ОТАНДЫҚ НАРЫҚТЫ ресейлік интервенциядан ҚАШАН ҚОРҒАЙМЫЗ?

ҚР Премьер-министрі  Олжас Бектеновке!

Отандық тауар өндірушілер нарық дағдарысына тап болуда. Оған сайлаушылармен өткен жуықтағы кездесулер кезінде тағы да көз жетті. Өндірген тауарын өткізу проблемасына душар болған отандық компаниялар өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болуда.

Жалпы, отандық тауар өндірушілерді қолдау турасында дабыра көп, ал қолдаудың нақты нәтижесі – нөл! Өткен жылдың күзінде Үкіметте үлкен отырыс өткізіп, елдік мүддеге қызмет қылатын кәсіпкерлерді қолдау жөнінде қаулы қабылдағаныңыз есімізде, Олжас Абайұлы мырза!

Бірақ сол қаулы емен есікті кабинеттердің үйеңкі үстелдері үстінде қалған сияқты. (Суырмаларға сүңгіп кетпесе). Себебі – отандық бизнесті қолдау жөніндегі іс-қимылдың елдік науқаны, оның мемлекеттік масс-медиадағы жылт еткен жарнамасын көрмедік. Жым-жырт!

Бюджет тапшылығын тартып отырған елде отандық тауар өндіруші бизнеске салықтық жеңілдік жасау керек деп, даңғойлау талап қоя алмаспыз. Бірақ бұл арада экономикаға несие беруші қаржы институттары кредитормен арада жасалған несиелік келісімшартта өндірісті жабдықтаушы өнімнің кемінде 50 пайызы отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы керек деген талап қою – бірінші кезектегі қолдау болмас па еді?

Жоқ! Тағы да жым-жырт тыныштық.

Бірақ отандық тауар өндірушілер жым-жырт емес. Олардың жаны шырылдап, үкіметтік қаулының қауһарын күтіп, өлмес күннің босағасында отыр.

Ең алдымен сайлаушылармен жуықтағы кездесулер кезінде көз көрген жағдайдың қарапайым сипатын айтайын. Мәселен, Ресей мен Беларусьтің арзан және адам денсаулығына зиянды консерванттар нығыздалған өнімі отандық нарықты жаулап алуы салдарынан, әсіресе Алматы, Қарағанды, Шымкент сияқты ірі мегаполистер маңайындағы ет өнімдерін өндіретін компаниялар қатты зардап шегуде.

Біз кезінде ресейлік лоббидың әртүрлі айла-шарғымен қысастық жасауы салдарынан Батыс Қазақстандағы «Кублей» ет өнімдері зауытын құртып тындық. Осындай айла-амалмен Еуразиялық одақтың басқа елдерінен келетін импортқа лоббилық қызмет жасаушы жолбике-делдалдар қазақстандық ет өнімдерін нарықтан ығыстыруды жалғастыруда. Мәселен, бұдан төрт-бес жыл бұрын ғана «Даму» қорының кредиттік көмегімен салынған Алматыдағы «Бижан» ет өнімдері зауытының басшылығы өз жұмысшыларын қысқартудан басқа амал таппай отырғанын айтады. Себеп біреу-ақ – отандық сауда орындарын жаулап алған Ресей мен Беларусьтің азық-түлік тауарларының экспансиясы.

Отандық нарықты ресейлік импорттың басып алуынан өнім өткізу проблемасына тап болған «Бижан» ет комбинаты бүгінде 50 пайызға жетер-жетпес өндірістік қуатпен жұмыс істеуде. Компания басшылығы бұған дейін жұмыс істеген жарты мыңнан астам адамның 20 пайызға жуығын қысқартуға мәжбүр боламыз дейді. Кезіндегі премьер-министріміз лентасын қиып тұрып ашып, пайдалануға берілген, аз уақыттың ішінде «Алтын сапа» ұлттық белгісімен марапатталған, Алматы қаласының басшылығы елдің екі президентін екі рет мақтанышпен көрсеткен отандық азық-түлік шығаратын кәсіпорын бүгінде тауар өткізу тауқыметін тартып отыр.

