Назарбаевтың тіл саясаты ҚАЗАҚТЫҢ МЫСЫН БАСТЫ

Жұлдызай ФОРТ:

  •  «Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі орыстілді электорат пен Кремльге арқа сүйеп, 30 жылдан астам Қазақстанды билеп отыр… Өзі мемлекеттік міндеттерін орыс тілінде атқарғанымен қоймай, қазақтарды орыс тілінде сөйлеуге, қызмет көрсетуге мәжбүрлейді… Назарбаев орыстілділердің құқығын қазақтардың жоғары бағалайтынын көрсетті, сөйтіп шовинисттерге дем беріп, оның тіл саясаты қазақтардың мысын басты. Осыдан кейін келімсектер қазақшаны әрине керек қылмайды!» — дейді қазақ тілінің танымал, жанкешті жанашыры Жұлдызай Форт ханым өзінің «ДАТ»-қа берген сұхбатында.

Иә, соңғы күндері Қазақстанда «қазақ ұлтшылдығы» мен қазақ тіліне қарсы науқан белең алды. Оның дем берушісі – ресейлік Кремль болса, орындаушысы – ақордалық қазақ билігі. Қазақтың ұлттық мүддесін қорғап, әлеуметтік желілер арқылы орыс шовенистеріне қарсы шыққан азаматтар сотқа тартылуда, онысыз да ойран салып тұрған орыс тіліне деген биліктің жанашырлығы күшеюде. Қазақ пен қазақ тілін өз елі, өз жерінде тықсырған нақұрыс саясаттың мән-мақсаты не? Төменде жарияланып отырған сұхбаттасудан осы сұраққа бірқыдыру жауап алуға болады деп ойлаймыз.

– Жұлдызай ханым, Дәурен Абаевтың қазақ патриоттарын тас ғасырына апарып тастаған «үңгірдегі ұлтшылдық» деген сөзіне қатысты әлеуметтік желінің қазақстандық сегменті «жарылып» жатқанын білесіз. Сіз – жеке өзіңіз бұл «тасғасырлық» теңеуді қалай қабылдадыңыз?

Шынымды айтсам, мен Абаев мырзаның бұл сөздеріне таң қалған жоқпын. Өйткені ұлтының мүддесін қорғаған Марғұлан Баранбай, Данат Намазбай және Мейрам Қанапияны жаудай көріп, соттап жатқан биліктен бұдан басқа не күтуге болады?

– Сіз қалай бағалайсыз, бұл Абаев мырзаның жеке пікірі ме, жоқ әлде ел президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарының аузынан шыққан ресми ұстанымның нұсқасы ма?

– Әрине, бұл Абаев мырзаның жеке пікірі емес, бұл қазақ билігінің ресми ұстанымын білдіретін сөз. Нақты айтқанда, Абаев Назарбаевтың тек қана рупоры ғой.

– Сарапшылардың пікіріне қарағанда және өз аппаратының бір басшысы айтқан «алауыз» сөзге президент Тоқаевтың үн-түнсіз қалғанын еске алсақ, бұл қазақ билігі Ресейді «старший брат» ретінде мойындаған түрі ме, жоқ әлде басқа бір сигналдың белгісі ме?

– Бұл жерде қазақ билігі Ресейді кеңес заманында қалыптасқан «старший брат» ретінде мойындағанын әлі де жалғастырып келеді деп айтқан жөн. Оның үстіне, орыс тілінің доминанттығын сақтаудың амалы, басқа ештеңе емес!

– Әлеуметтік желідегі жекелеген контенттерге ден қоятын болсақ, қазақ ұлтшылдығын басып-жаншудың түпнұсқа идея авторы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев деген пікір бар. Бұл ойдың астары да негізсіз емес сияқты, мәселен, оның кез-келген отырыс-жиынды орыс тілінде жүргізетінін былай қойғанда, отбасы тұтастай орыстілді. Дариға Назарбаевадан басқалары қазақ тілін тіпті тұрмыстық тұрғыда жарытып білмейді…

– Өкінішке орай, бұл сөздердердің жаны бар, өйткені егемендігімізді қайтарып алғанымызға 30 жыл болса да, әлі де ана тіліміз өгей баланың күйін кешуде. Осының негізінде қазақтар өз отанында күнде дискриминацияға ұшарауы қалыпты жағдайға айналды: әлеуметтік желіде осы сөздерімді растайтын бейнежазбалар толып жүр.

