НАЗАРБАЕВ ЕЛДІ Қауіпсіздік кеңесі арқылы БАСҚАРА АЛА МА?

Өткен аптада президент Назарбаев энергетикалық тарифтер және коммуналдық қызмет көрсету мәселелеріне қатысты ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Бір қарағанда, үкіметтің деңгейінде ғана талқыланып, шешім табуы тиіс тақырып мемлекеттің қауіпсіздігі деңгейіне шығарылды.

Ақорданың ресми сайты және биліктік басылымдар мен ақпарат агенттіктері хабарлағандай, бұл отырысқа президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қатысты.
Яғни, жуықта парламентте ым-жымсыз қабылданған «ҚР Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңының мұрсатымен Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта мемлекетті Қауіпсіздік кеңесі арқылы да басқаруға болатынын көрсетті. Осыған орай, біздің газет қоғам өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген еді. «Бұдан былай Назарбаев президенттік сайлау өткізбей-ақ, елді ҚК-нің мұрсатымен басқара беруі мүмкін бе?» деген сұраққа біздің сауалнамаға қатысқан респонденттер төмендегідей пікір білдірді.

Мирамбек КАМАЛОВ,
ЖСДП президиумының мүшесі,
партияның Ақтөбе облыстық
филиалының жетекшісі:

– Президенттің Қауіпсіздік кеңесіндегі көтерілген мәселелер бойынша қол астындағыларға кезекті рет шүйлігуі – айтарлықтай жаңалық емес деп ойлаймын. Әрине, бұл коммуналдық тарифтер мәселесін өзге де саяси басқару алаңдарда шешуге болар еді.

Бірақ ҚК отырысы арқылы президент қоғамға бірнеше сигнал тастады: біріншіден, елдегі шешімін таба алмай қордаланған мәселелерге атқарушы билікті (үкіметті) кінәлі етіп көрсеткісі келді. Мұның соңы белгілі бір саяси шешімдер қабылдауға, тіпті үкіметті доғарысқа жіберуге дейін толық негіз бола алады.

Екіншіден, президент Қауіпсіздік кеңесінің ішкі әкімшілік-басқарушылық алаңындағы рөлін бастамашыл тәжірибе ретіндегі қырынан көрсетуге тырысты. Яғни, өкіметті басқа да құрылымның пәрмені арқылы басқару мүмкіндігін дәлелдемек болған сияқты. Осы жасалған саяси-промоушендік қадам арқылы Қауіпсіздік кеңесінің алдағы уақыттағы маңызды рөлін меңзеді. Бұл да күшті ықпал ету мүмкіндігі бар мемлекеттік құрылым ретінде қалыптасуына жасалған қадамдардың бірі болмақ.

Осы құрылымға президенттің тарапынан баса назар аударылуы, ҚК-нің елді толықтай басқарудағы тетіктердің бірі ретінде қалыптасып, өзінің ешқандай да президенттік сайлауға, не сайланған президентке қарайламай, мемлекетті басқаруына негіз бола алады деген тұжырым жасауға болады.

Марат БОРЫҚБАЙ,
әлеуметтік желілер белсендісі
(Шымкент):

– Президенттің елді сайлаусыз да басқаруды қалауы мен басқара алу мүмкіндігіне келсек, оған ешкімді де аяуды білмейтін, зырылдап тұрған уақыт атты ұғым да мұрша бермейді. Әрі президент Назарбаевтың сол қалауын айналадағы түрлі аумақтық та, жаһандық та саяси топтар мен демократиялық даму бағытындағы алдыңғы қатарлы елдер түсінбеуі де, қабылдамауы да мүмкін.

Президенттің соңғы кездердегі ұстанған саясатына, әсіресе ішкі саясаттағы қадамдарына, әлде өз өктемдігімен жасалып отырған түрлі әрекеттеріне қарап отырып, ол кісінің қажығанын байқауға болады. Бұл оның сарқылған саяси әрекеті десек, денсаулығы мен физиологиялық халі – өз алдына бөлек әңгіме: сыр беріп жатқаны көрер көзге ұрып тұр.

Президенттің биліктен жуық арада кету-кетпеуі өзіне де емес, өзгелерге, әсіресе сыртқы саяси жағдайларға байланысты сияқты. Меніңше, бұл кісі әлдеқашан-ақ кеткісі келсе де, бірақ кете алмай жүр. Кеткісі келетіні – уақытпен жағаласа алмайды, келмейтіні – ол өзін әлемдік саясаткерлер арасында әлі де тәжірибесі мен пайдасы тиер сұңғыла санайды.

Ал енді елді сайлаусыз, ҚК арқылы басқару мүмкіндігіне келер болсақ, біздің елдегі сайлауларға елдің де, саяси истеблишменттің де дәл қазіргі кезде қызығушылығы да, таласы да тым төмен деңгейге түсіп, тіпті жоғалып та кеткен сыңайлы. Елдің арасында да, саясаткерлер ортасында да сайлауға деген ешқандай сенім де, стимул да қалмады.

Біздегі оппозициялық саясаттың шырқау шегі 2003–2005 жылдар аралығында болғаны белгілі. Онан бергі жылдарда тек қана біздің елде демократиялық даму көрінісі бары үшін ғана президенттікке жасанды балама кандидаттар ұсынылып келе жатыр. Мұндай нәтижесі алдын ала белгілі сайлаулардан ел де, тіпті биліктің өзі де ығыр болғаны ақиқат.

Сондықтан бүгінгі заңдардың мүмкіндік беріп отыруына қарай алдағы кезде президент ешқандай сайлаусыз да өмірінің соңына дейін елді басқара беруіне мүмкіндік те, жағдай да жасалып отыр. Оған осы күнгі саяси элита да, өзге көрші елдер де, тіпті Батыс пен АҚШ-тың да қарсылық көрсетуге зауқы жоқ.

Әлемдік деңгейдегі саяси ахуалдар күнде құбылып тұрған кезеңде президенттің өзі де ешкімге иек артып, өз еркімен орнын ұсына қоюға батылы да, еркі де жібермейді. Бұны енді елдегі саяси элитаның да, ішкі саясаттың да саяси тоқырауға ұшырауы, елдің де сенімінің таусылуы деп санауға әбден болады.

Болат НҰРХОЖАЕВ,
қоғам белсендісі (Қызылорда):

– Қауіпсіздік кеңесі арқылы елді басқару Конституцияға қайшы келеді. Себебі: 1. Ата заң бойынша, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет; 2. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық; 3. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді; 4. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде парламенттің ғана құқығы бар. Республика үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. 5. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл Конституцияда тайға таңба басқандай болып тұр ғой!

Роллан МАШПИЕВ,
қоғам белсендісі (Семей):

– Менің ойымша, сайлау жуық арада болады, бірақ сайлау əділ өтіп, нəтижесі қандай болса да, келесі президент Қауіпсіздік кеңесінің қуыршағы (марионеті) болып қала береді. Ақырғы уақыттағы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси белсенділігі сайлау жақындағанын көрсетіп тұр.

Еске ала кетсек, былтыр ғана – 2017 жылы күздің басында президент парламенттік тындауларда коммуналдық тарифтерді көтеру керектігін, соның арқасында инвесторлардың елге келуін қамтамасыз етеміз деген сөздер айтты. Тарифтер көтерілмесе, ескі коммуникацияларды да жөндей алмаймыз деп, монополистерге тариф көтеруге өзі рұқсат берген жəне осының бəрін қалай дұрыс іске асыруға болатынын үкімет ойластырсын деген.

ЖСДП партиясы бұған қарсы былтыр митингі де өткізбек болып, барлық қалалардағы əкімшілікке рұқсат беруге өтініш білдірген. Бірақ ешкімге де орталық алаңдарда митинг өткізуге рұқсат берілмеді. Тек Семей қаласындағы «Полковничий» аралында өткізуге рұқсат беріліп, кейіннен көпірді жөндеуге жауып, қала бойы жəрмеңке өткізіп, халықтың назарын басқа жаққа бұрып жіберді.

Қаншама жыл бағаларды көтеріп, халықты шулатып келіп, енді басқадай сөйлеп, тарифтерді арзандату керек деп жатыр. Өздерінше халыққа жағдай жасап жатқандай болып, олардың еңбек ақысын көтермек. Бұл – сайлау алдында жасап жатқан қулықтары. Осы жылдың жазында Қауіпсіздік кеңесі туралы заң қабылданып, тұңғыш президент өмір бақи осы қызметті атқара алатыны белгіленді. Ал енді Қазақстан Республикасының Ата заңының 44-бабына қарасақ, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері – үкімет мүшелері жəне қауіпсіздікке жауап беретін ведомстволар басшыларынан тұрады, әрі қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар орындауға міндетті. Назарбаевтың президенттікті басқа біреуге берсе де, Қауіпсіздік кеңесі арқылы елді басқаруға мүмкіндігі бар. Ал ол заңды ма, жоқ әлде заңға қайшы ма – бұл басқа әңгіме. Сондықтан келесі президент ҚК төрағасы Назарбаевтың қолындағы қуыршақ болып қалады деген ойдамын.

