Қай қоғамда болмасын ұстаз айрықша құрметке лайық тұлға болса керек. Алайда педагог беделі – бұл жай ғана әлеуметтік мәртебе емес, ол – мемлекеттің мәдени, рухани және интеллектуалдық деңгейінің көрсеткіші деп білеміз.
Бүгінде елімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, мұғалімдердің еңбекақысы артты, артық жүктемелер азайтылды.
Заң демекші, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен 2 есеге дейін өсті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында 400 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Олардың 300 мыңға жуығы аттестация қорытындысы бойынша біліктілік санаттары үшін үстемақы алады.
Жалақың қанша, мұғалім?
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 2020 жылдан бастап, Президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өссе, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артқан. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30–35% көлемінде үстемеақы қосылған.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін қосымша төлемдер беру де қарастырылған. Ұстаздар түрлі санат бойынша:
Педагог-шебер – 50%;
Педагог-зерттеуші – 40%;
Педагог-сарапшы – 35%;
Педагог-модератор – 30% үстемеақы алады.
Бұдан бөлек ауыл мұғалімдеріне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Олардың жалақысы қала мұғалімдеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құрады. Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады», — делінген министрлік хабарламасында.
Мұғалімнің жалақысы жаман емес-ау, бірақ қоғамдағы беделі қандай?
Беделіңе бекем бол, педагог!
Біздің ойымызша, әлі де болса шешімін күткен мәселелер аз емес секілді. Неге десеңіз, қоғамда кейде мұғалімнің сөзі өтпейтін жағдайлар болып жатады. Оқушысы балағат сөз айтқан мұғалім, ата-ана сотқа сүйреген ұстаз, оқушысына қол жүгірткен педагог… Мұндай ақпараттарды, күнде болмаса да, БАҚ пен әлеуметтік желілерден оқып, естіп жатамыз. Бұл – болашақ ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін маңызды мәселе екені анық.
Осындайда Мәлік Ғабдуллиннің «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Сонда не істемек керек?
Біздің пайымызша, ұстаз беделін арттыру үшін, ең алдымен, әр ата-ана мен мектеп бірлесіп жұмыс істеуі керек секілді. Әр отбасы мұғалімге әрдайым қолдау көрсетіп отырса, бұл өскелең ұрпақ үшін де маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер де ұстаздар туралы жағымды материалдар жариялап, оның абыройын асқақтатуға атсалысып жатса, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Әрі бұл – болашақ үшін жасалған игі іс.
Ғани ӘБІЛҚАЙЫР