Кем дегенде, мектепте 11 жыл қазақ тілін оқытса да, орыстардың көбі қазақ тілін білгісі келмейді, қазақтарға мемтілде қызмет көрсетпейді, шовинистерге қазақша сөйлесең, құбыжықты көргендей, есіріктері ұстап, жанжал шығарып, балағаттап, полиция шақырады. Оларға басқа ұлт өкілдері еліктеп, олар да қазақ тілін үйреніп, сөйлеуден бас тартады.

Бір сөзбен айтқанда, орыстілділердің басым бөлігі олардан қазақша ақпарат пен қызмет талап етуді қылмыс көреді, ал өздері ұялмай қазақтардан орысша сөйлеуді және орыс тілінде қызмет көрсетуді талап етеді. Ал негізінде, қазақтардан өз жерінде бөтен орыс тілінде сөйлеуді талап ету – бұл нағыз қылмыс! Өйткені бұл Кеңес одағынан келе жатқан, қазақтарды орыстандыру саясатының жалғасы. Халықаралық нормаларға сәйкес, бұндай іс-әрекеттер нацизмның нышаны болып табылады және де осы негізде айыптап, соттаудың преценденті бар. Мысалы, Нюрнберг процесінде нацисттерге тағылған айыптардың біреуі славян ұлттарын германизациялау болды.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, кез келген мүйізі қарағайдай шенділердің балалары негізінен қазақ тіліне шорқақ. Мүмкін тілді шегеріп отырған сыртқы ықпал емес, өзіміздің мемлекет басшылары шығар? Өйткені қазақ тілі үстемдік құрған мемлекетте олардың мемлекеттік тілді меңгермеген балалары «екінші сортты» адамдары болып қалу қаупінен қорқатын сияқты. Ал бұл реакция олардың ел басшылығында отырған әкелеріне әсер етпей қоюы мүмкін бе?

– Біріншіден, қазақ билігі іс жүзінде әлі де баяғы Ресейдің отарлық әкімшілігі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі орыстілді электорат пен Кремльге арқа сүйеп, 30 жылдан астам Қазақстанды билеп отыр. Екіншіден, өздеріңіз айтқандай, Назарбаев пен Тоқаев мырзалардың ұрпақтарының ана тілі – орыс тілі. Ертең қазақ тілі жалғыз ресми қолданыста болса, олардың мемлекеттік тілді меңгермеген бала-шағалары бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ешкім мәңгі емес, Назарбаев пен Тоқаев та кәдімгі пенделер, олар о дүниеге аттанғанда, аталған жайтта, олардың ұрпақтары елді билей алмайды. Осындай жағдайларды түсіне отырып, әрине олар орыс тілін қорғап, оның қолдану аясын кеңейтуге үзінді-кесінді қарсы. Сол себептен қазақ тілінің жанашырларын өздерінің жеке жауы ретінде санайды.

Қазір елде кем дегенде 75% қазақ бар, биыл жаңа туған нәрестелердің 80 пайызы – қазақтар. Және де Абаевтың Қазақстан азаматтарының 90%-ы орысша біледі дегенге күмәнім бар. Өйткені Өскеменге шалғай ауылдардан келген қазақтардың көбі орысша білмей, қызмет ала алмай, қиналып жүргенін мен күнделікті өмірде талай рет байқадым.

