Четверг , 3 июля 2025

Мұрт пен сақал нені білдіреді?

Қоғам­дық орын­дар­да, көше­лер­де жүр­сең, базар, дүкен ара­ла­саң, теле­ди­дар көріп оты­рып қап­таған сақал­ды­ларға жолы­ға­сың. Бұл не қылған сақал­ды­лар деп бажай­лап қара­саң, құдай­ым-ау, кілең жас жігіт­тер. Жет­піс­ке таяған, одан да жаса­мыс қарт­тар­дан мұрт, сақал­ды­лар­ды сирек кез­де­стіресің. Ал әлгі сақал­ды, мұрт­ты жастар­дың оға­шты­ғы көз­ге түр­пі­дей тиеді. Бірі мұр­тын аузы­на түсі­ре өсіріп, сақа­лын жел­піл­детіп, кеуде­ден төмен жібер­се, бірінің бүкіл жақ, ауыз беті, иегі бұрқы­рап өскен жүн­нен көрін­бей­ді, ал енді бірін­де, о тоба, мұрт жоқ, жала­у­лаған ұзын сақал. Теле­ди­дар­дан фут­бол ойы­нын көр­сең, күрес, бокс көр­сең, тағы сап­сиған сақал­ды­лар алды­ң­нан шыға­ды. Басқа – басқа, ал спорт­шы­ға сақал мүл­де жарас­пай­ды-ақ. Жасы ере­сей­ген­де қой­са жетіп жатыр ғой.

Сақал-мұр­ты түк­си­ген депу­тат­тар өз алды­на. Тіп­ті бет-аузын­да қыл­та­нақ жоқ, иек­тен төмен, тамағы­ның асты­на сақал өсір­ген мини­стр­ді көріп, жағаң­ды ұстап, о құдірет деп, амал­сыз бас шай­қай­сың. Осы жастар неге сақал-мұр­тқа әуес болып кет­ті, әлде мен біл­мей­тін бір сыр бар ма деп, кез­де­се қалған үш-төрт жас қазақ жігітіне (бет-ауы­зда­ры жүн­нен әзер көрі­нетін) мынау сақал қою саған ерте емес пе, не мақ­сат­пен қой­дың деп сұрақ қой­ға­ным­да, бірі «не знаю, так надо» десе, бірі «это моё дело» деп, көзін шақ­шаң етті, ал енді бірі «унда тур­ган не бар, унай­ды» деп өте бер­ді. Ал ұғып көріңіз, сон­да бұлар­дың ойла­уы орыс­ша, өмір­ге деген көзқа­ра­сы, адам­дар­мен қарым-қаты­на­сы да орыс­ша бол­ды ғой. Әр нәр­сенің өз уақы­ты, мерзі­мі бар емес пе? Өгіз болам деп бақа құсап жары­лып кету­ге бола ма? Қазақ, мұсыл­ман болай­ын деп сақал-мұрт қой­маға­ны сөз­дері­нен көрініп тұр ғой. Әрі олар киген шал­бар­дың балағы қысқа келеді екен. Сон­да ненің әсері бұл? Оқи, көре, ойлай келе, осы ислам діні ішін­де­гі толып жатқан басқа көзқа­рас­тағы ағым­дар­дың ықпа­лы ма деп ойлайсың.

            Құдай сақ­та­сын, оның бетін ары қыл­сын, бұл жақ­сы­лы­ққа апар­май­ды. Және осы жастар ел тарихын біліп, салт-дәстүрі­міз­ге, әде­би­еті­міз бен мәде­ни­еті­міз­ге ден қою­дың орны­на тек қана орыс­ша біліп, сол тіл­де сөй­ле­уі жүрек­ті айны­та­ды. Тари­хи құн­ды­лы­қта­ры­мы­здан жұр­дай, басқа тіл­де сөй­лей­тін ұрпақ тәр­би­е­леп, қай­да кетіп бара­мыз, сор­лы қазақ?!

