Қыс таяды. Жылыту маусымы басталып та қойды. Ауылды жерлердің ұстаздар қауымы жергілікті атқарушы органға мойынын созып, бір реттік көмектен дәмелі.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 53-бабының 2-тармағы бойынша жергілікті атқарушы уәкілетті органдар тағайындаған қаражаттар да бөліне бастады. Бөлінген сомасы әр жерде әртүрлі. Бұл көмек «Білім туралы» заңмен қарастырылған ба десек, бұның қосымша заңдық актісі тағы бар екен. Ол ҚР-ның «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі № 66 заңы екен. Оның 18-бабының 5-тармағы бойынша, «ауылдық елдi мекендерде тұратын және жұмыс істейтiн» деп басталатын жолдарының кесірінен бұл атаулы көмекті ауылды жерде жұмыс істесе де, осында тұрса да, ұстаздардың көбі ала бермейді.
Неге? Себебі бір заң рұқсат беріп, екіншісі – оның орындалуына тоқтау қойды. Бұл «атаулы көмектің» орындалу мәселесі, өкінішке орай, «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңға осы мәтінмен кетті. Яғни, көмекке зәру мұғалімдер әр аймақта әртүрлі «зарлайтын» болды.
Себебі жергілікті атқарушы органның тағайындаған бұл ақысының көлемі әр жерде әртүрлі бағамен белгіленген, кейбір жерде тіпті күлкіні келтіреді. Сондықтан мұғалімдер қауымын мазақ қылмай, бұл «көмекті» алып тастаған дұрыс шығар.
Енді неге «дұрыс шығарына» тоқталайық. «Білім туралы» заңның 53-бабының 1-тармақшасы бойынша, «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және (немесе) жатақхана» деп әлеуметтік кепілдік берілсе де, мұғалімдердің көбі «квартиранттар». Тіпті мұғалімдерге «арналған» тұрғын үй алу туралы бағдарлама да бар екен, бірақ, өкінішке орай, одан мұғалімдер хабарсыз. Сонымен «пропискасы» қалада, өзі қаланың шетіндегі ауылда «квартирант» болып жүрген ұстаздарға бұл атаулы көмек мүлде тимейді десек те болады. Үйсіз жүргені былай тұрсын, «квартирант» бола жүре, бұл атаулы көмектен қағылатын болса, оның үстіне берілетін мөлшері күлкілі жағдайда болса, «көмек көрсетудің» мазақ мөлшерін жаңа заң жобасынан алып тастаған дұрыс. Одан да ұстаздардың еңбегіне сай зейнет жасын төмендеткені дұрыс.
Ал ол мазақтың мән-жайын төменде жарияланып отырған заң тармақтарынан аңғаруға болады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Білім туралы заңы.
53-бап. Әлеуметтік кепілдіктер
1. Педагог қызметкерлер мынадай:
2. Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлері жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша:
1) қала жағдайында педагогтік қызметпен айналысатын педагог қызметкерлердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес процентке арттырылып белгіленеді;
2) коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша белгіленетін мөлшерде бюджет қаражаты есебінен біржолғы ақшалай өтемақы төленеді;
Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 66 заңы.
18-бап. Ауылдық аумақтарды дамыту
4. Азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығыжәне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін аталған мамандарға қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын мамандардың мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер жергiлiктi өкiлдi органдардың (мәслихаттардың) шешiмi бойынша белгiленуi мүмкiн.
5. Ауылдық елдi мекендерде тұратын және жұмыс істейтiн мемлекеттiк денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебiнен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау жергілікті өкiлдi органдар (мәслихаттар) бекіткен тәртіппен және мөлшерде көрсетіледі.
PS. Яғни, осы салыстырмалы заңдар аясында «қазаншының еркі бар – қайдан құлақ шығарса» дегендей, әр мәслихат өз ауданының бюджеттік мүмкіндігі дәрежесінде атаулы көмек көрсететін болады. Ал енді осы бюджеттік мүмкіндікті ШҚО-дағы өндіріс ошақтары мол өнеркәсіптік аудан мен малдан басқа табысы да, кірісі де жоқ ауылдық аудан көлемінде бағамдап көріңіз.
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
«Мұғалім мәртебесі»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы
НҰРСҰЛТАННЫҢ «ЕКІ СИЫРЫ»
ауруға шалдықса, халық қайтіп күн көреді?
Алматы облысы Сарқанд ауданынан Жангелді Әбдіғаппаров есімді тұрғын редакциямызға келіп, ауылды жерде «ауруға шалдықты» деген желеумен малдарын алып кетіп жатқан жағдайлардың жиілеп кеткені туралы баяндап берді. Әрине, адам азығына пайдаланып отырған ет-сүт өнімдерінің жіті санитарлық тексерілуін қолдасақ та, кейінгі кездегі осындай фактілердің тым көбейіп кетуі орынды күдік туғызады.