Ал орысы көп облыста осындай болса, тұрғындардың 70-90 пайызын қазақтар құрайтын оңтүстік, батыс аймақтарда орысшаны түсінбейтін қазақтардың саны қанша десеңізші? Және де тек ана тілін білетін қазақтардың саны күннен күнге артып келеді. Әрине, өз отанында бөтен тілді білмей қиналған соң, олардың осындай жағдай туындатып отырған билікке наразылығы да қарқындап артып жатыр. Бұны қазақ тілінің жағдайы жайлы бейнежазбалардан, желідегі мақалаларға жазылған комментарийлардан байқауға болады. Бұлай бара берсе, жеріміз үшін көтерілгендей, бір күні ана тіліміз үшін де қазақтар көшеге шығады.

Билік осындайда «нұрботтарға» ұлт жанашырларына қарсы комментарийлар жазғызады, сөйтіп қазақтарды бір-біріне айдап салып отыр. Бұл – қалыптасқан жағдайды тек одан сайын шиелендіреді, одан да сол «нұрботтарға» төленіп жатқан ақшаны қазақ тілін дамытуға жұмсаған жөн емес пе?

– Жалпы алғанда, біздің елде қалыптасқан жүйелі ұлтшылдық, ресейлік шовинизмге қарсы тұтасқан қоғамдық көзқарас бар деп ойлайсыз ба?

– Бұрын қазақтардың басым бөлігі ана тілі аясының тарлығын, орыс тілінің басымдығын, өз жерінде тұрып, орыстарға солардың тілінде сөйлеуді заңды құбылыс сияқты қарайтын. «Орыс қой, одан неге қазақша сөйлеуді талап етесің?» – деген сұрақтар жиі кездесетін. Бірақ соңғы жылдары ұлт жанашырларының арқасында қазақтардың ұлттық санасы өсіп, өз отанында ана тілінде сөйлеп қана қоймай, орыс және басқа ұлт азаматтарынан да қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуге құқығы бар екенін түсініп, оны іске асыра бастады.

Ресейлік шовинизмге қарсы тұтасқан қоғамдық көзқарас қазір қазақ ұлтында қалыптасты. Оған Лимонов, Жириновский, соңғы жылғы Никонов, Федоров, Примаковтардың жерімізді тартып алуға дәмелі екенін айтып, қазақ билігіне ұлтшылдарыңды тиыңдар деп, құлға ескерткендей, бұйыра сөйлеп, қоқаң-лоқы көрсеткендері, қазақ билігі оларға мардымды жауап берудің орнына, ұлт мүддесін қорғаушыларды қудалап, соттауы себепкер болды. Ақорда билігі аталған іс-әрекеттерімен қазақтарды қорқытып, өз құқын қорғауға қауқарсыз болып, кеңес дәуірі кезіндегідей, орыстарды ақ қожайындардай көріп, оларға бағынышты болуын көздеп отыр.

Өкінішке орай, елімізде жүйелі ұлтшылдық енді ғана қалыптасып келе жатыр. Осыны байқаған Ресей саясаткерлері байбалам салып, қазақ билігінен оның көсегесін көгертпей, тамырын жұлып тастауға әлсін-әлсін бұйырып отыр. Өйткені олар Қазақстанда жүйелі ұлтшылдық қалыптасса, қазақтар орыс әлемінен, Кремльдің ықпалынан біржолата шығып кететінін сезеді. Ал бұл басқа да Орта Азия мемлекеттерінің Ресейден алыстауына ықпал етеді. «Шовиктер» осыны біліп отыр.

– Отыз жыл тәуелсіздікте Қазақстанда мемлекеттің тілі мүшкіл болуының шынайы және басты себебі неде деп ойлайсыз?

Бұның бәрі Назарбаевтың теріс саясатының жемістері – өзі мемлекеттік міндеттерін орыс тілінде атқарғанымен қоймай, қазақтарды орыс тілінде сөйлеуге, қызмет көрсетуге мәжбүрлейді. 2016 жылы Назарбаев: «Кто позволил?…Если гражданин обратился на русском, значит ответ должен быть предоставлен на русском! Того, кто так отвечает на казахском, тому кто спрашивает на русском, того уволить показательно!» – деген соң, қазақ тілінің жағдайы тіпті күрделеніп кетті. Өйткені Назарбаев орыстілділердің құқығын қазақтардың жоғары бағалайтынын көрсетті, сөйтіп шовинисттерге дем беріп, оның тіл саясаты қазақтардың мысын басты. Осыдан кейін келімсектер қазақшаны әрине керек қылмайды!