            Ал енді сақал-мұрт түр­лері, оны қашан, қан­дай себеп­тер­мен қой­ған, ол нені біл­діреді, сол жай­ын­да білетіні­мізді ортаға салу­ды жөн көр­дім. Мүм­кін, бір кәде­ге жарап қалар.

            Алла таға­ла аза­мат­ты жаратқан­да, әйел­дер­ден басы­мы­рақ, олар­дан мысы артық бол­сын деді ме екен, әлде көрер көз­ге айқын, анық оқша­у­ла­нып тұр­сын деді ме екен, әйте­уір ерлер­ге мұрт пен сақал сый­лап­ты /Өмірде кез­де­сетін азын-аулақ көсе­лер­ді қоспағанда/.

            Қазақ аза­ма­ты мұрт­тан бұрын сақал қой­маған. Мұрт қою жасөс­пірім­ге бозба­ла­лы­қтан өтіп, жігіт­тік дәу­рен­нің басталға­нын, бала­лы­қ­пен қошта­су­дың, өмір­ге ере­сек адам­ша қарай білудің қалып­та­су сәті ме деу­ге келеді. Сон­дай-ақ мұрт жас жігіт­ті безен­діріп, ерекше бір көрік, түр беріп тұра­ты­ны сөз­сіз. Мұрт ежел­ден ел ара­сын­да қалып­тасқан ата­у­ларға ие. Олар – қияқ мұрт, мысық мұрт, қою мұрт.

Қияқ мұрт жоғарғы ерін­ге ықшам­ды, жіңіш­ке, күн­делік­ті күтіп, бірқа­лып­ты ұстай­тын жара­сым­ды мұрт.

Мысық мұрт сәл жал­пақтау, ұш жағы ұзы­ны­рақ өсіріліп, шира­ты­лып, бет бөлі­гіне қарай жоға­ры көтеріп қойылады.

Қою мұрт кей аза­мат­тар­да басқа­ларға қараған­да бет­ке, ерін үстіне шыға­тын түк қалың болып келеді. Ондай­да мұрт танау қуы­сы­ның асты­нан бастап, үстің­гі ерін шетіне дей­ін, екі езу шетіне түсі­ре қою (қалың) қал­пын­да қой­ы­ла­ды. Мұн­дай мұрт­ты әдет­те от аға­сы, 40–50 жас шама­сын­дағы­лар қояды.

Осы түр­лі мұрт үлгісіне әде­би­ет­те кез­де­сетін бір-бір мысал кел­ті­ре кетуді жөн көрдім.

1.        Сұңғақ бой­лы, кең иықты, қияқ мұр­ты өзіне жарасқан жас жігіт үйге сәлем беріп кірді.

2.        Мысық мұр­ты жыбыр­лап, ада­мға тіксіне қарай­ды екен.

3.        Хабар­шы жігіт қою мұр­тын бір сипап қой­ып, ойла­на сөз бастады.

Мұрт­тың бұдан басқа да ата­у­ла­ры болуы мүм­кін. Әзір­ге біз білетін­дер осы­лар. Ал сақал­дың ел ара­сын­да кең тараған біз білетін түр­лері мыналар:

            Шоқ­ша сақал иек­ті дөң­ге­лен­те, ықшам, қысқа­лау етіп, күн­делік­ті сол қал­пын сақтап, күтіліп оты­ра­ды. Әдет­те бұл жинақы сақал­ды ерлер елу жастан бастап қояды. Асанәлі Әші­мо­втың сақа­лы осы­ған мысал.

            Дөң­ге­лек сақал шоқ­ша сақалға қараған­да көлем­дірек, иек­тің үсті, екі жағын молы­рақ қам­тып дөң­ге­леніп тұра­ды. Сақал­дың бұл түрін көбіне қарт­ты­ққа аяқ басқан 60–70 жастағы­лар қояды.

