Қазақстандағы зиялы қауымның алдыңғы буыны, мәдениетанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Қытайдың түркі халқына жасап отырған қыспағы мен қандастардың құқығын қорғап жүрген Серікжан Біләшұлының мәселесі туралы өз пікірін айтты.
Серікжан Біләшұлының қазір үйқамақта ұсталып отырыуының өзі біздің биліктің үлкен әділетсіздігі, қиянаты деп білемін. Бұл жағдай 1969-70 жылдарда Қытайдан шекараны бұзып келген Айтан Нүсіпханды есіме салды. Ол қытайлар жақтырмайтындай, өте ұлтжанды, ақын, тарихшы, өте сауатты жалынды жастың бірі болған. Ал Серікжан осы заманның Айтаны. «Жақсыдан сөз шығады жан секілді, тамырдан атқылаған қан секілді» дегендей, тіл оларға күрестің қаруы ретінде керек болды. Серікжан Біләшұлы қазақ тілімен қатар ағылшын, орыс, қытай тілдерін сауатты түрде толық меңгерген өте білімді азамат, сол арқылы ол Қытайды ішінен толық білген.
Бізде көптеген қытайтанушылар бар, бірақ олар қазақтың ұлттық мүддесін білмейді, ол үшін жанын беріп жатқан азаматтар емес, Қытайдан қандай қауіп келе жатқанын білмейді. Біз бұл мәселеде басқа елдерге сеніп қалсақ, обал болады, тәуелсіз Қазақстанға сеніп келген азаматтардың құқығын қорғау – біздің міндетіміз деп білем. Серікжанның сөздерінен үлкен рух сезінуге болады, демек оның жүрегі қазақ деп соғады.
Қараңызшы, Қазақстаннан 1607 шақырымдық шекарадағы алып көрші Қытайдың саны көп, оларға жер керек, сол үшін олар түрлі тәсілдерді пайдаланып, қазақ жеріне сіңуді мақсат етеді. Осы кезде бірде-бір қытайтанушылар бұл мәселені қозғап шықпады, арамыздан жалғыз шыққан ұлтжанды азаматты қыспаққа алып отыр. Серікжанды ұйғырлардың тойына барғанда жиһадқа шақырды деп айыптауы – үлкен сауатсыздық. Кіналағандар жиһад пен ғазауатты қарастырып отыр, Серікжан ешқандай соғысқа шақырған жоқ. Ал жиһадтың мағынасы – өз-өзіңді, өз жауыңды тану, досың кім, жауың кім екенін, ақ пен қараны ажырата білу. Серікжанды кіналағандар, міне, солар – сауатсыз сатқындар, олар тек өз мүддесін ойлайды. Серікжан Біләштің сөзінен керемет көрегенділік пен ұлтжандылықты байқадым. Айтан Нүсіпхан мен Серікжан Біләшұлының ұқсастықтары бар, екеуі де қазақтың қаһарманы! Бұйырса, Серікжан Біләшұлымен кездесіп, сөйлесіп, өзара тілтабысып кетеміз деп ойлаймын. Серікжан Біләшұлының қолынан көп нәрсе келеді, осындай адамның арқасында ұлтымыз, еліміз аман болады.
- Түпнұсқа – https://kazakhshumanright.org