- Мен бұл депутаттық сауалымды қазақстандық қоғаммен ақылдасудың амалы ретінде ертеңгі Ұлт мүддесін ойлаған, қанжардың жүзінде қырық құбылып тұрған қазіргі әлемде ел болашағын бағдарлаған азаматтарға арнап отырмын.
Оған себеп болған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты күні кешегі Жолдауы болып тұр.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп, кезінде пәлсәфашы-ақын Шәкәрім қажы айтқандай, бұл жолдау басқалардан әлдеқайда өзгерек болды. Менің түйсігімде оның өзгерек болатын бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Президенттің өзі айтқандай, «жаңа геосаяси тәртіп орныға бастаған» бүгінгі теңселіп, қауіп-қатерлер тербетіп тұрған құбылмалы әлемнің жағдайында Мемлекет басшысы елді жаңа саяси өзгерістерге жетектеген бастамаларын жария етті. Бәлкім, төрткүл дүниеде алай-дүлей толқын туып тұрған дауылды дәуірде әліптің артын бағып, біздің тыныш жата тұрғанымыз дұрыс па еді? Қазақшалап айтқанда, «жау алып бара жатқан жоқ» еді…
Бірақ Президент «менің мақсатым – елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп, осындай аумалы-төкпелі заманда болашақтың қамын күйттеген қадамға бастамашы болды. Ел басшысы жуық болашақтың бағдарын жария етті. Ешкім мәжбүр етпеді, қарапайым қағытып айтқанда, «ешкім оны тілінен тартқан жоқ». Бұны елдегі өзгерістерге құштарлықтың, шынында да «Жаңа Қазақстан» құруға деген тәнтіліктің белгісі деп білу керек.
Екіншіден, бұл Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық және де басқа салаларға қатысты ел халқы үшін өте маңызды мәнін былай қоя тұрғанда, Президенттің парламенттік реформа жасау жолындағы бастамасын ерекше атап өту керек. 30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа Қазақстан Парламентін нақты /реальды/ саяси күшке айналдыруға, қоғамның саяси белсенділігін арттыру арқылы өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға бағытталған бастама деп қабылдаймын.
Қалай болғанда да, күндердің күнінде біз партиялық сайлау жүйесіне келуіміз керек еді. Біз халықаралық қоғамның бір бөлшегі ретінде әлемде қалыптасқан, әзірге басқа формасы табылмаған жалпыға ортақ партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшуіміз керек болған. /Мысалы, әлемдік демократияның алтын бесігі саналатын АҚШ-та екі партиялық сайлау жүйесі қалыптасқан; Еуроодақ елдерінің барлығы дерлік партиялық негіздегі парламенті пен үкіметін сайлайды/.
Менің бірқатар еуропалық баспасөз қауымдастықтарымен, жекелеген халықаралық азаматтық ұйымдармен біршама тығыз байланысым бар. Екі күннен бері олар Қазақстанда болатын болашақ саяси өзгерістерге таңырқап, қызығушылықпен хабарласып жатыр.
Бұл қызығушылықтың өз жөні бар. Біз Азия континентіндегі қоғамдық-саяси дамуы терең стагнацияға ұшыраған мемлекеттердің қоршауындағы елміз. Авторитарлық формадан аттап өтуге бет алған «аралдағы» біздің өзгерістерге ол мемлекеттер үрке қарайды. Тіпті бізді жасампаздық интеграциясына жібермеуге, Қазақ елін өзінің автократтық даму құшағынан шығармауға ықыласты елдер бар.
Қазіргі геосаяси әлемнің күрделілігі тұрғысында біз осындай тәуекелдерге қарсы тұра білетіндей жалпы қоғамдық институт құра білуіміз керек. Ол институттың алтын қазығы – қоғамның ортақ үні мен ерік-жігерін жұмылдыратын парламенттік жүйе болуы тиіс. Ал бұл парламент қазақстандық қоғамның болашақ даму алгоритмін қалыптастыратын саяси күштердің діңгек діні бола алуы керек.
Әзірге біз үшін жарқын және тұрақты саяси болашаққа жетудің басқа жолы көрініп тұрған жоқ. Президент Тоқаев ұсынған осы бастаманы қазақстандық қоғам мейлінше мемлекетшілдікпен, азаматтық және перзенттік жауапкершілікпен пайдаланып қалуы керек деп ойлаймын!
Бірақ реті келгенде өкінішпен айта кету керек: билікті оңды-солды сынау дағдысы сүйегіне әбден сіңіп қалған, тырнақ астынан кір іздеу «кәсібі» дәстүріне айналған жекелеген қоғам белсенділері мен саясаткер азаматтар осы бастаманың өзінен кінәрат іздеп, әлден кесек атып, кешелі-бері әлек болуда.
Үшіншіден, менің қазақ қоғамына арнап, депутаттық сауал формасын пайдалануыма біздің дәл осы керітартпалығымыз себеп болып тұр. «Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп жұмыстар істеу керек» деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Ендеше «көп жұмысты» кім немесе кімдер атқарады? Әлбетте, бұл арада салауатты ұстанымдағы қоғам белсенділерінің үлесі ауадай қажет болады. Елдің тұрақты және қауіпсіз болашағына кепіл болатын салиқалы ұсыныстарды биліктің тиісті буындары қабыл алары сөзсіз. Мен және басқа да депутаттар дәл осы екі аралықтың дәнекері болуға әрдайым әзір екендігіне дау болмауы керек!
Жуық аралықта парламенттік реформа мәселелерін талқылайтын платформалар пайда болады. Қоғам өкілдері осы алаңдарда азаматтық белсенділік, мүдделі конструктивтік ұсыныстар таныта білуі әлдеқайда маңызды болмақ. Бір мандатты сайлау жүйесі мен партияда жоқ сайлаушылардың саяси құқығын қамтамасыз ету мәселелері осы платформаларда мүдделі әңгіме болуы тиіс. Біз бұл мәселеде ортақ мәміле табамыз деп ойлаймын.
Бізге екі жаққа тұрып алып, бітіспес ерегес пен «жаға жыртысудан» бұрын, елдің ертеңін, тұрақты ұлттық мемлекет болудың қамын күйттеуіміз керек шығар… Ендеше кедір-бұдыры мен қалтарыс-бұрылысы екі жылға жуық аралықта қоғамдық талқыға түсетін бұл парламенттік реформаға конструктивті ыждаһатпен араласуымыз керек!
Ермұрат Бапи