Қазақстанда Қытайдың «цифрлық диктатурасы» орнауы мүмкін. Билік Қазақстан халқын Қытай цифрлы технологияларының көмегімен жаппай бақылауға алу жүйесін енгізуге тәнті болып отыр.
Қазан айының 8-і күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының дамуына арналған жиында адамдардың жеке бас деректерін анықтайтын Қытайдың цифрландыру әдісін мақтап, Қазақстан Бейжіңнің тәжірибесін қабылдауы керектігін айтты.
Президенттің сөзіне қарағанда, қытайлық «Hikvision» компаниясының технологиялары арқылы адамның қай уақытта қайда барғанынан бастап, басында қанша несиесі бар, жеке бас дерегі мен ұрық-шәрпіне дейін біліп отыруға болады. Тоқаевтың: «Біз осы жолмен жүруіміз керек. Бұл – әлемдік тенденция. Астана басшылығына, үкіметке және тиісті министрлікке осыны тапсырамын» деген сөзін «Курсив» сайтына сілтеме жасаған «Азаттық» жария етті.
Ал сарапшылардың сөзіне қарағанда, бұл Тоқаев пен Ақорданың «тапсырмасы» емес, қытайлық жаппай бақылау жүйесін қабылдауды Қазақстан үкіметіне тықпалап отырған Назарбаев пен оның «кітапханасы». Себебі, Қазақстанда қалыптасқан қағида бойынша, бұрынғы Астана мен бүгінгі Нұр-Сұлтан – Назарбаевтың «төл туындысы», оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Сондықтан президент Тоқаев астананың авторы айтқан талапты дауыстауға мәжбүр болған ғана тұлға.
Еске сала кетейік, шілде айында америкалық «Wall Street Journal»келіссөзге қатысқандардың біріне сілтеме жасап, «Пекин Қазақстанның қауіпсіздік саласында Қытай компанияларының қызмет етуіне рұқсат беруі үшін Нұр-Сұлтанды көндіруге тырысқан» деп жазды. «Тоқаев бұл мәлімдемесін Қазақстанда Қытайға деген қарсылық өршіп тұрған тұста жасады» деп хабарлайды «Азаттық». Ал ел президенті сонша мақтаған қытайлық компанияны АҚШ сауда министрлігі «Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасауға атсалысты» деп айыптап, осыдан екі-үш күн бұрын ғана санкция салған еді.
Бұдан шығатын қорытынды – «бұрынғы» Назарбаев қазіргі Тоқаевты қазақ-қытай проблемасының батпағына батыра түсіп, өзі халық алдында «сүттен – ақ, судан – таза» болу. Яғни, Ақорда мен «кітапхана» арасындағы текетірестің сыртқы саясаттағы кикілжіңі де лай судың бетіне жүзіп шыға бастады деген сөз.
Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Біздің әңгімеміздің арқауы – Ақорданың жыл басынан бері халықты толықтай бақылауда ұстау үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге баруында.
Осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) кибершабуылдардың алдын алу мәселелерін желеу етіп, «қауіпсіздік сертификатын» енгізбек болған. Бірақ кейіннен бұл ойларынан айнып, бұның барлығы сынақ (тест) екендігін мәлімдеп, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалған. Десе де, ол кезде де ҰҚК мен Ақорда бұл бастамадан өз еркімен бас тартқан жоқ. Әлемдік интернет нарығының көшбасшылары «Google» мен «Mozilla» компаниялары қазақстандық ғаламтор қолданушыларының жеке деректерін қорғайтын «қауіпсіздік сертификатына» қарсы арнайы технологияны іске қосатындықтарын мәлімдеген. «Qaznet Trust Network» сертификатын сынақтан өткізуді де президент Тоқаев «бұрынғының» талабымен ұсынғаны айдан анық.
Егер жыл басынан бері Қазақстанда бірде-бір ай митингісіз, қарсылық акцияларынсыз өтпегенін ескерсек, биліктің не себепті халықты осыншама бақылауда ұстауға құмартып отырғандығын бағамдау қиын емес. «Бұрынғы» биліктен (де-юре) кеткенге дейін, кешкі уақытта ғаламторды бұғаттау үйреншікті әдетке айналып, «You Tube», «Facebook», «WhatsApp» желілеріне түн жарымына дейін желілерге кіру кішігірім арман болса, Тоқаевтың билік басына келуімен бұғаттаулар тоқтағаны мәлім. Бірақ «қауіпсіздік сертификаты», «қытайлық бақылау тәжірибесін енгізу» сияқты бастамаларға қарап, «ескі» президент «жаңа» Тоқаевтың қолымен «халықты бақылауда ұстау» эпопеясының жаңа парағын, жаңа параграфын бастап жатқан сияқты.
