Бұл депутаттық сауалымды «Жер аманаты» жер комиссиясының жұмысы барысында бірнеше өңірлердегі жер саласында орын алған заңбұзушылықтарға арнағым келіп тұр. Қаншама ықпалды кландардың мүдделері қозғалса да, Парламент мінбесінен айтуым қажет!
Біріншіден, Жетісу облысыныңАлакөл ауданында 2025 жылдың 26 сәуірінде әріптесім Мұрат Әбеновпен «Жер аманаты» жер комиссиясымен іссапарымыз барысында Ақши ауылында су жағасындағы коммерциялық мақсаттағы 400–500-ге жуық жер телімдердің 2016 жылдан бастап игерілмей, пайдаланбай жатқанын көзбен көрдік, басқаша айтқанда, бұл жерлердің бос жатқанына 10 жыл толды! Сонда осы уақытқа дейін заң бойынша үш жылдың ішінде игерілмей, пайдаланбай жатқан және мәжбүрлі түрде сотпен мемлекетке қайтарылуы тиіс 500-ге жуық жер учаскелерін жергілікті аудан әкімдігі, ауданның жер және сәулет-құрылыс бөлімдері, облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшылары мен қызметкерлері неге байқамаған? Қайда қараған? «Жер аманаты» тексермейінше, неге үнсіз отырған? Міне, қазір қолымда жоғарыда атаған 500 жер учаскесінің 351 учаскесі бойынша ақпарат, жер иелерінің аты-жөні мен жерінің кадастрлік нөмірлерінен бастап, құрылыс жүргізуге рұқсат берген уақытына дейін толығымен жазылған. Қазір әрбір фамилияны тексеріп, әкімдікке қандай қатысы бар – соны да тексеріп, Бас прокуратураға жібереміз!
Екіншіден, Сарқан ауданы бойынша тіпті түсініксіз жағдай орын алуда! Сарқан ауданы әкімінің ақпараты негізінде және азаматтардан түскен арыз өтініштері бойынша «Март-Агро», «Сарқан МТС Агро», «Сарқан Агро» сияқты ірі ауыл шаруашылық жерлері бар кәсіпорындар оларды игермей, пайдаланбай келеді деген уәждер келіп түсуде. Кейбір аталған кәсіпорындардың артында бұрынғы премьер-министр Терещенконың жерлері де бар.
Ал Жетісу облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің ақпаратына сенсек, жер игеріліп жатыр. Жер инспекторлары заң бұзылмады деп отыр, ал Сарқан ауданы әкімі және біз кездескен халық жер игерілмей келеді деп байбалам салуда. Бұл жағдайдың өзі Бас прокуратура мен Орталық жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан тексеріс өткізуді қажет етеді!
Үшіншіден, Алматы облысының Қарасай ауданында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді жалған құжаттармен заңсыз бөлу, сегментациялау өрбіп, бақылаусыз кетіп қалған. Бір ғана мысал – қолымдағы материалдарға сүйенсек, Жер кодексінің 110-бабында көрсетілгендей, республикалық маңызы бар қалалардың маңындағы аймақтарда ауыл шаруашылық жерлерді бөлуге (сегментациялау) тыйым салынса-дағы, 20 желтоқсан 2024 жылы Іргелі ауылдық округінде 03−047−117−223 (03−047−098−2908) кадастрлік нөмірі бар ауыл шаруашылық мақсаттағы шаруа қожалығы үшін берілген 8,29 гектар жерді жалған құжаттар, әкімдіктің жалған мөрі мен жер қатынастары бөлімінің басшысы мен әкімнің жалған қолымен аталған жер бастапқыда екі бөлікке, кейін оның бір бөлігін 83 бөлікке бөліп тастаған. Қазір ешкім қылмыстық іс қозғағысы келмейді! Неге? Ал Елтай ауылдық округі бойынша 03−047−062−037 кадастрлік нөмірі бар ауыл шаруашылық мақсаттағы шаруа қожалығы үшін берілген жерді заң талаптарын бұзып, өнеркәсіп жерлеріне айналдырып, жаңа 03−047−062−4511 кадастрлік нөмірімен тіркеп, Жер кодексінің 110-бабында көзделген шектеуді айналып өтіп, 30-ға жуық телімге заңсыз бөлген! Ал бұл фактіні прокурорлар, жер инспекторлары мен «Жер аманаты» тексермес үшін, аталған жердің бастапқы 03−047−062−037 кадастрлік нөміріндегі жердің архивтік нұсқасын тығып тастаған.
Бұндай жағдай тек Алматы облысының Қарасай ауданында ғана емес, Талғар және Іле аудандарында да орын алуда! Бұл жерде нағыз аудан әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтар жұмыс жасауда!
Төртіншіден, «Жер аманаты» жер комиссиясына ауыл шаруашылық кәсіпорындарға шетелдіктердің келуі мен оның салдарынан ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің шетелдік азаматтардың иелігіне өту қаупі жөнінде арыз өтініштер түсуде. Нақтырақ айтқанда, Ақмола облысы Сандықтау ауданында 2004 жылы үлескерлердің жер үлесінен тұратын «СХП Полина» ЖШС-інің 79,9 % үлесін құрылтайшы «Достық-Синтез» ЖШС‑і Ресей Федерациясы азаматына сыйға беріп, кейін сол шетел азаматы жарғылық капиталдағы қалған үлесін 2022–2023 жылдар аралығында 30 үлескерден сатып алу-сату шартымен өзіне жалпы аумағы 1000 гектар ауыл шаруашылық жерді рәсімдеп алған деген ақпарат қолымызға түсті.
Үлкен ауыл шаруашылық алқаптары бар жеке меншік ауыл шаруашылық кәсіпорынның жарғылық капиталына инвестор ретінде кіріп алып, кәсіпорын мүлкін сатып алып, ауыл шаруашылық жерлерді Жер кодексінің 24-бабында көрсетілген тыйым салуға қарамастан, өзінің меншігіне не жер пайдалану құқығына рәсімдеп алу үрдісі тек Ақмола облысында ғана емес, сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда.
Жоғарыда аталған мән-жай мен фактілерді ескере отырып, Бас прокуратурадан:
– Алакөл көлінің жағасында Жер ресурстарын басқару комитетімен игерілмеген, пайдаланбай жатқан 351 жер учаскесіне тексеру шараларын ашуды, пайдаланбаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруды;
– Сарқан ауданындағы «Март-Агро» ЖШС‑нің игерілмей, пайдаланбай жатқан 17 мың гектар жері бойынша тексеру шараларын ашуды, пайдаланбаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруды;
– Алматы облысындағы жалған құжаттар негізінде заңсыз сегментацияға бөлуге ұшыраған ауыл шаруашылық жерлеріне алқаптар бойынша тексеру шараларын ашуды, сотқа дейін тергеу амалдарын бастауды;
– Ақмола облысындағы «СХП Полина» ЖШС-дегі ауыл шаруашылық кәсіпорынның жер пайдалану құқығының шетел азаматтарының рәсімделу заңдылығын тексеру және заң бұзушылық анықталса, жасалған мәмілелерді заңсыз деп тануды сұраймын!
В завершении своего депутатского запроса хочу отметить, что постановлением апелляционной коллегии по гражданским делам Алматинского городского суда от 06 июня 2025 года решение СМЭС по городу Алматы о признании постановления акима Карасайского района Алматинской области и ДКП от 2004 года признаны незаконными, предгорные земли ТОО «Международная ассоциация клубов», другими словами – земли генерала Новикова возвращаются в государственную собственность!
Прошу Генеральную прокуратуру в рамках исполнения судебного акта, вступившего в законную силу, наложить ограничения на 848 гектаров бывших земель ТОО «Международная ассоциация клубов».
Правительству прошу решить вопрос о передаче указанных земель в состав ГНПП «Иле-Алатауский государственный национальный природный парк» с присвоением территорий режима природоохранной организации.
В настоящий момент Департаментами по управлению земельными ресурсами проводятся проверки земельных участков, принадлежащие Терещенко, Абыкаеву и другим высокопоставленным лицам!
Бақытжан БАЗАРБЕК ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты