НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІНІҢ шетелдегі ЗӘУЛІМ САРАЙЛАРЫ

  • Женева көлінің суы мөлдір, табиғаты әсем жағалау. Швейцарияның шығыс бөлігіндегі Аньер коммунасы – дипломаттар, банкирлер және қалталы швейцариялықтар тұратын көрікті жер.

Қалашықтағы қарапайым үйлердің арасында бір вилла ерекшеленіп, көзге бірден түседі. № 399 Route D’Hermance мекенжайында орналасқан үш қабатты зәулім үйдің аумағы 3200 шаршы метр. Вилланың 25 метрлік бассейні, спа, қонақ күтетін орны және террасасы бар.

Бұл – аймақтағы ең қымбат үй. Швейцариядағы құжаттарға сай, бұл вилланың иесі – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева. Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев бұл вилланы 2009 жылы 75 миллион долларға сатып алған.

Назарбаевтың туыстары кейінгі 20 жылда АҚШ пен Еуропада жүздеген миллион долларға жылжымайтын мүлік сатып алған. Бұл үйлер әйгілі өзен-көлдердің бойында, Манхэттендегі көпқабатты биік ғимараттарда, Лондондағы ауқаттылар ауданында, Испанияның Коста Брава жағалауында орналасқан.

«Азаттық» радиосы жаңа зерттеу жүргізіп, Назарбаев жақындарының, соның ішінде оның екі қызының, жиендерінің және інісінің шетелдегі мүліктері жайлы жан-жақтан ақпарат жинап шықты.

Зерттеуде Назарбаев туыстарының шетелдегі мүлкінің бір бөлігі қамтылған. Дегенмен бұл зерттеуден Назарбаев маңындағы адамдардың шетелдегі қымбат мүліктерінің құны, орналасқан жері жайлы деректерді таба аласыз.

Қазақстанды отыз жыл басқарған Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткен, бірақ ол пәрмені күшті Қауіпсіздік кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының басшысы ретінде билікке ықпал етіп отыр. Ол 2010 жылы «елбасы – ұлт көшбасшысы» статусын алған. Бұл статусқа сай, Назарбаев және оның отбасы мүшелері қылмыстық жауапқа тартылмайды.

Бұл зерттеу Назарбаев жақындарының жылжымайтын мүлікке салған инвестициясының ауқымынан хабар береді және Қазақстандағы билеуші әулеттің маңайындағы қанша адамның ауқатты аудандардағы қымбат активтерге иелік ететінін көрсетеді.

«Азаттық» радиосы Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын есептеп шығарды. Бұған содан бері сатылып кеткен бірнеше мүлік, соның ішінде Назарбаевтың інісі – Болаттың АҚШ-тағы миллиондаған долларға алынған пәтерлері кіреді.

Бұл мүліктерді сатып алу үшін көп қаржы кеткен. Ал үйді алған Назарбаевтың жақындары мұнайға бай елде энергетика, банк және басқа да салаларда, жоғары мемлекеттік қызметтерде істеген. Отбасылық және саяси байланыстардың қатысынсыз, бизнесіміз сәтті жүріп, ауқатты болдық деп жүрген Назарбаев туыстарының бұл байлықты жинауына оның қолдауы сеп болды деп көп айтылады.

«Азаттық» мәліметтерін тапқан бұл үйлердің кейбірі сот істеріне, ажырасқан екі адамның арасындағы үлкен дауға, Ұлыбританиядағы қымбат үш үйді бұғаттау өтінішіне себеп болды.

 «Жүйе өте осал. Назарбаев құрған саяси экономика бір адамға ғана негізделген… Назарбаевтың туыстары мен жақын серіктері болашағын күні бұрын ойлап, активтерін сыртқа шығаруға мәжбүр болды», – деді Орталық Азиядағы саяси ахуалды зерттейтін сарапшы, лондондық консультант Кейт Мэллинсон «Азаттық» радиосына.

Қазақстандағы ең ірі және ұзақтан бері жұмыс істейтін адам құқығы жөніндегі ұйымның басшысы Евгений Жовтис «билікті [Назарбаев] отбасынан бөліп қарау мүмкін емес» және «Назарбаев өмірден өткен соң жағдайдың қалай боларын болжау қиын» деп есептейді. «Мұндай саяси жүйеде өмір сүріп жатқан адам заң үстемдігі қорған болады деп үміт ете алмайды», – дейді ол.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн