- Осы газеттің 30 қыркүйектегі санында «Алжасқан кім?» деген тақырыппен шыққан мақаланы оқып, оны жазған Қанағат Жүкешевтің бас кейіпкері – Олжас Сүлейменовтің кім екенін атүсті білетінін байқадым. Содан соң оған да, ондайларға да бірер сөз айтуды жөн көрдім.
Қанағат Жүкешев Олжекесін аспандата мадақтап (оның «көдедей көп» теңеулерінен Олжастың өзі де шошынған шығар), оған еліктеп, қазақтың кейбір «бұрыс» әріптерін «дүние жүзіндегі озық лингвистикалар ұстанымы» бойынша «дұрыстау» керектігін айтыпты. Онысы – сонау жырауларымыз, кешегі Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов және басқа ақын-жазушы ата-ағаларымыз ардақтаған Ана тілімізге мін тағу, өзгелердің төрелігіне беру пиғылдағы әсіреәурешілік.
Мақаладағы шұбыртпа шала тұжырымдарға ретімен шолу жасаудың мүлдем керегі жоқ, оның есесіне жүкешевтерге Олжекеңдері туралы бірер дерек айтайын:
О. Сүлейменов 2005 жылы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов іс қағаздарын мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жүргізуге шешім қабылдағанда бірден қарсы шыққан, ал 2007 жылы «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деуді талап еткен, енді сол талабын жуықта тағы да көңірсітті. Неліктен? Жауап: «қазақ тілі – кухняның тілі», «Қазақстанның мәдениеті орыс тілінсіз дамымайды», «Қазақстандағы ұлт-ұлыстар тілдері ағаш бөшкенің құранды қабырғалары десек, оларды шашылып қалудан сақтап тұрған ортаңғы темір құрсау-шеңбер – орыс тілі», «Орыстар қағажу көре бастады, орыс тілі шеттетіліп жатыр, қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметтен ығыстырылуда». Бұлар – «ұлы» ақынның «ұлағатты» сөздері. Тізе берсем, талайы бар.
Ақын «Қазақстанның халық конгресі» партиясын құрды, бірақ онысының ғұмыры қысқа болды, себебі сол партияға мүше болмақ журналшы Алдан Айымбетовтің мына сөзінен анық аңғарылады:
«…Я, оказалось, занял место прямо напротив О. Сулейменова. За несколько дней до этого нам были розданы тезисы программы будущей партии. Мне достался национальный вопрос. Материал готовил очень серьезный, как мне казалось, не уступающий “Комманифесту” Маркса и Энгельса. Но когда дошел до тезиса “возрождение казахской нации”, Сулейменов поднялся, немного полюбовался собою, затем директивным тоном потребовал убрать «возрождение казахской нации». Я впервые оказался в такой близости от «великого человека». Но преодолел робость и почти заорал на него: «Какого черта мы собираемся в партию?! Я буду бороться против антиказахской партии!» («Олжаса Сулейменова как антиказаха я раскусил сразу, еще тогда». Газета “Казахская правда”, № 17. 2005 г., сентябрь).
«Қазақ ұлтын қайта түлетуге» қазақ баласының ашық қарсы болғаны қалай?
Жүкешевтерге О.Сүлейменовтің кім екенін толығырақ айта түсу керектіктен, оның «Невада–Семипалатинск» қоғамдық қозғалысына тоқталсақ, ол да алаң-бұлаңы аз жайт емес. Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев Ертіс өңіріне тажал болып тұрған полигонға қарсы ресми күресті бастап, Кремльдің төріндегі М.Горбачевқа хат жазып, сынауды шектеуді, полигонды жабуды, басқа жаққа көшіруді талап еткені баршаға мәлім. Сол хаттың ізімен Мәскеуден комиссия келетіні белгілі болысымен, мұндағы басшылар: Н.Назарбаев пен Г.Колбин ақылдасып, шегінер жер қалмаған соң, қарсы қимыл жасамай болмайтынын біліп, қоғамдық қозғалысты құрды, атын қойды, жетекшілік етуге Жазушылар одағының басшысы, Нұрекеңнің досы – О.Сүлейменовті таңдап алып, оған Курчатов қаласына комиссия келетін күні Алматыда жиын өткізуді тапсырды дей аламын. Бұл ойымды сол тұстарда билік жүйесінде болған Әкежан Қажыгелдиннің: «…Огромную роль в закрытии полигона сыграл первый секретарь Семипалатинского обкома партии Кеширим Бозтаев, ныне покойный… Самому движению решено было придать некую управляемость, назначив его лидерами известных людей. Так там появился поэт Олжас Сулейменов» дегені бекіте түсті («ДАТ-ОП» газеті, 01. 12. 2016 ж.).
