Мұстафа Өзтүрік өлімінің құпиясы қашан ашылады?
15 наурыз – атақты спортшы, қазақ халқының даңқты перзенті, тұңғыш таэквондошы, Қазақстан таэквондо мектебінің негізін салушы Мұстафа Өзтүріктің қаза болған күні. Биыл бұл қайғылы датаға тура 30 жыл толып отыр. Осыған орай атақты спортшы өмірін зерттеп жүрген журналист, зерттеуші Заңғар Кәрімханға сауалдар қойдық.
– Заңғар Тілеуғазыұлы, сізді Мұстафа Өзтүрік туралы кітап жазып жатқаныңызды естідік. Ол кітабыңыз шықты ма?
– Иә, былтырғы жыл Мұстафа Өзтүрік ағамыздың туғанына 70 жыл толып еді. Осы мерейлі датаға байланысты даңқты спортшының қаза болған 15 наурыз (1995) күнінен туған күні 24 қарашаға дейін түрлі сұхбаттар алып, көз көргендердің естелігін жинап, дербес деректі кітап жазамын деп жоспарлап қойдым. Ютуб арнасы арқылы Мұстафаны танитын, білетін деген адамдарға, жақын достарына хабарласып шақырып, сұхбаттар жаздым, алғашқы болып қоғам қайраткері Серік Абдрахманов келіп, есіндегі бар естелігін айтып шықты, аздап жасырғаны да болды. Кейін саңлақ спортшының достарына хабарласып, алдымен түйдей құрдасы, жан досы Талғат Теменовке шықтым. Уақытының жоқтығын айтып, ол кісі сұхбат бермеді. Композитор Төлеген Мұхамеджанов әне-міне деп сырғақсып, сол беті көрінбеді. Мұстафаның тағы бір досы Несіп Жүнісбай ағамыздың жауап жазуға құлқы да болған жоқ.
Жыл соңына таман, Мұстафа Өзтүрік ағамыздың туған күні қарсаңында мен қызметтік іссапармен Түркияның Ыстамбұл қаласында болдым. Марқұмның зиратына барып, құранымды, дұға-тілектерімді бағыштадым, бұған спортшының немере бауыры Омар Тәйжі көп жәрдемін тигізді. Ыстамбұлдағы туыстарынан, тарихшы ғалымдардан естеліктер жинап алып қайттым. Кітап жазылып жатыр, әлі бітпеді.
– Дұрыс болған екен. Достары неге бас тартып жүр? Себебін біле алдыңыз ба?
– Өзімнің де түсінбеген жерім осы. Кезінде оның атағы шығып, дүрілдеп тұрған шағында жанында күнде қаумалап, шықпайтын достарының қылығын, шынымды айтсам, әлі түсіне алмай жүрмін. Олар С. Абдрахмановтың «Мұстафа алаяқтардың арбауына түсіп қалды» деген сөзін өздеріне қабылдап алды ма, әлде басқа да бір себебі бар ма – оны мен білмеймін. Осы сұхбат шыққанда достары деп жүргендердің көбінің сырт айналып кеткеніне, ұмытқанына көзім жеткендей болды. Олардан бастамай, Мұстафаны елге алдыртқан С. Абдрахмановтан бастағаным қателік болды ма деп ойлаймын. Тек Еркін Мәсәлімов ағамыз келіп, Мұстафа туралы ағынан жарылып естеліктерін айтты. Несін айтасыз, өзгесі тіпті ары-бері ұшып жүрсе де, Ыстамбұлдағы зиратына барып, құран бағыштамағанын білдім ғой. С. Абдрахманов ағамыздың өзі мұнысын мойындады.
– Марқұм Мұстафа Өзтүріктің денесін Алматыдағы Кеңсайға жерлетпей, Түркияға алып кеткенінен хабарымыз бар. Сіз бардым дедіңіз, осыған қатысты тың деректерге кезіктіңіз бе?
– Мұстафа ағамыз қайтқанда үлкен әңгіме жүрген. Қайда жерлейтіні туралы жиі айтылатыны, анасының (кей деректе қарындасының) қарсы болғанына байланысты Қазақстанда қалдырмағаны. Анықтап білегініміздей, туыстарының арасында «елім деп, жерім деп» барды ғой, сонда жерленуін құптайтын жандар да болғанын білдім. Сонымен қатар Қазақстан тарапы асығыстықпен аттандырды деген кінәлауы басымдау ақпаратты да естіп жүрдім. Қалай болғанда да бұл кісісі қайтқан үйдің ішкі мәселесінен туындаған сияқты, Түркияда әкесінің жанында жерленсе деген ұйғарым дұрыс болған секілді.
Арыстай ағамыз Гүнешлі ауданындағы қорымда жатыр, туыстары жылдап күтіп-баптап тұрады екен.
– Отыз жыл бұрынғы қайғылы қазаның ізіне түсе алдыңыз ба? Ұшығы қайда апарады екен?