Шара ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
журналист (Ақтөбе):

– Біздің ауылда «бала-шаға», «бақа-шаян» деген тəмсіл бар… Елімнің басы сол аты бар, заты көмескі жерге барды. Қауіпсіздік (?) кеңесіне барып, келелі əңгіме айтар дегенбіз. Күткенбіз. Айтты! Бірақ келелі əңгіме емес, келер шақтың əңгімесін айтты ма, қалай? Ел сиген-тышқанына ақша төлеп үйренген – төлейді: коммуналдық қызметтің тарифтерін түсіруді айтқанын айтам да… Жан-жаққа шашылған сөгістер де ешкімді таңдандырмасы анық – түк шықпайтынын білеміз! Айтпағым – кеңеске барып «кеңес» айтқан Елімнің басы болашақта қой-қазақты сол кеңес арқылы (президент болмаса да) басқаратынын көздерін бақырайтып ишаралады! Əппетит ұрып тұр!

Ербол РАХПАН,
қоғам белсендісі (Шымкент):

– Есіме бір анекдот түсіп кеткені. Аң патшасы арыстан биіктеу жерге шығып: «Бұл жердің бәріне мен қожайынмын», – деп ақырған екен. Сөйтсе тышқан інінен басын шығарып, ары-бері қарап, сәл уақыт кідіріп: «Назарбаев тірі ме өзі?» – деп таңырқаған сыңай танытыпты. Осы анекдотқа сай Назарбаев қай жерде отырса да, елдің билігі соның қолында қала беретінін – саясаттан хабары жоқ қарапайым адам да түсінген шығар ендігі.

Маған салса, елге зиянсыз жолын қарар едім. Сайлаусыз-ақ отыра берсін. Бәрібір ол тірі кезде билікті ешкімге бермейді! Өзі жетпей жатқан қаражатты сайлауға бөліп, құр желге шашқанша, басқа жыртығымызды жамағанымыз дұрыс деп есептеймін.
Өз-өзін алдап, «демократпын» деп, сайлау өткізгені болмаса, Назарбаевтың диктатор екенін бүкіл әлем түсінді ғой. Ол қаласа да, қаламаса да, тарихта «диктатор» деген атпен қалатыны еш шүбәсіз, соны анық білем!

Ұзынқұлақтан естуімізше, алдағы сайлауда орнына қызы –Дариғаны қойып, өзі Қауіпсіздік кеңесін басқарған сыңай танытады деген де әңгіме бар. Қалай болса да, Назарбаевтың еркегі қожайын ғой бұл елге. Егер де оқиға солай өрбіп жатса, мұндай саяси әрекеті Өзбекстандағы жағдай қайталанып кетпесін деген сыңайда ғана деп білеміз!

Қуат КҮНБОЛАТОВ,
ЖСДП Алматы облыстық филиалының жетекшісі:

– Сұрақтың астарына үңілсем, Қазақстанда ресейлік, яғни Борис Ельцин мен Владимир Путин арасында орын алған сценарий болатынын меңзеп отырғандай болып көрінеді. Демек, президенттік сайлау өз уақытында болғанға дейін, яғни 2020 жылға дейін президент өз міндетін атқарушы тұлғаны тағайындайды.
Әрине, жаңа Қауіпсіздік кеңесі жаңа президентті шектен шығармау мақсатында жасалған баламалы күш орталығы болып құрылғанын саясаттан алшақ адамдар да түсінеді. Сонымен бірге жақында болған Қауіпсіздік кеңесінде монополистерге көрсеткен қыры ҚК-нің күшін айқын көрсетті. Демек, Қазақстанда ресейлік сценарий орын алуы мүмкін.

Бірақ, менің ойымша, қазіргі таңда дүние жүзінде болып жатқан әртүрлі геосаяси, экономикалық қауіптерді есепке алатын болсақ, президенттік сайлау болуы қажет және жаңа президент келу мүмкіндігін есептен шығармаймын. Мысалы, Қытай мен АҚШ арасында орын алып отырған сауда соғысы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың түрткісі болып кетуі әбден мүмкін.
Ал біздің мемлекетіміздің экономикасы тек шикізатты шетелге сатуға негізделгендігінен, халықаралық қорларда орын алатын, біздің мемлекетіміз сататын кез келген шикізат бағасының төмендеуі экономикамызға едәуір нұқсан келтіруі мүмкін.

Сондықтан дүниежүзілік экономикалық дағдарыс орын алатын болса, халықтың есінде «бірінші президент кезіндегі өміріміз жақсы болған еді-ау» деген ой қалыптастыру үшін, бірінші президентіміз елдің экономикасы әлі де тұрақты кезінде орнынан кету мүмкіндігі мен үшін де, ел үшін таңқаларлық оқиға болмасы анық.

Сауалнаманы жүргізген –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

Республиканский еженедельник онлайн