Және де жуыққа дейін Назарбаев Қазақстанда орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі деген жалған ұғымды насихаттап келді. Ал іс жүзінде орыс тілінің сондай статусы жайлы 1993 жылғы ҚР Конституциясында норма болған, бірақ 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғанда ол норма жойылды.

Бұл туралы 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» ҚР Конституциялық Заңының 6-шы бабында былай деп жазылған: «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның бiртұтас халқын құрайды…».

Қазақ тілінде «нация» мен «этнос» ұғымдары бір «ұлт» деген сөзбен аударылады, менімше сол «нация» деген сөзді ана тілімізге енгізу қажет, сөйтіп аталған норманы «Тарихи тағдыр ортақтастығы қазақ НАЦИЯсымен біріктірген Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның бiртұтас халқын құрайды…» – деп өзгерту керек. Сонда қазақ халқының еліміздегі мемлекет құрушы ұлт екені ескертіледі.

Бірақ орыс нұсқасында елімізде қазақ ұлты бар екендігі айқын көрстетілген: «Граждане Республики всех национальностей, объединенные общностью исторической судьбы с КАЗАХСКОЙ НАЦИЕЙ, составляют вместе с ней единый народ Казахстана…». Осы себептен Қазақстанда ұлтаралық араздық туғызу мүмкін емес, өйткені елімізде бір ғана қазақ ұлты бар, басқа азаматтар диаспора әлде этниқалық топтардың өкілдері. Яғни этносаралық араздық жайлы ғана айтуға болады.

– Ал біздегі насихатталын мемлекеттік ұғым келесідей: Қазақ тілін жұмсақ саясатпен енгізу қажет, әйтпесе Украинадағы жағдай қайталанып кетуі әбден мүмкін. Осы ұстанымды сіз қаншалықты дұрыс деп бағалайсыз және донбастық қауіп қаншалықты қатерлі?

– Қазақ тілін жұмсақ саясатпен енгізу қажет деген желеумен егемендігімізді қайтарғанымызға бақандай 30 жыл болса да, билік әлі де орыс тілінің басымдығын қамтамасыз етуде. Іс жүзінде жоғарыда айтылғандай, Назарбаев пен Тоқаев өздерінің орыстілді ұрпақтарының мүддесін қорғап отыр, сол себептен «Украинадағы жағдай қайталанып кетуі әбден мүмкін» деп, қазақтарды ана тілі үшін күреспесін деп қорқытады.

Кеңес Одағы ыдыраған кезде жұмсақ саясат орынды болды, өткені ол кезде елдегі қазақтардың үлес салмағы орыстардан 3% ғана артық еді. Ал 2014 жылы Ресей Украинаға шабуыл жасағанда, қазақтардың саны орыстардан үш есе артық болды. Сол кезді пайдаланып, Конституциядан 7 баптың орыс тілі жайлы 2-ші тармағын алып тастау керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес, өйткені қазір Ресей санкциялардың астында қалып, экономикалық ахуалы нашарлап, орыс халқы билігіне наразы – оған соңғы кездегі Путинге қарсы ауқымды митингтер дәлел.

– Ал «орыс әлемін» қорғау мақсатымен, Ресей Украинаның шығысын басып алғандай, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына қауіп төнеді деген пікірге қатысты не айтар едіңіз?

– Ресей қазір Қазақстанға шабуыл жасай алмайды, өйткені екі майданда соғысуға күші жетпейді. Және де ондай жағдайда Ресейге батыстық санкциялар күшейе түсіп, экономикасы одан сайын құлдырайды. Ал бұндай жағдай орыс халқының көтеріліп, Путинді тақтан тайдырып, КСРО сияқты РФ-ның ыдырап кетуіне әкелуі мүмкін.