– Мұстафа Өзтүріктің өліміне қатысты түрлі болжамдар мен алып-қашпа әңгімелер бар. Ресми деректерде оның жүрек талмасынан қайтыс болғаны айтылғанымен, кейбір сарапшылар мен жақындары бұл өлімнің астарында басқа да себептер болуы мүмкін деп есептейді. Мұстафа Өзтүріктің қазасына түрткі болуы ықтимал бірнеше факторды қарастырып көрдік.
Негізгі ақпарат көздері Мұстафа Өзтүріктің өліміне улану басты себеп болды деп есептейді. Оның спорттық жарыстан соң аяқ астынан ауруханаға түсуі мен денсаулық жағдайының күрт нашарлауы бірталай күдік тудырады. Бұл нұсқа ресми жауап саналғанымен, халық бұған еш сенбейді.
Мұстафа Өзтүрік тек спортшы ғана емес, сонымен бірге ұлттық патриотизмнің жаршысы, қазақ жастарының рухын көтерген тұлға еді. Ол тәуелсіз Қазақстанда әскери өнерді дамытуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қоса алады деген пікірлер өте көп болды. Сондықтан кейбір сарапшылар оның өліміне сол кездегі саяси күштердің қатысы болуы мүмкін деген күдікті де жоққа шығармайды. Бұл нұсқа да нақты дәлелденбегенімен, ел арасында мұндай пікірлер жиі айтылады.
Үшіншіден, Мұстафа Өзтүрік Түркияда өсіп-өнген, Тайванда оқып, Германияда жұмыс істеген, ол көптеген елдерде танымал тұлға еді. Оның Қазақстанға келуі мен осында тұрақтауы тоқсаныншы жылдары өрттей қаулаған қылмыстық топтарға ұнамаған болуы мүмкін. Ол өз елінде жаңа кәсіптер бастап, сол үшін елдер арасында үлкен ақша айналымына қатысы болуы да мүмкін. Ал үлкен ақша – үлкен тәуекелді, үлкен құрбандықты да қажет етеді. Егер оған қандай да бір қысым көрсетілген болса, бұл да оның денсаулығына әсер етуі мүмкін еді деп жорамалдаймын.
– Мұстафа Өзтүріктің жақсы достары Бексейіт Түлкиевтің, Мәдина Ералиевалардың мезгілсіз қазалары сізді ойландырмай ма?
– Иә, бұл сұрақ мені ғана емес, көптеген адамдарды ойландыратыны анық. Мұстафа Өзтүріктің, Бексейіт Түлкиевтің және Мәдина Ералиеваның мезгілсіз қазалары жай ғана тағдырдың жазуы ма, әлде белгісіз бір тылсым байланыс бар ма деген ойлар көптің көкейінде жүр.
Бұл үш тұлғаның арасындағы байланысты тексеретін нақты зерттеулер жоқ. Бірақ халық арасында оларды белгілі бір күштердің қасақана жолдан тайдыруы мүмкін деген пікірлер жиі кездеседі. Бұл жай ғана кездейсоқтық па, әлде шын мәнінде бір құпия бар ма – оны кесіп айту қиын.
Мұстафаның соңында ақиқатынан аңызы басым әңгімелер қалды. Сол ақиқатты аңызынан аршып алу үшін көп ізденіс пен тыңғылықты дайындық керек екенін ұққандай болдым.
– Мұстафа Өзтүрік тек қана спортшы емес, ұлттық патриотизмді қалыптастырған тұлға деп танимыз. Зерттеуші ретінде сіз ол кісінің бұл саладағы маңызды роліне қандай баға бересіз?
– Мұстафа ағамыз – Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда «елім деп, жерім деп» алып-ұшып жеткен тұлға. Ол – ұлт руханиятының тірегі, жастарға жігер берген, қазақ патриотизміне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер.
Менің ұғымымда Мұстафа Өзтүрік – қазақ халқының батырлық рухын қайта жаңғыртқан, жауынгерлік дәстүрлердің сабақтастығын айқын көрсетіп, әлемдік ареналарда «қазақ табиғатынан жауынгер халық» деген тарихи шындықты қайта дәлелдеген адам. Қазақстанда таеквондоның негізі қалаған алғашқы бапкер ретінде ол жастарға тек спортты ғана емес, рух мықтылығын, қайсарлықты, ерік-жігерді үйретіп кетті. Қазақ жастарының физикалық қана емес, рухани жетілуге жол ашып берді. Қазақстан атын халықаралық спорттық ареналарда, мәдени іс-шараларда танытып берді. Сонымен қатар Мұстафа Өзтүрік ағамыз ұлттық идеологияны қалыптастырушы тұлға ретінде Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде үлкен рол айтқара бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұлттық идеологияның не екенін ерте түсінген, соны нығайтқысы келіп жанталасқан тұлға ретінде де ел есінде қалады. Ұлттық рухы оятқан, өзімізді өзіміз бағалауға үйреткен ұстаз бола білді. Қасиетті тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауға шақырды. Оның арманы – Қазақстанның мықты, өзіне сенімді мемлекет болуы еді…
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Асқар АҚЫМБЕТ