Жалпы, жаңа технологиялар қаулап, әлем біткен интернет иіріміне батып бара жатқан заманда, Илон Маск сияқты технократтар «жер шарын тегін интернетпен қамтамасыз етемін» деп жатқанда, «миллиондаған халықты тұтастай бақылауда ұстаймын» деу – жел диірменімен алысқан есуастың қылығы екені айдан анық. Біздің билік Қытай мен Ресей тәжірибесін Қазақстанда пайдалануға неге құмар? Әлемде олардан басқа үлгі алатын ел жоқ па? Бұл далбаса ақылға қаншалықты қонымды?
Бірақ автократиялық жүйе «сүйегіне сіңіп» кеткен біздің елде ақылға қонымдылық туралы айтудың өзі артық болса керек. Себебі осы уақытқа дейін биліктің «ақылын» қойып, ешқандай логикаға сыймайтын қаншама бастамалар көтерілді?! Тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыт ішінде біз ұялы телефон нөмірлерін тіркеуге алудан бастап, желідегі әлдебір «алабөтен» пікірге лайк басқан адамға дейін сотты болғанын көрдік. Виртуалды әлемнің қазақстандық кеңістігін тіміскілеп, «экстремистік» лайк іздеу – ақыл түгілі, санаға сыймайтын әумесерлік. Интернетте билікті мақтап, пікір жазғаны үшін бюджеттен жалақы алып отырған «нұр- боттардың» тарихы бергі әңгіме…
Ал енді «бұрынғының» бұйрығымен «қазіргі» тықпалауға мәжбүр болған қытайлық «Hikvision» компаниясының бақылау жүйесі қандай технология? Осыған қысқаша тоқталайық.
Қытайлық бақылау технологиясын әлемдік сарапшылар «цифрлық диктатура» деп бағалауда. Қазірдің өзінде Қытай билігі жаңа технологиялардың көмегімен бақылау жүйесі арқылы адамның жеке өмірі мен деректерін сараптап, оған арнайы рейтинг беруде. Ешқандай заң бұзбай, қалыптасқан жүйеге бағынған азаматқа билік жоғары балл беріп, оған әлеуметтік қолдауды үйіп-төгеді. Бейжің бақылау жүйесі бойынша, 1050 балл жинаған адам «А» тобына кіреді. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметте өсуге, төмен пайызбен несие алуға мүмкіндік беретін бірден-бір жол.
Ал 1000 балл жинаған адам «АА» тобына, 900 балл жинағандар – «В» тобына, 850 балл алғандар – «С» тобының қатарына кіреді. Бұл жүйеге сәйкес, 600 баллдан төмен жинағандар «D» тобына енеді. Бұл топтағылар мемлекеттік қызметке алынбайды, бұларға әлеуметтік көмек немесе банкілік несие берілмейді. Бір сөзбен айтқанда, бұлар саяси жүйеге қауіпті адамдар санатына енеді.
Әзірге Қытай билігі аталмыш жүйені пилоттық режимде сынақтан өткізуде. Алдағы 2020 жылдан бастап бұл бақылау технологиясы толықтай қолданысқа енгізіледі. Яғни, Қытайдың коммунистік диктатуралық режимі нақты өмірді қойып, виртуалды әлемді де жаулауға көшеді.
Назарбаевтың нұсқауымен президент Тоқаев жер-көкке сыйғызбай мақтаған қытайлық жүйе Қазақстан аумағында қандай талаптар бойынша жұмыс істейтіндігі және қай уақыттан бастап іске қосылатындығы әзірге белгісіз. Бірақ Қытайда жүріп жатқан тестілік сынақтарға қарап, бұл жүйенің бақылау тетіктерін одан ары қатайтудан басқа алып-қосар пайдасы жоқ деп айтуға толық негіз бар.
PS. Егер халықты жаппай бақылауда ұстайтын бұл жүйе қолданысқа енетін болса, елдегі бұған дейінгі ойбай баланың ойыншығы болып қалады. Қарабайыр тілмен қазақшалап айтқанда, сиген-тышқаныңа дейінгі әр қадамың «КНБ»-ның қадағалауына ілінсе, нағыз ойбайдың көкесін сонда көреміз.
Қысқасы, бұрындары Голливудтың фантастикалық киноларынан көретін «цифрлық бақылауды» (цифрлық диктатураны) жуық болашақта Қазақстаннан көреміз деп кім ойлаған? Ғарышқа әупіріммен ұшырылған «КазСАТ» спутнигін қарық қылып игере алмасақ та, Маоның ізбасарлары ойлап тапқан технологияны меңгеруге деген талпынысымыз күшті.
Біз осы қайда, қай ғаламға маңып бара жатқан елміз?
Есдәулет ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ,
«DAT»-тың қоғамдық-саяси шолушысы