Бүгінде марқұм Кешірім Бозтаевтың тарихи ерлігі және ақынның бізге, Семейге, келу себебі, не істегені жайында алғаш та толық жазған адам – қаламгер ағамыз Ғаббас Қабышұлы. Оқырман жұртшылыққа аян ол әңгімені қайталамаймын, тек О.Сүлейменовтің Кешірім аға туралы екі сөзін келтіргенін пайдаланамын:
«Н.Назарбаев 1993 жылы жасы 60-қа толған Кешірімді құттықтаған хатында (түпнұсқадан үзінді): «…Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия» десе, ақын шіркініміз оның ол «қатесін»… айтпақшы, өзінің Кешірім ағаны мерейтойымен құттықтаған жеделхатында (үзінді):
«…Уважаемый Кешрим Бозтаевич! …В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера. Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу – закрытие Семипалатинского ядерного полигона…» деген еді Олжас Сүлейменов.
Бірақ іле-шала «Казахстанская правда» газетіндегі сұхбатында: «…Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деген лақпасымен құттықтау сөзін «түзетті». Бұлайша екі сөйлеудің, шындықты шырғалаудың, аруақтан аттап кетудің адамгершілікке кереғар бұдан өткен сорақысын мен бұрын-соңды естіген де, көрген де жоқпын» (Ғаббас Қабышұлы. «Жанпида»).
«…Упорно отрицая роль Бозтаева К.Б. в борьбе за закрытие полигона, поэт (О. Сулейменов, – С. Е.) пишет: «Если бы Бозтаев сам в горячах додумался до такой самостоятельности, он в тот же вечер лишился бы своего поста».
Выходит, Бозтаев К. не посылал шифротелеграмму Горбачеву? Не писал письма другим руководителям страны, депутатам СССР, общественным деятелям?» (В.Пигаваев. «Олжас – мой друг, но Истина дороже». Статья).
В.Пигаваев облыстық партия комитетінің идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.
Кешірім аға қайтыс болғаннан кейін Семей полигонына қатысты үлкен-кіші жиындарда, сондай-ақ О.Сүлейменовтің, оның серіктерінің мақала мен сұхбаттарында «Кешірім Бозтаев» деген аты-жөн айтылған да, жазылған да емес. Оның орнына: «Олжас Сүлейменов»! Қыркүйек айының соңғы күні Алматыда Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына арналып конференция өткізілгенін, онда да Кешірім аталмағанын естідік, газеттерден оқыдық.
Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. Баспасөздің бетін жауып кеткен жарияланымдарда: «Еңбек «Невада–Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі!» делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті шексіз мақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты».
К.Бозтаевтың Семей полигонын жабу күресін бірінші болып батыл қолдаған, Горбачевқа өзі де хат жазған атақты ядрошы маман, Совет Одағы Ғылым академиясының академигі Евгений Павлович Велихов Ресей Федерациясы орталық телеарнасының «Мәдениет» бағдарламасындағы «Жеке өмір» студиясында көрермендермен жасаған сұхбатында (2008 ж.) өзіне қойылған Семей полигонының жабылуы, ақын Олжас Сүлейменовтің ондағы рөлі туралы сұраққа жауабында (сұрақты қатысып отырған қазақ, не қазақстандық орыс қойған сияқты, ал жауап кейін газетке шықты) былай деді (түпнұсқасынан үзінді):
«…Главная идея контроля над прекращением ядерных испытаний заключалась в допуске советских специалистов в Неваду, а штатовских в Семипалатинск. Каждый устанавливает свою специальную аппаратуру и держит друг у друга руку на ядерном пульсе. Все переговоры с Госдепартаментом, Конгрессом, Пентагоном вел я и высшие офицеры КГБ и ГРУ. И никакого Олжаса Сулейменова там не было. То есть всё решалось на оси Москва–Вашингтон, а движение «Невада–Семей» было не больше чем цветок на обочине дороги».
Мұндағы: «То есть всё решалось на оси Москва–Вашингтон» деген айқын тұжырым Семей полигонын жабу мәселесінің де қайда, қашан шешілгенін аңғартты емес пе?!.
Сонымен, жүкешевтерге «Невада–Семей» қозғалысының акционерлік қоғамға айналып, полигоннан тауқымет тартқан бізге – семейліктерге – көмектесу үшін арнаулы Қор ашқанын, алайда ол «қамқорлықтың» ақыры не болғаны жөнінде Қаржы министрлігіміздің Бақылау-тексеру басқармасы 1993 жылы қараша айында жасаған актінің қалайша жым-жылас болғанын білуге кеңес беремін.
Кім туралы болсын мәнсіз мадақты үйіп-төкпей, егер білсең, бір уақ шындықты айту керек.
Сәкен ЕЛШІБЕК, Семей қаласы