Себеп бір «Бижанға» ғана емес, отандық азық-түлік өндіруші бизнестің бәріне ортақ: Өскемен, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Орал және тағы басқа шекаралық аймақтардағы қалалардың ірілі-ұсақты сауда орындарын ресейлік азық-түлік өнімдері толық жаулап алған.

Мен ет өнімдерін шығаратын компаниялар өкілдерімен бірге бірқатар сауда орындарын аралап, тауар ассортиментін саралап көрдім. Мысалы үшін, елдегі ең ірі сауда жүйесі саналатын «Магнум» маркеттерінде сақталу мерзімі 3 айдан 6 айға дейінгі ресейлік шұжық өнімдері тау-тау болып үйіліп, салбырап-самсап тұр.

Ал біздегі заңнамалар талабы бойынша, сақталу мерзімін бір айдан асыруға болмайтын отандық өнімдер жетім қыздың жасауы сияқты бір бұрышта бүрісіп қалған. Дүкенде үш ай қақталып жатқан ресейлік немесе беларусьтік шұжық пен бір айдан артық уақытқа сақтауға болмайтын қазақстандық өнімнің сапасын салыстыруға бола ма?

Сол сияқты, құрылыс материалдарын шығаратын отандық компаниялар да қытайлық және ресейлік импорттың «басқыншылығына» байланысты өнім өткізу мен тапсырыс алу қиыншылығын бастан кешіруде. Парламентке өндірістен келген депутат әріптестеріме бесенеден белгілі жәйтті тәптіштеп айтып жатудың қажеті болмас. Тек бір ғана мысал келтірейін, ғимараттарды қаптау материалдарын өндіретін Астанадағы «Metal Former» зауыты «Samruk-Kazyna Construction» ұлттық операторының кредиттік көмегімен екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Импорттық жетік технологиямен жабдықталған осы заманауи зауыт қазір тауар тапсырысы тапшылығына тап болды. Себеп тағы да белгілі – ешқандай баж-салық регламенттерімен шектелмеген шетелдік импорт отандық тауар өндірушіні тұншықтырып тынуда.

Мемлекеттік кредиттік көмекпен салынған, бірақ экономикадағы жүйесіздіктің салдарынан нарықтан тарыққан отандық тауар өндірушілерді қолдауды даңғаза дабыра сөзден нақты іске қашан көшіреміз, құрметті Премьер-министр мырза?!

Енді дәл осы сұрақтың астарынан туындайтын проблеманың саяси-экономикалық сипатына қысқаша тоқталайын. Отандық тауар өндірушілер кіріптар болған дағдарыстың саяси астары Сізге тіпті де белгісіз болмаса керек.

Отандық кәсіпкерлердің тынысын тарылтып, олардың қызмет-қарымын шідерлеп тастаған ең бірінші кесапат – Еуразиялық экономикалық одақтың шарттары екенін біліп отырсыз, бірақ оны сыртқы саясаттың салқыны салдарынан Үкімет дауыстап айта алмайды. Ендеше біздер – депутаттар айтайық: Еуразиялық экономикалық одақ келісімін толықтай болмаса да, оның ұлттық тауар өндірушілерге тікелей қатысы бар жекелеген баптарына ревизия жасайтын уақыт келді! Бұдан арыға кешіктіру – отандық тауар өндірушіге өліммен тең!

Бұл жөнінде Үкімет мемлекеттің саяси басшылығы алдына нақты ұсыныстармен шығып, ұлттық тауар өндірушілерді Еуразиялық одақтың басқа қатысушылары тарапынан жасалып жатқан интервенциядан қорғаудың инструменттері жасалуы керек!

Құрметті Премьер-министр мырза!

Осы одақтық келісімнің озбыр талаптарын қайта қарау мақсатында Үкімет қандай қадамдар жасамақ? Егер елдің экономикасы үшін аса маңызды осы мәселеге депутаттар тарапынан көмек керек болса, білек сыбанып шығатын әріптестерім табыларына кәміл сенімдімін!

Ермұрат БАПИ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Республиканский еженедельник онлайн