Ресей саясаткерлері осыны біліп, қазақтардың ұлттық санасының өсіп, өз мүдделерін қорғап, ана тілін алға жылжыту үшін күресіп жатқаны қатты алаңдатып отыр. Бірақ бұл үрдісті күшпен тоқтата алмайтынын білген соң, тек есірігі ұстап, біздің орысқұл билікке ақырып: «Нациктарыңды тиыңдар!» – деп бұйырып жатыр.

Ал Назарбаев тек өз мүддесін ойлаған соң, Кремльге бағынып, оның бұйрықтарын орындап, ұлтшылдарды жаншып, қудалауда. Қазір ұлт жанашырлары Марғұлан Боранбай, Данат Намазбай жене Мейрам Қанапияны ұлтаралық араздық туғызды және билікке қарсы шықты деп, соттап жатқанымен қоймай, оған қоса Евгений Примаковтың үндеуінен кейін, тіл жанашыры Қуат Ахметті қудалауды басталды. Бұл – ел билігі мемлекеттік мүддеге, мемлекеттік қазақ тіліне қарсы дегенді білдіреді!

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі өкілі Эльвира Азимова «Тіл патрульдерінің» іс-әрекеттері қылмыс деп айыптады. Омбудсвуменның сөзіне сенсек, Қазақстанда орыс тілі ұлтаралық қатынасқа арналған ресми тіл екен, ал жоғарыда айтылғандай, іс жүзінде орыс тілі ешқандай статусқа иә емес. Жариялаған пікірімен Эльвира ханым өзінің саяси сауатсыздығын және де тек орыстілділердің мүддесін қорғайтынын, ал қазақ халқының күнделікті лингводискримиацияға ұшырап, құқықтары тапталып жатқаны оның жанына батпайтынын көрсетті. Сонда қазақ мемлекетінің қазынасынан жалақы алып отырған шенеунік өз ұлтының мүддесіне қарсы шығып, Ресейдің мүддесін қорғаса, ол қазақ ұлтының жауы ғой!

– Қазақстанда тұратын барлық азаматтар, мәселен Америка мен Франциядағы сияқты, ұлтына қарамастан өздерін «мен – қазақстандықпын», «мен – қазақпын» деп атап, қазақша сөйлеп кететін заман туа ма, әлде бұл бүгінгі жағдайда утопия ма?

– Бұндай заман туу үшін, ел билігіне ұлтшылдар келуі қажет. Соңғы бес жылда ұлт жанашыларының арқасында қазақтардың санасы танымастай өзгерді: мен ана тілімізді насихаттау мақсатында 2016 жылы Фейсбукке тіркелгенімде, қазақтар посттарыма «лүпіл» басуға қорқатын еді. Басым бөлігі ФБ-дағы жеке кабинетіме кіріп, қолдау хабарлама жазатын. Ал қазір шовинизмге қарсы пікірлерін, билікке наразылылығын ашық жариялап жүр.

Қанша дегенмен, Назарбаев мәңгі емес, максимум он жылдан кейін ұлт жетекшілері ұлтжанды қазақтар болып, көп ұзамай Қазақстанның барлық азаматтары ұлтына қарамастан өздерін «мен – қазақпын» деп атайтынына мен кәміл сенімдімін.

– Айтпақшы, әлемжеліні жарған «Тіл патрулі» идеясын ел ішінде іс жүзінде бірінші бастаған және тұрақты жүргізіп келе жатқан ұлтжандылар – Руза Бейсенбайтегі екеуіңіз. Сіз қалай ойлайсыз, осы процесті елде жаппай жүргізу керек пе?

– Мен ешқашан әдейі тіл патруль рейдін жасаған емеспін, тек жүрген жерімде қазақ тілінде ақпарат пен қызмет талап етемін. Руза апай да солай жасайды деп ойлаймын. Бірақ мен «Тіл патрулі» идеясының авторы Қуат Ахметті, оны белсенді жүзеге асырып жүрген тіл жанашырларын қос қолдап қолдаймын!

Әрине, «Тіл патрулі» акциясы бүкілқазақтық үрдіске айналып, әр қазақ осы іс-шараға қатысуы керек – сонда ғана ана тіліміз өз тұғырына қонып, Қазақстанда нағыз егемендік орнайды.

2018 елімізде «Нұр отан» партиясының ұсынысымен «Менімен қазақша сөйлес» мерзімсіз акциясы басталды деп хабарланған, ал сонда неге қазақ тілін насихаттап жүрген «Тіл патрулі» белсенділерін билік қудалайды?

– Мемлекеттік органдарға «қазақ тілінде қызмет ала алмадым» деген шағымдарыңыз әдетте қандай нәтижемен аяқталып жүр?

– Мен осы мәселеге қатысты жүз реттен аса шағымдандым, прокуратураға бірнеше рет арыздандым, бірақ оның қызметкерлері арызымды Тілдерді дамыту басқармасына жіберді.

Меніңше, осы егемендігімдізді қайтарып алған отыз жылда қазақтардың құқықтарын күнде таптап жүрген шовинисттер мен мәңгүрттердің біреуі де жауапқа тартылып, айыппұл төлеген жоқ. Ал орыстілділер орыс тілінде қызмет көрсетпеді деп, желіде негізсіз, жалған байбалам салса, олардан шағым түспесе де, прокуратура дереу жағдайды анықтай бастайды.

Менің шағымдарымнан кейін, ШҚО Тілдерді дамыту басқармасынының қызметкерлері оқиға орын алған мекемелерге барып, тіл туралы заңнаманы түсіндіреді, қазақ тілі курсына қатысуға шақырады, бұның өзі азаматтардың түсініктерін өзгертеді.

Әдетте мен лингводискриминация жайлы арыздарымды оқиға орын алған мекемелердің басшыларына да жолдаймын және де бейнежазбаларымды Фейбуктағы парақшам мен Уoutube желісіндегі «Антишовик. Антимәңгүрт» атты арнама жариялап, резонанс түдыруға тырысамын. Соның нәтижесінде талай мәңгүрттер мен шовинисттер жұмыстан не өздері кетіп, не басшылықтарының бұйрығымен кетуге мәжбүр болды. Олардың орындарына қазақ-орыс тілдерін меңгерген білімді қазақтар келді. Сөйтіп, он жылдар бойы күресімнің арқасында Өскемен қаласын біраз қазақыландырдым десем болады.

– Бәрекелді! Дегенмен, таратып айтайықшы, сіздің ойыңызша, қазақ билігі неге сепаратист-шовинисттерге өте жұмсақ көз-қараста, ал керісінше, мемлекеттік мүддені қорғап жүрген ұлтшылдарды аяусыз қудалайды?

– Мен өзім шовинсттермен күресім үшін үш рет сотқа тартылдым, екі рет айыпты деп табылдым, үшінші рет тағы да соттамақшы болғанда, депутаттар Қазыбек Иса және Берік Бейсенбиннің арқасында аман қалдым. Екі рет әкімшілік іс болды, үшінші рет ҚР ҚК 108 бабы бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық деп айыптады.

Сонда шовинисттердің сөзін сөйлеп, оларға жалған сот-медициналық сараптама жасап беріп, негізсіз менің үстімнен іс қозғап, соттап журген – қазақ полицейлері мен соттары.