            Қаба сақал иек пен жақ сүй­ек­терін молы­нан қам­ти өсіріледі. Ол баста­пқы сақал­дар­дан қалың әрі ұзын­дау келеді. Бұл сақал да үлкен­дер­ге тән.

            Қауға сақал рет­сіз, күтім­сіз жіберіл­ген ұзын сақал.

            Сел­дір сақал ол сирек, әр жер­ден шыға­ды. Кей­біре­улер соған қара­ма­стан, оны өсіріп, жел­мен желбіретіп қояды. Бұл адам­ның мұр­ты да әр жер­ден сирек шығады.

            Күміс сақал жасы сек­сен­нен ары қарай­ғы шежі­ре, көп көр­ген, ел тағ­ды­рын баса ойлай­тын, дуа­лы сөз бен ақыл иесі абыз ақсақал­дарға тән. Сақал­дың күміс деп ата­луы оның күмі­стей аппақ болып, жыл­ты­рап тұруы­нан бол­са керек. Сақал әрі ұзын кеуде­ге түсіп тұра­ды. Мұн­дай сақал тарих­та бел­гілі Жам­был, Кенен ақын­дар­да. Шыңғыс таудың сер­кесі, кезін­де Назар­ба­евқа бата бер­ген Шәкір Әбе­но­вта болған. Бұған қоса, қаси­ет­ті Қадыр ата сақа­лын елестетіңіз.

            Айта кететін бір жайт – сақал­ды адам­дар­дың бәрін­де мін­дет­ті түр­де мұрт болған. Қаза­қта сақал ақыл­ды­лы­қтың, пәк­тік­тің, адал­ды­қтың, әділ­дік­тің, шын­шыл­ды­қтың, қай­ы­рым­ды­лы­қтың бел­гісі – сим­во­лы ретін­де қабыл­данған. Сон­дақтан ер аза­мат мұрт, сақал қой­ып, жақ­сы­лы­ққа жақын­да­уға тыры­сқан. Сақа­лы бар адам­ды сый­лап, құр­мат­те­ген. Олар шама-шарқын­ша дін­ге (ислам) мой­ын­сұ­нып, таза жолға түсу­ге беттеген.

            Бұл жер­де сақал­ды­ның бәрі жақ­сы бол­са, сақал­ды әділет­сіз, парақор би, зор­лы­қ­шыл болыс, сақал­ды қыл­мыс­кер, ұры­лар­ды қай­те­міз деген заң­ды сұрақ еріксіз қыл­ти­юы сөзсіз.

            Адам жасай­тын жақ­сы­лық та, жаман­шы­лық та оның тегіне, тұқы­мы­на, тәр­би­есіне, пиғы­лы­на бай­ла­ны­сты екенін ұмыт­па­уы­мыз керек. Адам болған соң, халық болған соң, ондай жат қылы­қтар­дың кез­де­суі заң­ды. Ондай­лар Алла­дан, заң­нан өз сазай­ла­рын тартады.

            Сон­дай-ақ бүкіл қазақ ерке­гі мұрт, сақал қой­ған деуден аулақ­пыз. Көп адам­дар оны қой­май-ақ, қырып тастап өмір сүр­ген. Және сақал-мұрт қою, қой­мау қаси­ет­ті Құран­да да, заңы­мы­зда да көр­сетіл­ме­ген. Мен мұрт, сақал қой­ды деп жаста­ры­мы­зды кінәла­удан аулақ­пын. Дей тұра, сол сақал­ды (әсіре­се) не үшін, не мақ­сат­пен қой­ды, ада­ми талғам­ды сақта­ды ма, сақал­ды тым ерте қояр­дан бұрын қаза­қи салт-дәстүр­ді, ел тарихын, қаси­ет­ті рым­дар­ды, ана тілін жетік мең­гер­ді ме – осы тұрғы­дан ойлан­са, артық бол­мас еді.

Оқан РАҚЫМБАЙҰЛЫ,ардагер ұстаз,Астана қаласы

Республиканский еженедельник онлайн