Оның үстіне келіп түскен инсайдерлік ақпарат көздерінің берген мәліметтері біздің күдігімізді еселей түсті. Аты-жөнін атамауды сұраған ауыл шаруашылығы басқармасының өкілінің «ет өткізудің жоспары орындалмай жатса, біз брюцеллезді ушықтырыңдар деген тапсырма аламыз» деп айтқан сөзі атқамінерлердің құлағына алтын сырға болар деген сенімдеміз.
Біздің ауданда орын алып отырған заңсыздыққа Алматы облысының басшылығы мен лауазымды тұлғалары назар аударар деген үмітпен, сіздердің газеттеріңіз арқылы жағдайымды айтып, әкіміміз Амандық Баталовқа шағымымды жеткізсем деп отырмын. Бұл тек менің ғана басымнан өткен жағдай емес. Мал дәрігерлері сиырың, қойың ауруға шалдықты деп, талай адамның малын айдап әкетуі үйреншікті нәрсеге айналып барады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ауыл тұрғындары сиырын бағып, сүт-майын азық етіп, бала-шағасын әрең асырап отырған шақта күні қарап отырған сиырынан айырылып жатыр.
Осыдан 3 жыл бұрын менің әкем, І-топтағы мүгедек Әбдіғаппаров Амангелдінің 1 қой, 1 ешкі, 1 сиырын брюцеллезге шалдықты деген сылтаумен жергілікті ветврачтар бауыздап алып кетеді. Алайда кейін анықтап білгеніміздей, сол жылы біздің ауданда брюцеллез ауруы тіркелмеген екен. Сонда әкемнің сойып әкеткен малы қайда кетті?!
Ол аз болғандай, биыл менің бұзаулап тұрған 1 сиырымды брюцеллезбен ауырды деп тағы алып кетті. Документтің барлығын соған келтіріп дұрыстап жасаған. Бірақ сол құжаттардың біреуінде де малдың иесі – біздің қолымыз жоқ. Біздің орнымызға құжаттарға қолды өздері қойған. Ойлап қараңызшы. Менің бес балам бар. Оның екеуі мүгедек. Өзіміз қиналып отырғанда, бағып, өсіріп отырған малымызды үндемей қалай бере береміз?! Сол малды өзіміздің бала-шаға жемей ме!
Ал енді қараңыз, ауру деп алып кеткен сиырдың 40 күндік бұзауы үйде қалып қойды. Сол бұзау аман-есен, онда ешқандай аурудың белгісі де жоқ. Елді «асыраудың амалын тапқан» елбасымыз айтты ғой – сиыр бағып, сүт-майыңды сатып, күніңді көр деп. Сонда бұзаулап тұрған екі сиырды «ауруға шалдықты» деп алып кетіп жатса, адамдар бала-шағасын қалай асырайды?! Ауылда жұмыс тапшы кезде, адамдардың күні малға қарап тұрған шақта, бұның коллективизация кезіндегі ашаршылықтан қай жері кем?!
Осындай қиянатқа шыдай алмаған соң, прокуратураға шағымдандым. Олар болса істі полицияға жіберді. Бірақ қазірге дейін еш нәтиже жоқ. Малымды алып кеткен ветеринарлардың әрекеттерінің қаншалықты заңды, не заңсыз екенін түсіндіріп жатқан ешкім жоқ! Иә болмаса малдың шығыны деп, ешкім жәрдемақы да төлеген жоқ. Қиындықпен беттескен қарапайым халық өз күнін өзі кешуде. Сонда біздің арқа сүйер билігіміз бен құзырлы органдар қайда деген сұрақты Амандық Баталовқа қойғым келіп отыр.
Менің ауру деп алып кеткен сиырымның шын ауру болғанына күдігім бар. Өйткені сол сиырдың сүтін ішіп, қаймақ-майын жеп келдік. Артығын көршілерге саттық. Бәрі дін аман.
Сол себепті малымды алып кеткен дәрігерлерге сараптаманы қайтадан жасаңдар деп талап еттім. Олар болса, малдың қанын екінші рет алмаймыз, алдында осы сиырдан алған қанды тексереміз деді. Ол жерде менің сиырымның қаны № 28 деп белгіленген. Ал табында 70–80 мал бар. Мен ең соңғылардың бірі болып өткізгем. Ол № 28 деп белгіленуі мүмкін емес. Ауыл адамдары аңқау келеміз ғой, мен де сол жолы қанның қалай белгіленгенін жазып алмағандықтан, өзімнің мүддемді қорғай алмай қор болып тұрмын. Сондықтан сіздің газеттеріңіз арқылы биліктегі атқамінерлердің араласуын сұраймын. Қарапайым халықтың күні қарап отырған малын түсініксіз себептермен алып кетуді тоқтатуды талап етемін. Егер мал ауруға шалдыққан болса, мал дәрігерлері соны ашық түрде дәлелдеп берсін. Әйтпесе олардың істеп отырғаны барымташылардың тірлігінен қай жері артық?!
«DАТ-ақпарат»