Баяғыда апам айтушы еді: «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» деп… Дей тұрғанмен айтайын. Өткен жолы оңтүстіктегі ең шеткері ауылда болдым… Оның алдында Батыс Қазақстанды аралағам. Түсіру тобымыз аудан-ауданды түгел таспалап жүрміз. Жо-жоқ, таппадыңыздар… Мен жол, жарық, көпір, оны-мұны қозғамаймын… Мен жер-жердегі ауыл, аудан, қала, облыс орталығы, Алматы, Астананы айтам… Бір сөзбен болса – бүкіл Қазақстанды меңзейін…
Бізде қазір кішкентай дүкеннен үлкен супермаркетке дейін, кафе, ресторан, фитнес орталықтар – бәрі-бәрі шет тілінде және басым көпшілігі латын ғарпінде… Ау, ағайын ағылшын тілін білген жақсы, алайда дүниенің барлығын басқа тілде атасақ, сонда ана тілімізде не қалады?! «Ақымаққа намаз үйретсең, жайнамазға шекесін жарады» демекші, көрінгенге еліктеу – «баланың ауруы». Кезінде бұл мәселеге ешкім мән берген жоқ шығар. Қазір де назар аудармайды. «Сен тимесең – мен тимен, бадырақ көз». Алайда біз бүгін тәуелсіз, дербес мемлекетпіз. Біздің мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі! Ендеше Ономастикалық комитет осы мәселеге қайта оралуы керек. Түркияда барлық нәрсе түрік тілінде. Армения, Грузияны айтпай-ақ қойдық. Мына көрші Ресейде осыдан екі-үш жыл бұрын заң қабылданды. Барлық дүкен, кафе, ресторандардың атауы тек орыс тілінде болуы керек…
Ал біз өркениет көшіне қосыламыз деп, өз менталитетімізден, өз жадымыздан айырылып қалдық! Кез келген көшені аралап шықсаңыз, бәрі дерлік өзге тілде. Дағыстанның данасы Расул Ғамзатов көкемнің өлеңі есіме түсіп отыр:
…Когда я окажусь на свете том,
Отца и маму снова встречаю.
Беседу не отложим потом,
Как на земле?
Я не отвечаю…
Бұл – философиялық өлең. Жер бетіндегі жамандық пен зұлымдықтан ұялған, бетін басып, қатты сасқан ақынның күйзелісі, күйініші. Біз де сол күйініштен осы пәлсафамен шайырласақ…
Құдай оның бетін әрі қылсын! Әгәраки, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би Астана не Алматыға келіп қалса – жағасын ұстап, көздеріне жас алары сөзсіз… Себебі бәрі өзге тілде, емледе…
Бұл, біле білсек – үлкен қателік! Мен «шаш ал десе, бас алсын» деп отырғаным жоқ… Әрине, дүние жүзіне танымал брендтер бар. Алайда «бірдеңе Сити» дегендер толып жатыр емес пе? Өткен жолы Ислам досымның айтқаны: екі үлкен қария Шымкентте тал түсте адасып кетіпті. Не орысша емес, не қазақша емес жазулардан ештеңе түсінбей, бауырының асына жете алмай, жылап отыр дейді…
Осы өткен ғасырда қазақ жазуы төрт рет топалаңға тап болды. Бұл дегеніңіз – халықтың жадын ұрлау, болмаса өшіру. Айтматов айтқандай – мәңгүрттену реформасы. Қазір бізде қай әліппе екені түсініксіз… Латынға көштік пе, көшпедік пе? Көшпесек, неге бәрі басқа емле?!
Қысқасы, қадірлі ағайын, көшедегі атаулар мен жарнамаларды қазақшаламай, біздің көш адасып жүргені – жүрген… Ономастикалық комитеттер мен әкімшіліктегі «…Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» дейтін жастар, ендігі кезек сендердікі… Әйтпесе Ұлы көште шаң қауып қалуымыз ғажап емес!..
Талғат ТЕМЕНОВ, кинорежиссер