Осы оқиғаларда шовинисттерді белсенді жақтаған бұрынғы учаскелік полицей Еділ Базиолданович Асановтың және сот Қайролдина Гүлнара Көкпектновнаның (аты-жөндерін әдейі – өздері қалай жазса, солай атап отырмын) үстерінен шағындандым. Асанов жоғарғы шенді туысының арқасында жасасыз қалды, ал Қайролдина мені соттағаннан кейін, бір жыл өтпей, парамен ұсталып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Әлеуметтік желіде шовинист-сепаратисттар ауыздарына келгенін айтып, қазақтарды балағаттап, дискриминациялап, ұлттық ар-намыстарына тисіп, қазақ жеріне дәмелі екендерін айтып жүр. Елімізде тіпті Федоровтың «НОД» (национальное освободительное движение – ред.) сияқты сепаратисттық ұйымның филиалдары да еркін жұмыс істеп жатыр. Бірақ билік оларды жауапқа тартпайды, өйткені Назарбаев кеңес дәуірінен қалған коммунист, оны лауазымына тағайындаған және қолдап отырған Кремль басшылары. Сол себептен Назарбаев оларға қарсы шыға алмайды.

– Қазақ тілі заңмен жеткілікті қорғалған ба, оны өз тұғырына қондыру үшін заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда қазақ тілі заңмен жеткілікті қорғалған жоқ, өйткені қазақ тілін білу Қазақстан азаматтарына міндеттелген емес – ол тек борыш қана. Яғни оны орындау әркімның өз еркінде: 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151-I «Тiл туралы Заңының» ҚР заңының 4-ші бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған. Міндеті емес!

Конституцияның 7-бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанымен, ол мемлекеттiк тiл ретінде еліміздің бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылады деп жазылмаған.

Ондай норма ҚР Тiл туралы Заңында бар, бірақ бұл заң Конституциядан дәрежесі төмен болған соң, аталған норманың күші кейіннен қабылданған нормалармен жойылып тұр. Өйткені Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ «Құқықтық актілер туралы Заңының» 12 бабының 3-ші тармағы былай дейді: «Бір нормативтік құқықтық актінің немесе бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде, қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары немесе қолданысқа кешірек енгізілген актіге сәйкес келетін норма қолданылады».

Мысалы, мен Картел ЖШС (Билайн) компаниясына шағымданғанымда, олар маған iс жүргiзудi тек орысша орындауға құқығымыз бар деп жауап қайтарды. Өйткені ҚР 2004 жылғы 5 шілдедегі N 567 «Байланыс туралы Заңының» 37 бабының 1-ші тармағында былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желiлерiнде байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттiк тiлде НЕМЕСЕ орыс тiлiнде жүзеге асырылады».

Енді бұл дәлелге ештеңе қарсы айта алмайсың, өйткені олардың әрекеттері заңды.

Орыс тілінің әлеуеті басқа заңдармен мықтап қорғалып қойған екен…

– Айтпаңыз! Мүмкін, бұндай қазақ және орыс тілдерінің арасында таңдау құқығын беретін заңдар Қазақстан Республикасының экономикалық қызметінің барлық саласында бар шығар. Ондай жағдайда, әрине, ұйымдардың басым бөлігі іс жүргізу тілі ретінде орыс тілін қалайды, өйткені ол КСРО заманынан келе жатқан үйреншікті құбылыс. Ал мұндай жағдайда жұмысқа орналасу үшін қазақтар өз елінде шетелдің орыс тілін меңгеруге мәжбүр болады.

Сонымен қазақ тілінде ақпарат пен қызмет талап етуге негіз беретін тек қана 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 21-24 баптары болып тұр. Осы нормалар орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ 75-бабына сәйкес, айыппұл салынады. Бірақ іс жүзінде бұл нормалар орындалмайды.

Және менің байқағаным – заңдардың орыс-қазақ тілдеріндегі нұсқаларында сәйкессіздіктер көп, осы барлық айтылған себептерден Конституциядан 7-ші бабының орыс тілі жайлы 2-ші тармағын алып тастау қажет.

– Бұйыртса, ол күн де туар! Қазақ тілінің мүддесі жолындағы айқаста шаршамаңыз, Жұлдызай бике! Сіздің ымырасыз күресіңіз сәтті болсын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «DAT».

26.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн