ:
– өз ресурстарымызды өзіміз басқармасақ – өзгелер басқарады;
– ұлттық идеология қалыптастырмасақ, сыртқы ықпал күшейе береді;
– қазір әрекет етпесек, 2030–2040 жылдары кеш қаламыз!
Қазақстанның болашағы сыртқы күштерге емес, ішкі ерік-жігер мен бір мақсатқа жұмылған ұлттық санаға тәуелді.
Қазақ жеріндегі мұнай мен газ өндірілетін, «3 кит» деп аталып жүрген Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы бүгінгі қалыптасқан жағдай жүрегінде патриоттық сезімі бар кез келген қазақ баласын, отандық мамандарды алаңдатуы тиіс деп санаймын…
Біз бұлардың арасынан Теңіз кен орнында 2025 жылдан бастап іске асырыла бастаған 1 ғана жобаның төңірегіндегі жайларды мысал ретінде қарастырдық.
Сонау мұхиттың ар жағынан қазақтың қамын, болашағын ойлап шетелдіктер келмейді. Мақсаттары – осы кен орыннан мол пайда табу ғана, ал «біздікілер» есі кетіп, инвестиция тартуда, осылар бізді «көктетеді» деп қоймайды.
Ал жақсы, онысын да қабылдадық дейік, бірақ шетелдің компаниясын әспеттеп кіргізді, енді қаржылық бақылау қайда? Анау Қашағанда итальяндық «сыған-компания» АДЖИП-тің не жасағанын көрдік, енді «Шевронды» оқып отырсыңдар. Еni ГПЗ-ны «мен сал, сен салмен» иттартқы қылдық. Ең берісі – өзіміздегі ММГ мен КБМ-ге кірген мына қытайлар келгелі нені дамытты, қандай жаңа технология мен «арба» әкелді, мысалы?
Ештеңе де жоқ, келгендер келісімшарттарына сүйеніп, қазақтың бар байлығын өздері көк тиын шығармай-ақ жылдар бойы есепсіз алуда. Бақылау мен талаптың жоқтығынан қолынан келгенін жасап та жатыр, одан бөлек өзіміздің шенеуніктер арасында сатқындық көп, яғни ел мүддесін сату.
Теңіз – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Келісім шарт мерзімінің аяқталуына дейін қалған 6 жыл ішінде инвесторлар мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін барын салуда. Болашақ кеңейту жобасы (ПБР) мен скважина аузындағы қысымды басқару жобасы (ПУУД) тек осы мақсатта ғана іске асырылып жатқанын мамандар ғана жақсы түсінеді. Жобаны жоспарлау, жобалау, басқару және бақылау деңгейінде қаншама қателер, сәйкессіздіктер, жүйелі кемшіліктердің көптігі көзге ұрып тұр. Жоба бағасының 24 млрд доллардан 48 млрд долларға дейін өсуі, іске қосылу мерзімінің бірнеше жылға созылуы әлеуметтік, экономикалық тәуекелдердің артуына алып келді. Жобалау кезеңіндегі қателер және бағаны жасанды өсіру, жобалау мен жұмысты бір қолға беру Жобаның жалпы құнын жасанды түрде көбейтуге әкелген. Инженерлік шешімдердің құрылыс кезінде қайта жасақталуы, техникалық талаптардың әлденеше рет өзгертілуі бүкіл процесті тұрақсыз еткен. Стратегиялық жоспарлау жеткіліксіз болған, тәуекелдер дұрыс бағаланбаған, мердігерлердің жұмысына бақылау өте әлсіз болған. Тізбектегі орындаушылар жүйесінің әдейі көбейтілуі жауапкершілікті де бөлшектеп жіберген. Қайта жобалау көбейген, логистика өзгерген, модульдік құрылысқа өту арқылы шығындарды жасанды өсіріп, келісімшарт құнын арттырған. Қымбат жабдық, кешіккен жеткізілімдер, ақаулар, артық төлемдер орын алған. Қаржылық аудиттің жүйесіздігі және есептіліктің бірізді болмауы басқарушылық шешімдер сапасын төмендетті.
Бұл күндері ТШО жылына 9 млрд м³ газ өндіруде, оның 2−2,5 млрд м³ зауыттың өз мұқтажына кетеді. Нәтижесінде республикаға беріліп тұрған газ көлемі 6 млрд м³ қана, ол болашақта мұнай өндірудің деңгейін ұстап тұрамыз деген желеумен қабатқа көбірек айдалып, тағы да төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанда ішкі газ тапшылығы өседі. Газ импорты өсіп, коммуналдық тарифтер көтеріліп, қымбатшылық пайда болмақ.
Келісімшарттың мерзімі аяқталуға жақындаған сайын, инвесторлар мұнай өндіруді жедел арттыруға тырысуда. Chevron үшін жобаның өзін ақтау бағасы шамамен мұнайдың сату бағасы барреліне $150 доллардан кем болмағанда ғана мүмкін, алайда бүгін Жоба шығынмен жұмыс істеп тұр деп бағаланып, ол шығын жалпы өнім есебінен жабылуда. Сондықтан да инвесторлар келісімшартты ұзартуға барынша мүдделі, бұл еліміз үшін стратегиялық тәуекел де, мүмкіндіктер де тудырады.
Бұл Жобаны іске асыру Қазақстандағы жоспарлау, инженерлік дайындық, мердігерлерді басқару, қаржылық бақылау, кадр саясаты, логистика, корпоративтік басқару сияқты барлық негізгі деңгейлерде жүйелік проблемалардың барлығын ашып көрсетті.
Теңіз кен орнындағы мұнай өнімін ұлғайту деген атпен іске асырылу үстіндегі жобада (ПБР / ПУУД) (Қашаған мен Қарашығанақ жобаларының жағдайы да осы шамалас екенін ескере отырып), өтелуге жатқызылған шығындардың негізсіз өсірілуі, жобадағы өрескел ауытқулар және қаржылық бақылаудың дұрыс болмауы орын алғанын көрсетеді. Инвесторлардың мұнай өндіруді барынша жеделдетуге тырысуы ішкі газ тапшылығының ұлғаюына және ұлттық мүддеміздің шектелуіне әкелу қаупін арттырады.
Мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, осы үш жоба бойынша тәуелсіз аудит жүргізу, мұнай мен газ ресурстарын пайдалану тәртібін қайта қарау және келісімшарттарды мемлекеттік мүдде тұрғысынан Парламентте қарап, баға беру қажет деп есептейміз!
Айт-Ман НҰРЖАН